“Қазақ елі” сериалының түсіру жұмыстары әлі басталмаған

1
123

 

Күні кеше “Қазақфильм” киностудиясы “Қазақ елі” тарихи сериалына бөлінген 5 миллион АҚШ доллары ештеңеге жетпейді деп халықтан көмек сұраған еді. Әуелі 20 сериалық туындының уақыт өте келе тең жартысы қысқарған. Желтоқсан айында тұсаукесері жоспарланған сериалдың түсіру жұмыстары да әлі басталмаған. Ал көршілес Моңғолияның 20 сериалық тарихи туындыны дайындаған кино мамандары серіктестікке әзір екендерін жеткізуде. Көшпенділердің өмірінен сыр шертетін моңғол сериалына қанша қаржы кеткенін, туынды авторларының жеке пікірін әріптесім Жарас Ниязбек білуге тырысты.

Бұл бюджеті 280 мың АҚШ доллары болатын Моңғолияның 20 сериялық тарихи туындысы. Бар болғаны үш айда жеке кәсіпкерлердің қолдауымен түсіріліп, монтаждалып көрерменге жол тартқан. “Келте хандар дәуірі” деп аталатын хикая 14 ғасырдағы тарихи кезеңді суреттейді. Шыңғыс хан ұрпақтары арасындағы талас-тартыс, кезінде жарты әлемді жаулаған алып империяның тағдыры баяндалады. Ал туынды сценарийін әзірлеуге 7 жылын сарп етіп, 200-дей тарихи құжатты парақтаған азамат Ұлан батырда тұратын қазақ азаматы.

АРМАН ӘЛЕНҰЛЫ, сценарий авторы және продюсер:

– Көшпелі халықтардың тұрмыс-тіршілігінде, салт-дәстүрінде, әдеп-ғұрпында аса айырмашылық жоқ. Көшпелі өмірді көріп өскен бізге тарихи кино немесе сериал түсіру қиын болмайтындығы анық. Қазақстанмен бірлесе жұмыс істеуге немесе тапсырыс арқылы жұмыс істеуге дайынбыз.

Шыңғыс хан мен ол құрған алып мемлекет жайында бұған дейін бірнеше көп сериялы туындылар жарық көрген. Әсіресе, қытайлық кино мамандары көп тер төкті. Алайда тарихи фактілер мен кино желісі сәйкеспеді деп әлем жұрты әлі де дауласуда. “Келте хандар дәуіріне” үлкен дайындықпен кіріскен Арман Әленұлы туындыны жеке киностудияда түсіруді көздепті.

АМАРСАНА БАЛЖИННЯМ, жекеменшік киностудияның директоры:

– Студиямыз техникалық жарақтану жағынан қазақстандық кинокомпаниялардан кем түспейді. Таяуда ғана Америкадан арнайы кино құралдарын алғыздық. Мамандарымыз да Голливудтан арнайы тәжірибеден өтті.

Хандар тарихы мен көшпенділер кезеңін көркем суреттеген туындыны қазақстандық көрермен қауым қашан тамашалайтыны әзірге белгісіз. Ал қысқа мерзімде аз қаражатқа сапалы картина түсірген моңғолиялық мамандар қазақстандық әріптестерімен кәсіби байланыс орнатуға ниетті.

Жарас Ниязбек, Думан Сүлейменов.

– See more at: http://www.31.kz/video/show/id/8574/show/ib#sthash.XK1JNMdz.dpuf

«Қазақ елі» сериалының түсіру жұмыстары әлі басталмаған

1 Пікір

  1. Біз 5 миллион АҚШ доллары ештемеге жетпейді деп жылаймыз,ал, басқалар 280 мың АҚШ долларына 20 сериял түсірген. Ал, біздің сценарий 10 сериял тұрады. Демек, қалтамыз тесік.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз