Ақын Қадыр Мырза-Әлiнi ақтық сапарға қалай шығарып салдық?

0
514

Адам айтам деп айтпайды екен ғой. Iшiңдегi нала, ыза тiлiңнiң ұшына жиналып, тастүйiн боп тұрып алғаннан кейiн ерiксiз сыртқа шығарады екенсiң.

Қадыр Мырза-Әлi кiм едi? Әрбiр мемлекеттi ұстап тұратын рухани ұстындар мен рухани тiреулер болады. Бұл ұстындар мен тiреулер құласа, мемлекет те жалп етiп құлап қалады. Қазақ мемлекетi мен мемлекеттiгiн көтерiп тұрған көп тiреудiң бiрi – Қадыр Мырза-Әлi едi десек, қателесе қоймаспыз деп ойлаймын.
Қадыр Мырза-Әлi секiлдi рухани тiреулер мен рухани ұстындар – елдiң ырысы, халықтың құты. Егер бұлар болмаса, ұлт азғындайды. Азғындаған ұлт кiм көрiнгеннiң жемi болып, тозғындап, құрып бiтедi…
Пушкин өлгенде Гогольдiң «Пушкин өлдi! Ресей жетiм қалды!» дегенi де белгiлi. Былай қарасаңыз, патша тағында отыр, министрлер орнында отыр, Ресей неге жетiм қалады? Не үшiн жетiм қалуға тиiс? Бұл жерде Гоголь Пушкиннiң қоғамдағы орнын дәл көрсетiп, рухани тұлғаның рөлiн дәл бағалап отыр. Сол сияқ­ты, Қадыр Мырза-Әлi дүниеден оз­ғанда да қазақтың жетiмсiре-е-еп қалғаны айдан анық.
Қадыр Мырза-Әлiнi ақтық сапарға шығарып салу рәсiмi Қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық театрында өттi. Халық өте көп жиналды. Бiрақ…
ҚР президентi Н.Ә.Назарбаев арнайы жеделхат жолдап, ақынның отбасына көңiл айтты. Н.Ә.Назарбаевтың көңiл айтуы баспасөзде жарияланды. Мемлекет басшысының қауырт iстерден қолы тимедi-ақ делiк, ал ендi өзге лауазымды шенеунiктердiң Қадыр Мырза-Әлiнi ақтық сапарға шығарып салуға келетiн жөнi бар едi ғой. «Жөнi бар едi ғой» емес, келуге, халыққа көңiл айтуға мiндеттi болатын!
Қазақ үкiметiнiң басшысы Кәрiм Мәсiмов неге келмедi? Демек, бiздiң Қазақ үкiметiне қазақтың мүддесiн жырлаған, ғұмыр бойы қазақтың мүддесiн көздеумен өткен ақынның керегi жоқ екен.
Сенат төрағасы Қ.Тоқаев та, Мемле­кеттiк хатшы Қ.Саудабаев та, Мәдениет министрi М.Құл-Мұхаммед те, Бiлiм және ғылым министрi Б.Жұмағұлов та, Астана қаласының әкiмi И.Тасмағамбетов те қа­ралы жиында төбе көрсеткен жоқ. Бiр «қызығы», бұлардың бәрi де жеделхат жол­дапты көңiл айтып. Ау, Қадыр        Мырза-Әлi Өзбекстанда, Тәжiкстанда, Ресейде, не болмаса Түркияда тұрса және сол елдiң ақыны болса, жеделхат жолдау жарасар едi. Қазақстанда тұратын қазақтың ұлы ақынына…
Қаралы жиынға жиналған халық, әсiресе, Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Иман­ғали Тасмағамбетовтi көп iздедi. «Өзгелер келмесе де, бұл екеуi келу керек едi…» деп алаңдаумен болды.
Ал ендi Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмовке жұртшылық қатты налыды. «Апыр-ай, төбе көрсетуге жарамады-ау…» деп. «Қазақтың ұлы ақынын Алматы қаласы әкiмiнiң орынбасары С.Сейдумановтың деңгейiнде шығарып салғаннан кейiн, бiзге ендi не деуге болады? Осыдан кейiн қалай «ұлтпыз, халықпыз» деп айта аламыз?» деп.
«Әуелi өзiңнiң үйiңе жақ, онан соң аулыңа жақ, онан соң отан-аймағыңа, онан соң халқыңа жақ, бұдан кейiн барып Құдайыңа жақ! Әне – дiн, әне – өсиет, әне – қасиет!» дейдi Мәшһүр Жүсiп Көпеев. Бiздiң шенеунiктерiмiз де халықтың көңiлiнен шығу үшiн, Мәшһүр Жүсiп айтқандай, «халқына жағу үшiн», қазағына жағу үшiн Қадыр Мырза-Әлiнi ақтық сапарға шығарып салу рәсiмiне келуi керек едi (Қадыр Мырза-Әлiнi құрметтеу, сыйлау дегенiмiз – қазақты құрметтеу, қазақты сыйлау деген сөз ғой). Бiрақ бұлар келмедi. Неге? Өйткенi халық пен бұлардың арасы баяғыда алшақтап кеткен. Бұлар қазiр халықтың көңлiнен шығуға тырыспайды. Ханның көңлiнен шықса бол­ғаны…
В.Ни қайтыс болғанда, бiздiң аса лауа­зымды шенеунiктерiмiз тайлы-таяғымен, бiрi қалмай түгел сонда жүрдi. Тiптi қазiргi күнi елдiң көзiне түсуден қашатын Даниял Ахметов те келдi В.Нидi жерлеуге.
В.Нидiң қазақ мүддесi үшiн тырнағын қимылдатқанын естiген де, көрген де емеспiз. Ендеше, аса лауазымды қазақ шенеунiктерiнiң үйiлiп-төгiлiп, жылап-сықтап, В.Нидi қайтпас сапарға әулиедей әспеттеп шығарып салуы ненi көрсетедi? Бiздiң аса лауазымды қазақ шенеунiк­терiнiң тек «табақтастарын» ғана сыйлайтынын!
***
Айтпақшы, Қадыр Мырза-Әлiнi ақтық сапарға шығарып салу рәсiмiне Батыс Қазақстан облысының әкiмi Бақтықожа Iзмұхамбетов сонау Оралдан ат терлетiп арнайы келдi. Өзгелер сияқты жеделхат жолдап қойып, не болмаса көп орынбасарының бiрiн жiбере салу Б.Iзмұхамбетов­тiң де қолынан келетiн едi. Бiрақ Б.Iзмұ­хамбетов бұған барған жоқ. Парасаттылық дегенiмiз де осы ғой.
Әлiмжан НӘБИҰЛЫ,
Алматы.
http://www.zhasalash.kz/ruhaniyat/3809.html

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз