Алматы тұрғыны азаматтық некедегі әйелін бөтелкемен ұрып өлтірді деп хабарлайды Шын.
Оқиға 9 маусымда болған. Қыздың анасы Салтанат Кучикованың айтуынша, 1990 жылы туған қызы Аида Қасымжанованы азаматтық некедегі күйеуі Тошыбаев Марат Мұхтарұлы ұрып өлтірген.
Жәбірленуші Аида анасына азаматтық некедегі күйеуі оны Ақсай шағын ауданындағы бір пәтерде күшпен қамап ұстап отырғанын, бөтелкемен ұрып басын жарғанын айтып, хабарлама жазған.
Сондай-ақ ол, туыстарынан полициямен тез арада көмекке келуін айтып жалбарынған.
Хабарламаны оқыған анасы аталған мекенжайды полицияға хабарлап, жедел жәрдем шақыртады. Таңға дейін таяқ жеген қызын анасы әзер таниды. Аида ауруханаға жеткен соң ес-түссіз халге түсіп сол қалпы тілге келмей көз жұмады.
Сол күні полиция ұстап әкеткен қылмыскер қазір бостандықта жүр екен. Ол аз болғандай туыстары қайғылы ананы мазақ етіп, баламызды қаматып қоймаймыз, керек болса, шетел асырып жібереміз дейтін көрінеді (Марат Тошыбаев Өзбекстаннан көшіп келген).
Қайғыдан қан жұтқан ана қылмыскер жазадан құтылып кете ме деп уайымдайды.
Дереккөз: Shyn.kz