– Төл әдебиетіміздің қазіргі жағдайы мен бағыты туралы не айтар едіңіз?
– Мәдениет пен әдебиетке билік тарапынан тиесілі қаржы-қаражатпен көмектесу түгілі дұрыс көзқарастың өзі болмаған жағдайда ол екеуінің зымырап алға озуы тұрмақ, қыбырлап ілгері жылжуы да қияметтің қиыны екенін бүгінгі күні екінің бірі сезетіні жасырын емес. Сондықтан да төл әдебиетіміздің бүгінгі мүшкіл халін, қаламақысыз қалып, қайыршының қатарында қалт-құлт еткен тіршілігін өлермендігімен сабақтап жүрген қаламгерлеріміздің күй-жайымен бағаларымыз хақ. Шыңғырып айтар шын сөзі шенеуніктердің кеудесін тесіп өтпейтін, қалың оқырманның құлағына жетпейтін мың данадай мардымсыз таралыммен шығатын азын-аулақ кітап бүгінгі төл әдебиетіміздің төркінін анықтай қояр дегенге өз басым өлтірсе де сенбейді.
Ал қазақстандық әдебиеттің (әдебиет деп атауға келісе алсақ) бүгінгі бағыты ақшалы байлар мен орайын тауып оп-оңай байыған «набобтардың» әкесі мен ағасы, көкесі мен «жағасы» топылдатып шығарып жатқан күлдібадам кітапсымақтарының нұрлы да сырлы шуақтарын бойлап тарап жатыр ғой. Ауыл үстінде сойылын шошаңдатқан тентекшалыстарынан арыстандай батырын, екі-үш үйдің ермегіне жарайтын езулісінен баға жетпес биін тауып алып, әлгілеріне арналған том-том киіз кітаптармен төл әдебиетіміздің кешегі төбедегі дәрежесін төмендегі табанға төсеп беріп жүргенімізге төрелеріміздің қабырғалары қайыса қояр ма екен.
– Қазіргі кезде ұлттық идеология әлсіреп кеткен секілді. Бара-бара басты құндылықтарымыздан көз жазып қалмаймыз ба?
– «Ең алдымен экономика, содан кейін ғана саясат, идеология!» дейтін бүгінгі үкіметіміз бен биліктің идеологияға деген қырын қабағы мен жабық көзқарасы жуық арада ашыла қоймасы белгілі. Сол себепті де атыс-шабысы, қырғын-сүргіні, жалаңаш қалпы жабысуы-қабысуы көп көк жәшікті жас ұрпағымыздың жанарына жадыгөйлікпен тоса қойып, солардың ой-бойына қатыгездіктің, қаныпезерліктің ұрығын сеуіп жатқанымызды ескеруден мүлде қалдық қой. Дырылдақ-дарылдақ, сөз-сазсыз әнсымақтарымен дауыссыз, талғамсыз дарақы «жұлдыздардың» дөрекілігіне өскелең өрендеріміздің құлағын үйретіп, кеудесін ұйытып, ұлттық өнеріміздің өңешін буындырып тастағанымызды қашан байқар екенбіз. Ендеше ұлттық құндылықтарымыздан әлден-ақ көз жазып қалғанымызды аттандап айтудан неге жасқанамыз.
– Қазақ қоғамын жағымпаздық жайлап кеткен жайы бар. Бас пайдасы мен мансап үшін билік басындағылар алдында құрдай жорғалайтын, тіпті адамның ойына келмейтін күлкілі көріністерге куә болып жүрміз…
– Қоғамымыздағы жабайы жағымпаздық тірлік бүгін емес, он бес, жиырма жыл бұрын тіріле бастаған. Мақтау мен мадақтауға өң бергіш жоғарыдағылардың жоясыз мақтан сүйгіштігі етік сүйіп, етек жалағыш інілер мен қол сүйгіш ағалардың сумақайлығы мен сұмпайылығына даңғылын даладай етіп жол берген. Сондықтан да биіктегісінің көзіне түсіп, көңілінен табылуы үшін жарты жүрек жағымпаздарымыздың бірімен бірі қызыл қырғын, қысас таласқа ұласқан «жарапазаны» бүгінде шарықтау шегіне жетіп, биліктік телеарналар мен басылымдардың бетін бермеуге айналды.
Ал бүгінде әр затқа «нұр» тіркесін локомотив етіп жекпесек, таң атпайтындай, күн шықпайтындай, жүрісіміз өнбейтіндей, сыбағамыз келмейтіндей қобалжулы күдікке тіреліп қалатындай күй кешудеміз.
– Абай, Ақан сері, Біржан сал, Құрманғазылар ешқандай атақсыз-ақ ел есінде мәңгілік сақталып қалды. Атақ алу үшін өзара дүрдараз болып жүргендерге қарап көңіл құлазитыны бар. Сол атақ керек пе өзі?
– Жазушыны атаққа ұсыну, сыйлық иесі таныту, орден беру тәрізді алдамшы тірлікті бір кездерде Сталин ойлап тапқан деседі. Азуы алты қарыс сол диктатор көсемнің өзі де елдің тілі, халықтың үні болар қаламгерден қатты сескенген ғой. Сол себепті де қалам қайраткерлеріне әртүрлі «сыбаға» ұсынып, сол «сыбағаға» таластырып, жазушыларды бір-біріне айдап салып, қырқыстырып қойған-ды. Бұл қоғамға ықпалы зор күшті ыдыратып, жеке-дара билік жасаудың жымысқы әдісі болатын. Сол келеңсіздіктің, сол айқас-шайқастың көрігін бүгінгі біздің билік басындағылар да шектен шығара қоздырып жіберді. Ал, осы көзбояу тірліктің – атақ, сыйлық, марапаттардың – жазушыларға түкке де керегі жоқ. Қаламгерді қаламының құдіреті ғана құтты да мықты орнына қондыра алады. Көз құртына айналған төске тағар жылтырауық-жалтырауықтар жазушылар арасына іріткі түсіріп, ылаң салады. Кеше ғана қоян-қолтық араласып, бір-біріне тілеулес, пікірлес болып жүрген пенделердің арасынан ала мысық жүгіріп өткендей әп-сәтте өзара қас-жау болып шыға келеді. Араздықты ұлғайтады. Топ пен тобыр ұйымдастыртады. Азға көпті, жекеге топты қарсы қояды. Шындықты сұмдық жеңіп, әділетті әбілеттік ұрып жығады. Міне, жалған марапат пен мансаптың бізге берері осы ғана. Жалғанды жалпағынан бассам деген жаңсақ ойдың жетегінде жүргендер, ар мен адалдықтың ауылынан алшақтап, өзгелерді де адастырады.
– Еліміздің тізгінін ұстағандар мен бүгінгі атқамінерлерге көңіліңіз тола ма? Олардың қандай болғаны дұрыс?
– Өткен ғасырдың жиырмасыншы, отызыншы жылдарындағы ел ағалары болған, ел тізгінін ұстаған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов аталардың, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Темірбек Жүргенов, Нығмет Нұрмақов, Сейітқали Меңдешев, Сұлтанбек Қожанов, Ғаббас Тоғжанов сынды көкелердің ел қамы, халық бабы дейтін ұлтжандылығынан өрбитін шынайылығы мен тазалығы Алаштың әр азаматын алқалаған, қазақтың, қазақстандықтың әр адамын ардақ тұтқан. Ұлтының діліне жүгініп, тілін құрметтеген.
Ал бүгінгі шенеуніктер мен ат пен таққа мінгендерде ондай өрісті өнегенің жұрнақтай да ізі, тамшыдай да сызы қалмаған. Биіктегі кабинеттерінің көзге күйік етіп есік-терезелерін хатшы-референттерімен, көмекші-кеңесшілерімен, күзетші-церберлерімен бітеп жауып тастап, төмендегілерге төбесінен сыздана тесілуден басқаға мүлдем жоқ. Алдарына айлап, жылдап тосып жүріп бір бара қалсаң, тура сөзіңді тыңдауға бейіл де білдірмей, әр сылтауды бір көлденеңдетіп, ана тіліңді шала ұғатын шүлдірлеуімен сілікпеңді шығарып, енді келместей етіп кеңсесінен сырғыта салады. Содан соң олардан түңілмегенде қайтесің. Кекірттік пен бюрократтыққа қарсы түк жасай алмай, шарасыздықтан бүлінбегенде, күйінбегенде қайтесің.
Не істеу керек деймісің?.. Бүгінгі адамды пенде ғып тұқыртып, пендені құл ғып илеуге құныққан шенеуніктік жүйені түп-тамырымен қопарып тастап, адамды адам деп қадірлейтін ортаны қалыптастыру қажет.
– Еліміздің, қазақтың болашағын қалай елестете аласыз? Халқыңызға не тілер едіңіз?
– Асылдарымыз бен арыстарымыз ғасырлар бойы аңсаған бостандығы мен тәуелсіздігіне Алла Тағаланың жарылқауымен 1991 жылдың желтоқсанында қолымызды жеткізіп едік. Дербес елдіктің, өзгелермен тереземіз теңдіктің ой мен бойды әсерлендіре шымырлатар құдіретіне шым бойлап кетіп те едік…
Ал бүгін… бірінші қаңтардан бастап Еуразиялық экономиялық одаққа кірген бойда бұрынғы бодандық тәуелділіктің тұзағын мойнымызға буындыра іліп аламыз ба дейтін сұрапыл қорқыныштың суық ызғарымен әлден-ақ бүрсеңдей бастағанымды білемін. Лайым сол қорқынышты күдігім шындыққа айналмаса екен, кіріптарлықтың бұғауында шырылдамастай болсақ екен дейтін зар тілегімді Жаратқан Хақтың құлағына жеткізуге құмбылмын. Елімнің ертеңі тумай қалмаса екен, кешегісімен келешегі жатсынбай табысып, кемеңгерлігі мен кемелдігінің көмбесін қопара ақтаратын халқымның әр кездегі бүкпесіз көңілі бүгінгі қоңторғай тіршілігін артта қалдырып, болашағының көсегесін көгерте берсе деймін. Өйткені мен «қазағым-ғажабым!» деуден әлі күнге дейін жаңылған емеспін. Осы пайымымнан Тәңірім ажыратпасын.
– Софы аға, ашық әңгімеңізге рахмет, өзіңізді «Жыл адамы» деп таңдаған «Қазақ үні»газетінің қалың оқырмандары разы болар деп ойлаймыз. Сізге зор денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан,
Зейнолла АБАЖАН
http://www.qazaquni.kz/?p=32334