
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының Құрманғазы ауданында бұғанасы бекімеген 2 жеткіншек өзен суына батып бара жатқан әйелді ажалдан арашалап қалды, деп хабарлайды egemen.kz.Құрманғазы ауданында шағын өзендер көп. Сондай өзеннің бірі – Сұрханды жолаушы әйел жүзіп өтпек болған. Дәлелі – айналып өтуге ерінген. Бірақ шағын өзеннің ортасына жеткенде әлгі әйел суға бата бастайды. Жанұшыра айқайлап, көмек шақырады. Сол сәтте өзенде шомылып жүрген екі жеткіншек көмекке ұмтылып, ажал апанының аузындағы әйелді құтқарып қалады. Ересек адамдарша батыл қимылдап, суға батқан әйелді құтқарып қалған кішкентай батырлардың бірі – Ермахан Мәдіров Еңбекші ауылдық округіндегі орта мектептің 6-сынып оқушысы, ал екіншісі – Бейбарыс Қайроллаұлы аудан орталығындағы Мұхтар Әуезов атындағы мектептің 7-сыныбында оқиды.
«Өз өмірлерін қауіп-қатерге тігіп, суға батқан әйелді құтқарған балалар ерлікке тән іс жасады. Оларға салтанатты алғыс білдіріп, сый-сияпат жасағалы отырмыз», – дейді Еңбекші ауылдық округінің бас маманы Базарбай Нұрмұхамбетов.
http://www.inform.kz/kaz/article/2800121