Төлеген Айбергенов
Қырыңда анам қыз күн
Қырыңда анам қыз күнін
Қыздырып өткен Кегейлі.
Келем деп қайтып, түз гүлін
Үздіріп кеткен Кегейлі!..
Су алған сайда әжемнің
Сырғасы қалған Кегейлі.
Сырласы қалған Кегейлі,
Мұңдасы қалған Кегейлі.
Әмудің арғы бетінен
Арқалап келдім көп ойды.
Жүректің ыстық отымен
Мархаббат, қарсы ал, Кегейлі!
Көркімді көріп қуанған
Баладай кемпір-шалдар-ай,
Алыстан келген нарлар-ай,
Арыстан кеуде жандар-ай.
Жаралу шарт па егіз боп,
Туысқа мен де ғашық ем.
Тербеліп кеттім теңіз боп,
Сүйдім де көздің жасымен.
Анаммен тұстас болғандар,
Әкеммен қиқу салғандар.
Мендегі ыстық сәлемді ал,
Мендегі ыстық арманды ал.
Жанассаң жанда жаз қалар,
Жарқырай түскен жарықтар.
Қазылмай жатқан қазбалар,
Жазылмай жатқан тарихтар.
Тастыңдар неге бұлақтай,
Өзен-ой басын сағалап.
Жалынға тиген сынаптай,
Жастарың кетті домалап.
Жоқ ем ғой кірбің әкелген,
Бар еді қандай сыр мұнда!
Жан досың болған әкемнен
Айнымай қалып тұрмын ба?
Шаттыққа толы шақтарды ең
Өткіздім сенде, қыр бастым.
Сыбдырлап тұрған бақтармен
Сыбырлап тұрып сырластым.
Көңілі көктем кең кеуде
Ағаймен пікір алыстым.
Жаз келбет жарқын жеңгейге
Әзілімді айтып таныстым…
Жүректе өкпе назың жоқ,
Күшті едің шіркін ой неткен!
Көрінді маған алыс боп
Қасымда тұрған бойжеткен.
Қайтейін жаны пәк достар,
Бозбала күндер өтті ғой.
Сақылдап күлген көп қыздар
Арман боп қалып кетті ғой…
Бір тойым бар
Бір тойым болатыны сөзсіз менің,
Дәл қай күні екенін айта алмаймын.
Бірақ… бірақ…
Ешкімді де билетпей қайтармаймын.
Онда ортаға тасталар ұран сондай:
Қайта алмайды қартың да бір ән салмай,
Жиырма бестің бәрін де сабылдыртам,
Кемпірлерге қыз күнін сағындыртам…
Сәбилерге ағаны үлгі етемін,
Жеңгейлердің толтырам гүлге етегін.
Менің жарым бұл түні кірпік ілмей,
Ақ көңілімен қуаныш бүртігіндей,
Омырауынан бір тәуір шайқап есіп,
Ажырасқанды жүреді қайта қосып.
Мен өзім де ән салам түн ауғанша,
Менің жаным бұл күнге құмар қанша!
Бәйгі берем жығылған палуанға да,
Адалдығы сезіліп тұрар болса.
Қыз қуатын жігітке ат беремін,
Жанам деген жүрекке от беремін.
Мен әйтеуір бар жиған-тергенімді
Бір тамаша той қылып өткеремін.
Біздің үйді сол күні бетке ал қауым,
Нысанаға ап қуаныш тоқталмауын.
Мен бұл тойдан тілеймін жылап тұрып,
Қазанымда бір асым ет қалмауын,
Мен сөйтіп бар шаңнан бір сілкінемін,
Мен сөйтіп рақаттанып бір күлемін.
Кім білсін талай күнгі арманым ед,
Мәңгілік тарқамауы да мүмкін оның.
Жүрек сөзі
Жолменен жүрем мен ізгі,
Беремін көрік көлдерге.
Арындап жатқан теңізді,
Ақтарып құям шөлдерге.
Ілесіп көптің көшіне,
Жайлауға шығам қой айдап,
Шадыман дала төсінде,
Шалқамнан жатам ой ойлап.
Шырқаймын шыңға жар салып,
Жасану үшін жаз дәуір.
Жаңбырлы күнді монша қып,
Жуынам бұтқа қазбауыр.
http://adebiportal.kz/authors/aybergenov-t-legen