Дипломат ретінде Қазақстан халқын тереңірек білу үшін қазақ тілін жетік білуім керек. Қазақстандағы АҚШ-тың жаңадан тағайындалған Төтенше және өкілетті елшісі Джордж Альберт Крол осылай деді.
Елші бұл сөзін Ақордада мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықовамен кездесуі алдында БАҚ өкілдеріне сұхбат бергенде айтқан.
«Қазақ тілін үйренуге тырысып жүрмін. Қазақ тілі құлаққа өте жағымды, әуезді естіледі, өзіндік нәзіктігі бар. Мен дипломат ретінде Қазақстан халқын тереңірек білу үшін қазақ тілін жетік білуім керек. Өйткені, тіл — халықтың жан-дүниесі. Дегенмен, Қазақстан көпұлтты мемлекет болғандықтан орыс, ағылшын тілінде де еркін тілдесе беруге болады. Бірақ, қазақ тілін білу, түсіну дипломат үшін барынша маңызды», — деді ол.
Елші өз сөзінде қазақ тілінде қате сөйлейтіндігіне ұялатындығын айтып, ол кемшілігін түзетуге тырысып жүргендігін атап өтті.
«Сіздерге және отбасыларыңызға зор денсаулық, мол бақыт, ұзақ өмір, еңбекте табыс тілеймін», — деді БАҚ өкілдеріне Джордж Альберт Крол қазақ тілінде.
http://www.nur.kz/797155-aqsh-elshisi-qazaqstan-khalqyn-terenhire.html