Ұлт қорғаны

0
417

14

 

 Ел қамын ойлаған Елбасы

 Ғаламдық сын-қатерлер мен нарықтың қатал қыспағына қарамастан, қазіргі Қазақстан кемел ойлы кемеңгер Көшбасшысының арқасында аз уақыттың ішінде озық білім, инновациялық ғылым және өндіріс интеграциясы арқылы экономикасын қарқынды дамытып келе жатқан, дүниежүзі мойындаған бірлігі бекем тұғырлы мемлекетке айналды.

rectorТілектес ЕСПОЛОВ,

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры,

ҚР ҰҒА вице-президенті, академик

Назарбаев феномені

Ұланғайыр даламыздың  бел ортасында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өз қолымен тұрғызылған Елордамыз – Астана төрінде Тәуелсіздігіміздің биік тұғырындай болып Ақордамыз асқақтап тұр. Тарихқа үңілсек, бүгінгі біз жетіп отырған азат қоғамды ата-бабаларымыз қаншама ғасырлар бойы аңсап кетті?! Ынтымағы жарасқан бейбіт қоғамда өмір сүріп отырған бүгінгі Тәуелсіз ұрпақ шынымен бақытты. Сондықтан, Мәңгілік Ел мұратына жету жолында барымызды қадірлеп, қастерлеу әр азаматтың міндеті болуға тиіс.

Әр мемлекеттің өркениеттілігі оның мәдениеті мен өнеріне, білімі мен ғылымының жетістіктеріне тікелей байланысты екенін ескерсек, біз бүгінде өзіндік даму моделін қалыптастырған, өзгелерге үлгілі ел  боларлықтай дәрежеге жеттік десек, артық айтпағандығымыз болар. Бұл ретте Қазақстанды әлемге танытқан «Назарбаев феномені» туралы айтпау мүмкін емес. Өйткені, Кемеңгер тұлғаның  ғаламдық деңгейдегі көшбас­шылық қасиеттері ел дамуына зор ықпал етіп отыр. Осы тұрғыдан алғанда Елбасының саясатында кемеңгер тұлғаның көрегендік қасиеті жатыр. Міне, осы құбылысты әлемдік сарапшылар «Назарбаев феномені» деп атап жүр. Шындығында, елінің қамын ойлап, халқының мүддесін жолында аянбайтын Елбасы ғасырлар тоғысында әлемдік саясатқа ықпал ете алған санаулы тұлғалардың алдыңғы қатарынан көріне алды.

Қазақстан қоғамы егемендік алған алғашқы жылдармен салыстырғанда экономика саласында серпінді қадамдар жасап, елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Мемлекет басшысының тиімді жүргізіп отырған саясатының нәтижесінде көптеген қиындықтар еңсеріліп, елімізде жаңа индустриалды-инновациялық бағдарламалар іске асырыла бастады. Қазақстан бүгінде өтпелі кезең міндеттерін толықтай шешіп, постиндустриалдық қоғам стандарттарын қалыптастыруда. Экономикалық модернизация саясаты әлеуметтік жаңғыртуға қол жеткізді. Эволюциялық реформалар өзін ақтады.

Халқымызды кемел келешекке бастап, ел қамын ойлаған Елбасы өзінің ғаламдық деңгейдегі көшбасшылық қасиеттерімен жалпы ұлттық экономиканың, оның ішінде ауыл шаруашылығының әлемдік деңгейде дамуына ықпал жасауда. Соның айқын дәлелі ретінде, жақында ғана Мемлекет басшысының тікелей ықпалымен Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына толық мүше болуын айрықша атап өтуге болады.

nazarДСҰ – өркендеудің жаңа көкжиегі

Мемлекетіміздің тұрақтылығын айқындайтын жаһандық сипаттағы негізгі мәселелердің бірі – азық-түлік қауіпсіздігі. Халықаралық азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) ақпараты бойынша қазіргі кезде дүниежүзінің 1 млрд.-қа жуық халқы яғни, әрбір жетінші адам азық-түлік тапшылығы салдарынан аштықтың зардабын тартуда. Әлем бойынша өндірілген азық-түліктің 30-40 пайызы өнімнің сапасының төмендігінен, стандарт талаптарына сай болмауынан тұтынушыға жетпейді. Ғалымдардың зерттеу нәтижелеріне жүгінсек, 2050 жылы дүниежүзіндегі халықтың саны 9 миллиардқа жетеді. Демек, жер шары халқын сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі тіпті күрделене түспек. Бұл ретте басты салмақ ауыл шаруашылығына түсетіні сөзсіз. Осы орайда, Қазақстан аграрлы мемлекет болғандықтан, аталған проблемаларды шешуде өзінің тың инновациялық бағыттарын ұсына алады. Бүгінгі күні әлемдегі халық санының өсуі мен тұтынушылық қабілеттің жоғарылауына байланысты елімізде өңделген ауыл шаруашылық өнімнің көлемін 70 пайызға арттыра отырып, халықаралық нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктеріне қол жеткізудеміз.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап өткендей, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу біздің экономикамызды жаңа көкжиектерге бастайтыны анық. Жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндіктер туады. Кәсіпорындардың шетел нарықтарына шығуы қамтамасыз етіліп, тұтынушылардың тауарлар мен қызметтердің кең ауқымына таңдау жасауына жол ашылады.

Қазақстан үшін бұл ұйымға мүше болудың басты артықшылығы – шет мемлекеттердің инвестицияларын тартуға үлкен мүмкіндіктер туындайды. Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларына қатысты, ДСҰ-ның ережелерінің екі негізгі бөлімін атап өтуіміз керек:

  • Ішкі қолдау. Бұл жерде Қазақстанның ЖІӨ-нің 10% дейін ауыл шаруашылығы саласына қолдау көрсетуге рұқсат етіледі.
  • Экспорттық субсидиялар. ДСҰ-нің ережелеріне сәйкес, экспорттық субсидияларға жол берілмейді. Дегенмен, қазіргі уақытта еліміздің ауыл шаруашылығы саласында экспорттық субсидияларға рұқсат беріліп отыр.

Осы шарттардың оңтайлы нәтижелеріне Елбасының аграрлық саланың қазіргі жағдайын терең түсініп, барынша көңіл бөлуінің арқасында жетіп отырмыз.

Жуырда ғана Елбасы Миланда өткен бизнес-форумға қатысып, көлемі 500 млн. долларды құрайтын 20 келісімшартқа қол қойды. Соның бірі – азық-түлік тағамдарын, ауыл шаруашылық техникаларын өндіру. Бүгінгі таңда Қазақстанда экономиканың басым салаларына, оның ішінде агроөнеркәсіп кешеніне қомақты қаржы салған инвесторларға жеңілдіктер қарастырылған. Айта кетсек, инвесторлар корпоративтік табыс салығы мен жер салығынан 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босатылады. Сонымен қатар, салынған нысанның құрылысы аяқталғаннан кейін, жұмсалған шығынның 30 пайызын қайтарып беру мүмкіндігі қарастырылып отыр.

Президент сенім артқандай, ДСҰ-на ену әлемдік экономика интеграциясына, дүниежүзінің жетекші 30 елі қатарына енуге және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындауға барынша жағдай туғызады. Ұлттық жоспарда экономиканың аграрлық секторын жаңартуға үлкен көңіл бөлінгенін ерекше атағанымыз жөн. Президенттік бағдарламаның 35-ші қадамында ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдаланудың жолы оны нарықтық айналымға енгізу екендігі айтылады. Елбасы өзінің бес институционалды реформасында аграрлық саланы дамытудың басымдықтарына тоқтала келе, басты мәселелердің бірі ретінде жер пайдалану мәселесіне ерекше назар аударған болатын. Бүгінде Қазақстан әлемдік жер ресурстарының 4 пайызын құрайтын көлемі 220 млн. га ауыл шаруашылығына пайдалы жерді иеленсе де, соның 9 млн. гектар мемлекеттік қорға жататын жайылымдық мақсаттағы құнарлы жері мүлдем пайдаланбай отыр. Жердің 8 пайызға жуығы өндірістік қалдықтармен ластанып, тағы да басқадай себептермен ауыл шаруашылығына қолдану айналымынан шығып отыр. Бүгінгі күні түрлі себептермен Қазақстанда 700 мың га суармалы жерлер ауыл шаруашылығы айналымынан шығарылған.

1-1Ауыл шаруашылығын дамыту – басты мақсат

Терең толғандыратын басты мәселелердің бірі, егістіктерде суару жүйелері тиімділігінің күрт кемуі – ол суару және дренаж жүйелерінің тозуы, жер асты суларын пайдалану барысында дренажбен толық қамтамасызданбағандығы тағы да басқа да себептер жер бетінің батпақтануына және қайта тұздануына алып келуде. Осыған байланысты, елімізде кең көлемдегі жайылым жерлерді тиімді пайдалану заңнамалық деңгейде реттеуді талап етеді. Сондықтан, қазіргі кезде «Қазақстанның жайылым жерлері туралы» арнайы заң дайындалуда. Қазақстанның жалпы территориясының 67,0 пайызы немесе 187,0 млн. га жайылым жерлер. Ал қалпына келтірілетін жылдық мал азығының ресурсы 25,0 млн. тонна азық өлшемін құрайды немесе қоректігі бойынша 1,0 млрд. пұт астық өндірумен тең. Дүниежүзілік банктің ақпараты бойынша жылдық мал азығы 1,2 млрд. АҚШ долларына бағаланады. Бүгінгі күні мал азығының балансында жайылым шөптермен қамтамасыздандыру 50,0 пайызды құрайды, ал кейбір аймақтарда одан да төмен. Сондықтан қабылданатын заңның біздің еліміздің мал шаруашылығын дамытуға маңызы зор.

Бүгінде елімізде ауыл шаруашылық өнімді өндірумен 189,9 мың агроқұрылым мен 1632,8 мың үй шаруашылығы айналысады. Агроқұрылымдардың жалпы санының 182,7 мыңы немесе 96,2 пайызы шаруа (фермер) қожалықтары болып табылады. Олардың 40 пайызының жер көлемі 10 гектардан аспайтындықтан, ұсақ ауыл шаруашылық құрылымдарының өздері өндіретін өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, инновацияны ендіру, нарыққа сапалы тағам өнімдерін шығару мәселелерін дербес шеше алмайды. Сонымен қатар олардың біліктілігі жоғары мамандарды жұмысқа тартуға мүмкіндіктері шектеулі. Осы және басқа да себептерге байланысты жерге иелік ету құқығы ауыл шаруашылығы өндірісі саласында білімі бар, шаруашылығы озық техникамен жабдықталған өндіріс иесіне берілуі тиіс. Жер қатынасы процедуралары ашық болып, ал тиесілі жер шаруашылықтың мамандандырылған саласына сәйкес тиімді пайдалану керек.

Осы орайда Елбасы ұсақ кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлерді орта деңгейге көшіру үшін жағдай жасап, ірілендірудің алғышарттарын қалыптастыру талабын қойып отыр. Осы талаптарды орындаудың басты жолы – ұсақ шаруашылықтарды кооперацияға шоғырландырып, инновациялық бағытта дамыту. Ауыл шаруашылық кооперациясының экономикалық тұрғыдан тиімділігі шетел тәжiрибесiмен дәлелденген. Дүниежүзінде кооператив қозғалысы ауыл шаруашылық өндiрiстің 100%-ын, тамақ өндіру өнеркәсiбінiң 45-50% қамтиды. Кооперацияға шоғырлану – ауылдық жерде тұратын халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, ауыл шаруашылық жерлердің тиімділігін және құнарлығын арттыруға, жергілікті халықты жұмыспен қамтамасыз етуге, азық-түлік қауіпсіздігін сақтауға ерекше ықпал етеді. Қазіргі уақытта аграрлық саладағы ғалымдар мен ауыл шаруашылығы министрлігі мамандары бірігіп «Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы заң» дайындап, Парламент Мәжілісіне бекітуге ұсынды.

Дамыған елдерде жалпы агроөндірістік кешен өнімнің 50-90 пайызы инновациялық технологиялармен қамтамасыз етілген. Біздің елде осы көрсеткішке жету жолында «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама», «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

«Алтын үшбұрыштың» елдегі көрінісі

Қазақстанда мал шаруашылығын дамыту, оларды мал азығымен қамтамасыздандыру мақсатында өзекті бағдарламалар қабылданып, іске асуда. Ет бағытындағы асыл тұқымды ірі қара малдың басын арттыру үшін  «Сыбаға», жылқы шаруашылығын тиімді дамыту үшін «Құлан», қой шаруашылығында «Алтын Асық», жалпы мал шаруашылығында жайылыммен қамтамасыздандыруды жақсарту үшін «Жайлау» бағдарламалары өзінің оңтайлы нәтижелерін беруде.

Ауыл шаруашылығын басқарудағы қазіргі жүйені қайта құру ғылым мен білімді барынша интеграциялауға және инновацияны тиімді түрде өндіріске енгізуге, ғылыми күш-жігерді түпкі нәтижеге шоғырландыруға мүмкіндік береді.

Осы орайда Елбасы ауыл шаруашылығын дамытуда ғылымның рөлі орасан зор екендігін ескеріп, әлемдік талапқа сай келетін ғылымды басқарудың түбегейлі жаңа «Ғылыми саланың дамуының институционалдық негізі» деп аталатын моделін ұсынды. Жаңа модель ғылым келешегіне жастардың сенімін арттырды және ғылыми ізденістерде олардың зияткерлік әлеуетін кеңінен пайдалануға мүмкіндік берді. Осы мақсатта 2020 жылдарға қарай ғылымды қаржыландырудың ішкі жалпы өнімдегі үлесін 2 пайызға дейін ұлғайту қарастырылған.

Бүгінде Елбасы аграрлық саланы реформалау, Халықаралық тәжірибеде «алтын үшбұрыш» атауына ие болған ғылым, білім, өндіріс интеграциясын күшейту жөнінде жаңа талап-міндеттер қойды. Мемлекет басшысы әрдайым осындай тығыз ынтымақтастық АӨК-ді жаңғыртуға ықпал ететінін қадап айтып келеді. Бұл бір жағынан, білім, ғылым және өндірістің тығыз интеграциясын, екінші жағынан, жоғары оқу орындарының, ҒЗИ және тәжірибелік шаруашылықтардың барынша дербестігін қамтамасыз етуге қол жеткізеді. Аталған жүйенің басты жүзеге асырушысы жоғары оқу орындары болуы тиіс. Осы жүйені әзірлеу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасымен арнайы жұмыс тобы құрылып, атқарылатын ауқымды іс-шаралар қолға алынды. Жұмыс тобы отандық және шетелдік тәжірибелерді зерттеп, ұйымдық құрылымдардың түрлі нұсқаларын(Акционерлік қоғам, Мемлекеттік қор, коммерциялық емес акционерлік қоғам) талдай отырып, интеграцияны басқарудың жаңа моделін ұсынды. Қазақстан Үкіметінің қаулысымен 2015 жылдың сәуір айында аграрлық саладағы жетекші үш ЖОО (Қазақ ұлттық аграрлық университеті, С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университеті)Ауыл шаруашылық министрлігінің қарамағына өтті. Осындай ұйымдық шаралардың нәтижесінде еліміздің АӨК үшін қолайлы басқару құрылымы ретінде «ҚР агроөндірістік кешенінің Ұлттық ғылым-білім орталығы» атауымен комммерциялық емес Мемлекеттік қор құру қабылданды. Қордың басты мақсаты – қолданбалы ғылымды дамыту, кадрлар дайындау, заманауи технологияларды енгізу болып белгіленді. Атқарылған қызметтерден түскен табыстар тек қана қордың дамуына жұмсалатын болады. Қор құрамына Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты аграрлық ЖОО, ҒЗИ, тәжірибелік-эксперименталдық шаруашылықтар мен стансалар, білім тарату орталықтары енеді.

Ұсынылатын құрылымның басты артықшылығы университеттердің, ҒЗИ-тар мен тәжірибелік-эксперименталдық стансалардың кадрлық, материалды-техникалық, қаржылық, зияткерлік әлеуетін барынша пайдалануға және консалтингтік қызметтер көрсетуге жағдай жасау. Мұндай интеграция жоғары оқу орын студенттеріне білім беріп қана қоймай, сонымен қатар олардың мүмкіндіктеріне байланысты жинаған білімдерін өндіріс пен ғылыми салада іске асыруына ықпал етеді. Елбасы ұсынып отырған ұтымды стратегиялық бағыттар аталған проблемаларды оңтайлы шешу үшін зор мүмкіндіктерге жол ашып отырғандығын айтуымыз керек. Бұл ретте, білім мен ғылымның стратегиялық міндеті – Қазақстанның шикізат өндіруші ғана емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығында өңделген қосымша құны жоғары тауарларды экспорттаушы ел ретінде бәсекеге қабілетті мемлекет болуын қамтамасыз ету.

Заманға сай жаңаша өркендеу дәуіріне аяқ басқан егемен еліміз бүгінде  өткенінен сабақ алып, бүгінгі беталысын саралап, ертеңгі бағыт-бағдарын нақты стратегиялық бағдарламалармен айқындап отыр. Бір айта кететін жағдай, ғаламдық дағдарыс жағдайында Мемлекет басшысы ұсынған «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясаты түрлі экономикалық тәуекелдерге тосқауыл бола алды. Жуырда ғана қабылданған 5 реформа және 100 қадамнан тұратын Ұлт жоспары – елімізді бұдан да биік белестерге жетелейтін маңызды стратегиялық бағыт-бағдар екені даусыз. Бұл реформалардың тірегі мен халықтың әл-ауқатының жақсаруының бастауы – индустрияландыру және экономикалық өсім. Оның айғағы – белгіленген 100 қадамның 49 қадамы елді индустрияландыру мен экономикалық өсімге бағытталған. Сондықтан Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасы айтқан «Алдымен экономика, одан кейін саясат» формуласы өз маңызын жоғалтқан жоқ деп батыл айтуға болады.

http://www.dalanews.kz/bas-takyryp/ult-korgany/

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз