Алаяқтарға алданып қалған ҚазҰУ-дің студенттері Назарбаевтан көмек сұрамақ

0
475

Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің басшылығы бухгалтерлері жымқырған ақшаны енді студенттерден өндірмек деп хабарлайды КТК арнасы.

pogudx6t0u3vntagn.72f02ac7

Әне-міне бітіргелі жатқан шәкірттер күтпеген жерден оқу ордасына 120 миллион теңге қарыз болып шықты.

Жоғары оқу орнынан 120 млн теңгенің жоғалғаны сонау желтоқсанда әшкереленген. Ашулы студенттер дипломдарын әрі мән-жайды түсіндіруді талап етіп, ректоратқа басып кірмек болды.

Бірақ күзет студенттерді маңына да жолатпады. Қайта жаңадан келіп жатқандарды шошытпаңдар деп есік алдынан қуып шықты.

Олардың төрт жыл бойы құйып келген қаржыны оқу орнының 3 бірдей бухгалтері жымқырғаны белгілі болды. Содан өзіміз зардап шегіп жатырмыз деген университет басшылығы алаяқтар туралы 7 жыл бойы білмей келген.

Алғашқы рет айқындалған кезде өзіміз аң-таң болдық

“Бұл тұлғалар 2008-ші жылдан бері осы қылмыстық жолды таңдап алған екен. Шынымызды айтсақ, ректорат тарапынан біз оны білген де жоқпыз! Алғашқы рет айқындалған кезде өзіміз аң-таң болдық!”, – дейді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ проректоры Дархан Ахмед-Заки.

Ал тұмсығының астында болып жатқан былықты жылдар бойы білмеген университет басшылығы енді ақыны студенттерден талап етіп, дипломдарын бермей қойған. Салдарынан 200-дей студент дипломсыз қалайын деп тұр.

Әсел Қыдырбай өзі бітіргелі жатқан жоғары оқу орнына қыруар ақша қарыз екенін естігенде талып қала жаздаған. Университет оның екінші курстан бері бір тиын төлемегенін айтыпты.

Ұлттық университеттің адамдары, сырт көзге білімді, тәрбиелі, өнегелі болып көрінген адамдардың студенттерді осылай алдайды деп ешқашан ойымызға кіріп шықпапты

“Әке-шешемізбен басында барлығымыз есеңгіреп қалдық! Осындай бақандай Ұлттық университеттің адамдары, сырт көзге білімді, тәрбиелі, өнегелі боп көрінген адамдардың студенттерді осылай алдайды деп ешқашан ойымызға кіріп шықпапты!”, – дейді әл Фараби атындағы ҚазҰУ студенті Әсел Қыдырбай.

Қазір ол Қазақ ұлттық университетіне 1 миллион 260 мың теңге қарыз. Жылына 420 мың теңге төлеп келген студент енді соны дәлелдей алмай отыр. Өйткені ақшаны жымқырған бухгалтерлер Әсел секілді 200-дей студентке жалған түбіртектер таратып келіпті.

7 жыл бойы желінген қаржы жайлы білмедік дегенге енді тергеушілер түгілі, баланың да сенбесі анық. Десе де университет басшылығы жоғалған ақшаны бәрібір де студенттерден өндірмек.

Өйткені түлектер жалған түбіртектермен жүрген. Яғни ақшаны төлегені жөнінде дәлел жоқ. Ал ақшамен қашқан 3 есепші ұсталып, қазір тергеу абақтысында жатыр. Тек бұл тергеудің оқуы зая кеткелі тұрған қыз-жігіттерге пайдасы тие ме, ол жағы белгісіз.

Сол  аралықта, қорғаушы Жангелді Сүлейманов студенттердің оқу ақысын қайта төлеуге міндетті емес екендерін алға тартты деп хабарлады 31 арна. Оның ойынша, бұл жағдайда өз бухгалтерлеріне бас-көз болмаған ЖОО жауапты. Егер студенттерден қайта төлеуді талап етсе, олар сотқа шағымдана алады.

“Егер алдаған болса, ЖОО басшылығы өз қызметкерлерімен болған бұл жайтты шешуі тиіс. Бұл жерде студент пен ЖОО арасындағы қарым-қатынастың еш қатысы жоқ. Мен бұл орайда ЖОО-ның жалтаруы орынсыз, заңға қайшы деп есептеймін. ЖОО бар жымқырылған қаражатты сол бухгалтерлерден өнідрісін”, – деп мәлімдеді Сүлейманов.

Ал тығырыққа тірелген студенттер болса, әділеттілікті талап етіп, президенттен көмек сұрамақ ниетте.

Еске сала кетсек, осыған дейін, Қазақстанның ең ірі университетінде шу шығып,  500-ге жуық студенттің оқу ақысы жоғалып кеткенін хабарлаған болатынбыз.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз