Бурабайдағы «Дискавери» балалар сауықтыру орталығында демалушы 15 бала тәрбиешіні жабылып, соққыға жыққан деп хабарлайды 24.kz.
Оқыс жағдай ата-аналардың шағымынан соң белгілі болған. Орталықта демалып жатқан 13 жастағы қыздың анасы өз қызының ол балаларды өте бұзық деп айтқанын жеткізген.
Оқиғаны сауықтыру орталығының директоры Павел Безвербный да растап отыр. Оның айтуынша, төбелес 30 маусым күні болған.
«15 баланың барлығы да – Ақтау қаласындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері. Жас шамалары 17-18 жаста. Ал таяқ жеген жігіттің жасы – 19-да. Жаңылыспасам, ол – бізде іс-тәжірибеден өтіп жүрген Қарағандыдағы педагогикалық оқу орындары бірінің студенті. Оның денесінің кейбір жері көгерген, денсаулығы мен өміріне қауіп жоқ”, – дейді лагерь басшысы.
Сондай-ақ ол бұл іспен полицияның айналысып жатқанын және әлгі 15 баланың барлығы да бүгін-ертең үйлеріне кері қайтарылатынын жеткізген.
Ең сорақысы, балалар тәрбиешіні басқа демалушылардың көзінше ұрып соққан. Жағдайдан шошынған кей ата-аналар балаларын орталықтан алып кетіпті.
Бұзақы балалар бұдан бөлек тағы екі тәрбиешіге қол жұмсаған екен. Қазір аталған деректер бойынша Бурабай аудандық Ішкі істер бөлімі тергеу амалдарын жүргізуде.
Дереккөз: 24.kz
http://www.nur.kz/807586-burabayda-demalyp-zhatqan-15-bala-tarbie.html