Дмитрий Яковенконы атып өлтірген полиция офицерінің ісі ҚР Бас прокурорының тікелей бақылауына алынды

1
68

ТАЛДЫҚОРҒАН: ҚазАқпарат – Өзін-өзі қорғау мақсатында Дима Яковенконы атып өлтірген полиция офицері Азамат Нұрлыбаевтың ісін ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев өзінің тікелей бақылауына алды. Бұл туралы Алматы облысының прокуроры Ғабит Миразов хабарлады.

– Қазір іс  Алматы облысы арнайы прокурорларының қарауында. Олар бұл істі тергеумен айналысуда, – деді Ғабит Миразов.

Еске сала кетейік, оқиға 30 шілдеде түнде болды. Алматы облысы ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, кезекшіге Талдықорғанның орталық көшелерінің бірінде терезелері толық қараңғыланған және алдындағы нөмірі жоқ «Toyota Camry-40» автомашинасы қатты жылдамдықпен жүріп келе жатқаны жайлы дабыл түсті.

30 шілдеде сағат 22 шамасында осы машинаны құрамында полиция капитаны Б.Шамшидинов, полиция аға лейтенанты А.Нұрлыбаев және полиция кіші сержанты А.Байбеков бар «Бүркіт-157» патрульдік жасағы Тәуелсіздік-Ескелді би көшелерінің қиылысында байқады.

«Тойота-Камри 40» автомашинасының жүргізушісі құжаттарын тексеру кезінде полиция қызметкерлерінің талаптарына қарамастан із жасыруға әрекеттенді.

Полиция аға лейтенаты Азамат Нұрлыбаев жүргізушінің құқыққа қарсы әрекеттеріне тосқауыл қоймақ болды. Ал жүргізуші шұғыл маневр жасап, өз машинасының капоты шетімен полиция қызметкерін іліп кетіп, үлкен жылдамдықта оны 189 метрге дейін сүйреді.

«Бүркіт-157» экипажының кәсіби қимылымен «Тойота-Камри 40» автомашинасының қозғалысына тосқауыл қойылды. Автомашина жүргізушісі полиция қызметкерлеріне  қарсылық көрсеткенімен ол ұсталып, қолына кісен салынды.

«Тойота-Камри 40» автомашинасында үш жолаушы: екі қыз бен ер адам болды.

«Полиция қызметкерлерінің талап етуімен жолаушылар автомашинадан шықты. Жолаушылардың бірі, ер адам полиция қызметкерлерінің талабына бағынбай, қолындағы пышағымен полицейге қарай бұрылды. Полиция қызметкері өзін қорғау мақсатында табельдік қаруын пайдаланды», – деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметі. Алған жарақаттарынан 29 жастағы Дмитрий Яковенко көз жұмды. Бірақ та оның достары мен жақындары оқиғаның ресми нұсқасына сенбейді. Олар Дмитрий ондай адам емес, пышақпен қорқытуы мүмкін емес дегенді айтады. Өзін қорғау жөнінде әңгіме болуы мүмкін емес, деп санайды Дмитрийдің жақындары. Ол тәрбиелі, заңға сай әрекет ететін адам еді, дейді олар.

Жолаушылардың бірі Дарья Ильченконің айтуынша, Дима Яковенконың қолында оны өлтіру кезінде пышақ болмаған.

–        Ол бізге тапаншасын кезеп, айқайлай бастады, біз машинадан шықтық. Біз қорқып кетіп, бағынуға тиіс болдық. Бұдан әрі тәртіп сақшысы біздің машинаға бетімізді бұрып, қолымызды капоттың үстіне қоюды бұйырды. Біз оның айтқанын орындадық. Бірақ та ол мұны місе тұтпады, – деп еске алады Дарья.

Қыздың айтуынша, ызаланған полицей олардың досының желкесіне тапанша кезеп, қолын жауырынына қайырып, оны тізе бүктіру үшін, аяқтарын тебе бастаған.

Ал Дима қолын босатуға әрекеттеніп, бірдеңе айтқысы келген кезде, оқ атылды, – дейді куәгер.

http://www.inform.kz/kaz/article/2804229

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз