Қазақстан ДСҰ-ға кіргеннен кейін де ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін мемлекеттік көмек қысқармайды – Ж.Айтжанова

0
499

2

ЖЕНЕВА. ҚазАқпарат – Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен кейін де ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін мемлекеттік көмек қысқармайды. Бұл туралы қазақстандық БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Экономикалық интеграция істері жөніндегі министрі Жанар Айтжанова мәлім етті.

«Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін көмекті қысқартпаймыз және осы салаға инвестиция келуіне ықпал ететін боламыз. Мұнан бөлек, қызмет көрсету саласын, қаржы, телекоммуникация секторларын әрі қарай ырықтандыру немесе бизнесті жүргізуге жеңілдіктер жасалады. Нақты айтқанда, сол секторларға, сол салаларға тікелей инвестициялардың келуіне ықпал етіледі», – деді министр.

Оның атап өтуінше, елімізде шетелдік инвесторлардың тек қана қаржысы емес, сонымен бірге технологияларының келуіне де барлық мүмкіндік жасалады. Ал бұл шаралар Қазақстан нарығында қазіргі күні жұмыс істеп жатқан компаниялардың бәсекелестікке қабілеттігін арттыра түседі.

«Өйткені бәсекелестік болмаса, даму жоқ. Сондықтан бұл жерде, яғни  қаржы, телекоммуникация салаларында бәсекелістік әрі қарай күшейе түседі», – деді Ж.Айтжанова.

Айта кетейік, кеше Дүниежүзілік сауда ұйымы бас кеңесінің отырысының қорытындысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ДСҰ бас директоры  Роберто Азеведо Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуы туралы хаттамаға қол қойған болатын.

http://www.inform.kz/kaz/article/2801002

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз