Қазақстанда жұрттың жалақысы айтарлықтай төмендеуі мүмкін

0
333

Жақында жұрттың жалақысы айтарлықтай төмендеуі мүмкін. Өйткені еліміздегі барлық мекемелерге қол астындағы қызметкерлерінің  зейнетақы қорына  табысының  5 пайызын аударуды міндеттемек деп хабарлайды КТК арнасы.

u-teh-kto-v-detstve-stradal-ot-izbytochnogo-vesa-malenkaya-zarplata-specialisty_1

Үкімет зейнетақымен қамту  туралы заңға осындай өзгеріс енгізіпті. Жаңа құжатты мәжілісмендер бірінші оқылымда қолдады. Бірақ кейбір депутаттар мұндай талаптан соң жұмыс берушілер бірден жалақыны азайтады, бюджетке түсім төмендейді  деп қауіптеніп отыр.

Жаңа заң жобасына сай, зейнетақыға үш тарап: мемлекет, жұмыс беруші мен азаматтардың өзі жауапты болады. Яғни, үкімет адамның еңбек өтіліне байланысты  базалық зейнетақыны белгілейді, оған  әркімнің  ай сайынғы  жалақысының  10 пайыздық жарнасын қосыңыз, енді бұл іске жұмыс берушілер де жұмылдырылмақ. Билік зейнетақы қорындағы ақшаны осылайша көбейтпек екен.

Бұл 5 пайыз қазіргі жинақтаушы  зейнетақы қорымызға түсіп отырады да зейнеттік жасқа толғанда  азаматтарға осы қордан берілетін болады

«Жұмыс берушілер жұмыс істеп жүрген азаматтарға 5 пайыз төлеп отырады ай сайын. Бұл 5 пайыз қазіргі жинақтаушы  зейнетақы қорымызға түсіп отырады да зейнеттік жасқа толғанда  азаматтарға осы қордан берілетін болады», — дейді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамар Дүйсенов.

Жаңа норма 2018 жылдан бастап енгізілмек. Үкімет бұл әдісті дүниежүзілік үш деңгейлі зейнетақы жүйесінен алыпты. Шетелдерде компаниялар қарамағындағы жұмысшылардың зейнетақы қорына ай сайын табысының  16 пайызын аударады екен. Сондықтан министрдің айтуынша, біздің жұмыс берушілерге артылатын салмақ әлдеқайда жеңіл. Алайда, депутат Перуашев  отандық кәсіпкерлерге  5 пайыз да ауыр болады деп отыр.

«Бірінші кезекте жалақы төмендейді. Кем дегенде, сол қызметкерлердің зейнетақысына қосылатын 5 пайызға азаяды. Ресми жалақыны   жасыра бастайды, яғни соған сай салық та азаяды. Бюджетке түсім миллиардтарға кемиді», — дейді мәжіліс депутаты Азат Перуашев.

Ал мәжілісмендердің енді бірі негізсіз жалақыны төмендеткен жұмыс берушілерді қатаң жазалап, сабасына түсіреміз деп білек сыбанып отыр.

Әкімшілік кодекске өзгеріс енгіздік, жалақыны төмендеткендер жазаланады

«Естеріңізде болсын, бәріміз бір бюджетке қарап отырмыз. Жұмыс беруші жауапкершілікті өз мойнына толық алуы керек. Міндетті түрде мониторинг жүргіземіз. Әкімшілік кодекске өзгеріс енгіздік, жалақыны төмендеткендер жазаланады», — деді мәжіліс депутаты Гүлжан Қарақұсова.

Жалпы, министрліктің  есебінше, егер 5 пайыздық талап  енгізілсе, бюджет пайдасы 64 миллиард теңгеге азаяды екен.

Яғни бұрын салық ретінде төленген пайыздар енді мемлекет қазынасына емес, қызметкерлердің зейнетақы шоттарына түспек. Осылайша, депутаттар  министрмен екі сағат  тартысқанымен, соңында заңды бірінші оқылымда мақұлдап берді.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз