ЖҮРЕК ТАЗА БОЛСЫН… немесе Есенғали Раушановтың сұхбатынан кейін туған ойлар

0
765

Бір мақалы бір хиссаға жүк болған қазекемнің: «Елу жылда ел – жаңа, жүз жылда – қазан», дегенін жігіт шақтағы миыма салып көрмеген екенмін, соны шал шағымдағы миыма салуға тиіс болып, соңғы бес-он жылдағы мақала атаулымды сол ыңғайда мазмұндап, қаузап, тақырыбын тапқан болып, хал-қадари жазып жүрмін. Өкінішім жоқ сияқты.

«Тәуелсіздік» деген тәтті сөзді кепкен құрттың малтасынша екі ұртымызға кезек жүгіртумен елу жылдың жартысын өткіздік, ал ел жаңарды ма? «Жаңару» жақсылыққа айтылады десек, өз басым қазақтың көне «Ақмола» қаласы жаңа «Астана» қаласы болып жаңарды деп қана айтар едім. Соның өзінде көлемі қаншама өскен, әлі де өспек оның ұланасыр құрылысында ежелгі Шығыс сәулеті менмұндалап тұрған ғимарат жоқ. Тендер дейтінде асығы алшы түскен шетелдік құрылыс компаниялары өздеріндегі ғимараттардың бір-екеуінің көшірмесін әкеліп қондыра салады. «Аркамыздың» маңдайына «Мәңгі ел» деген сөзді жапсырып мәз болдық. Құран Кәрімде: «Құдай ғана – мәңгілік» деген қағида бар. Қып-қызыл атеизмнен (құдайды жоққа шығарушылықтан) аппақ мұсылмандыққа көшкен ширек ғасырда президенттен етікшіге дейін бәріміз құдайды хақ тұтпай сөйлемейтін болып алсақ та, «мәңгілік ел» деген сөзді желқомға айналдырып жібердік. Яғни, Қазақ Республикасын оның байырғы тұрғыны – қазақтың елі етіп жаңартуға Астанадан ұзамайтын қазіргі сықпытымызбен елу жыл емес, жүз жыл да жетпей ме деп қауіптенемін. Бір сәткі көңіл жұбанышым: бұл «мәңгілік елдегі» бүгінгі немкетті билік жүйесі мәңгілік бола алмас, алдымен халықтың мүддесін ойлар, елдің тізгін-шылбырын «құдайдың бір аты – халық» екенін білетін Тұлғалар ұстар деймін.

Мақалдағы «қазанға» келсек, ол жүз жылда емес, жиырма төрт жылда «жаңарып» шыға келді. Республикалық ресми есеп-қисап мекемеміздің мағлұматынша, Қазақстан 2014–2015 маркетинг (базарлық қажеттілікті есептеу) жылында Ресейден 700 мың тонна бидай сатып алыпты. Белоруссия бастаған он шақты шетелден біз жылда сатып алып жүрген еттің салмақ мөлшері біз сататыннан екі жүз есе көп екен. Дүкеніміз бен базарымызда шетелдік удай қымбат азық-түлік лықа толы. Қазанымыздың «жаңарғаны» осы емес пе?!.

Ал биліктің жаршысына айналған газеттердің құлаш-құлаш мақалаларының тақырыптарына көз жүгіртсең, Қазақстанның қазірде-ақ анау да мынау жетістігімен күллі әлемге үлгі ел екенін сүйіншілеп айтып жатқанын көресің.

Оларға сенсең, Қазақстан дүниежүзілік: экономика, мәдениет, дін, саяси даму, демократия, бейбітшілік, бірлік, достық орталығына айналып қалыпты. Айтпақшы, бұл күнделікті газеттердің алғашқы 2–3, кейде 4–5 беті президентіміз Н.Ә.Назарбаев мырзаның аяқ-қолын жерге тигізбей мақтаған мақалаға, оның фото-суретіне толы болады. «Мың жылда бір қайталанатын Тұлға», «Әлем біздің Елбасымыздың көрегендігін мойындап отыр», «Әлемде Н.Ә. Назарбаевсыз шешілетін мәселе жоқ», «Қазақтың бақытына туған», «Алты алаштың асылы»… деп кете береді.

Осыған күлемін де: «Япыр-ай, Нұрекең бұларды көріп-біліп жүр ме екен? Көріп-біліп жүрсе, бұл желкөбік мақтаудан неге жиіркенбейді? Әлде өзіне ұнай ма екен?» деп ойлап қоямын.

Иә, біздің «мәңгілік ел»: мипалау мақтанның, жылмағай жалған мәліметтің, жансыз жағымпаздықтың еліне айналды-ақ. Осы қым-қуыт құбылыстарға қалам түйреп келе жатқаныма жиырма жыл болыпты. Олардың бәрінде де біздің қоғам майы күйіп біткен ағаш арбаға ұқсап барады деген ақиқат айтылды. Апырым-ау, бүгінгі қоғамда бұл жанайқайымды оқыр көз, естір құлақ қашан болар екен, Жазушылар одағымыздың мүшелерінен Софы Сматаев пен Қабдеш Жұмаділовке, Иран Ғайып пен Тұрсын Жұртбайға, Талғат Айтбайұлына қосыла кім үн көтерер екен деп, екіұдай бола жаздап жүргенімде, көрнекті ақын ініміз Раушанов Есенғалидың «Өтірік айтпауға, ақиқатын айтуға бел будым…» деген сұхбатын оқып («ДАТ», 25.06.2015), айызым қанып, серпіліп қалдым. «…Қоғам өзгерісті күтіп тұр. Іріпшіріп, иісі шығып, мүңкіп тұрған қоғам. Ол өзгермей, ештеңе өзгермейді… Алпысқа аз қалды. Оның арғы жағында пайғамбар жасы тиіп тұр. Сондықтан мен енді өтірік айтпау керек, тек шындықты айту керек деп шештім. Өлеңде өтірік айтпайтын едім. Енді өмірде де өтірік айтпауға, ақиқатын айтуға бел будым» депті.

Бәрекелді! Азаматтың жүрек сөзі!

Өз басым Есенғалидың сұхбатынан бірде-бір пікірді алып тастауға болмайды, қайта үстеуіміз керек деймін. Өз тарапымнан қосарым – әдебиет ауылының, әдебиетшілердің тірлігіне қатысты бірер сөз.

Әдебиет саласындағы Мемлекеттік сыйлығымыз әу бастан саудалы болған. Сыйлықты ұйғарар комиссияның бастығы қай жүздің адамы болса, иегерлер де көбінесе сол жүздің ақын-жазушылары болып жүргеніне көзім жеткен соң, егер жаңылыспасам, 1988 жылы республика партия ұйымының Орталық Комитетіне хат жазып: комиссия құрамы үш жүздің және ұйғыр, орыс, неміс, корей қаламгерлерінің көпшілікке белгілі өкілдерінен құралып, саны жетеу болса, сол жетеді, одан көбейтудің керегі шамалы. Бастығы солардың өзара ұйғарымымен сайланса жөн болар еді. «Үш жүз» дегеннен секемдену жарамас, ол қазақтың тарихи құрылымы. Ал комиссия мүшелерінің құрамы үш жыл сайын жаңартылып тұруы керек» дедім. Ол әрекетіме «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі егесі Әбдірахманов Сауытбек мырза куә. Хатыма жауап екеуіміздің әңгімелесуіміз болған. Ол Орталық комитетте Мәдениет секторының меңгерушісі еді.

Бір күні іңірде маған Қуандық аға Шаңғытбаев телефон шалып: «Әй, «Тахауи», біраз әңгімелесуге уақыт тап та, маған кел!» деді, әдетінше күле бұйрық беріп. Көрші тұратынбыз. Бардым. Сонда айтқан әңгімесі мынау:

«Бағана жазушы ініміз (пәленбай) келіп кетті. Оның Абай туралы кітабы Мемсыйлыққа ұсынылғанын, ал менің бұл жолы комиссия мүшесі болғанымды білесің. Ол өзін жақтап дауыс беруімді өтініп бүлкілдеп сөйлегенде, құдай-ай, менің көңілім босап кетті. «Айналайын, болды, бара ғой, кітабыңды оқиын, көрейін, бара ғой», деп әрең құтылдым. Содан 10–15 минөттен соң, бөлмесінен шыққан жеңгеңнің кухняға кіріп шам жағып: «Қуан, мынау не? Кімдікі? Сен әкелдің бе?» – деп біртүрлі дауыстағанына таңдана барсам, жеңгең қоңыр сөмкеге үдірейе қарап тұр. «Бұл не? Менің де көріп тұрғаным осы» деп, сөмкенің аузын ашып қалсам: дөңгеленген қазы, бір коньяк, бір шампан!.. Әлгі келіп шыққанның маған берген парасы екенін сезе қойдым. Жеңгеңе айттым. «Құрысын, құтыл мынадан!» деп, ол ыршып кетті. Өзіме де жиіркенішті болып еді, астыңғы этаждағы інімізді дереу шақырып алып: «Мынау – елден келген сәлем-сауқаттан сарқыт» деп құшақтатып жібердім. Осы жолдан кейін комиссияларынан шығамын. Бағанағыдай кезбелер алмай қоймайды деп естіген едім, рас болар, кетсін ары!».

Қуан аға аты-жөнін атаған, ал мен «пәленбай» деп отырған жазушы осыдан екі жыл бұрын өмірден озды, аты-жөнін атамағаным – сүйегін қозғағым келмегені. Ал Қуан ағаның бізді кейде «Әй,Тахауи» деп атауы – құрдас досы, аңқылдап жүретін Тахауи Ахтанов ағамызды әзілмен іліп-шалып жүруінен туған сөз сыралғысы еді.

Сол жазушы Мемсыйлықты алды. Қуан аға комиссиядан безді.

Мемлекеттік сыйлық комиссиясының жұмысындағы ала-құлалықтан және бір дерек.

«Мөлдір тұма» жыр жинағынан бастап, оннан астам кітаптің авторы болған, поэзиямызға, әдеби сынымызға, прозамызға, аудармамызға, әдебиет ғылымымызға аса мол еңбек сіңірген Асқар Құрмашұлы Егеубаевтың кім болғанын ертеңгі танымпаз да әділ әдебиетші, талғампаз оқырман ұрпақ айтар. Оны бүгінгі біз танымадық, танығымыз келмеді. Оның шығармаларын бүгінгі біз оқымадық, оқығымыз келмеді.

2002 жылдың республикалық Мемлекеттік сыйлығына Асқардың жаңа өлеңдер кітабы ұсынылды. Ол бір ғана жинақ емес еді, оның қапталында ұлы бабамыз Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастаны тұрған. 600 беттік кітап! Көне түрік тілінен қазақшалаған – Асқар. Ескерілмеді. Сыйлық берілмеді.

2004 жылғы сыйлыққа келесі жаңа жырлар жинағы ұсынылды. Ол да бір ғана кітап емес еді, оның қапталында ұлы бабамыз Махмұд Қашқаридың «Түрік тілі сөздігі» тұрған. 3 том. Жиыны 900 бет! Көне түрік тілінен қазақшалаған –Асқар. Ескерілмеді. Сыйлық берілмеді.

Асқардың ақындық, аудармашылық ғажап еңбегіне Мемлекеттік сыйлық жөніндегі комиссияның бірде-бір мүшесі бірінші жолы да, екінші жолы да назар аудармады. «Күбірлегенді құдай естімей ме?», сыйлықтан жаным садаға деп жанталасқан пысықайлар назар аударуға мұршаларын келтірмеген де шығар. Сөйтіп, мәртебелі сыйлық комиссиясының айтулы мүшелері Асқарға қиянат жасады.

Сол әділетсіздікке шыдай алмадым да, комиссияның академик мүшесі Зейнолла Қабдолов ағамызға телефон шалып: «Әдебиетті қашанға дейін жалпақшешейлікке жем етесіздер?» – деп қатқыл сөйледім. Зекең қалайда шаршаңқы үнмен: «Ғаббас-жан, түсіндім… қайтейін, ұсынылғандар шәкірттерім болады да, ешқайсысын сызбаймын…» – деді.

Мен: «Осы наразылығымды қағазға түсіріп, поштамен жолдаймын, мүмкін, жауап берерсіз?» – дедім.

«Жолдай ғой» деді. Сол күні жібердім. Егер сақтаса, мұрағатында жатқан болар.

2006 жылдың сыйлығына Асқардың соңғы жаңа өлеңдер жинағын ұсыну ұйғарылды. Ол да жалғыз кітап емес-ті, оның қапталында жауынгер жыршымыз Махамбет Өтемісұлы шығармаларының 4 томы тұр еді. Академиялық басылым талабына сай етіп, тұтас бір ғылыми-зерттеу орталығының міндетін бастан-аяқ жалғыз өзі атқарған – Асқар!.. Бірақ Жазушылар одағының поэзия секциясы Асқардың кітабын өздерінен жоғарғы талқыға жібермей қойды.

Қашан, қайда болсын, іштарлық та – ем қонуы екіталай дерт.

Осыдан бір апта бұрын Жазушылар одағының Шығармашылық үйіне бардым. Әдейілеп емес, сол маңда тұратын Серік аға Қирабаевтың үйінде болып, шыққан соң жолай соқтым. Маңдайындағы жазу «Аль Фараби. Һотел» деп тұр. Есік алдында қытай ма, корей ме – біреу өз тілінде шүлдірлеп: «капинет, капинет» деп, саусақтарымен әлдебір цифрды көрсетіп бақты. «Е, бұлармен сөйлесіп қарық болмаспын» деп, жөніме кете бардым. Ау, Шығармашылық үйіміз қашаннан бері және кімдердің мейманханасы? Кімдерге, неше жылға жалға берілді? Әлде Жазушылар одағының құзырында емес пе? Жұмбақ.

Есенғалидың сұхбатында: «…Менің бір таңғалатыным – «менікі дұрыс болмады-ау» деген түсінік жоқ бізде. Халықтан кешірім сұрау жоқ» деген және Мұхтар Шаханов жайында: «Ал Мұхаңа келсек, ол кісі шаршаңқырап жүр ғой деймін. Жоқ, дұрысы, ол кісіні шаршатып жүрген болуымыз керек» деген пікірлер бар екен. Оларын дұрыс-бұрыс демей, өзімнің «кейін бір айтармын» деп жүрген сөзіме жол берейін.

Мұхтар Шахановтың 1986 жылғы Желтоқсан тарихында жекебатыр болып қалғысы келетіні жарасымды емес. М.Горбачевтің лаңымен болған ол қанды оқиғаның себеп-салдарын тексеруді алғаш талап еткен адам – Михаил Иванович (Хакім Тілегенұлы) Есенәлиев.

1988 жылғы 4 маусымда Қазақстан КП Орталық Комитетінің пленумы болды. Күн тәртібінде – СОКП Орталық Комитетінің Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы туралы шешімін талқылау. Әрине, алдын ала берілген бағыт бойынша ол шешім бірауыздан мақұдануы керек. Баяндамашы да, сөйлеушілер де қия баспады. Ол басшұлғушылыққа көнгісі келмеген Есенәлиев – ОК мүшелігіне кандидат, Сыртқы істер министрі – президиумға жазба жіберіп, сөз сұрады. Бермеді. Сәлден соң орнынан атып тұрып, баршаның көз алдында дауыстап сөз сұрады. Президиум иелері бұлталақтап, сөз бермеуге тырысты: «Жарыссөзді тоқтату туралы ұсыныс түсті» десті.

Сол әредікте Қызылорда облыстық партия комитетінің 1-ші хатшысы, ОК мүшесі Еркін Әуелбеков түрегеліп: «Орталық Комитеттің мүшелігіне кандидат, Сыртқы істер министрі Есенәлиев жолдасқа сөз бермеу деген неткен жөнсіздік?! Бейбастақтық болмасын, Есенәлиев жолдасқа сөз берілсін!»  – деп батыл талап етті. Сөйтіп, Михаил Иванович мінберге көтерілді. Қысқасы, ол СОКП Орталық Комитетінің шешімін сол күйінде қолдамайтынын айтты. «Мәскеудің өкілдері екі күн болды да кетті. Оқиғаның мән-жайын білмегендіктен, үстірт қорытынды жасады. Ал сіздерге не болды? Тың игеру басталғаннан бергі 34 жыл ішінде қатардағы агроном мен инженерден Орталық Комитеттің мүшесі дәрежесіне жетіп отырсыздар ғой? Мәселенің мән-жайын біліп, ақ сөйлеудің орнына, міне, бір жарым жыл болды, ауыз ашпай жүрсіздер», – деді.

Біздің партиялық қожайындарымыз жыланша жиырылды.

Партия кеңселерінің тым-тырыс болуы төзімін тауысқан соң, Мәкең 1989 жылғы 25 көкекте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сессиясында жасаған депутаттық сауалнамасында былай деді (түпнұсқасы):

 «Прошу на очередной сессии Верховного Совета доложить депутатам о физических и моральных последствиях по результатам «наведения общественного порядка» после известных декабрьских событий 1986 г. Прошло более двух лет, но не только общественность, даже члены ЦК Компартии Казахстана и депутаты Верховного Совета республики в неведении: сколько человек исключены и наказаны в партийном и комсомольском порядке, сколько отчислены из учебных заведений и освобождены от занимаемой должности, сколько осуждено, не говоря уже о точном количестве погибших. Выявляя «белые пятна» 30-х годов, не следует создавать новые в 80-х годах. На сегодня же о последствиях декабрьских событий информированы только: Г.В.Колбин, В.М.Мирошник, Н.Г.Князев, В.И.Ефимов и, возможно, кто-то из бывших или настоящих членов Бюро ЦК Компартии республики. Поэтому вношу предложение создать авторитетную депутатскую комиссию, в составе которой будут представители общественности. Ей представить необходимые документы и объяснения товарищей, сопричастных к указанным событиям, затем об их заключении доложить сессии Верховного Совета республики и Пленум ЦК Компартии Казахстана. Для чего это нужно? Дело в том, что первые официальные сообщения воспринимаются с большим сомнением сейчас, по истечении времени. Среди интеллигенции и молодежи вузов нарастает волна недоверия к прежней информации. Это может привести к непредсказуемым последствиям. Полагаю, что лучше разобраться сначала самим, чем делать это под давлением общественного мнения. Тогда уже любые честные, справедливые заключения и выводы будут подвергаться еще большим сомнениям, т.е. надо принять меры и снять боль, не превращая ее в нарыв.

Прошу текст данного депутатского запроса срочно передать членам Президиума Верховного Совета республики, поставить в известность Государственно-правовой отдел ЦК КПСС».

Азамат, Батыр ғана айта алар сөз ғой бұл?!.

Әлбетте, сауалнама тура биді керек етпейтін билікке жақпады да, екі аптадан кейін М. Есенәлиевтен зейнетке шығуды талап етті.

Комиссия болса, ол үш айдан кейін, 27 шілдеде, Жоғарғы Кеңестің сессиясында бәрібір құрылды. Ол комиссияны құру жөніндегі ұйғарымның негізінде Есенәлиевтің партия пленумындағы сөзі, мына сауалындағы талабы жатқаны даусыз, бірақ оны сол тұстағы шенеуніктер айтпады. Бүгінде де айтпайды. «Әркімнің бір есебі бар».

М. Есенәлиевтің сырласы болған мемлекет қайраткері Кенжебаев Сағындық ақсақал Мәкеңнің мына депутаттық сауалнамасын кеңіте мақала жазып, «Правда» газетіне жібергенін, бірақ ақиқатты керек етпеген ондағылар жарияламай қойғанын «Саясат шыңырауындағы шындық» деп аталған естелік-мақаласында паш етті.

Ал Мұхтардың КСРО халық депутаттар құрылтайында Кремльдің мінберінен қасқайып айтқан сөзінің де бастауы жоқ емес. М. Есенәлиевтің мына сөзі жадымда: «Біздегі әсіресақ жағымпаздардың Желтоқсан туралы жақ ашпасы белгілі болды.

Сонсоң Еркін Әуелбеков басқаша қимылдауға көшті. КСРО халық депутаттарының алда болатын құрылтайында делегат жігіттеріміздің бірін Кремльдің мінберіне шығарып, Желтоқсан туралы сөйлету қажеттігін айтты. Ол «Алаш» партиясының бір лидері Рашид Нұтышевты қарт қаламгер Кәрішал Асановқа жұмсайды. Саяси өткелектің талайын көрген кісімен ақылдасып, сөйленер сөзді әзірлеңдер дейді. Әділдік іздей Қонаевпен де шайқасқан ол: «Мен тезисін жазайын, алып-қосуды өздерің біліңдер. Оны Одаққа мәлім адамдарымыздың бірі оқыса жарар еді», – дейді.

Еркін ол сөзді Олжас Сүлейменовтің оқуын қалайды, бірақ Олжас ат-тонын ала қашады. Одан кейін Мұхтар Шахановпен сөйлескен екен, ол тәуекелге бел буыпты. Еркін екеуі дізе қосып, айтылар сөзді әбден пісіреді. Ал съезде сөз сөйлеу үшін Горбачевтен рұқсат керек. Оны Еркін мойнына алады. Бұрынырақта Горбачев екеуі Мәскеуде, партиялық курста бірге оқыған жақсы таныстар еді. Арғы жағын өзің де білесің…».

Меніңше, Желтоқсан хақындағы алғашқы жанайқай сөзді Есенәлиев айтқанын, ойында жоқта Кремль мінберіне шығарып, сөзін шартарапқа жеткізген Әуелбеков екенін ақиқат тілімен айта жүрсе, Мұхтардың беделі ортая қоймас еді. Ал шынтуайтында Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі жайында дүниеге бірінші болып бірнеше тілде хабар таратқан Азамат – халықаралық «Азаттық» радиосының басшысы Хасан Оралтай…

Және бір жәйт. Осыдан екі ай шамасы бұрын Мұхтар Махмұд Қашқари медалімен марапатталыпты. Ғұлама бабамыздың тарихи, ғылыми мұрасын қазағына жеткізуде Асқар Егеубаев атқарып кеткен аса зор жұмыстың (жоғарыда келтірілген дерекке тағы бір үңіліңіздер) ең болмаса ширегін істей алған қазақ жоқ. Мұхтар Асқардың сол жанкештілік еңбегін әлде білмеді ме? Білмеуі мүмкін емес. Ол аударма хақында баспасөзімізде ризашылық пікірлер айтылған.

Ендеше егер Мұхтар марапаттаушылар ұжымына: «Ғафу етіңіздер, мен қабылдай алмаймын. Бұл марапаттың бірден-бір иесі – танымал ақынымыз, аудармашы болған Асқар Егеубаев марқұм еді» деп, ғалым Асқардың ғажап еңбегін айтып берсе, ондай мағлұматтан хабарсыз марапаттаушылар Мұхтарға ренжімес еді, ақиқат үшін алғыс айтар еді деп ойлаймын. Ал ол ізгі әрекеті Мұхтардың азаматтық абыройын өсіре түсетін еді.

Менің Мұхтар ініме баса айтқан бұл ағалық назымды кейбір желпілдек оқырман кері жорып, «құрметті ақынға орынсыз соқтықты» деуі мүмкін. Жоқ, Мұхтарға соқтығатындай мен бақталас ақын емеспін және екеуіміздің сәлеміміз түзу.

Кімнің де болса, ішіне сыймай жүрген ой-пікірі болады және қашан да бұрысы сыртқа тез шығып, дұрысы іркіле береді. Есенғалидағы іркіліс «Алпысқа да аз қалды. Оның арғы жағында пайғамбар жасы тиіп тұр» деумен енді ғана сыртқа шыққан болса, оқасы жоқ. Ауыздан шықпай, жүректен шыққан сөз ғана – ақиқат; сол ғана жүрекке жетеді. Жүректің таза болғаны керек. Таза жүрек неғұрлым көп болса, ел де, қоғам да соғұрлым таза болмақ.

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

http://www.abai.kz/post/view?id=3915

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз