Қостанайда әскерге шақыртылған ақтөбелік сарбаз жұмбақ жағдайда мерт болды деп хабарлады КТК арнасы.
Ұлттық гвардия сапына қабылданған ақтөбелік Таңатқан Өтепов белгісіз себептермен ақыл-есі кем жандарды емдейтін мекемеге жатқызылып, артынша жағдайы нашарлап, жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Денсаулығында мін болмаған жігіттің небары 5 күннен соң үйіне табытпен оралуына ата-аналары әскери бөлімдегілерді кінәлап отыр.
Өтеповтар отбасы бір күнде осылай ұлдарынан айырылып, қара жамылып қалды. Отан алдындағы борышын өтеу үшін аттандырған Таңатқан әскерде көз жұмды.
Әскерге аттанбас бұрын Таңатқан Өтепов жоғары білім алып, мемлекеттік кіріс бөлімінде жұмыс істеп үлгерген. 22 жастағы жігіт шақырту алып, Қостанайдағы әскери бөлімге жөнелтілген екен. 3 күн өтпей тепсе темір үзетін жігіт белгісіз себептермен ақыл-есі кем жандарды емдейтін мекемеге жатқызылыпты.
“Құлауы мүмкін емес. Өмір бойы бір ауруханаға, бір екпе алып көрген жоқ. Сабасына түсіру үшін доза берген сияқты. Жетем дегенше реанимацияға жатқызылған”, – дейді сарбаздың әкесі Дүйсенбай Өтепов.
Жайсыз хабарды естіген Таңатқанның ата-анасы алып-ұшып Қостанайға жеткен. Алайда жансақтау бөліміндегі жігіт ес жимастан көз жұмды. Әскери бөлімдегілер Таңатқан сапта тұрып сандырақтағанын айтыпты. Көз жасын көл қылған ана болса, бөлім басшылары бір нәрсені жасырып отыр деген сенімде.
3 күнде не болғанын білмеймін, ұлымды психиатриялық ауруханаға қамаған
“3 күнде не болғанын білмеймін. Күмәніміз бар. Ботам. Апарып психиатриялық ауруханаға қамады. Ботақаным-ау. Біз жетеміз дегенше әйтеуір білгендерін істеген”, – дейді жігіттің анасы Айман Өтепова.
Қостанайлық дәрігерлер сарбаз белгісіз нәрседен улануы мүмкін деген байламға келіпті. Мұны көрген ата-ана диагнозы нақтыланбаған адамды қалайша диспансерге жатқызғанын түсінбей отыр. Әскери бөлімдегілер бұл жайт бойынша түсінік беруден бас тартуда.
Қазірде оқиға бойынша тергеу басталып кеткен. Қайғы жұтқан ата-ана болса, заңгер жалдап соттасуға әзірленуде.
Дереккөз: КТК арнасы