Жириновский: Ресейде ешкім Қазақстанның мәртебесі мен шекарасына күмән келтірмейді

0
541

 

РЛДП көшбасшысы Владимир Жириновский “Разговор по душам” видеоблогының авторымен өз кеңсесінде жолығып, Қазақстанға деген шынайы көзқарасы жайлы сұхбат берді.

 

Ол Қазақстанға қатысты айтылған пікірлерінің мағынасын журналистер өзгертіп жібергенін айтқан.

“Алматы – менің туған қалам. Мен Қазақстанда 18 жыл тұрдым… Ресейде ешкім Қазақстанның мәртебесі мен шекарасына күмән келтірмейді. Біздің сөздерімізді кей журналистер басқаша етіп жеткізіп жатады. Мәселен “Эхо Москвы” радиосында Плющевке сұхбат бергенмін. Біз Украина, Донбассты талқылап отырдық. Ол “келесі кезекте кім, Қазақстан ба?” деген сұрақ қойды. Мен “кейін” деп бұл мәселені талқылап жатпағанымызды аңдату үшін айтқан едім. Алайда қазақстандықтар мұны өздерінше түсініп, келесі кезекте Қазақстан тұр деп ұғып қалды”, – деп түсіндірді Жириновский.

Саясаткер Қазақстанның шекарасын ешкім өзгертуге ниетті емес екенін ескертті. Ол бұған кері ақпарат таратушылар – Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасына қаяу түсіргісі келетіндер деген пікірде.

Сонымен қатар Қырғызстанмен болған түсініспеушіліктерді де тізбектеді. Бұған дейін Қырғызстанға экономикалық дағдарыстан шығу үшін Ыстықкөлді сатып жіберу туралы ұсынысы жай ғана кеңес болғанын және кезінде Ресей де Алясканы сатып, тығырықтан шыққанын алға тартты.

Сөз арасында Жириновский Алматыдағы Масанчи көшесінің атауына өз есімін беруге әзір екенін байқатты.

Мен тіпті Алматыдағы Масанчи көшесінің атауын Жириновский деп өзгертсе де қарсы емеспін

“Қазақстан – менің кішігірім туған жерім. Мен тіпті Алматыдағы Масанчи көшесінің атауын Жириновский деп өзгертсе де қарсы емеспін. Ал №25 мектепті Жириновский атындағы деп те атай берсін. Мүмкін болашақта солай істегісі келетіндер табылар? Есесіне туристер көп келетін болады. Бұл өздеріңе тиімді. Сондықтан алдын-ала келісімімді беремін”, – деп сөзін жалғастырды ол.

Жириновский 28 Панфиловшылар ойдан шығарылған деген пікірді қолдамайтынын аңдатты. Ол бұл мәселенің көтерілуі тек архивтерде нақтылықтың болмауының салдарынан деген пікірде.

Еске сала кетейік, Владимир Жириновский Қазақстанның тұтастығына күмән келтіретін пікірлері үшін қоғамда үлкен дау туғызған болатын.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз