Астаналық кәсіпкер әрі ресторатор Егор Кочетов Қазақстанға танымал КВН-ші Нұржан Бейсеновті аса ірі көлемдегі қарызын өтемей жүргені үшін айыптады.
Бұл туралы Today.kz-ке сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.
Кәсіпкер Кочетовтің айтуынша, 2014 жылдың қарашасында танымал шоумен әрі актер, КВН Қазақстан жоғары лигасының жетекшісі Нұржан Бейсенов одан 1 миллион 500 мың теңге көлемінде қарыз алған. Ол қарызын кәсіпкердің мейрамханасында шоу-бағдарламаларды жеңілдікпен өткізу арқылы өтемек болған.
«Мейрамханадағы мереке басталар кезде мен шоу-бағдарламаның мүлде болмайтынын естідім. Өйткені Нұржанның басқа да жоспарлары көп болып шықты. Жаңажылдық кештер көп өтетін желтоқсан айында маған шоу-бағдарлама табу қатты қиын болды. Тіпті біраз жүйкемді құрттым», – деп жазады ресторатор өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Кәсіпкердің айтуынша, КВН-шы Нұржан Бейсенов оған қарызының жартысынан да аз бөлігін қайтарған.
Телефон тұтқасын айына бір рет қана көтеретін КВН-шы кейін берем деген уәдесімен кәсіпкерді шаршатқан көрінеді.
Енді кәсіпкер Егор Кочетов Бейсеновтің үстінен арыз жазатынын мәлімдеді.
Дереккөз: Nur.kz