Алматының 8 ауданында веложолы бар тротуарлар пайда болады. Бұл өзгеріс шетелдік сәулетші Ян Гейлдің қаланы көріктендіру мен көгалдандыруға байланысты ауқымды жобасы аясында жүзеге асады.
Бұл туралы қалалық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасы хабарлады деп жазады Қазақпарат.
Мамандардың айтуынша, жобаның жалпы құны 800 млн теңгені құрап отыр. Әр жаяу жүргін жолында көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, орындықтар, қоқыс жәшіктері, балалар алаңқайлары, веложолдар мен велотұрақтар салынады.
Алатау ауданында жаяу жүргін жолы Момышұлы көшесінің бойымен Райымбек даңғылынан Мұз аренасына дейін созылады.
Әуезов ауданында жаяу жүргін жолы Момышұлы көшесінің бойымен Райымбек даңғылынан Шаляпин көшесіне дейін жасалады.
Бостандық ауданында Тимирязев көшесінен оңтүстікке қарай Есентай өзенінен Жароков көшесіне дейін жаяу жүргін жолы салынады.
Медеу ауданында веложол мен жаяу жүргін жолы Жолдасбеков көшесінің бойымен Достық көшесінен Фурманов көшесіне дейін созылады.
Наурызбай ауданында Шаляпин көшесінің Яссауи көшесінен Әуезов көшесіне дейінгі бөлігі, Әуезов көшесінің Шаляпин көшесінен Жайлы шағын ауданына дейінгі аймағы веложолмен қамтамасыз етіледі.
Түрксіб ауданында Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының маңындағы Жансүгіров көшесінен Сейфуллин даңғылына дейінгі аймақ жаяу жүргіншілерге қолайлы етіп жасалмақ.
Сондай-ақ, Алмалы ауданындағы Байсейітова көшесінің бойымен Қабанбай және Бөгенбай көшелерінің арасы автокөліктерге жабық болады.
Жетісу ауданында Мұқатай көшесінің бойымен 137 мектептен «Айнабұлақ» базарына дейінгі аймақ «жергілікті Арбатқа» айналады.
Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин жолдардың жабылуына қатысты нақты түсініктеме беріп өтті. Оның айтуынша, Алатау және Әуезов аудандарында көшедегі автомобиль қозғалысына еш шектеу болмайды. Тек, жаяу жүргіншілер жолы кеңейтіліп, велосипед жолының ыңғайлы болуына жағдай жасалады.
Источник: Nur.kz