Мұқағалидың шарапаты

0
560

Той көрмей жүрген жоқпыз, талай тойды көрдiк қой. Бiрақ Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық торқалы тойындағы халықтың ықыласын көрiп, өзiмiз де таңғалдық.

Алматы облысының бiр фермерi (аты-жөнiн әдейi айтпай отырмыз) өз ақшасына су жаңа шетелдiк автокөлiк сатып алып, оны той комиссиясына алып келiп: “Мына автокөлiктi қабылдап алыңыздар! Бұл – менiң Мұқағали тойына тартуым! Ат бәйгесiне тiгесiздер ме, жоқ мүшәйрада озған ақындарға бересiздер ме, ол өздерiңiздiң ерiктерiңiзде. Әйтеуiр, тойға, тойдың қызығына жаратыңыздар!” – дептi. Содан кейiн “Менiң аты-жөнiмдi жарнамаламаңыздар. Бұл – менiң шын ықыласым! Ықыласты жарнамалауға болмайды! Егер жарнамаласаңыздар, ол ықылас емес, бақай есепке айналып кетедi!” дептi. Дәл осы азамат секiлдi тойға өз үлесiн дабырасыз қосқандар (әрине, бәрiнiкi – автокөлiк емес!), оралы келгенше, шамасы жеткенше қаржылай көмек көрсеткендер аз болған жоқ.
Мерейтойға қамқор ниетпен үлкен қолғабыс тигiзген Серiк Үмбетовтiң айтуына қарағанда, Мұқағали Мақатаевтың тойына байланысты 800 миллион теңгеге жуық қаржы бөлiнiптi. “Жақсыдан шарапат” дейдi халық, Мұқағалидың шарапаты да ең әуелi туған ауылына тидi. Қарасаз ауылындағы Мәдениет сарайы жөнделдi. Мектеп, басқа да әлеуметтiк нысандар жаңартылды. Қарасазға, Шәлкөде мен Таласқа баратын ауыл арасындағы жолдар асфальтталды. Қарасаз ауылына табанжол (тротуар) төселдi. Табанжолы бар ауыл күллi Қазақстанда сирек, сол сиректiң бiрi –бүгiнгi Қарасаз!
Мұның сыртында Мұқағалидың аяулы анасы Нағиман әженiң басына кесене тұрғызылды. “Аққайың аллеясы” бой түзедi. Аудан әкiмi Аян Айтжанұлы бұл iстердiң ұйытқысы болды
Қарасаздағы М.Мақатаев мұражайы да көз тартады. Бастан-аяқ қайта жасақталыпты. Мұражайға Қарасаз аулының бұрынғы кейпi бейнеленген суретпен үйлердiң орналасу сызбасы (1965 жылға дейiнгi) қойылған. Бұл “Жас Алаш” газетiнiң ұсынысы бойынша арнайы жасалды.
“Ұсыныс” дегеннен шығады, “Жас Алаш” газетiнде бұрынғы Нарынқол ауданын қалпына келтiрiп, оны Мұқағалидың есiмiмен атау туралы ұсыныс жарық көрген-дi. Осы ұсынысты қолдайтындар өте көп екен. Олар той үстiнде де осы пiкiрлерiн қайталап, пысықтап жатты. “Халық – Алланың екiншi аты” дейдi Хадис. Бiздiңше, халықтың осы пiкiрiмен Алматы облысының жаңа әкiмi Аңсар Мұсаханов та, Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмов та санасуға тиiс. “Кезiнде жасалған асығыс әрi атүстi қадамды қайта түзетейiк” дейдi халық. Халық бiлiп айтса керек.
Айтпақшы, Мұқағали Мақатаевтың тойындағы мүшәйраның бас жүлдесiне автокөлiк тiгiлдi. Бас жүлденi ақын Жүрсiн Ерман жеңiп алды. Қалған жүлделердi мына ақындар өзара бөлiстi: Мақпал Мыса, Иран-Ғайып, Бiлiсбек Әбдiразақ, Сәкен Иманасов, Әдiлғазы Қайырбек, Жәркен Бөдешев, Серiк Ақсұңқарұлы, Батық Мәжитұлы және т.б.
Ж.Ерман бәйгеге үш өлеңiмен қатысыпты (“Бақ пен сор”, “Талғар асулары”, “Тәуелсiз­дiкке тәуелдiлiк”). Жалпы, Жүрсiн Ерман – арнау өлеңнiң шеберi. Екiншiден, Ж.Ерман – батыл әрi ұрымтал ақын. Сөзбұйдаға салмайды, созалаңдатпайды, бiр-ақ кеседi! Ж.Ерманның бас бәйгеге ие болуының себебi де осында (шеберлiк + батылдық) жатыр ғой деп ойлаймыз. Ендi ақынның күлбiлтесi, мысық­көмбесi жоқ, ажары да ашық, айтары да айқын “Бақ пен сор” атты жеңiмпаз өлеңiнен үзiндi келтiре кеткендi жөн көрдiк:
Ойы биiк,
Бойы биiк ортадан
Жанды-сөндi лапылдаған өрт-адам.
Ешкiм оны сипаған жоқ маңдайдан,
Ешкiм оны қаққан емес арқадан.
Басын исе,
Адалдыққа иетiн
Ешкiм оның түсiнген жоқ ниетiн.
Өзегiнен теуiп жатқан өмiрдi ол
Өгейсiмей,
Өлiп-өшiп сүйетiн!
Ғашық едi тiршiлiкке ол байғұс,
Қасiретке құштар еткен қандай күш?!
Кешiп жүрдi ол өлеңнiң өзенiн,
Басына тек бақыт болып қонбай құс.
Досы да жоқ.
Дос дегенi – ол да жау.
Жоқшылықтың көз жасына толды ожау.
Оңды-солды шашты жырдан несiбе
Бақытсыздар етсе екен деп талғажау.
Ол жүрегiн жүргенiмен жырлатып,
Бұйырмады маңдайына бiр бақыт.
Арулардың жанарынан сыр оқып,
Аналардың алды жасын құрғатып.
Таусылғанша соңғы демiм-тынысым,
Тек өлеңнiң тасытам деп ырысын.
Жырдың ғана қабағына қарайлап,
Өмiрiн де құрбан еттi жыр үшiн.
Қасiретi қарығанмен қанша iшiн,
Жыр-тұлпарға басып соңғы қамшысын.
Келешекке сәлемiм деп,
Өлеңге
Сарқып құйды жүректiң қан тамшысын.
Қара өлеңмен көгерер деп көсегем,
Жанын жырға жөргек етiп төсеген.
Бiр өлеңге бар ғаламды сыйғызды ол,
Соңғы өлеңiм емес пе деп осы өлең.
Бiлушi едi ол ажалдың күтпесiн,
Бiлушi едi бәрiн жазып бiтпесiн.
Қолындағы қалам сусып түскенде
Соңғы өлеңнiң қойды соңғы нүктесiн.
Қолында өлең –
Қансыраған жансыз хат,
Жылап тұрды жүрегiмен жар сыздап.
Тiршiлiкте қолға түспей,
Өлгенде
Басына кеп қонып жатты арсыз Бақ.
Тасынғанда – теңiз болып толатын,
Ашынғанда – гүлдей қурап, солатын,
Өлең үшiн өмiр сүрген сол ақын –
Мұқағали Мақатаев болатын!
Бiз жоғарыда Жүрсiн Ерманды “ұрымтал ақын” дедiк. Ендi осыған бiр мысал. Той комиссиясы Мұқағалидың бел баласы, заңгер Жұлдыз Мақатаевқа су жаңа шетелдiк автокөлiк мiнгiзген кезде, көпшiлiк қатты қуанды. Тап бiр Мұқағалидың өзiне мiнгiзiп жат­қандай мәз-мейрам болды. Сонымен бiрге… Жүрсiннiң өлеңiнде айтылған:
Тiршiлiкте қолға түспей,
Өлгенде,
Басына кеп қонып жатты арсыз Бақ, – деген жолдардағы ақиқатты Мұқағалидың жерлестерi мен замандастары еске түсiрiп жатты. “Осы қошемет пен құрметтi тiрiсiнде көре алмады-ау қайран Мұқағали… Мұндағыға дейiн ауылға трактор сүйреген телешкiмен келушi едi…” деп қамырықты…
Талантты көзi тiрiсiнде сыйлауымыз керек. Талантты сыйлау үшiн, ең алдымен, оның та­лант­ты тұлға екенiн бiлуiмiз керек. Солай емес пе? Әрине, солай. Демек, бiздiң басты парызымыздың бiрi – талантты дер кезiнде тани бiлу. Талантты тани бiлген орта, талантын тани алған қауым ешуақытта опық жемейдi, адаспайды. Қарасазда өткен “Жаһандану және М.Мақатаев әлемi” атты ғылыми-тәжiрибелiк конференцияда осындай ойларды ортаға сала отырып, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақыпов, философия ғылымдарының докторы Ғарифолла Есiмов, ақын Мұхтар Шаханов, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы және басқалары   Мұқағали мұраларын жан-жақты талқылады. Қоғам қайраткерi, “Жас Алаш” газетiнiң бас редакторы Рысбек Сәрсенбай соңғы уақытта Мұқағалидың мұраларын тереңнен тануға, танытуға, насихаттауға ерекше үлес қосып жүрген әдебиет сыншысы Амангелдi Кеңшiлiк­ұлы мен мұқағалитанушы Нұрлытай Үркiмбаева­ға газеттiң арнаулы сыйлығын табыс еттi.
Осы конференцияда философ-ғалым Ғарифолла Есiм “Абай сияқты Мұқағали да – хакiм” деген үлкен ой айтты.
Сонымен қатар бұл конференцияда пiкiр­таласқа шақыратын ой-толғамдар да, келелi ұсыныстар да мол айтылды. Мұқағалитану – кезең-кезеңнен, белес-белестен, саты-сатыдан тұратын үлкен әрi iргелi ғылым. Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойы, осы мерейтойға орай өткiзiлген қилы шаралар – мұқағалитанудың бiр кезеңi, бiр сатысы ғана. Мұқағалидың қатпарлы, құйқалы әрi құпия әлемiне бiз ендi дендеп ене бастайтын боламыз.

aika902007@rambler.ru
Әмiрхан МЕҢДЕКЕ
Қарасаздағы жаңарған мәдениет үйi алдында
Таң жұлдызындай Төлеген Айбергеновтiң әулетi тойда тiккен шаңырақ
Мұқағали оқыған, өлең, поэмаларын жариялаған «Жас Алашты» оқитын қазақ көп.
Мұқағалидың ұлы Жұлдызға, бала Жамбылға және мүшәйра жеңiмпазы Жүрсiнге облыс әкiмi Аңсар Мұсаханов сыйлықтар тапсырды
Ақынның 80 жылдық мерейтойына қызмет етiп көп iс тындырған ЖақыпжанНұрғожаев (сол жақтағы) пен Батық Мәжитұлы (солдан үшiншi) ерекше көңiлдi
Софы Сматаев,   Ғарифолла Есiмов, Мұхтар Шаханов Мұқағали мұражайында
http://www.zhasalash.kz/ruhaniyat/5119.html

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз