Дiни сауатсыздық ұлттың тамырына балта шабады

0
672

Таяуда “WhatsApp” әлеумет­тiк желiсiнен бiр сурет ширк деген жазбамен таратыла бастады. Елiмiздегi әулие-әмбиелер­дiң кесенелерiн ширк, яғни Құ­дайға серiк қосушылық деген әлгi хабарламада қазақстандық барша мұсылманды осы ақпарды таратуға үндеген. Бұл жайтқа қатысты қызу пiкiрталас туындаған тұста “халал жезөкшелiк” тақырыбы бұрқ еттi.

Алдымен WhatsApp-пен таратылған ширк мәселесiн сөз етсек. Төмендегi суреттен не ұқтыңыз? Иә, талай ғасырдан берi күллi қазақтың бас иiп, Құран бағыштайтын киелi мекендерiн түкке алғысыз еткiсi келетiндер­дiң әрекетi анық байқалады. Сонда ширк деп таратушылар мұнысын қалай түсiндiредi дей­сiз ғой? Кесенелердi ширк деушiлердiң пайымынша, адамдар осындай жерлерге барып, аруақтан тiлек тiлеп, Құдайға серiк қосатын көрiнедi. Сондықтан да “шынайы мұсылман ба­уырларды терiс жолдан сақтайық” деп ұрандатуда. Осы сұмдық суретке қатысты саясаттанушы Айдос Сарым өзiнiң Фейсбуктегi парақшасында “Ба­қа мен биттер мынадай пә­ленi таратып жатыр екен “WhatsApp”-пен. Ал айтыңыздаршы: Сириядағы иттерден қай жерi артық? Сенiм-нанымдары осы болса, оларды қазақ деу­ге де, мұсылман деуге де болмайды. Осындай бәленi тарат­қандарды арандатушы деп та­уып, жауапқа тарту керек!” деп жазғаны сол едi, “дiншiл­дер” көп күттiрмей, жан-жақтан қар­сы пiкiрiмен қаптай жөнелдi. Бiрi Айдосты дiни сауаты төмен деп сөктi, ендi бiрi кесенеге бару аруаққа табыну болып табылады деп байбалам салды. Әрине, кесенелердiң қазақ үшiн киелi саналатынын, ұлттық әдет-ғұрпымызда аруақты қастерлеу, Құран бағыштау ықылым заманнан қалыптасқанын түсiндiрушi­лер де болды. Десек те, саясаттанушының бiр ауыз жазбасының соңы “дiншiлдердiң” түрлi уағыздары мен суреттегi көрiнiстiң ширк екенiн дәлелдеуге жанталасқандардың пiкiрiне толып кеттi. Оқып отырып, денеңiз түршiгедi. Әлгi дүмшелер өз бiлгенiн өзгеге таңуға келгенде ештеңеден тайынбайтыны сондай, жихадшылардың қайдан шығатынына көзiңiз осыған қарап оңай жетедi.
 
ДӘСТҮРДI ДIННЕН БӨЛIП ҚАРАУ ДҰРЫС ПА?
Ата-бабамыздан жалғас­қан дәстүрiмiздiң бiрi – аруақ­қа арнап Құран бағыштау. Бұл дәстүр зиратқа бару арқылы да жүзеге асырылады. Өмiр­ден өткен әулие кiсiлер мен жерiн, ұлтын қасық қаны қал­ғанша қорғаған батырлардың ке­сенелерiне арнайы тоқтап, Құран бағыштауды сөкет көретiндер кiмдер? Әсiре­дiншiлдер. Дiни сауатсыздар. Ислам дiнiн жамылған радикалды топ өкiлдерi. Бұл топтың адамдары үшiн бейсенбi, жұма күндерi шелпек пiсiру де, келiннiң үлкендерге сәлем салуы да, тiптi күй тыңдап, ән айту да – күнә саналады. Кеңес заманының атеистiк идео­логиясынан кейiн тәуелсiздiк тұсында қазақ жерiне қазiр қаптаған дiни ағымдар көп­теп ағылды. Дiни сенiмге берiлген бостандықты сол ағымдар өз пайдасына асыруға жанталаса кiрiстi. Әлi де айылдарын жияр түрi байқалмайды. Ие­гова куә­герлерi, Кришна, Евангелия өкiлдерi сынды дiни ағым өкiлдерi қара­көздерiмiздi қыруар ақшамен алдап қатарына қосса, Ислам дiнiн жамылған “Хизбут-тахрир”, “Таблиғи жамиғат”, салафиттер, уахаббиттер, сопылар т.б. осындай топтардың әрекеттерi тiптi сорақы. “Алла үшiн” деген ұранмен шейiт болуға үн­деп, ұлттық дәстүрлердiң тамырына аяу­сыз балта шабу арқылы қатарын толықтыруда. Байқасаңыз, дiни тақырыпта сөй­легiш­тер мен Ислам дiнiн “тым терең” бiлгiштер көбейдi. Әр тараптың айтқандарын сарап­қа салсаңыз, қайсысы бұрыс, қайсысы дұрысын анықтау қиындайды. Мемлекет тарапынан осы мәселеге бай­ланыс­ты мардымды жұмыстар жүргiзiлмеуi жағдайды тiптi ушықтырып барады.
Құранда жазылған аяттарды өзi қалай түсiнiп, қабылдаса, басқаларға да солай таңу қауiптi ме? Өте қауiптi! Осындай дүмшелер мен әсiредiн­шiлдер айналдырған 20-25 жылдың iшiн­де ұлттық салт-дәстүрiмiз­ бен құндылықтарымызды жоққа шығаруға, тас-талқан етуге бiлек сыбана кiрiстi. “Нәтижесi” де жоқ емес. Қайбiр жылы Жаркент­тегi киелi ағашты да ширк деп, өртемекке әрекеттенгендер де дiни адасқан топтың өкiлдерi болатын. Радикалды ағымға iлескендер талай зираттарды осыған дейiн қиратты да. Ендi киелi кесенелерге ауыз салуға көштi. Терiс дiннiң өкiлдерi, сақалдары шошаңдап, қысқа балақтары далақтағандар қа­зiр кез келген жерде уағы­зын емiн-еркiн айтатын жағдайға жеттi. Көп­шiлiк жиналған жерлерде қыз-келiн­шектерге хиджаб киюдi қадап айтып жүргендер де солар. Жайшылықта кез келген iлiкпен қарапайым азаматтардың қолына кiсен салғыш ҰҚК, құқық қорғаушылардың бұл мәселеде қауқарсыздық танытып отыр­ғаны тағы бар. Бiздiң елдегi осылай қалыптас­қан жүйенi өздерiне тиiмдi пайдаланған әсiредiн­шiлдер уағыздарын айтып қана қоймай, сонысын жүзеге асыруға мықтап кiрiстi. Солардың уағызына ұйып, имандай сенгендер олардың айтқандарын бұлжытпай орындаймыз деп тағдырлары талқандалған қаншама қандасымыз бар. Соның бiр дәлелi – “халал жезөкшелiк”.
ЖЕЗӨКШЕЛIКТIҢ АДАЛЫ БОЛУШЫ МА ЕДI?
Болғанда қандай! Бұл да Ислам дiнiн жамылғандардың кезектi “жаңалығы”. Интернет сайттарында осы “халал жез­өкшелiктiң” құр­банына айналған атыраулық Күләш есiмдi келiншек өз баласының әкесi кiм екенiн бiлмейтiнiн жасырмайды. Өйткенi бiрiншi күйеуi “неге жұмыс iстеп, ақша таппайсың?” деген Күләштiң сөзiн жаратпай, оған “талақ” деп, ертеңiне досына талақ болған әйелiн “сыйлап” жiбер­ген. Осындай талақтың салдарынан Күләш бес жылда тоғыз еркекке “сыйға тартыл­ған”. Мұндай сұмдықты бұрын-соң­ды естiп, көрiп пе едiңiз?
Атадан келе жатқан дәс­түрдiң бiрi – жетiм мен же­сiрдi жылатпау, жалғыз қалдырмау, қыз-келiншек­тердi құрметтеу, аялау. Ал әсiре­дiншiлдер керiсiнше, әйел­дердi мүлiк ретiнде санайды. Мiне, сондықтан бүгiн үйленген жарына ер­тең “талақ” деп, келесiсiн келiн­шек етуге әдеттенген. Пә­ленбай ғасырдан берi мұрты бұзылмаған, бiздер­дiң ата-бабаларымыз берiк ұстанған Исламның шариғаттарында бiр әйелге бiр­неше ер­кек­тiң үйлену жағдайы болып па едi? Өкiнiш­ке қарай, мұндай масқара үрдiс елiмiз тәуелсiздiк алып, дiнiмiздi нығайтамыз деген тұста өрши бастады.
Қазiргi қаптаған әлеу­меттiк желi байланыстары арқылы танысып, ата-ана келi­сiмiнсiз некесiн қиятындар көбеймесе, азаяр емес. Таяу­да ғана ақтөбелiк 16 жасар қыздың әлеуметтiк желiде бар болғаны үш рет хат алмасып, әлдекiмнiң әйелi болғаны туралы ақпар тарады. Үш рет қана хат алмасып, есi дұрыс адам некелесе ме? Жоқ. Бұл да – дiни сауатсыздықтың, надандықтың асқынған кө­рiнiсi. Ислам дiнiн насихаттау­шылардың әлсiздiгi. Бiздегi имамдардың иманнан ақшаны жоғары қоюы, сатылғыштығы. Қазiр әлдекiм намазға жығылыпты, ораза ұстапты десе, күмәнмен, қауiппен қарайтын жағдайға жетке­нiмiз де жасырын емес. Неге? Себебi өзiн нағыз мұсылманмын деп кеуде қағып, қисынға сыймайтын дүниелердi уағыздайтын, тiптi Құдай жолында өз өмiрiн тәрк ететiндер кө­бейдi. Мiне, сондайлар әлеу­меттiк жағдайы төмен, қоғамнан теперiш көрiп, тұрақты жұмысы жоқ, әбден қиналып, қажыған азаматтарды қатарына тартып, онсыз да дiни сауаты шамалы адамдарды өз ұлтына қарсы қоюға бiлек сыбана кiрiскен.
ДIНИ САУАТСЫЗДЫҚ ДЕНДЕП БАРАДЫ
Өзi күнелткен қоғамның сан сұрағына жауап таппағандар жұбанышын дiннен iздеуге мәжбүр болары сөзсiз. Алайда дiннiң де дiнi боларын адас­қандардың ажыратып жатқаны шамалы. Солардың бiрi – сәждеге басын ұрған, аузынан Алласы түспейтiн дiндар­сымақ­тардың етегiнен ұстаған қаракөздерiмiз. Иманды, намаз оқитын жiгiт екен деген таяз түсiнiкке шырмалған қыздарымыз күнi ертең қолдан-қолға ауысатын жезөк­шеге айналарын бiле бер­мейдi. Өйткенi әсiредiн­шiлдер мен радикалды дiни ағым өкiл­дерiн шынайы мұсылманнан ажырату өте қиын. Қастерлi Ислам дiнiнiң нақты қағидалары мен шариғи жолдарының бұрмаланғаны сондай, кейде кейбiр уағыздарды тыңдап отырып “апырай-ә” деп те қалатынымыз рас.
Сонымен “халал жезөк­ше­лiк” қалай жүзеге асырылады? Ең алдымен некесiн қидырушы еркек пен әйел ешбiр куәлердiң қатысуынсыз бұл iс-шараны өз iшiнде атқара салады. Ислам дi­нiнде неке қию рәсiмiнде куәлердiң болуы шарт. Алайда Ислам дiнiн жамылғандар некенi өз бет­терiнше қиып, өз беттерiнше бұза алады. Өздерiн шынайы дiн жолындағы адамдармыз деп санайтындар ата-анасының рұқсатын сұрауды жөн санамайды. Олардың түсiнiгiнде Кеңес заманында күн кешкен әке-шешесi “кәпiр” саналады. Сондай-ақ, “пайғамбардың жолы” деп тоқал алғыштар бiрне­ше әйелмен некесiн мешiтте қидырып сайрандап жүргенi де жасырын емес. Некенiң ойыншыққа айналғаны сондай, бүгiн үйленiп, ертең “талақ” деп ажыраса салушылар елiмiздiң Батыс облыстары мен Алматы қаласында өте көп екен. Мешiтте қидырыл­ған неке – ер азаматты көптеген жауапкер­шiлiктен құтқаратын бiрден-бiр жол. “Талақ” деп әйелдi баласымен тастап кете салады. Сосын заң алдында жауап бермейдi және алимент төлеу, баласына қа­рай­ласу дегеннен құтылады. Өйткенi қолда заңды құжат жоқ.
Таяуда radiotochka.kz сайтында қазақ қыздарының “халал жезөкшелiктiң” құр­баны болып жатқандығы туралы материал жарияланған болатын. Мақалада жас қыздар Исламның радикалды ағымының өкiлiне тұрмысқа шықаннан кейiн оның өмiрi тозаққа айналатыны жайлы айтылады. Әйелдiң құнын көк тиынға бағаламайтындар некесiн қиған соң келiншегiн күңнен әрмен етедi екен. “Дiнге қайшы” деген түрлi себеп, желеумен әйелдерiн жер етушiлер де мiне, сол радикалды топ өкiлдерi. Хақ дiнiмiз Исламда әйелдi қорлау туралы бiр ауыз сөз айтылмаған. Олай болса, бiздер неге адасып жүрмiз?
Дiн тақырыбының қызу тал­қыға түсер жерi – интернет сайттары. Сол сайттарды парақтап қарасаңыз, ерiксiз жағаңызды ұстайсыз. Нағыз мұсылман бiрнеше әйел алуы керек деп өзеурегендер бiр әйелiнiң жағдайын жасай алмай отырғандарын есепке еш алмайды. Кеудемсоқ, пасық осындай еркектер өзiнiң дiни таным-түсiнiгiнiң тарлығына қарамай, “талақ” етуде де алдына жан салмайды. Ал “Та­лақ” туралы асыл дiнiмiзде не айтылған?
ТАЛАҚТЫҢ ҚҰРБАНДАРЫ КӨБЕЙСЕ, БҰЛ – ҚОҒАМҒА ТӨНГЕН ҚАУIП
“muslim.kz” сайтында Абдусамат Қасым былай дейдi: “…дiнiмiзде себеп­сiз­ден-себепсiз ажырасу құпталмайды. Бұл – ерлi-зайыптылардың соңғы ше­шушi қадамы болуы тиiс. Одан бұрын, ерлi-зайыптылар арасында пайда болған мәселенi анықтап, оны оңды шешуге тырысу ләзiм. Әбу Дәуiттiң хадис жинағында келтiрiлген бiр хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у): “Рұқсат берiлген­дердiң iшiн­дегi Аллаға ең ұнамсызы, ол – талақ”, – дей отырып, жөнсiз ажыраспауға үндеп отыр. Сондықтан да болар, кей ға­лым­дарымыз ажырасудың өзiн  жағдайына қарай уәжiп (ажырасуға мiндеттi), мән­дуб (өз еркi) және харам (ажырасуға тыйым салынады) деп бөлген”.
“Исламда “талақ” деген сөз өте сирек айтылады. Бұл сөз жайдан-жай қолданылмайды. Тiптi айтылған күннiң өзiнде “талақ” сөзi айтылғаннан кейiн шариғат жолын ұстан­ған мұсылман ажыраспай 3 ай 10 күн күтедi. Яғни әйелдiң жүктi, жүктi емес екенiне көз жет­кiзедi. Ал некенi оп-оңай бұза салатындар олар нағыз мұсылмандар емес. Бұлар – радикалды ағымның өкiл­дерi. Салафиттер өздерiнiң қатарын көбейту үшiн осындай неке заңын өзгертiп алған”, – дейдi Мұ­хиддин Паттеев осы тақырып­қа қатысты пiкiрiнде.  М.Пат­теевтiң айтуынша, қазiргi таңда қарапайым адамдарға кiм­нiң дәстүрлi ислам жолымен жүретiнiн, кiмнiң радикалды ағымның өкiлi екенiн ажырату өте қиын. Радикалды ағымның өкiлдерi де намаз оқиды, мешiтке барады. Бұрынғыдай тiптi қысқа балақты шалбар да кимейдi, дәстүрлi исламды бүркенiп, өздерiнiң терiс пиғылдарын жүзеге асырады. Өйткенi олардың ұстанымы дәстүрлi исламнан мүлдем бөлек. “Мешiтте бiздiң имамдар мен молдалар уағыз айтқанда радикалды ағымның өкiлдерi тыңдамайды да. Олар телефонымен ойнап, музыка тыңдап отыратын кө­рiнедi. Имамдар радикалды ағымды ұстанатындардың некесiн де қимайды. Олар өзара некелесiп, өз бiл­гендерiмен өмiр сүредi. Бiз оларды айыптайтын жазалаушы орган емеспiз. Тек уа­ғызымызды айтамыз. Тыңдамаса не iстей аламыз”, – дейдi Оңғар қажы Өмiрбек.
Өзiн нағыз мұсылман санайтын кейбiр әсiредiншiл­дердiң айтқандарын тыңдасаңыз, қалай елiтiп, соңынан ерiп кеткенiңiздi байқамай қалуыңыз ғажап емес. Мәселен, “шелпек пiсiрген­нен аруақ­қа еш пайда жоқ. Аруақ келiп сiздiң наныңызды жеп, шайыңызды iш­пейдi. Ал шелпектi таратып, Құдайы нан деп атау ақы­мақтық” дейдi әлгi­лер. Былай қарасаңыз, шындық та сияқты. Бiз пiсiрген наннан өлген адамға келiп-кетер не бар? Алайда бұл дәс­түрдiң тамырында ұлттық таным-түсiнiк бар емес пе? Қазақ халқы Құран оқытудың өзiн де кең дастарқанын жа­йып, көпшiлiктi шақырып жүзеге асырған. Өкiнiшке қарай, осы қалыптасқан дәс­түрдiң өзiн ширк деп сызып тастауға дайын топтар өте көп. Сондай-ақ, талақ мәсе­лесiне де әсiредiншiлдердiң жауабы дайын: “Еркек – әйелден жоғары. Сол се­бептi оның әрбiр айтқанына әйелi қарсылықсыз бағынуға тиiс. Бағынбаса, Құдайға қарсы шыққандық”. Осы ретте тағы да өз тарихымызға қайта үңiлуге мәжбүр­мiз. Айтыңыздаршы, қай қазақтың баласы әйелдi осынша төмендетiп, қадiр-қасие­тiн жоққа шығарған? Керi­сiнше, қыз балаға төр­ден орын ұсынып, әйелдерге ақ жаулықты ана ретiнде жоғары құрмет көрсетедi емес пе?!
ИСЛАМ ДIНI – ҚОРҚЫТУДЫҢ ҚҰРАЛЫ ЕМЕС
Ислам дiнiн керi насихаттап, халықтың санасына қорқыныш ұялатушылар қайдан пайда болды? Қылышынан қан тамған Кеңес заманында да ата-әжелерiмiз шариғат жолын берiк ұстанып, тура жолдан таймаған. Бес уақыт намазын қаза етпей, оразасын уақтылы ұстады. Бiрақ солардың бiрде-бiрi “мен нағыз мұсылманмын” деп кеуде соқ­ты ма? Бала күнiмiзде жасы тоқсаннан асса да айтары мен үйретерi көп әжемiздiң: “Шынайы имандылық жүректе сақталады. Оны жарияға салудың қажетi жоқ. Қанша уақыттан берi намаз оқитынын, ораза ұстайтынын айтқан адам өзiне күнә жамауы мүмкiн. Ораза ұстау, намаз оқу – тек өзiң үшiн ғана. Оны басқаларға әлдеқандай етiп әңгiме етудiң құны жоқ. Себебi, Алла оның қай намазын, қай кездегi оразасын қабыл еткенiн ешкiм бiл­мейдi. Сондықтан мұндай дүниелердi мейлiнше жасырын ұстаған абзал”, – де­генi бар едi. Ал қазiр қалай? Қазiр ораза ұстағанын жарнамалап, ауызашарда не жегенiне дейiн сөз ететiн­дер көп. Мұның барлығы, түптеп келгенде, дiни сауатсыздықтан. “Халал жезөк­шелiк” мәселесi мемлекет­тiк органдарда да алаңдаушылық туғызып отыр. Отбасы институтын қорғау және нығайту мақсатында Қазақстанның Дiни басқармасына мешiттерде неке қию рә­сiмiн азаматтар неке туралы куәлiктi алған жағдайда және туыстарының куәлiгi­мен ғана өткiзудi кеңес етуде.
Мәдениеттер мен дiн­дердiң халықаралық орталығының жетекшi ғылыми қыз­меткерi Гүлнафиз Тоқтарова дiни сауат тақырыбына қатыс­ты пiкiрiнде былай дейдi: “Дiни экстремизм арнайы оқулықтарда “басқа дiн ұстанушылар мен дiндi ұстанбайтындарға төзiмсiз­дiктi уағыздау, өзге дiндер­ге нақты бiр дiни iлiм шең­берiнде қарау, бағалау. Басым жағдайларда дiни экстремизм дiнге қатысты болмай, саяси немесе өзге де мақсаттарға қол жеткiзу үшiн, нақты бiр дiн қағидаларын жамылғы ете отырып зиянды әрекет ету” –деп көрсетiледi. Жалпы, дiни экстермизмнiң қай аймақта болмасын (Қазақстан бойынша) таралуына себеп болатын бiрнеше алғышарттарды атап өтуге болады. Ең алдымен, бұл – дiни сауатсыздық. Дiнге толық таныммен келмеу дiни сауатсыздықтың басты кө­рiнiсi болып отыр. Бұл жерде Абайдың иманды “якини” және “тақлиди” деп бөлiп қарастыруы өзектi болуда. Мұның алғашқысы танымнан, ақыл дәлелiнен туындайтын шын иман. Екiншiсi “өзi еш­теңенi бiлмей, еш нәрсе туралы ойламай, дiн иелерiнiң сөзiне ерiп, “ел қалай кө­шсе, мен де солай көштiм” деген надандықтан шыққан соқыр сезiм, үстiрт наным” – бұл қазiргi қоғамға тән, дiни са­уатсыздықтың кө­рiнiсi, дiни радикалданудың себебi болып отыр. Мысалы, “http://uraza.kz/” сайтында Рамазан айында оразаны бұзудың тыйым салын­ғандығы туралы: “Ораза тұтудан, оның мiндеттiлiгiн мойындамай бас тартқан адамның кәпiр (дiнсiз) еке­нiне ғалымдар бiр ауыздан келiс­кен” деген ақпарат берiлдi. Бұл қазақ же­рiнде таралған дәстүрлi Ханафи мазхабына қайшы, мұнда ораза ұстамауды дiн­нен шығармайды. Сол секiлдi, беташар, сәлем салу т.б. дәстүрлердi “Құ­дайға серiк қосу” деген пәтуа беретiн сайттар дiни ортадағы бө­лiнушiлiктердi туындатып, дiни фундаментализмге итерме­лейдi. Берiлген сайттардың ортақ ұраны “Таухид – бұл мақсат, ал жихад – оны жүзеге асыру жолы”, “жихад – әркiмнiң жеке мiндетi” деген ой. Бұл ой ашық немесе жасырын түр­де мейлiнше белсендi түрде таратылады, таңылады. Салдары ретiнде қоғамда араб елдерiнiң ұлттық киiмiн кигендер мен мешiтке құлағына наушник тағып баратындар пайда бола бастады. Өзге елге жихадқа аттанып, өлiм құшқандар мен өз елiнде экстремистiк идеяларды таратып түрмеге қамалғандар саны артты.
Дiни сауатты болу үшiн белгiлi бiр дiни курсты бiтiру шарт емес. Дiни сауаттылық ұлттық тарих, дәстүрмен қатар, әлемдiк деңгейдегi үрдiстерден хабардар болудан құралады. Өз Отанын сүю мен дәстүрiн ұстану, тарихын қастерлеу дiни сауаттылықтың бiр қыры. Өйткенi қазақ тарихына үңiлген кез келген адам қазақ халқында өзге елдi жаулау, өзге ұлт пен дiндi кемсiту секiлдi кө­рiнiстердiң болмағанын көредi. Сондай-ақ, ұлттық дәстүрдiң ислам шарттарына қарсы келмей­тiнiн, тiптi үндесiп тұратынын байқау үшiн де асқан сауаттылықтың қажетi жоқ”.
ШҰБАРЛАНҒАН ТIЛIМIЗДI ТАЗАРТУ ҚИЫНДАП БАРАДЫ
Соңғы кездерi тiлдiк қолданысқа сыналай енiп бара жатқан араб сөздерi де онсыз да мемлекеттiк тiлiмiз­дiң өз деңгейiне шығуына кедергiсiн келтiре бастағандай. “Құранның сөзiн бұлжытпай, бұзбай, сол қалпында айту керек” деген түсiнiктiң қалыптасқаны сондай, әсiредiншiлдер мен дiнге ендi бет бұрғандар әр сөзiн “Әлхамдуллилаһ”-пен бастайтын болды. Мұнда тұрған еш сөкеттiк жоқ та шығар. Алайда тағы да ата-бабамыз бен өмiрден өткен ғұламаларымыздың сөздiк қолданысына жүгiнсек, еш­бiрiнiң “Аллаһ”, “мә-шаллаһ”, “субханаллаһ” дегенiн таппайсыз. Ең ақыры ауызашардың өзiн “ифтар”, некенi “никәһ”, адалды “халал”, арамды “харам”, Құдайға шүкiрдi “шукран Аллаһ” деп, көп­шiлiгiмiздiң тiлiмiз елеу­сiз, ақырын шұбарланып барады. Бiз – қазақпыз. Мың жерден Құранды жатқа бiлiп, дiндi жетiк меңгер­генiмiзбен араб болмайтынымыз бесенеден белгiлi. Өзге ұлтқа айналар болсақ, кешегi Кеңес дә­уiрiнде түбегейлi орысқа айналмас па едiк? Не орыс емес, не қазақ емес, дүбәраға айналдық емес пе? Елiктегiш халықпыз. Десек те, ана тiлiмiздi тәрк етiп, араб сөзiн кiрiктiре сөйлеудiң ақыры не болмақ? “Ислам дiнi – әлемдегi ең адал, ақи­қат дiн. Алайда соңғы кез­дерi “Аллаһ”, “мә-шаллаһ” деушi­лердiң кө­бей­генi сондай, әп-әдемi сөз­дер ғажап дiнiмiзден ерiксiз безiндiре бастады. Осындай сөз­дердi көп қолданатындардың иманы жүрегiн­де емес, тек аузында ғана сияқ­ты көрiнедi. Өйткенi сөзi жып-жылтыр, ал iсiнен адам шошиды. Ұлы Абай да өмiр­ден “Аллаһ” деп емес, Алла деп өттi. Соған қарамастан бiз­дер әлгi сөздердi көп айтсақ нағыз мұсылманға айналардай жанталасамыз. Бiз ең алдымен мықты ұлт болып қалыптасып, бекiп алуға тиiспiз. Ұлт жоқ жерде дiннiң де құны болмайды. Сондай-ақ, ұлтын сүймеген, ұлтының құндылықтарын бағаламаған кез келген адамнан иманды жан шығуы екiталай”. Бұл – қарапайым ғана азаматтардың ой-пiкiрi. Сiз қалай ойлайсыз, оқырман?
Меруерт ХУСАИНОВА
http://www.zhasalash.kz/saraptama/15226.html

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз