Бұдан аз ғана уақыт бұрын ғаламторда Алматыдағы Әуезов пен Сәтбаев көшелерінің қиылысында МАИ қызметкерлері келгенше мыңдаған машиналарды бағдаршамсыз өткізіп, жол қозғалысын реттеген жігіт туралы бейнежазба жарияланған болатын. Бүгінде сол жігіт гүл сатушыдан белді компанияның қызметкері атанды деп жазды Егемен Қазақстан басылымы.
Қайырымды жігіттің бұл әрекетін жүргізушілердің өздері ұялы телефондарына жазып, әлеуметтік желілерге салған болатын. Жақында азаматты «АЛМА ТВ» телекоммуникациялық компаниясы өздерінің Contact орталығына жұмысқа алғанын қуана хабарлады.
“Оқиға болатын күні жұмыстан шығып, Сәтбаев пен Әуезов көшелерінің қиылысына жақындағанда, күрделі кептелісті байқадым. Оның ішінде бір жас қыздың көлігі бұзылып қалғандай болды. Жақындап келіп қарасам, жанармайы таусылып қалыпты. Көлікті бір-екі жігіттің көмегімен жолдың шетіне итеріп шығардық. Сосын ығы-жығы болып тұрған машиналарға қарасам, МАИ қызметкерлері әлі келіп үлгермепті. Жүргізушілердің қиналып жатқанын көріп, көмектескім келді”, – деді Ербол Дүйсебаев.
Ал оқиғадан екі күн өткеннен кейін «АЛМА ТВ» қызметкерлері хабарласып оны жұмысқа шақырған.