Жақында «Фолиант» баспасынан белгілі ақын Маржан ЕРШУДЫҢ «Аламан» атты кітабы жарыққа шықты. Айта кетерлігі, бұған дейін Маржан ЕРШУ «Айек» деген псевдониммен « ШЫРАҚ» (2004), «ПЫРАҚ» ( 2008) атты кітаптарын шығарған еді.
Әдебиет әлеміне АЙЕК деген атымен енген – Маржан Аманқосқызы Ершу-филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық Түркітілдес елдер поэзия фестивалінің лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы мен Еуразия Жазушылар одағының мүшесі. (Түркия). Оның «Дариға ғұмыр, жыр-жүрек», «Таңғы шық», «Жапырақ-ғұмыр», «Шырақ», «Пырақ», «Ерік Құрманғалиев», «Ораз би» атты кітаптары оқырман қауымға жақсы таныс. Бұл кітапқа ақынның әр жылдары жазған шығармалары (поэзия, драма, проза, аударма, әдеби – сын мақалалары) енген. Сонымен қатар ақын әңгімелерінің түрік тіліндегі нұсқасы да еніп отыр.
Ақынмен болған жедел-сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
Маржан ЕРШУ : «Кітапты түсінетін адам көрсек, туыс көргендей қуанатын халге жеттік қой…»
– Маржан Аманқосқызы! «Аламан» атты жаңа кітабыңыз құтты болсын! Аламан дегенде, есімізге аламан-бәйге, жарыс түседі. Әдебиет әлемінде аламан бәйге шынымен де жетіспей тұрғандай.
– Аламан деген сөз мінезге де байланысты айтылады. Әбіш Кекілбаев алпысыншы жылдары жазған бір мақаласында былай деген екен: « Өнер де – бәсеке. Өнердегі шын бәсеке шын талантты шығандатып биікке көтереді». Өзім жылқы баққан ауылда өскендіктен аламан сөзі өзіме қатты ұнайды. Кітабыңның атауы күшті екен деп жатыр қыздар.
– Кітаптың безендірілуі көркем. Көз тартады. Компьютерлік графика өмірімізге етене еніп кеткендіктен болар, бұл күнде шығып жатқан кітаптардың дені компьютерлік дизайнмен жасалады.
– Дұрыс айтасың. Атырауда Камила Жапалова деген белгілі суретші бар. Менің досым. Екеуміз біраз жылдан бері шығармашылық байланыстамыз. Камила менің «Дина», «Қыран» атты поэмаларымның, «Құдыретті қобыз туралы ертегімнің» желісі бойынша картиналар салды. Суретші досым осылайша менің кезекті кітабымның да мұқабасының безендірілуіне өзі араласты.
– Мұқаба сыртында ұршықтың жанында ұршықтай үйірілген ұлттық киімдегі қыздар. Неге бес қыз? Неге жетеу емес?
– Махамбет бабамыздың «Бізге біткен бес еркектің буы бар» деген өлеңі бар. Есенғали Раушанов кейін бұл шумақты қайталап, жаңартты. Махамбет бабамның сөзін сәл өзгертіңкіреп айтсам, «бес қыздың буы» бізде де бар шығар. Әдебиеттің әр түрлі жанрында қалам тербеп келе қаламгермін. Кітабым бес бөлімнен тұрады.
– Әңгімелеріңіздің түрік тіліндегі нұсқасын да қатар беріпсіз. Пиар болсын деп ойладыңыз ба?
– Түбі бір түркіміз. Егемендіктің арқасында бұл күнде әдебиетіміз мен мәдениетіміз біте қайнасып, араласып бір-бірімізді жақыннан танып жатырмыз. Менің біраз түрік достарым бар. Олар да менің шығармаларымды өз тілдерінде оқығысы келеді. Қазақша-түрікше кітап болса деп айтып жатады. Шығармаларымды түгел аудару әзірге қиындау. Түркияда түрік тілінде кітабым шығады деп жатыр. Әңгімелерімнің жинағы.
– Жақында «Ерік Құрманғалиев», «Ораз би» атты кітаптарыңыз шықты. Енді, міне қолымызда, «Аламан»…
– Тағы бір кітабым бар дайындап жатқан. «Дина Нұрпейісова» деген кітап. Дәл қай күні шығатынын айта алмаймын. Демеуші табылса шығар.
– Қай кезде жазғанды ұнатасыз?
– Мен уақыт талғамаймын. Шығармаларым оқиғалы-сюжетті болғандықтан басымдағы ой әбден пісіп-жетілген кезде ғана жазуға отырамын. «Он күн ойланасың, бір күнде жазасың» деген белгілі фраза бар емес пе?!
– Түрік әдебиетінен біршама аудармалар жасадыңыз? Сол үшін сізге қаламақы төлей ме түріктер?
– Аудармаға қызығушылығым арқылы келдім. Түрік қаламгерлері қалай жазады және нені жазады деген сұрақтар басымды қатырды.
– Таптыңыз ба?
– Оларда ұлттық рух, түрік рухы биік тұрады екен. Тауды жырласа да, тасты жырласа да, жапырақты жырласа да «Мен – түрікпін» деген дауыс естіліп тұрады .
– Түрік жазушысы Орхан Памук туған халқын ғайбаттағаны үшін Нобель сыйлығын алды деген пікір бар емес пе осы?!
– Биіктік Нобель сыйлығымен өлшенбейді ғой. Бір қызық оқиға есіме түсіп отыр. Қайсыбір жылы Түркияда өтетін Хазар поэзия күндері мерекесіне қатыстым. Бір шараны кітап дүкенінде ұйымдастырған екен. Кітап сөрелерін аралап жүріп, көңілімізге қызық сұрақ кірді. Дүкеншіден сіздерде Орхан Памуктың кітабы бар ма деп сұрағанбыз. Дүкенші қызыл кірпіштің қалыңдығындай кітапты алып келді. Соңғы данасы. Бағасы бір доллар деді. Мен сатып аламын деген әзербайжанның ақын қызына, дүкенші «Сізге сыйлыққа береміз деп, кітапты пакетке салып берді. Орхан Памук туралы осыдан кейін не ойлауға болады?!
– Драма жазуыңызға не себеп болды?
– Драма жазуыма себепші болған – Ресейдің Халық әртісі Сергей Безруков. Оның сахналық қойылымдарын көрсем, шабытым оянады.
– Бүгінге дейін жазған шығармаларыңыз қанша баспа табақ болады шамамен?
– Жазғандарым үш томдыққа жүк болады. Тіпті одан асып кетуі де мүмкін. Өзіме салса шығармашылықпен айналысқан ғана ұнайды. Қазіргі уақытта шығармашылықпен еркін айналысу өте қиын. Кеңес заманындағыдай бұрқыраған қаламақы деген жоқ. Өлеңімді апарсам, газеттер мақала , қара сөз жазып әкел дейді. Жиырмадан астам поэмам бар. Поэма баспаймыз деп ашық айтады. Ал мен бір отырсам, тоқтай алмай жазам ғой. Маған да оңай ма екен?!
– Демеушілеріңіз көп бе?
– Демеушілерім көп те емес, жоқ та емес. Кітапты түсінетін адам көрсек, туыс көргендей қуанатын халге жеттік қой.
– «Аламанның» алғысөзін Халық әртісі Бибігүл Төлегенова жазыпты. Неге белгілі қаламгерге жаздырмадыңыз?
– Бибігүл Ахметқызы өте бір шынайы адам. Ол кісімен «Ерік Құрманғалиев» атты кітабымды дайындау барысында жақын танысып, араластым. Пікірлесіп, ақыл-кеңесін тыңдадым. Бір күні Бибігүл апай «Маржан, сенің өлеңдеріңді оқығым келеді» дейді. Ол кісі менің не жазып жүргенімді білгісі келген шығар. «Шырақ», «Пырақ» атты кітаптарыма алғысөз орнына сөзді өзім жазған едім. Соны көргені шығар, мен бір пікірімді айтайын деді. Айта кетейін, бала кезімде Бибігүл Төлегеноваға еліктеп әнші болғым келген. Ол кісінің ұлттық киімдегі ұлттық әшекеймен түскен сахналық суреттері мені қатты қызықтыратын.
– Кітабыңыздың тұсаукесері туралы айта кетсеңіз?
– 3 ақпан күні сағат 16. 00-де Ұлттық академиялық кітапханада «Аламан» атты кітабымның тұсаукесері өтеді. Тұсаукесерге зиялы қауым және шығармашылық өкілдері шақырылып отыр. Тағы бір айтарым, кітабым сатылады қол жетімді бағамен. Қаламақы көзден бал-бұл ұшқан заманда бұл түсінікті шығар. Сіздерге, «Әдебиет порталының» кітапханасына бір кітабымды сыйлайын.
– Әңгімеңізге рахмет. Шығармашылық табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан: Бауыржан Қарағызұлы
http://adebiportal.kz/marzhan-ershu-k-tapty-t-s-net-n-adam-k-rsek-tuys-k-rgendey-uanatyn-khalge-zhett-k-oy-.page