композитор
– Қанат аға, 11-маусым күні Алматыдағы Студенттер сарайында шығармашылық есеп бермек екенсіз. Алматыда өнер кештері аз өтпейді. Тіпті, кейбірі қаздың балапанындай ұқсас, жаңалық қайда, айырмашылық таппадық деп қынжылып жатады жұрт. Сіздің концертіңіздің жаңалығы қандай болмақ?
– Бұл кеш басқаны білмеймін, өзім үшін үлкен жаңалық (күлді). Біздің халық (жалпы адамзат десе де болады) барлық бақыт пен баршылық бір-ақ күнде төбемнен төмен құйыла кетсе дейтін ел ғой. Ал, жаңалық дегеніңіз бір күннің шаруасы емес. Мақсатымыз – айды аспанға шығару емес, танитыны бар, танымайтыны бар, алыс-жақын ағайынға есеп берсек деген ой. Айырмашылық жоқ деп қалдың ғой, меніңше, әрбір кештің басты ерекшелігі – оның репертуары. Ал, қалған ерекшеліктер екінші кезекте. Техникалық көркемдеу, дизайн жағы – әркімнің өз талғамына қарай жасалатын жұмыстар ғой. «Арық сөйлеген» дұрыс, ондағы артықшылықтар мен ерекшеліктер, тіпті, кемшіліктер де кештен кейін сарапталғаны жөн шығар. Шындығында, өзіндік жаңалығы бар концерт болады деп ойлаймын.
– Тұңғыш шығармашылық кешіңіз… Басқа дайындықтар бер жағы ғана ғой. Арғы жаққа үңілсек, ішкі жағыңыз не дейді? Жан-дүниеңіз қандай жауапкершілік жүктейді?
– Авторлық кеш дегеніңіз, көп жағдайда көлеңкеде қалып кететін композитор еңбегінің көрінуі, бағалануы. Еліміздің эстрадасында жүрген әншілер осы күнге дейін біраз әнімді орындапты. Жақсылы-жаманды халық қабылдады да. Солар, тағы да басқа жаңа әндер бар, елеп-екшей келе, бір есеп беруге тұрарлық шығармашылық жолдан өткеніме көзім жетті. Бұл биыл ғана емес, осыдан біраз жыл бұрын жоспарланған. Бірақ қандай да бір себеппен кейінге шегеріле берді. Биылдың еншісіне бұйырған екен, не күтетіні бар? Нағыз жауапкершілікті кеш өткізерде емес, ән дүниеге келерде сезінген жөн. Мұқағали айтқан «арзан атақ, сасық ырысқа» жетсек деп емес, өзімнің қай деңгейде екенімді сезіну, елге ғана емес, өзіме де есеп беру жағын ескерсек, тіпті, біраз уақытқа кешіктік деуге болады. Ал, кеш алдындағы қобалжу… Сөз жоқ, қатты толқисың. Көлденең тірліктің бәрін жиып қойып, осы үшін шапқылап жатырмыз.
– Кешіңізді «Сенің көзің…» атапсыз…
– Оның себебі, бұл ән менің шығармашылығымның халыққа жетуінің басы болатын. «Сенің көзің» одан бұрын да ел ішінде айтылып жүретін-ді. «Музарт» тобының (ол кезде жаңа құрылған) орындауында көпшілікке жетті. Жылы қабылданды. Ел арасында жаппай орындалды. Мені есіне түсіре алмай жатқандарға «Сенің көзіңнің» авторы», «Сенің көзіңді» шығарған» десе тани кетеді… «Сенің көзіңді шығарған…» дегенге қатысты анекдот та бар…
– Қандай?
– Құрдастардың шығарып жүргені ғой. Көзі соқыр біреуге Қанат Ибрагимовты таныстырыпты-мыс. «Қай Қанат?». «Әлгі, «Сенің көзіңді шығарған…». Сөйтіп, «қылмыскер» боп шыға келдік.
Сол себепті, алғашқы шығармашылық кешті «Сенің көзің…» деп атадық. Бұл ән оған әбден лайық деп ойлаймын.
– «Сенің көзіңнің» авторы ғана емес, «Ермек Балжігіттің әкесі» деп те танып жатады осы сізді…
– Бұл дегеніңіз үлкен бақыт. Әкесі жақсы болса «Бәленшенің баласы», ал, баласы жақсы болса «Бәленшенің әкесі» деп жатамыз ғой. Ермектің әкесі ретінде танылып жатсам, бұл оның өнерін елдің сүйгені ғой деп ойлаймын. Қазақтың қай баласы да атадан асып туған ұл болғанын қалар едім…
– Ермектің Майкл Джексон стилінде ән айтқанын, оны соншалық жақсы көретінін байқауға болады. Ал, сіздің әндеріңіздің табиғаты басқашалау. Ермек сіздің кешіңізде қандай ән айтады деген заңды сұрақ туады.
– Ермек Майкл Джексонға еліктеп қана ән айтады деуге болмайды. Ол, алдымен, тілі шықпай тұрған кезде ұлттық музыкамызды тыңдап, уілдеп айтып қалыптасты. Қазір де айтады. Жалпы, Ермекті қай жанрға, қай стильге салсаң да алып шығады. Қалай десеңіз де, әкесінің әнін айтпауға мүмкіндігі жоқ оның… (күлді).
– Композитор ретінде айтыңызшы, бүгінгі біздің шоу-бизнеске көңіліңіз тола ма? Бізге қай бағыттағы әндер көбірек керек?
– Барлық бағыт керек. Жаһандану – біз қаласақ та, қаламасақ та, – өз дегенін жасап жатыр. Өз әнімізді ғана айтып, ауылымыздан шықпай жатып алу енді мүмкін емес. Қандай ән болса да жазылсын, тыңдарман өз таңдауын жасайды. Кемшіліксіз емеспіз. Тек, жинақы, жоспарлы түрде дамығанын қалар едім. Берекесіздіктен сақтасын.
– «Қолыңызда закон күші бар» адам болсаңыз, біздің отандық шоу-бизнес өкілдерінің қай мінезіне тыйым салар едіңіз?
– Тым бүгіншілміз. Арғы-бергіні ойлайтын жан өте аз. Сауаттылығымыз да шамалы. Соған қарамастан әр нәрсеге кесім айтуға құмар… «Черный пиар – то же пиар» дейтін өлермендікті жек көрем. Абайдың «Арсыз болмай атақ жоқ» дегенін іштей жиі күбірлеуге тура келетін сәттер аз емес. Сол өкінішті.
– Мұның себебі не?
– Біздің шоуымыз бүгінде бір есептен өзін-өзі ақтай алатын, өкімет пен биліксіз де дамуға бет алған ірі сала. Бұл, әрине, қуантады. Аянбай еңбек ет – атақ сенікі. Сапалы жұмыс істе – бағаң артық. Сұранысы көп өнер иесі кедей бола қоймайды. Осыған жетудің (атақ шығарудың) жолында өлермендікке бару – жер өртеу… Басқаны білмеймін, атағы бар адам бүгінгі қоғамда аштан өлмейді. Түсінікті шығар…
– Тыңдалмайтын, түкке тұрғысыз әнді ақша шығындап өңдетіп, уақытын құртып жаздырып жатады. Бұл талғамның нашарлығы десек, бұл тараптағы композитордың ролі қандай?
– Композитордың ролі түсінікті ғой. Жаман ән жазбау керек еді. Өзін қинап, тақ-тұқ бірдеңе тудырғаны талантсыздығы емес, жауапсыздығы. Өз табиғатына өзі қарсы шығу. Бәзбіреулер 300 әнім бар деп жатады. Автобуста, анда-мұнда келе жатып та жаза берем деп салды бір ағайын. Қайда сол үш жүз ән? Неткен оңай мамандық?! Қиналу керек. Қинау керек. Келмей жатса, тумай жатса, күт. Қанша болса да күт! Онсыз оңған дүние тумайды. «Апама жездем сай» деп, болымсыз әнді талғамсыз бір әнші орындап, ақшасы мен уақытын құртып жүрсе – өз соры. Басқа не айтуға болар екен…
– Концертіңізге кімдер қатысады? Қанша ән орындалады?
– Отызға жуық ән, бір-екі композициялық туынды орындалмақ. Мақпал Жүнісова, Рамазан Стамғазиев, Бекжан Тұрыс, Нұрлан Албан, Досымжан Таңатаров, «Музарт» ансамблі, «Нұр-Мұқасан» дуэті, «Меломен», «Жетісу» топтары, Ардақ Балажанова, Асқар Жүнісбековтермен қоса, жаңа, жас есімдер жаңа әндерімді орындайды. Ұлан Байтақ, Ертіс Қожеке, Олжас Бекмұхамед, т.б. Ұзын-сонар тізім боп кетті ғой деймін осының өзі. Бұл тізімде ұлым Ермек Балжігіт те бар, әрине.
– Әңгімеңізге рахмет! Тұңғыш шығармашылық кешіңіздің сәтті өтуіне тілектеспіз!
Сұхбаттасқан Алмас НҮСІП
http://writers.kz/journals/?ID=10&NUM=288&CURENT=2599&ARTICLE=7711