Жемқорлыққа бой алдырса, туған-туысыма да, достарыма да, балаларыма да аяушылық болмайды. «Хабар» телеарнасында өткен «Назарбаевпен ең бастылар жайлы…» деректі сұхбатында елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осындай мәлімдеме жасады.
«Жемқорлықпен күрес – өте өткір мәселе. Егер шындығын айтар болсақ, біз кеңестік мемлекеттік басқару жүйесінің мұрагер болдық. Жалақыға ие болып отырған адамдар болды, одан кейін жекешелендіру жүргізіліп, оларға адамдар мынаны жаса, жер бер, ананы, мынаны бер, анықтама бер деп өтінішпен келе бастады. Ал ол байғұс жүре келе, оны берсем не болар екен деген ойға келеді. Бір рет береді, қолын қояды. Міне, осыдан бәрі шығады. Жемқорлықпен барлық мемлекеттер күресуде. Бірақ, бұрынғы кеңес одағы елдеріндегідей ауқымда жоқ шығар», – деді елбасы.
Мемлекет басшысы осы ретте жемқорлыққа бой алдырған өзінің үш немересінің әкесін қатаң жазаға тартқандығын қалың жұртшылық естен шығармауы қажеттігін атап өтті.
«Ли Куан Ю өзінің досын түрмеге отырғызғанын айтқан еді. Неге адамдар үш немеремнің әкесін түрмеге отырғызғанымды естен шығарады? Олардың аналарымен бірге маған көз жастарын төгіп келмеді деп ойлай ма? Келді. Мені уайымдамады деп ойлайсыздар ма? Әрине, уайымдадым. Бірақ, оның анық екендігіне көз жеткізгеннен кейін мен де тоқтамадым. Туған-туыс жиналды. Барлығы да: «мұның барлығы сенің қолыңда, сен үшін не тұрады, жаба сал», – деді. Естеріңізде болса екі жап-жас жігіт, банк басшысының орынбасарлары өлтірілді. Мұны қалай кешіруге болады? Одан қаншама кәсіпкерлер зардап шекті”, – деді Назарбаев.
Дереккөз: ИА «Казинформ»