Назарбаев ДСҰ-ға байланысты отандық кәсіпкерлерге төнген қауіп жайында айтты

0
489

 

Қазақстан бүгін ресми түрде Дүниежүзілік сауда ұйымының құрамына кіру жөніндегі келіссөзді аяқтады. 20 жылдай жүргізілген жан-жақты кездесулер осылайша оң нәтиже беріп отыр.

Фото 365info.kz

Енді ұйымға мүше мемлекеттердің арзан тауары жыл соңына қарай елімізге ағыла бастайды деп хабарлайды КТК арнасы.

Бүгін осыған орай арнайы үндеуін жариялаған елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, отандық кәсіпкерлерді бәсекеге дайын болуға шақырды.

«Алдымызда әлі де ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Бәсеке күшейеді. Оған дайын болуымыз керек. Себебі, шетелден келетін тауарларға біз шекарамызды ашамыз, тауар Қазақстанға көптеп келетін болады. Сапасы жоғары болса, бағасы төмендеу болса, ол тауарларды халық тұтынып, біздің тауар өндіретін кәсіпорындар жұмысының тоқтап қалу қаупі бар. Барлық бизнесмендерге менің талайдан бері айтып келе жатқаным сондықтан: бәсекеге сай болу керек», — деді Назарбаев.

Осылайша, 1996 жылдан басталған маңызды шаруа арада 19 жыл өткенде аяқталып отыр. Мемлекет басшысының өзі бастап жүргізген келіссөздердің нәтижесінде енді елімізге арзан тауар ағылуы тиіс. Яғни, халықта таңдау болады.

Оның үстіне алыс берістің 90 пайызы Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше мемлекеттермен жүргізіліп отыр. Ережесі қатал ұйым Астанадан ауыл шаруашылығына субсидия бөліп, жеңілдік жасауды доғаруды талап етіпті.

Алайда, дипломаттар ұйым басшыларын өз позициясына жығып көндіре алған. Қазақстан енді алдағы желтоқсан айынан бастап, әлемдік экономиканың 98 пайызын уысында ұстап отырған сауда ұйымының 162-ші толыққанды мүшесі болмақ.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз