ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚҰРЫЛТАЙДА ҚАЗАҚ МҮДДЕСІ СӨЗ БОЛА МА?

0
408

5

Өткен аптада «Азат» ЖСДП бастап, өзге партиялардың өкілдері мен қоғам қайраткерлері қостап, оппозиция тарапынан биылғы жылы өтуі тиіс деп жоспарланып отырған «Қазақстанның болашағы үшін» Жалпыұлттық Құрылтайын дайындыққа бағытталған басқосудың – «дөңгелек үстел» жиынының екінші отырысын өткізді. Наурыз айындағы мәжілісте «Назарбаевтан кейінгі кезең» жайы сөз болса, бұл жолы сол кезеңде мемлекет қандай бағытта дамуы кезектігі туралы айтылды.

Біз «Құрылтай» деп жаздық, ал, ұйымдастырушылар оны бұлай атауға бата алмай «құрылтай-конгресс» деп атапты. «Конгресс» деген сөздің өзінің латын тілінен орысша аудармасы «собрание», «съезд». Біз «съезді» қазаққа тән, байырғы сөзбен «Құрылтай» деп алып жұрміз. Шынына келгенде құрылтайдың мәні съезден де ауқымды. Ал сонда мына «құрылтай-конгресстің» ботқа болмаған несі қалды? Қайтсе қазаққа қатысты нәрсені барынша кемсітіп көрсетуге тырысып бағатын, өзін-өзі қор санап, өзгелерді зор санап үйренген, қанына құйылып, сүйегіне сіңіп қалған құлдық психологиядан арыла алмай жүрген байғұстарымыз-ай біздің…
Біз жоғарыда «өзге партиялар» дедік. Бірақ, бұл жиында «Әділеттен» басқа партиялардың өкілдері бой көрсетпеді. Жиылған жұртты таң қалдырған біріншіден, осылайша «Әділеттің» әділет жолында бұрынғыға қарағанда батылдау сөйлеуі болса, екінші жағынан өздерін оппозициялық санайтын басқа партиялардың екінші ретте де келмегені болды. Жиынның басында сөйлеген Серікболсын Әбділдин мен біраз отырып кетіп қалған Бөріхан Нұрмұхамедовті ол екі партия өкілдерінің қатысқанына жатқызуға бола қоймас.
Ұйымдастырушылардың ойынша тағы да бір басқосу өткізілуге тиісті. Сол кездесуде болашақ Қазақстанның қандай болмағы жайлы түпкілікті құжат қабылданады дейді. Әзірге ондай «түпкілікті шаруаның» аулы алыс. Себебі, Ж.Тұяқбай жорамалдағандай, бүгін таңда қалыптасқан мемлекетттік саясатқа қарсы, биліктің әділетсіздігі мен заңсыздығына қарсы қоғамдағы күштердің басын біріктіріп, жалпыұлттық келісімге келгенде ғана қатты дағдарысқа ұщырап отырған Қазақстан мемлекеттігін күйзеліс пен күйреуден
аман сақтап қалатын көрінеміз. Бірақ, жиында қазақтың мүддесі жайлы сөз қозғалған жоқ… Дегенмен, кімнің не айтқанына қысқаша құлақ қойып көрейік.
Бірінші баяндаманы жасаған Петр Своикты он жерден қазақ халқының жанашыры етіп көрсеткіміз келгенімізбен, одан әлі еш нәтиже шыққан емес. Шықпақ та емес. Оппозиция да билік тәрізді өзінің ескі ауруынан құтыла алмай жүр – халықпен ашық, шынайы, бүкпесіз сөйлесудің орнына «болып көрінумен» айналысуда. Своик те жиында жақсы сөйледі, әдемі сөйледі, бірақ көп сөйлегенмен, нақты іліп алар жаңа ешнәрсе айтқан жоқ. Президент пен оның ағайын-туысының қауіпсіздігіне кепілдік беру керек, меншікті қайта қарауға болмайды деген сықылды айтыла-айтыла жауыр болған пікірлер. Алғашқысын бүгін биліктің ата жауына айналған Мұхтар Әбләзов айтып қойған. Меншікті қайта қарауға болмайтын болса, онда бүгінгі биліктің әділетсіздігі жайлы әңгіме көтеріп те керегі жоқ. Жеріміз Терещенколардың қолында, жерасты байлығымыз Машкевичтердің, Митталдардың қолында қала берсін деген сөз бұл. Мысалы, Своик мырза сөйледі, сөйлегенде – сөзінің ең маңыздысы мынау болды – бүй деді: «Бізбен бірге бүгін «Әділет» отыр, көптеген қоғам қайраткерлері мен мықты сарапшылар отыр, олардың барлығы да биліктің бүгінгі жүйесіне тиюге болмайды деген жоқ, олардың барлығы да жүйенің ана жері мен мына жерін ғана жөндеп қоя салайық, сол жетеді деген жоқ, барлығы да жүйенің түбегейлі түрде қайта құрмасақ, тұтастай ауыстырмасақ болмайды дейді. Тіпті ел президентінің өзі де үкімет мүшелерімен, күштік құрылым өкілдерімен кездескен кезінде көп нәрсені жөндеуіміз керек деп айтады (президенттің өзінің сөзін қалқан етіп алған қандай қолайлы…). Саяси дағдарыс келді бізге, енді не істеуіміз керек, міне, сол сұраққа жауап іздеумен айналысып жатырмыз».
Қай заманда да «сынайсың ба – ұсын», әсіресе, өзің айтып отырғандай «түбегейлі қайта құру заманы келді» ме, онда нақты, көңілге қонымды, халықтың мұң-зарын ескерген ұсыныс айта аласың ба – сөйле! Айта алмайсың ба – сөйлеме!
Жалпы, «Азат» ЖСДП президиум мүшесі осы жолы не айтып, не қойғанын өзі де білмеді. Біресе, «билік өзімен терезесі теңдермен ғана сөйлеседі» десе, артынша «билік бәрібір артқа шегінуге, бізбен жұмыс істеуге мәжбүр болады, бірақ, жарытып ешнәрсе істей қоймайды, ендеше тізгінді («лидерство») біз өз қолымызға тиіспіз» дейді. Биліктің жуық арада бұл партияны өзімен терезесі тең деп санай қояр түрі көрінбейді, ендеше қандай тізгінді айтып отыр бұл мырза?!
Біз жоғарыда айтқан нақты, өміршең ұсыныстар орнына «Альтернатива» зерттеу орталығының директоры Андрей Чеботарев жасаған «депутаттар заң жасау кезінде үкіметпен ақылдаспасын, президенттің қолынан заң шығарушылық құзырды алып тастап, заң жобасын ұсына алатын ғана құзырды қалдыру керек, президентке импичмент жариялаудың шарттарын оңайлату қажет» деген секілді косметикамен қай елімізді жарылқап, қай халықты ұшпаққа шығарамыз біз? Оның үстіне сарапшы мырза парламенттік жүйе дамыған, экономикасы өзін-өзі реттеп отыратын елдерге ғана тән, соларға ғана қолайлы жүйе дейді. Өзін-өзі реттеп отыратын экономикасы бар, мемлекет оның қызметіне араласпайтын елді Чеботарев жер шарының қай бұрышынан тауып алды екен? Баяғыда бізде Әкежан Қажыгелдин атты бәрін білетін, кез келген сұраққа жауабы дайын премьер болғаны белгілі. Міне, сол премьер «нарық дегеніміз – өзін-өзі автоматты түрде реттеп тұратын керемет жүйе» деген сөзді қайталағанды өте жақсы көретін. Бірақ, сол Қажыгелдин құрып кеткен «керемет» жүйенің жемісін қазақ елі жей алмай-ақ келеді…
Сарапшы Виктор Ковтуновский «Назарбаевтан кейінгі кезеңде» парламенттік билік салтанат құруы тиіс, оған балама жоқ деді. Рас, оған ауысқан кезде кейбір қолайсыздықтар тууы мүмкін, жиі-жиі сайлау өтіп тұратын да шығар, жиі-жиі үкімет келіп-кетіп жататын да болар, бірақ, одан соншама шошудың қажеті жоқ, президентке айрықша артықшылықтар берілмеген біз ол кезеңді бастан кешуге тиіспіз…
Тағы да сол баяғы «нарықшыл», «демократияшыл» Қажыгелдиндер мен олардың ұстаздарының сүйікті әні: қорқатын ешнәрсе жоқ, көруіміз керек, бастан кешуіміз керек, нарықтың бергі жағасынан арғы жағаға бір-ақ рет секіріп өтуге болады, екі рет секіруге болмайды, барлық елдер басынан кешкен, біз олардан артық емеспіз, демократия жаман зат, тек одан жақсыны ешкім ойлап тапқан жоқ, т.т. Әрине, қиындықтың бәрін басынан кешетін қарапайым халық, өзінің ол қиындықты бастан кешпейтіндігіне сенімді жандар қорықпай кеңес етуге шебер келеді…
Әлем үшін тым жаңа болмаса да, біздің ел үшін жаңалау деуге келетін ұсынысты Ұлттық стратегиялық сараптау орталығының директоры Әділ Тойғанбаев (жалпы, осы азамат нақты ұсыныстар жағынан көп сарапшыға қарағанда жемістілеу келетінін айта кеткен абзал болар) айтты. Бақылаушы органдар (прокуратура, Есеп комитеті, т.б.) жетекшілігі оппозиция өкілдеріне тиесілі болуы, ал күштік орган жетекшілерін парламенттік көпшілік оппозициялық азшылықтың келісімімен тағайындауы тиіс деді ол. Бірақ, ол да бүгінгі заманның шенқор да жемқор шенеуніктерінің («Ел азарда оны шенкорлар мен жемқорлар билейді», Қадыр Мырза-Әлі) өмірі болашақта тыныш боларына кепілдік беруіміз тиіс деуді ұмытқан жоқ. Балтық жағалауы мен Шығыс Еуропа елдері 1989 жылғы «барқыттық төңкерістен» соң бұрынғы коммунистік жүйеде жетекші болып қызмет атқарған шенеуніктердің бір де біреуін басшылық орынға жолатпай қойған еді. Президентке дейін, лайықты жан деп табылса, үміткерлерді шет елдерден арнайы шақырып әкелген болатын. Аман Түлеевті шақыру десе біздің билік түсінен шошып оянатын шығар…
Ендігі отырыста мемлекеттік құрылымның тұжырымын жасап келетін болып тарасты қонақтар. Қандай тұжырым жазылар екен? Онда да бүгінгідей қазақ халқының мүддесі жайлы бір ауыз да сөз айтылмас па екен? Егер айтылмаса, ондай үлгі-нұсқа жүз жерден данышпандық нұсқа болса да баянсыз боларын құрметті қауымның есіне сала кеткен артық болмас…

Шуақ АЙБАЛТАҰЛЫ

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚҰРЫЛТАЙДА ҚАЗАҚ МҮДДЕСІ СӨЗ БОЛА МА?

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз