ОБЛЫС ӘКІМІ БАСПАСӨЗ ӨКІЛДЕРІН ҚАБЫЛДАДЫ

0
424

5

 

Жиналса талантты мен тәмам дарын,

Құт болсын мұнда келген қадамдарың.

 Қаламгерлер мейрамы келген екен,

Халықтың тарататын хабарларын,

Өлеңмен бірінші боп құттықтайын,

Төртінші билігімнің адамдарын.

Автоматпен соғысқан заман өтіп,

Ақпаратпен айқасқан адалдарым.

Қалам деген қадірлі қазына ғой,

Қазынаны табанға таптаған кім?!

Ең бірінші қаламды жаратты Алла,

Құлдарының жазсын деп амалдарын.

Сіздерде тынбай жазып келесіздер,

Қоғамның жақсы менен жаман жағын.

Ендеше еңбектерің жемісті боп,

Қалмасын алынбаған қамалдарың.

Мың жылдық тарихымды жазып жатыр,

Он бес тенге тұратын қаламдарың, – 

деп, айшықтап айтар болсақ,  Алматы облысының әкімі Амандық Баталов баспасөз, теледидар және байланыс қызметкерлері күніне орай, республикалық ақпарат құралдарының өкілдерін қабылдады. Басқа өңірлерді қайдам, қаламгерлерге деген көзқарас Жетісу өңірінде айрықша. Облыс тізгінін ұстаған экс-әкім, бүгінде мәжіліс депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері Серік Үмбетов мырза басқарып тұрғанда үрдіске айналған дәстүр әлі күнге сабақтастығын үзген жоқ. Мәселен, «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды» дегізбей, тек қана өңірге тән журналистерді ғана құрметтеп қоймай, мүйізі қарағайдай республикалық  газет-журналдың (оның ішінде тәуелді, тәуелсіз басылымдар мен электрондық ақпарат құралдары) басшыларын және ардагер қаламгерлерді  қабылдаған өңір басшысы Амандық Баталов облыстың экономикасының қарқынды дамуына сүбелі үлес қосып жүрген журналистермен сыр бөлісті. Ашық әңгіме барысында, саяси ахуалдан бастап, ел мен жерге, әдебиет пен мәдениет саласында атқарылып жатқан шаруалардың ұшығын тарқатқан Амандық Ғаббасұлы: – «Төртінші билік өкілі сіздер арқылы біздің жасаған жұмыстарымыздың салмағы жұртшылыққа байқалады. Халық пен билік арасына алтын көпір орнатқан журналистерге деген алғысым шексіз. Жақсылықты жаршылап, жамандықты сын тезіне ала білген қаламдарыңа қанат бітсін» – деп, облыстың экономикасынан ақпараттар берді. Әсіресе, кезінде тәтті түбірден аты шыққан өңірдің қызылша өсіруді қайта қолға алып, егістік көлемін ұлғайтып, оны өңдеудің жолдарын ашық айтты. Сондай-ақ, салынып жатқан күре жолдардың аяқталу мерзімі жақындап қалғанын, газ құбырының, Алла бұйыртса облыс орталығына 2017 жылы толық келіп, қосылатынын әрі инвестициялық жобалар туралы жоспарларымен бөлісіп, журналистердің де пікірлерін тыңдады. Мінбеге көтерілген  «Мұқағали» журналының және «Түркістан» газетінің бас редакторлары  Батық Мәжитұлы мен Шамшиден Патеев, тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлы,  ардагер фотограф  Нұрманбет Қизатовтар  сөз алып, қаламгерлерге көрсеткен құрметі үшін алғыстарын айтса, белгілі тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлы Молықбай күйшіге арналған бір ескерткіш салынса деген өтінішін айтты. Қаламгерлердің басқосу соңы марапатқа ұласып, «Қазақстан халқы Ассамблеясына -20 жыл» мерекелік медалімен «Жетісу ақпарат» медиахолдингі» АҚ төрағасының орынбасары Ғалым Жазылбеков, «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін, «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов, осы газеттің бас редакторының орынбасары Забира Сайдильдина,  «Жетісу» телеарнасы ЖШС бас директоры Бейсен Құранбек, «Өлке тынысы» ЖШС бас директоры Мейрам Жанәділовтер марапатталса, мерейтойлық датаға байланысты облыс әкімінің арнайы жүлдесі төрт журналиске берілді.

 


batalov jurnalister 3

batalov jurnalister 2

  Айтақын Бұлғақов,

Алматы облысы.

Qazaquni.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз