Миллиард долларлық қаржы қоры бар атақты кәсіпкерлердің өміріне көпшілік қызығатыны рас. «Қандай бақытты!» деп, байлығына таңдана қарайды. Ал бай болу оңай ма? Бүгінде бес ірі компанияның президенті болып отырған АҚШ кәсіпкерi Джеф Хоффман кезінде кәсіпкерлікті бастағанда қалтасында көк тиыны болмаған деседі. Үлкен қиындықтарды жеңе отырып, өзі армандаған биік мақсаттарына қол жеткізген көрнекті кәсіпкер «Адам үшін ең маңызды нәрсе ақша емес» дейді. Оның ойынша, адам санасында биік мақсат пен асқақ арман және оған жетуге бағытталған жоспарлар болуы керек. Сонда ғана кез-келген жан діттеген мақсатына жете алады.
Арман адастырмайды
Джеф Хоффман АҚШ-тың батыс аймағында дүниеге келген. Қарапайым отбасында тәрбие алған ол жастайынан өте еңбекқор болыпты. Бірде ол ойын ойнап отырып, «Мен Элтон Джонмен кездескенде оған бүй дер едім» депті. Әпкесі және қасындағы достары оны мазақтай күліп, «Қайдағы Элтон Джон? Ол сені менсіне қоймас, миллион жыл өтсе де кездесе алмассың» деседі. Бұл сөзге кішкентай Джеф өкпелек қалады. Арада ондаған жылдар өтсе де Джефтің ойынан сол сөз кетпей қояды. Ер жетіп, кәсіпкерліктің үлкен белестерін бағындырған ол Голливуд құрамына кіріп, бала кезінде армандаған әртістердің барлығымен кездесіп, оларды фильмге түсуге шақырады. Джеф Хоффман құрған продюсерлік компанияға Голливудтың көптеген атақты әртістері түскен. Кәсіпкер кино өндірісі мен шоу бизнесті қаржыландыру арқылы үлкен табыс пен атаққа қол жеткізеді. Джеф Хоффман концерттерін ұйымдастырған әншілердің арасында Бритней Спирз, «Бэкстрит бойс» тобы сияқты әлемге танымал Голливуд жұлдыздары бар.
Ең маңыздысы ақша емес
Өзінің өмір жолы туралы әңгімелеген Джеф мырза адам тек ақша қуып, өз пайдасын ғана ойласа, ісі күндердің бір күнінде тоқырауға ұшырайтынын айтты. Бүгінде дүниежүзінің сексен елін аралап, бизнесін дөңгелетіп отырған белгілі кәсіпкер о баста жұмысты қалай бастаған еді? Шығыс аймақтағы колледжді бітіріп, университетке оқуға түскенмен, оқу ақысын төлеуге отбасының шамасы жетпейді. Қалтасында көк тиыны жоқ Джеф университетті тастамаауға бекінеді. Бар болғаны он сегіз жаста болған ол алдына «қайтсем де жоғары білім алуым керек» деген мақсат қояды. Қарапайым инженер боп АҚШ компанияларының біріне жұмысқа кірген Джеф өз бастығының қылықтарына көңілі толмайды. «Менің жалақым өте жоғары болды. Бірақ басшының өркөкіректігі, мейірімсіз, өзімшілдігін күн сайын көре беру жалықтырды. Содан оқу ақымды төлеу үшін ғана емес, өзімнің адам ретіндегі бостандығыма және мақсаттарыма қол жеткізу үшін шағын компания құрып, жұмыс істей бастадым» деп еске алды жас кезін атақты кәсіпкер.
«Адамның шамасы жетпейтін іс болмайды. Адам баласының мүмкіндіктері өте үлкен. Жұрттың бәрі маған күле қарап, «Басқалар сияқты ірі компанияға жұмысқа кіріп, жалақыңды алып отыра бермейсің бе?» деп ақыл айтты. Бірақ мен басқалар сияқты, яғни өзгелер жүрген жолмен жүргім келмеді. Өмірден өз соқпағымды табуға бекінген едім. Сол уақытта әлемнің елуден астам елін араласам, Голливуд жұлдыздарымен кездессем, кино түсірсем» деген армандарым болды. Бұл армандар менің өмір жолымды айқындаған мақсаттар еді. Иә, мен бұл армандарыма қолы жеткіздім. Елу емес, сексеннен астам елді араладым. Оның ішінде Қзақастан да бар. Қазы-қартаның дәмін таттым. Қазақтың ұлттық тағамдары қатты ұнады».
Ұлық болсаң кішік бол
«Мен ірі компаниялардың президентімін деп шалқайып жатпаймын, қашанда қарапайым адам екенімді естен шығармай, басқа қызметкерлермен қатар еңбек етуден жалықпаймын». Джеф мырза компаниялардың басшысы болса да басқаларға жұмыс істеткізіп қойып, өзі нәтижесін пайдалануды жақсы көретін бастықтарды ұнатпайды екен. «Лидер дегеніміз кім? Лидерлікке басқаларға қызмет ете жүріп қол жеткізу керек. Бұны қалай түсінуге болады? Яғни, ұжымыңда әр маман сені басшы ретінде де, адам ретінде де сыйлау керек. Сыйлата білу үлкен еңбекті қажет етеді» дей келе АҚШ кәсіпкері өз басынан өткен оқиғаны баяндап берді. Бірде ұжымы оған АҚШ-тағы ең мықты деген веб дизайнердің атын атап, сол жігітті жұмысқа алсақ деген ұсыныс айтады. Басқалардың қолынан келмейтін күрделі шаруаларды ол жігіт бір өзі тындырып тастайды екен. Джеф келісімін беріп, іссапармен шет елге кетеді. Іссапардан оралған ол мекемесіне кіріп, жұмыс істеп отырған мамандарына «Сіздерге қандай көмек керек?» деп сұрапты. Сонда жаңадан орналасқан веб дизайнер оның компания президенті екенін білмей, «Кір жуатын орынға киімдерімді өткізіп қойған едім, алып келсеңіз» депті. Жұрт «Бұның не? Ол біздің бастық қой» дегенше болмай, Джефф кір жуатын фирманың мекен жайын жазып алып, киімдерді алуға өзі барады. Артынан жүгіре жеткен офис менеджер «Сіз басшысыз ғой. Беделіңізге нұқсан емес пе? Жас жігіттің алдында құрдай жорғалағаныңыз не?» дейді. Сонда Джеф «Жооқ, сен олай деме. Бұл АҚШ-тағы ең мықты компьютер мамандарының бірі. Осы веб дизайнердің арқасында біздің компаниямыз миллиондаған табысқа жетеді. Мықты маманды ұстап тұру үшін де амалдар керек» депті. Содан соң Джеф әлгі жігітке киімдерін беріп тұрып, «Тағы қандай көмек керек?» деп сұрайды. Веб дизайнер «Мәшинемді жуа салсаңыз артық емес» депті. Компания президенті айтқанын орындапты. Қарапайым мысал болса да бұл оқиғадан тәлім алуға болады. Егер Джеф «мен бастықпын» деп кеудесін керіп тұрса, веб дизайнер жеке басының ісін ойлап алаңдар еді. Ал бұл жұмыс сапасына айтарлықтай нұқсан келтірген болар еді.
Үш қағиданың құпиясы
Басқалардың қолы жетпеген жетістікке жету үшін адам басқалардан артық жұмыс істеу керек деп есептейді Джеф Хоффман. Алғашқы компаниясын жиырма жасында құрған Джеф «Ол кезде кәсіпкерліктің не екенін де білмеуші едім. Мақсаттарымның тиянақты орындалуы армандай білуімнің арқасы» дейді. Яғни адам баласы болашағы туралы әдемі ойларды ешқашан тастамау керек, үнемі ізгі мақсаттар жетегінде болғаны жөн. Аатақты кәсіпкер жасөспірім кезінде бөлмесінің қабырғасына үш қағиданы жазып қойыпты. Біріншісі — биік-биік арман болсын. Екіншісі — қажырлы еңбек ет. Үшіншісі — құнды дүние жаса. Бұл қағидалар Джефтің бөлмесінде әлі күнге жазулы тұр. Кәсіпкер ешқашан ақшаның артынан қумағандығын айтады. «Егер құнды дүние жасасам, ақша әйтеуір күндердің бір күнінде өзі іздеп табады» дейді. Алғашқы компаниясын миллион долларға сатып, артынан бес түрлі компания құрған Джеф Хоффман АҚШ-тың ең атақты кәсіпкерлерінің тізіміне енген. «Кезінде мені келеке қылып, күлген адамдар бүгінде маған «Джеф сен жолы болған адамсың» дейді».
Кәсіпкердің еңбекқорлығы сондай, әр жұма күні ұжымы көңіл көтеру кешіне кеткенде Джеф офисте қалып, жұмысын жалғастырады екен. «Құр қиялмен ештеңе өнбейді. Адам асқақ арманына сай қажырлы еңбек етуі керек» деген қағида кәсіпкердің өмірлік ұстанымы. «Бұл көңіл көтермеу керек деген сөз емес. Егер сен тынбай еңбек етсең, қалған өмірің той сияқты көңілді өтеді» дейді кәсіпкер. Джеф Хоффманның мамандарды таңдауда өз ұстанымы бар екен. «Мен қасыма қашанда өзімнен де білімді, менен гөрі ақылдырақ адамдарды жинаймын. Сонымен қатар олардың жұмыс орнында өздерін жайлы сезінуі үшін бар жағдайды жасаймын. Бұл сөздің дәлелі, Джефтің компанияларына жұмысқа кірген адам оны тастап кетпейді екен.
«Болашақты күтіп, шалқайып жатпай, келешекті бүгін жасау керек» дейді көрнекті кәсіпкер. Алғашқы компаниясын 25 жасында миллион долларға сатқан Джефтің кейінгі құрған бір компаниясы «Прайслайн» деп аталады. Кәсіпкердің сөзіне сенсек, «тақыр жерге» құрылған бұл компания бүгінде әлемнің 180 еліне қанат жайған. Компания табысы 60 миллиард долларға жеткен.
Шарафат Жылқыбаева