Тергеушілерден қысым көрген азамат өз аузын тігіп тастады

0
415

Алматы қаласының тұрғыны өзіне «қыз зорлады» деп негізсіз айып таққан тергеушілер қысымынан соң аузын тігіп, наразылық акциясын өткізді.

01

Бұл қадамға бару себебін 28 жастағы азамат NUR.KZ тілшісіне түсіндірген.

Асхат Бектенбаев есімді Алматы тұрғыны Әуезов ауданының тергеушілерінен көрген зәбірін сол ауданның прокуратурасына да  талай жеткізген. Алайда оның мұңын бес айдан бері  прокуратура басшылары хат күйінде алғанымен бір де бір рет жауап бермепті.

Шыдамы таусылған жігіт Қазақстандағы полицейлердің жұмысына  наразылығын 12 қабатты үйдің үстінен секіріп өлу немесе прокуратура алдында өзін өртеу, аузын тігіп тастау арқылы көрсететінін айтқан болатын.

«Жан айқайымды тыңдар жан болмады» деген азамат бүгін Әуезов ауданы прокуратурасының алдында аузын тігу арқылы наразылық акциясын өткізді. Бұл жайында сайтымыздың тілшісіне Асхат Бектенбаевтың өзі хабарласты.

«Менің жан айқайымды халыққа жеткізіңізші. Бұдан басқа амалым жоқ. Туыстарымның алдында да сыйсыз болып қалдым. Мен өзімді ақтау үшін құқық қорғаушылардан талай мәрте  көмек сұрадым. Бірақ олар күдіктіні қорғады. Істі қарау үшін ақша сұрады. Енді осылай аузымды тігіп наразылық шарасын өткізуге мәжбүрмін. Ал прокуратура қызметкерлері қолымды бұрап алып кетуде», – деп жазған ол өз хатында.

02

Асхат Бектенбаевтың мәселесі негізінен  осы жылдың қаңтар айынан басталған. Мадина есімді қыз өзге азаматтың айтуы бойынша Асхаттың үстінен өзін зорлады деп шағым түсірген. Үш ай бойы Асхат өзінің ақ екеніне дәлел  іздеп, кінәсі жоғын дәлелдеп шығады.

Шағымданған қыз өзге азаматтың айтуы бойынша арызданғанын да айтып берген. Ал Асхат өзін ақтау барысында өзіне арызданған қыздың жезөкше екенін де анықтап беріпті.

Асхат осы іс аяқталғаннан кейін жезөкше қыз бен оған тапсырма берген азаматтың үстінен «Жала жаппақшы болды. Азаматтық намысымды, таптап туыстарымның алдында қарабет қылды», – деп полицияға арыз түсірген. Бірақ істі ешкім қарамай тастаған.

«Бес айдың ішінде Әуезов ауданының ІІБ-на сан рет бардым. Жезөкшеге тапсырма берген Қазбек есімді азамат «Білгеніңді істе, менің таныстарым мықты. Қажет болса бәрін сатып аламын. Мына жүгірісіңнен түк шықпайды» деп мазақ етті. Ал тергеуші Б. Маратов «Арызқойсың ба? Ісіңді қарауға уақытым жоқ. Басты қатырып келе берме балағаттап қуып шықты», –  деп дейді Асхат.

«Ешкім қазір ерігіп жүрген жоқ. Төлесең барлық іс қаралады» деп ақша беруімді талап етіп, үш саусағын шошайтты. Яғни, ол доллар күйінде көлемді қаражат беруім туралы ишара жасады», – деп толықтырды жәбірленуші.

Алайда ол сол сәтте бейнежазбаға түсіріп алмағандықтан, кінәсіздігін дәлелдей алмай отыр.

Ал Асхаттың бүгінгі наразылық шарасынан кейін ұялы телефонына хабарласқанымызда жауап бермеді.

Ал Алматы қалалық ІІД  баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбектен осы мәселе жайлы сұрауға хабарласқанымызда оның  да телефоны сөндірулі болды.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз