Назарбаев мерейтойларын жеке мереке ретінде тойлайтын кезеңнен әлдеқашан өтіп кеткенін айтты

0
482

Қазақстан gрезиденті Нұрсұлтан Назарбаев Астана күніне арналған салтанатты қабылдауға қатысты.

Нурсултан Назарбаев_25

Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлағандай, шарада сөз сөйлеген мемлекет басшысы бүгінде 17 жыл толып отырған елордамыздың тарихы бай, жарқын сәттерге толы екенін атап өтті.

«Бүгінде еліміздің бас қаласы тек бірегей ғимараттарымен ғана емес, қайталанбас атмосферасымен де ерекшеленеді. Астананың өзіндік «гравитациясы» бар, ол таланттарды, жаңа жобаларды, қаржылық, зияткерлік және әлеуметтік капиталды өзіне тартады. Осы қалада тұрып, өз болашағын Астанамен байланыстыруға ұмтылатын адамдардың саны артып келеді. Елорда халқының саны біз күткеннен тез көбейіп, қазіргі таңда миллионға жуықтап қалды. Бүгінгі күні Астана республикалық бюджеттің доноры болып табылатын өңірлер қатарына енді», – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев бас қаланың елдің әлеуметтік-экономикалық өміріне оң ықпалын атап өтті.

«Астана бүгінгі күннің өзінде тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия өңірінде білім беру және медицина хабы рөлін атқарып отыр. «Нұрлы жол» бағдарламасы елдің барлық өңірлерін Астанаға жақындастыра түсті. Жаңа Жібек жолы жобасы елді еуразиялық кеңістіктегі тоғыз жолдың торабындағы мемлекетке айналдырады. Ал, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу технологиялық көшбасшылықты қамтамасыз етіп, еліміздің баламалы энергетика саласындағы жетістіктерін әлемге паш етеді. «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру – тағы бір ауқымды бастама. Ол көп жылға дейінгі тек Астана ғана емес, бүкіл Республиканың даму бағытын айқындайды. «Аймақтағы көшбасшылық және жаһандық бәсекеге қабілеттілік» – бұл біз ұстанатын нақты формула. Астана бүгіннің өзінде осы жоспарды жүзеге асыру үшін жұмыс істеуде», – деді мемлекет басшысы.

Бұдан басқа, Қазақстан президенті мерекеге деген өзінің жеке көзқарасымен бөлісті.

«Қала күні де адамның туған күні сияқты, бұл салтанатты жиын ғана емес, қорытынды шығаруға мүмкіндік. Мен мерейтойларымды жеке мереке ретінде тойлайтын кезеңнен әлдеқашан өтіп кеткенмін. Барлық жұмысым, барлық өмірім еліммен байланысты. Мен үшін Қазақстанның, Астананың, әр өңірдің жаңа табыстарынан артық құттықтау жоқ», – деді Назарбаев.

Мемлекет басшысы жиынға қатысушыларға Астананың одан әрі дамуына үлес қосқандары үшін алғыс білдірді.

«Бұл жерде бірегей еуразиялық мәдениет қалыптасып, бәсекеге қабілетті білім алуға болады, болашаққа сеніммен қарайтын жаңа отбасылар құрылады. Біздің бірлігіміз, еңбекқорлығымыз, табандылығымыздың арқасында алға қойылған барлық мақсаттарға қол жеткізетінімізге сенімдімін», – деді Қазақстан президенті.

Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, табыстар мен елдің одан әрі гүлденуін тіледі.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз