ЖЕМҚОРЛАР МЕМЛЕКЕТІ

15
247

Бұл бүгінгі Қазақстанның бейресми атауы. Біздің ұйғарым осындай. Сіз басқаша ойлауыңыз мүмкін.

Қарыштап дамығысы келетін Қазақстанда бір «кесел» бар. Коррупция дейтін. Бұған келісуіңіз керек.

Осы уақытқа дейін қанша шенеунік коррупционер атанды? Есіңізде ме? Көп.

Ірісі де, ұсағы да ұсталды. Ұсталмағандары да бар…

Ұмыт болғандары, ұмытыла бастағандары да бар.

«Елдің де, Елбасының да көңілінен шықпады» дейді оларды. Кім білген. Белгілісі, Назарбаевтың өзі де олар туралы жақсы пікірде емес. Сенімін ақтамағаны үшін, себебі. «Олар өз өмірін өздері құртты» деді Президент бір сөзінде.

Олар неге сенімнен шығады? Халықтан бұрын, Елбасының алдында ұятқа қалмауға уәде бергені қайда? Сіздіңше, олар кімнің алдында көбірек ұялуға тиіс? «Ұятқа қалмауға» уәде бергендердің арасында антқа берігі неге аз? Бұл да бір мақалаға азық.

Ал әзірге «сенімін ақтамағандар» кімдер? Соларға тоқталайық.


 Серік АХМЕТОВ: «Ештеңе айтпаймын…»

Туған жылы, айы, күні: 1958 жыл, 25 маусым. 57 жаста.

Ол еңбек жолын Назарбаев жұмыс істеген Қарметкомбинатта бастаған. 1975 жылы ол бұл араға сылақшының көмекшісі болып орналасады.

2012 жылдың 24 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Премьер-министрі қызметіне тағайындалды. 2014 жылдың 2 сәуірінде отставкаға кетті. 2014 жылдың 3 сәуірі мен 22 қазаны аралығында – Қорғаныс министрі болды.

Айыбы: Коррупцияға қатысты деген 6 қылмыстық іс бойынша айыпталып отыр. Атап айтсақ, Ахметов 2,4 млн доллар пара алған. 1,1 млрд. теңге бюджет қаржысын қалтасына басқан. Лауазымын асыра пайдаланып, осының кесірінен мемлекетке 1 млрд. теңге зиян келтірген.

Қазір: Үй қамақта отыр. Ахметовты тергеу амалдары әлі аяқталған жоқ. Ол қазірше ештеңе айтпауға тырысып бағуда. Ләм-мим деген жоқ…


Бауыржан ӘБДІШЕВ: «Коррупцияны ешкім жеңген емес» 

Туған жылы, айы, күні: 1968 жыл, 3 маусым, 47 жаста

Ол Ахметовтың командасында еді…

2013 жылдың 29 қаңтары мен 2014 жылдың маусымына дейінгі аралықта Қарағанды облысын басқарды.  Оны орнынан аларда Президент былай деді: «Маған қарағандылық кәсіпкерлер хабарласып, өңір басшылығы жер мәселесіне келгенде заңды белден басып отырғанын айтты».

Қарағанды облысын басқарып тұрған жергілікті телеарнаның біріне сұхбат берген Әбдішев былай деген: «Коррупцияны бүгінге дейін ешкім жеңіп көрген емес».

Айыбы: Оған лауазымын асыра пайдаланды (Қылмыстық Кодекстің 307 бабы) және мемлекет қызметте жүргенде кәсіпкерлік іске заңсыз араласты (310 баб) деген айып тағылып отыр. Атышулы Ахметовтың ісіне байланысты 23 адам тергеуге алынған. Олардың арасында Бауыржан Әбдішев те бар. Тергеу деректеріне қарағанда осы 23 адам мемлекетке 3 млрд. теңге зиян келтірген.

Қазір: Қамауда отырғанына 10 айға тақап қалды. Жақында экс-әкімнің қамау мерзімі 23 шілдеге дейін ұзартылды. Себебі, оның «серіктестері» қылмыстық істің құжаттарымен әлі  де толық танысып болмағанға ұқсайды.


Ерлан АРЫН: «Елбасыдан кешірім сұраймын»

Туған жылы, айы, күні: 1961 жыл, 23 қыркүйек, 53 жаста

Оны қазақтілді орта жақсы көреді. Бірақ, ол туралы Керекудің өз ішіндегі пікір әрқилы. «Ректор Арын (ол біраз жыл Торайғыров атындағы Павлодар мем. университетін басқарды) мен әкім Арын екі бөлек адам» дейді керекуліктер. Иә, мұндай да пікір бар.

2012 жылдың 20 қаңтары мен 2013 жылдың 20 желтоқсаны аралығында Павлодар облысын басқарды. 2014 жылдың 4 наурызында 23 млн. теңгені қалтасына басты деген айыппен қамауға алынды. Бұл қаржыны 2013 жылы «ENRC Kazakhstan» ЖШС Керекуді көркейту үшін демеушілік мақсатта облыстық бюджетке бөлген…

Айыбы: Арынға тағылған айып та өзгелерге ұқсас. Қызметін асыра пайдаланған, яғни, жеке басы үшін. Оған тағылған 10 айыптың 8-і дәлелденген жоқ. Өзге екеуінде сот Арынды алаяқтық жолмен 1,6 млн. теңгені жымқырды, пара алды және қылмыстық жолмен алынған қаржыны заңдастырды деп айыптады. Соттың шешімімен Арын «Құрмет» және «Парасат» орденінен айырылды.

Қазір: Ол 3 жылға шартты түрде сотталды. Соған байланысты Керекудегі коттеджінен алысқа ұзап шығуына болмайды. Алдағы 5 жыл бойына мемлекеттік қызметке маңайлай алмайды.


РЭКЕТИР – РЫСҚАЛИЕВ.

«Оның қандай адам екені түрінде тұр», – дейді кейбіреулер. «Түйені түгімен, биені жүгімен жұтқан» бір адам болса, ол – Бергей деседі.  Біздің білеріміз, оның жанында басқаларының былығы түк емес.

2006 жылдың қазанында ол Атырау облысының әкімі қызметіне тағайындалды. Өңірді 6 жыл басқарды. 2012 жылдың 15 тамызында денсаулығына байланысты қызметінен кетті….

2013 жылдың 31 қаңтарында экономикалық және коррупциялық қылмысқа қарсы күрес Департаменті Бергейге іздеу жариялайды.

Айыбы: Рысқалиевке Қылмыстық кодекстің 176 бабы бойынша «Өзгенің мүлкін тартып алды және талан-таражға түсірді» деген айып тағылды. Атырау өңіріндегі ұйымдасқан қылмыстық қауымдастықты (!) құрған да осы – Бергей. Қауымдастық құрамына кірген 3 ұйымдасқан қылмыстық топ 2008 және 2011 жылдың аралығында дүниені бүлдірген. Бергей бастаған осы «ОПГ» ең кем дегеннің өзінде 82 млрд. теңге бюджет қаржысын үптеп кеткен. Долларға шаққанда бұл – 500 млн-ға жақындайды.

Қазір: Бергей мен оның інісі, бір кезгі Мәжіліс депутаты Аманжаннан хабар-ошар жоқ. Ағалы-інілі екеуін Лондоннан көргендер бар-мыс. Біреулер бұлар әлдеқашан өліп қалған деседі. Олардың өлгеніне емес, шетел асып кеткеніне сенетіндер көп…

Ал Рысқалиев ісіне қатысы бар деген «жемқорлар бригадасының» алды «түрмедегі жақсы тәртібіне байланысты» бостандық алып жатыр. 2-3 жыл отырды ма, отырмады ма? 82 млрд теңгенің өтеуі осы олар үшін. 


 Талғат ЕРМЕГИЯЕВ: «…мұның бәрі қайтатын ақша»

Туған жылы, айы, күні: 1969 жыл, 7 мамыр, 46 жаста

Оған ЭКСПО-ға бөлінетін 500 млрд теңгені бақылауда ұстауды Президент талай айтқан.

– Ақшаны бақылап отырсыңдар ма?

– Иә, иә. Бақылау бар.

– Ақшаның жұмсалуын қадағалайтын комиссия жалдаңдар. Сендерді кейін жауапқа тартпас үшін. Мен дәл солай болғанын қаламаймын.

Ол өсу үстінде еді. 2011 жылдың 11 сәуірінде Спорт және туризм министрі,  2012 жылдың 24 қаңтарында Спорт және денешынықтыру агенттігінің төрағасы болды. 2013 жылдың 13 қаңтарында «Астана ЭКСПО 2017» Ұлттық компаниясының» басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды.  2015 жылдың 11 маусымында орнын босатты.

Айыбы: Қылмыстық кодексі 176-бабының 4-б тармағы бойынша айып тағылып отыр.
Былайша айтқанда, Талғат та мемлекеттің мүлкіне қол салған, аса ірі көлемде ақша жымқырған… Егер кінәсі дәлелденер болса, Ермегияев 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қазір: Үйқамақта отыр. Оның әріптесі (әлде, сыбайласы дегеніміз дұрыс па?) «Астана ЭКСПО-2017» АҚ Құрылыс департаментінің бұрынғы директоры Қажымұрат Үсенов те үйқамақта. Үсенов көрмеге бөлінген 214 млн. теңгені жымқырды деп айыпталуда.


Талғат айтып еді…

Ақшаның бәрі ЭКСПО-ға кетіп жатыр деген дұрыс емес. Мұның барлығы қайтатын ақша…

 Елбасы не деді?

Соңғы жылдары сотталған әкімдер (Ерлан Арын – Павлодар, Бергей Рысқалиев – Атырау, Серік Ахметов – Қарағанды) бәрі де менің таныстарым еді. Қарағанды облысының әкімі мен еңбек еткен комбинаттан шыққан, Үкіметбасы қызметіне дейін өсті. Қазір ол тергеуде. Себебі, дәлел бар…

Өзің өсірген, өсуге мүмкіндік берген жастар өз өмірін өздері бүлдіргенін көріп өкінесің.


Коррупцияға қарсы күрес жүруде. Туған-туысқан, дос-жаран, балаларыма ескертемін – заңның алдында барлық адам бірдей. Министр де, әкім де құтылған жоқ. Өзгесін айтпағанның өзінде…

Думан БЫҚАЙ

15 ПІКІРЛЕР

  1. Екі-үш адамға қарап, «битке өкпелеп тоныңды отқа тастағандай», бүкіл елге топырақ шашуға болмайды.

  2. Менімше кінәлілер өз жауабың алады заң алдында оған мен сенімдімім.

  3. Іс шаралар әлі болып жатқан болар біз көріп отырмыз жемқорлыққа қарсы қатан жұмыс жүріп жатқаның.

  4. Еңді барлық саланы қадағалап халықта көмектесу керек жемқорлыққа жол бермеу үшің.

  5. Меніңше, жемқорлыққа қарсы күрес амалдарын тағы да ойласытру керек. Ел болып бұл дертпен күресуіміз қажет деп ойлаймын.

  6. оңай емес, әрине. заң бәріне бірдей, елден артықпын деп аттап кетуге болмайды.

  7. Қалай десек те, соңғы жылдардағы бұл жағдайлардан кйеін кейінгілер аяқ тартып жүрер. жемқорлықпен күрес қатаң жүреді және ол жалғасып жатыр барынша. солқуантады. елдің де санасы өзгеретін күн туар.

  8. Бір күнніңғ шаруасы емес, жемқорлықты жою. қайдағы бір сасық жатақхананың коменданты да бірдеңе тілеп отырады ғой бізде. яғни бұл бірді екілі шенеуніктің емес, бүтін халықтың проблемасы.

  9. Жекелей алғанда кейбірін аяуйың мүмкін, бірақ объективті қарағанда халықтың қаржысына қол салуға ешкімнің де қақысы жоқ.

  10. ЭКСПО еліміздің атқа мінерлерін түрмеге қамап тынатын шығар. Алтын көрсе періште жолдан таяр деген.

  11. Не болсада бірлігіміз жарасып осы жемқорлыққа қарсы күрес жүргізгеніміз дұрыс болады.

  12. Шыныменде бәріміз бірдеймәз заң алдыңда,өкінішті осылайша жемқорлық орың алып отырғаны.

  13. Қазір жемқорлыққа қарсы жақсы жұмыстар жүріп жатыр орынды болсың.

  14. Бір неше адам ұсталып бәрі жемқорлыққа қол салады дей беруге болмайды.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз