Шетелдік БАҚ-тың Қазақстан туралы жалған ақпарлары (фото)

1
226

Қазақстан жайлы теріс пікір тарататын шетелдік ақпарат құралдарын жиі кездестіруге болады. Қате ақпараттың соңы кейде әзілмен аяқталса, кейде дауға ұласып кетеді.

Осы орайда, Gonzo Қазақстан жайлы бұрыс ақпарат таратқан шетелдік БАҚ журналистерінің шулы материалдар тізбегін назарларыңызға ұсынады.

Қасым-Жомарт Тоқаев қылмыстық бағдарламаның “кейіпкері” атанды.

Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың тамызында “Рен ТВ” арнасының “Экстренный вызов” бағдарламасында басты “қылмыскерге” айналды.

Ресейлік арна Тоқаевты Геленджик қаласында жедел жәрдем бригадасын соққыға жыққан Мәскеудегі қазақстандық бизнесменмен шатастырып алды.

“Соққыға жыққан астана тұрғыны – 55 жастағы Жомарт Каменов. Көршілері оның пәтеріне полицейлер жиі баратынын айтуда”, – дейді журналист бағдарламада.

Сол арада арна тілшісі нағыз қылмыскердің орнына байқаусызда Қасым-Жомарт Тоқаевтың фотосын көпшілік назарына ұсынады.

Көп ұзамай еліміздің сенат спипкері өз Twitter парақшасында бұл жайтқа пікірін жариялайды: “Менің фотомның Ren TV арнасында көрсетілуі – жай журналистің алаңғасарлығы. Мен бұдан ешқандай қасақана жамандық ойлауды көріп тұрған жоқпын”, – деп жазады.

Тәжікстанды Қазақстанмен шатастырып алды.

2012 жылдың қаңтарында ресейлік журналистер Қазақстанды Тәжікстанмен шатастырып алады. Ресейлік БАҚ эфирінде келесі ақпар беріледі: “Қазақстанда 44 кг героин тиелген көлік құрықталды”.

Кейін бұл жағдайға Қазақстанның еш қатысы жоқтығы анықталады. Ресейге жол тартқан героинді Тәжікстанда тоқтатқан екен.

Президенттік сайлау Қазақстанда өтті.

2011 жылы Қырғызстанда өткен президенттік сайлауды ресейлік БАҚ Қазақстанмен шатастырып алды. Сайттардың бірінде “Президенттік сайлаудың екінші туры Қазақстанда өтпейтін болды” деген ақпар жарияланады.

Мәтіннің ішінде де Қырғызстанның орнына Қазақстан аталады. Кейін журналистер өз қателігін байқап, дереу түзетеді.

Ахметжан Есімов “танымал қазақстандық әнші” атанды.

Алматының «Прайм Плаза» ойын-сауық орталығындағы шу кезінде ресейлік ТВЦ арнасы әнші Қайрат Нұртасты қала әкімі Ахметжан Есімовпен шатастырып алды. Арна тілшісі Алматыны Қазақстанның астанасы деп атап, қала әкімін “танымал қазақстандық әнші” деген.

“Қазақстанда ойын-сауық орталықтарының біріндегі концерттің кейінге қалдырылуы жаппай тәртіп бұзушылыққа ұласты. Онда караоке байқауының соңына қарай танымал қазақстандық әнші Ахметжан Есімов шығуы тиіс болатын. Алайда ол тек бір рет ән салып, сахнадан шығып кетті”, – деп мәлімдеді журналист эфирде.

Шын мәнісінде сахнаға Қайрат Нұртас шыққан болатын. Ол көпшілік қоршауды бұзып, сахнаға өрмелеуге кірісе бастағасын бір әнін ғана айта алған.

Кейін Алматы әкімі бұған қатысты тілшілерге жауап қайтарады: “Иә, ресейлік журналистер қате жіберіп қойды. Бірақ мен оларды түсінемін. Себебі Алматы – ірі мегаполис. Ал бір адамды өзгемен шатастырып алу да ғажап емес”, – дейді әкім.

Қазақстанды Белоруссиямен шатастырып алды.

Өткен жылда украиндық журналистер ресми “УНИАН” ақпарат агенттігіне “Украинаға Қазақстаннан бітімгерлер керек емес” деген тақырыппен ақпарат жариялайды. Алайда материалдың өзінде Қазақстан туралы бірде-бір ақпарат жоқ.

Шын мәнісінде бітімгер болуға дайын екенін Қазақстан емес Белоруссия жария еткен болатын. Өз сұхбатында президент Александр Лукашенко келесі мәлімдеме жасайды: “Керек десеңіз – бұл мен үшін өте қорқынышты әрі қауіпті дүние. Егер Ресей Батысқа, ал Батыс Ресейге, Америка Ресейге, ал Ресей Америкаға сенбесе, мен өз қарулы күштерімді жұмылдырып, екі қақтығысушы тарапты тоқтатуға әзірмін”.

Киев бұған жауап ретінде Лукашенконың Донбассқа беларусьтық бітімгерлерді енгізу ұсынысын қабылдамайтынын жеткізген болатын.

Қырғызстандық ұшақ қазақстандық болып шықты.   

2011 жылы “Взгляд” газетінің грузин тілшісі Турциядағы қазақстандық ұшақтың апатқа түсуі туралы ақпарат жариялады.  Белгілі болғандай, ресейлік басылымның журналисі “Имеди” арнасына сілтеме жасап материалды жария еткен екен.

БАҚ жер сілкінісінен зардап шеккендерге әлеуметтік көмек жеткізбек болған қазақстандық және грузин ұшақтарының соқтығысуын хабарлайды.

Көп ұзамай еліміздің ТЖМ-і әуе апатының Қазақстанға қатысы жоқтығын, ал апатқа ұшыраған қырғызстандық ұшақ екенін алға тартады.

Пәкістандық БАҚ қазақстандық мәмілегерлерді контрабандаға қатысы бар деп айыптады.

2011 жылдың шілдесінде пәкістандық журналистер қазақстандық мәмілегерлерді спирттік сусындарды заңсыз елге кірбізбек болды деп айыптады. Ақпарат Pakistan Observer газетіне жарияланды.

Олардың мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан, Солтүстік Корея және Түркменстан елшілігінің қызметкерлері Пәкістанға спирттік сусындарды заңсыз кіргізумен айналысып отырған.

Алайда қазақстандық елшілік бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты. Шындығында аталмыш былыққа біздің ел емес, Тәжікстан қатысты болып шыққан. Газет редакциясы қазақстандық елшіліктен кешірім сұрады.

Журналист Қазақстандағы секс-туризм жайлы ақпар таратты.

Тағы бір шулы ақпарды үнділік DNA агенттігінің журналисі Шахкара Абеди таратып жіберген. Материалда журналист үнділер арасында Қазақстандағы секс-туризм сұранысқа ие екенін жазған.

Басылым Үндістанның ер азаматтары жаппай Қазақстанға жол тартып жатқанын айтқан. Алайда көпшіліктің наразылығы өршігеннен кейін, басылым тексерілмеген ақпарат таратқаны үшін кешірім сұрайды.

“Мен бұл мақаланы туристік индустрия басшылары мен инсайдерлерінің мәліметтері негізінде жазған едім… Менің мақалама сұхбат бергендер расымен де бар. Мен олардың пікірін біріктіріп, мақала ретінде ұсындым”, – деп жазды Абеди.

Қазақстан Кавказға жақын деп шатастырып алды.

2010 жылда француздық Le Point басылымы “Қазақстан – Астана, Кавказдың Дубайы” деген мақала жариялайды. Журналист Режи Жант өз материалында Қазақстанның мұнайға бай екенін айта отырып, елімізді Кавказға жақын орналасады деген пікірде болған сияқты.

Автордың бұл қателігін Қазақстан ғана емес, Франция да байқап, бірнеше париждік веб-портал журналистің географиялық білімінің төмендігін сынға алады.

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз