Қазақстанда балаға жетпейтін балабақшаны бразилиялықтар итке арнап ашады (ВИДЕО)

0
508

 

Біреу тойып, біреу тоңып секіреді. Астана халқы балаларын орналастыратын балабақша таппай, сергелдеңге түскенде Бразилия жұрты иттерге арнап балабақша салып жатыр. Мұнда итке қажеттінің барлығы бар, деп хабарлайды Bnews.kz.

Таңертең жұмысқа шыққан бразилиялықтар баласын балабақшаға апарғаны сияқты иттерін жетелеп, тәрбиешілердің қолына тапсырады. Ондағы кәсіби тәрбиешілер иттің сұрағанын аузына салып, жуындырып, киіндіріп, қожайыны келгенше баптап отырады. Тіпті иттер ойнайтын арнайы алаң, сүйек пішіндес шомылатын бассейн, жүгіретін тренажер, көлемі 800 шаршы метр демалыс бөлмесі де қарастырылған. Үш мезгіл берілетін тамақтың құрамында ет пен жеміс-жидектен дайындалған тағам да бар. Тіпті, тамақтан соң иттердің тісін жууды тәрбиешілер әлдеқашан әдетке айналдырған. Жұмыс уақытында «баласын» сағынған «ата-ана» балақшада арнайы орнатылған веб-камера арқылы интернеттен төртаяқтысының немен айналысып жатқанын бақылай алады.
Бразилиялықтар «балаларын» бұл балабақшаға бергісі келсе, ай сайын 235 долларын (43 500 теңге) жоққа санауына тура келеді. Қызмет ақысы қымбат болғанына қарамай, қазір мұнда 70-ке тарта «бала тәрбиеленеді». Сан-Паулуда иттерге арналған балабақшаға сұраныс күн өткен артып келеді. Мұнда иттер жасына, «нәсіліне», тіпті, оның мүгедек не сау екеніне қарамай қабылданады.
Ресми статистикаға жүгінсек, Бразилияда соңғы 20 жыл ішінде халық саны 3 млн адамға кеміген. Соңғы жылдары әр отбасында орташа алғанда 1,81 баладан туылады, яғни, өсім жоқ. Осы себепті, жанұяда бала бақыты жетіспегендіктен, ел тұрғындары баланың орнын итпен толықтырып отырған көрінеді.

Қазақстанда балаға жетпейтін балабақшаны бразилиялықтар итке арнап ашады (ВИДЕО)

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз