Аңыздай жұмбақ ғұмыр

1
185

Жолтай ЖҰМАТ

Елге жол түсті.
Соңғы кезде сирексіп кеткен сапар болған соң ба, осы жолы өзгеше толқып, ауылдың әр тасына, әр қыратына дейін назар салып, қайта-қайта қара жолына қарағыштай беріппін.
Жанымдағы серігім – Әкім. Жо-жоқ, аудан әкімі деп ойлап қалмаңыз! Тіпті ауыл әкімі де емес. Ол – үлкен әріппен жазылатын Әкім. Өйткені, бұл маған тереңнен қозғап әңгіме тиегін ағытқан асыл ағаның есімі. Яғни, аты – Әкім, ал заты – ақын!
Әкім аға туған топырақтың арғы-бергі тарихынан сөз сауып, кешегі батыр бабалар Көкен, Құттықожа, Төлек, Айтбай, Сырғақтарды тілге тиек етуде. Қорасан мен Қылауыз баба, Бақсайыс пен Айхожа ишан, Сунақ ата мен Сабылт ата, сосын Құлан мен Құтбай секілді ақын-жыршылар, нешелеген қоғам қайраткерлері хақында еселеп айтады. Бірқатар жазбалары да бар болып шықты. «Әттең, елдемін ғой, елде жүріп ақын-жазушы болу азап, әйтпесе басын қосып кітап етіп шығарса, кемі 2-3 том болар ма еді, қайтер еді», деп қояды сөз арасында.
– Туған жердің тарихын мүлде аз біледі екенмін, сізді тыңдап отырып, соны байқағандаймын, – деп, мен ағымнан жарылдым. Әкім ағам күлді. Күлді де:
– Жазушы болсаң, ана Дүкенбай ағаңдай болғаның абзал, – деді. – Дүкең әрі тарихшы, әрі зерттеуші, әрі жазушы…
– Оны білем…. – деп күмілжігем.
– Жоқ, білмейді екенсің, – деді Әкім аға. – Білсең, бұлай сөйлемеген болар ең. Сен өзі Дүкенбай Досжан деген қаламгердің қандай тарихи көркем дүниелерін ерекше бөліп айта алар едің?
– Ол енді… көп қой. Айталық, «Жібек жолы…».
– Орта жолдан бастадың, – деп, ағам сөзімді бөліп тастады. – Сені бұлай жайдақ сөйлейді деп ойламап ем.
Мен де қисая тілге келдім енді.
– Немене, «Жібек жолы» осал роман ба? Нашар шығарма ма?
– Осал емес! Тіпті де осал емес! Мәселе, бірақ, мынада. Дүкенбай осы романға келмес бұрын қаншама әңгіме-хикаяттар жазды. Жазушы болып қалыптасып та үлгерді. Алдымен соларды атамайсың ба, а?
Ойланып қалдым. Көз алдыма Дүкенбай ағамның «Жусан мен гүлдер», «Фараби» «Отырар», «Түркістан» секілді шоқтығы биік повестері елес бергендей.
– Ертегі… – деді Әкім ағам. – Ертегі секілді бәрі де…
Сөзін сол сәтте түсінбей қалсам керек, аузым ашыла Әкім ағама қарап тұрмын. Әкім аға енді былай деді:
– Есіңде болсын, мына Сыр өңіріндегі шым-шытырық, тарау-тарау тарихты ертегідей етіп қара сөзбен жырлап бере алған қаламгер – ол Дүкенбай. Дүкенбайша есте жоқ ескі заманды тірілте сөйлету, жан бітіре жырлау – әркімнің-ақ арманы.
Менің ойыма Дүкенбай көкеммен болған бір мөлтек әңгіме орала берді.


* * *
2002 жылдың жазы.
Жазушы ағам Дүкенбай Досжан қырық жылдан астам уақыт тұрған сүйікті Алматысымен қош айтысып, Астанаға қоныс аударып, көшіп келгеніне көп уақыт бола қойған жоқ-ты.
Бір күні ол кісі маған телефон шалды.
– Жұмыста отырсың ба? – деді.
– Жұмыстамын.
– Ерте шыға аласың ба?
– Білмедім. Жағдайға байланысты…
– Сені сағат жетіде үйде күтемін. Әңгіме бар.
– Жарайды, аға. Баруға тырысайын.
Сәтін салғанда, сол күні кеңсе жұмысында сәл-пәл тыныштық болды да, дереу Дүкенбай ағаның үйіне тарттым. Сол айтқан уақытында есігінің қоңырауы басып тұрдым. Ағам есікті өзі ашты да:
– Е, мемқызметтегі жігіттердің бәрі мына сендей берген уәдеде тұратын болса, біздің Қазақстан жайнап-гүлдеп кетер еді-ау! – деп әлде арман, әлде өкініш, әлде әзіл… сөзін айтты.
– Ой, аға, үлкен басыңызбен сіз шақырған соң, кешігіп келуге бола ма! – деп, мен де ол кісіге қолпаш білдіріп, екеуміз залға қарай өттік. Үйде жеңгей жоқ екен. Бәсе, Сәуле жеңгем болса, ендігі аңқылдап, алдымнан шығып, «ой, данышпаным» деп жарқылдап сөйлеп тұрмас па!

– Жеңгең Алматыға жол жүріп кетіп еді, оңаша сөйлесейін дегенім ғой, – деп Дүкең де менің ойымды оқып қойғандай, дереу анықтама беріп жатыр.Әңгіме бірден әдебиет жайына ауысып жүре берді.
– Мені білетін, һәм қадірімді арттыратын қатарлас қаламгерлер, сыйлас жазушылар, құдайға шүкір, қазақ топырағында баршылық, – деп Дүкең әңгіме арқауын ағытты. – Биыл 60-жасқа толмақшы екем, мерейтойлық мақала жазатындар да табылар. Арманым ол емес…
Сәл тоқтады. Стаканға толтыра құйып, су ішті. Тамағын кенеді.
– Менің өмірім бейнелеп айтсақ, аңызға ұқсас, – деді сосын. – Кейде өзімді ертегі әлемінде өмір сүріп жүргендей сезінетін сәттерім көп… Оның себебі неде деп ойларсың сен…
– Қызық екен. Әрине, себебі…
– Себебі, мен әу баста қаламгерлік жолды есте жоқ ескі замандар шындығын түп-тамырымен қопарып ашамын деп, сол заманға шым батып кетіп, көркем сөзбен сурет сала бастаппын. Бір әфсананы екінші әфсана жалғады. Бір аңызды екінші аңыз тірілтті. Мен туралы осы күні тереңнен ой толғаса, әсте не Әбіш (Кекілбай), не Мұхтар (Мағауин) болар еді-ақ. Бірақ…
Тағы да әңгімесін үзді. Тағы да су ішті. Тағы да тамағын кенеді.
– Ол кісілер молынан қамтып қалам тербесе, ғажап болмас па еді, аға, – дей беріп ем, Дүкең сөзімді бөліп:
– Менің аңыздарым сонау ел ішінен, Сыр бойынан, Қаратау иірімдерінен һәм Қызылдың құмынан бастау алып жатқан жоқ па! – деді.
Сосын тағы да былай деді:
– Әр жазушының көңіл түкпіріндегі асыл арманы – шығармаларының тағдыры қайдан, қай жерден басталып, қандай асу-белестерден асып һәм қай жаққа бағыт бұрғанын дөп басып білетін ойлы оқырманы көп болғаны…
– Ол ғана емес, – деді сосын тағы да. – Ең бастысы, жазушы үшін үлкен бақыт сол – сені мақтаса да, сынаса да біліп-түсініп, ақ-қараңды ажыратып, төресөз тізіп, қара қылды қақ жарған әділ әңгіме болса ғой…
Мен таңданулымын. Дүкенбай ағамның дәл осылай барынша шешіліп, бүкіл жан-тәнімен сыр айтып, ағыл-тегіл сөйлегенін алғаш рет көріп отырмын. Көп шешіле бермейтін, көп сыр шаша бермейтін көкемнің бүгінгі жағдайын қала ойласам да, еш түсіне алар емеспін…
Есіме түсті. Бір жылы белгілі сыншы З.Серікқалиұлы Дүкенбай жазушы туралы былай деп жазды: «…Екінші қадап айтарым: Дүкенбай Досжанның ешкімге ұқсамайтыны, ешбір канон, қалыпқа сыймайтыны; сондықтан ба, кезінде қаламгердің сыншысы көп болды, бәсекелес, бақталас қатарлары да аямай тірсектен қағып бақты…».
Сонда… қаламгердің өзгеден оқшау құпия таланты, сөз құдіретін тануы һәм кестелі көркем дүние тудыруы – бәрі де түкке тұрмағаны ма?
Сонда… жазушының сөз айдынында жарқ-жұрқ етіп, алмастай жарқылдап, төгілте жазып, мейлінше жаңа қырынан танылуға талпынған әрбір ізденісі елеусіз қалып, қарапайым өмірдегі момын-момақан мінезі елге ілік, сөзге тізгін бола бергені ме?
Қараңыз: «…Ұшы-қиырсыз Жібек жолының бойымен лықылдай соққан сары жел бір мезет демін ішіне тартқан. Күн арқан бойы көтеріліп, демде қызған көсеуге ұқсап жер құйқасын көңірсіте түсті. Күйген иіс көтерілді…».
Бұл – «Жібек жолы» тарихи ро­манының әп деп басталардағы алғашқы сөйлемі. Осы шығарманы қағаз бетіне түсірген кезде Дүкенбай жазушы отызға да толмаған екен. Өзінің тұстастарының біразы ол кезде енді-енді ғана танылып, алғашқы әңгіме-хикаяттарын жазып жүрсе керек…
* * *
Менің осындай бас-аяғы бітпес ұшы-қиырсыз ойымды қасымдағы ақын ағам Әкім Мейірбекұлы бөліп жіберді.
– Дүкенбай қаламгерді бұл қазақ, шамасы, әлі түсініп болған жоқ. Әсіресе, тарихшылығын, терең тарихтан молынан қарпып, телегей сыр тарта, төгіліп жаза білетін сыршылдығын…
Әкім ақынның бұл сөзіне өзімше дау айтқан болып:
– Дүкең тек тарихи тақырыпты қаузаған жоқ, ол кісі бүгінгі заман туралы да кесек-кесек шығарма жазды. Әңгіме дейсіз бе, хикаят дейсіз бе, роман дейсіз бе… – дей бергенімде, Әкім аға:
– Ол бөлек әңгіме, – деді. – Мен саған туған жердің тамырлап тараған тарихын бейнелі сөзбен берудің үлгісі қандай болады деген жағдаятты түсіндіріп отырмын.
– Сонда, – дедім мен өзімше қисая сөйлеп. – Тарихты қаузап жазбаған жазушы – жазушы емес пе? Олар туған топырақты риясыз сүймегені ме? Бұл тақырыпқа ешқашан бармаған, өмірі мақсат-мұрат тұтпаған қаншама ғажайып қазақ қаламгерлері бар. Мысалы, Соқпақбаев…
Ақын ағам маған жалт бұрылып қарады да, дереу көзін тайдырып әкетіп, былай деп күбірледі:
– Күз де келіп қалыпты-ау, ә! – деді. Енді күз туралы ойға беріліп кетті білем!
Мен білетін Әкім Мейір­бекұлы – өмір бойы Сыр бойында, Жаңақорған кентінде тұрып жатыр. Ешқашан үлкен қалаға ұмтылмады.
Жас күнімде Әкім ағам біздің үйге жиі-жиі келетін. Келген сайын мені оңашалап әңгімеге тартушы еді. «Талабың зор, тілің жатық, қаламды тастама» дейтін.
– Біздің өмір өтті! – деп, дауыс шығара айтқанда, селк еттім. Ойым кілт үзілді.
– Өткені қалай, аға?
– Шығармашылыққа барынша ынта-ықылас қойып, қасиетті өнермен түбегейлі айналыса алмағаным өкінішті. Бойда бар қабілет-талантты аялап ұстап, мейлінше пайдаланбадық. Енді, міне, жас болса жетпістен асып, сексенге бет түзедік.
– Ал, Толстой 80-ге тақаған шағында «Қажымұратты» жазды деген дерек бар…
– Білем. Толстой – ол Толстой! Бізді ондай тау тұлғамен салыстырма, – деп алды да, сәл-кем бөгеліп, тағы да Дүкенбай ағам жайлы әңгімеге ауысты.
– Біздің елден шыққан Толстой – ол осы Дүкенбай Досжан болар, – деді. – Қарашы, артында қаншама мол мұра қалды. Әттең, жетпістен аса бере-ақ көз жұмды. Енді тағы да бес-он жыл өмір сүргенде, бұдан да көп дүние бере алатын жағдайы бар болатын. Дүкенбай досым шаршаған жоқ, қалжырағанын байқамадым…
Ол кісі сөйлеп отырғанда есіме тағы да Дүкенбай көкеммен болған бір әңгіме орала берді.
– Мен тәуелсіздікпен ілесе алғашқылардың бірі болып Алаш арыстарын тірілту бағытында аянбай тер төктім, інім! – деп еді Дүкең. – Сен менің 1992 жылы жарыққа шыққан «Абақты» деген тарихи эсселер кітабымды оқыдың ба?
– Оқығам, – деп күмілжідім.
– Оқысаң да атүсті қараған боларсың. Ол жарамайды. Ал, мен сол кітабымда М.Әуезовтің, М.Жұмабаевтың, Ж.Аймауытовтың, М.Ду­ла­товтың, А.Байтұр­сыновтың істі болуы жайынан сыр суырт-пақтағам-ды. Бастан-аяқ тарихи дерекке құрылған дүние. Сол асылдар бастан кешкен азапты, ауыртпалықты, қиянатты танып-білмейінше, еш қаламгер тыныш ұйықтауға хақылы емес. Мен соны білем.
Ағамен сөз тайталастырып, қайта ақталып жатуды жөн санамадым. Әйтпесе, «Абақтыны» әуелгілердің бірі болып, түп-түгел оқыған да мен едім. Өзім де Алаш арыстарының өмір жолын аз-кем қаузап жүрген соң, неге оқымасқа! Сол жылдары С.Қожановты, Н.Төреқұловты, С.Сапарбековті зерттеп, енді кітап жазуға бел байлаған кезім-ді.
Ойыма оралды.
Досжан былай деп жазып қал­дырыпты:
«…Әуезовтің қиналып келген кезіндегі медет тұтары – кіші мақсатын үлкен мақсатының жолына қия білетіндігі, келешек ұрпақпен жүздесетін, шүйіркелесіп әзіз ғұмырын мақсаттардың мақсаты деп түсінетіндігі…» («Абақты», 43-бет).
Менің Дүкенбай көкем ше? Ол да аз мехнат көрмеген болар-ау!..
* * *
2012 жылы Дүкенбай Досжан 70 жасқа толды. Бірақ, неге екені белгісіз, қаламгердің мерейтойын өз деңгейінде атап өту туралы еш жерде сөз болмады. «Осыны өткізу керек еді» деген ынталы топ бой көрсетпеді. Бәрі де селқос кейіп танытты.
Осындай күндердің бірінде Дүкең мені тағы да іздеді. Телефон арқылы сөйлестік. «Үйге кел» деді ағам. Бардым. Оңаша отырып сөйлестік. Сәуле жеңгем шәй құйып беріп, «ой, данышпаным» деп менің бетімнен сүйді де, «әңгімелеріңе бөгет болмайын» деп келесі бөлмеге шығып кеткен.
Дүкеңнің осы жолы тым шаршаулы екенін байқағандаймын.
– Аға, бір жеріңіз ауырып жүр ме? – деп сұрадым.
– Тәнім сау, – деді ағам. – Бірақ жаным сау емес.
– Неге? Неліктен?
Дүкең ойланып отырды да:
– Жетпіс жасымды дүркіретіп тойламай-ақ қояйын деп шештім, інім, – деді. – Тек үйге мол етіп үлкен дастарқан жаямын. Ең сыйлы деген оншақты кісіні шақырамын…
– Ол да дұрыс, – дедім мен Дүкенбай ағамды көңілден­ді­рейін деп. – Осы жетпіс жасты міндетті түрде елге дабыралап, шулатып тойлауды кім ойлап тапты екен? Мынадай заманда…
Осы сөзді естіген Дүкең де сәл жымиып:
– Сол дастарқанды сен жүргізесің, –деді. – Бәлкім, сені қазіргі аға буын қаламгерлер әлі де бала көретін шығар, ал мен үшін қалыптасқан жазушысың, өз қолтаңбаң бар. Оның үстіне – бір елдің суын ішкенбіз. Сенің әрбір сөзің – маған қуат береді. Туған ауылдың бойға шымырлап даритын саф ауасындай болады…
Келіспеске амал қалмады.
Үйге қайтып келе жатып, тағы да Дүкенбай көкемнің тарихи романы туралы ойлағам-ды.
«…Иен даладан дүркіреп жабайы бұлттар өтті. Адырлардан қарғын ақты. Қарғынның қызыл суы жолындағы қиыршық, тас, құм, бұта, ағаш атаулыны құмыға жұтып, қоймалжыңына араластырып, алысқа-алысқа әкетті…».
Бұл – «Жібек жолы» тарихи романының соңғы жолдары. Түйінделер тұсындағы сөз түзілімі.
Есіме түсті.
Қаламдас, сыйлас досы, үлкен жүректі жазушы Ә.Кекілбай былай деп жазды: «Дүкенбай Досжановтың бір шығармадан бір шығармаға баспалдақтан өсіп, тынымсыз ізденуі өзімді қатты қызықтырады…».
Олжас Сүлейменов жазады: «…Меніңше, Досжанов сөз қаруын қасиет тұтатындықтан да қаламға қажетсіз жерде жөнсіз жармаспайтын жазушы…».
Г.Бельгердің, В.Бадиковтың, т.б. қаламгерлердің де ой-пікірлері жүрегіңді қозғайды.
* * *
Осы әдеби эссені жазу үстінде мен әртүрлі ойға ерік бердім.
Кеше ғана өмірден озған қарасөздің жүйрігі Дүкенбай Досжан туралы қалам тербегенде, бәлкім, оның шығармаларына үңіліп, тереңірек талдаған жөн бе еді. Айталық, тарихи дүниелерін бір бөлек, бүгінгі заман туралы роман, әңгімелерім бір бөлек – жеке-жеке сөз етсе ше! Оның ішінде «Жібек жолы», «Дария», «Зауал», «Табалдырығыңа табын», «Ақорда», «Алаң», «Мұхтар жолы» іспетті кең тынысты романдарына тоқтала сөз арнасақ ше! Болмаса отызға жуық әртүрлі тақырыптағы кесек-кесек хикаяттарын талдаған дұрыс па? Бәлкім, ең соңғы жинағы – 100 әңгімеден тұратын екі том­дық кітабы сөз өзегі болғаны орынды ма еді?!
Жо-жоқ, біз зерттеуші емеспіз. Әдебиеттің әр жанрын түп-түгел тамырлап жазып, терең талдау да – біз үшін мақсат болмақ емес.
«Абақты» кітабында М.Дулатов туралы жаза келіп: «… Уақыт – сарапшы, тарих – таразы. Арада өткен жетпіс бес жылдан астам уақыт кімнің кім екенін таразыға салып өлшеп көрсетті. Дулатовтың өзіне тән тұлғасын ұрпағына енді ғана айқынырақ көрсетіп берді…» деген түйіндеме жасайды. Асылы, осы түйінсөз Дүкенбай қаламгердің өзіне де арналса, еш артық емес. Ол шын бағасын енді ғана алады. Алдағы күндерде артындағы мол асыл мұрасы таразыға салынады. Шындық айтылады. Жазылады. Біз үшін ең керегі – Дүкенбай есімді кең жүректі қаламгердің көзі тірісінде айтылмаған қырлары мен қадір-қасиетін аша түсіп, артында қалған жас ұрпаққа оның әдебиеттегі ерлік істері мен шынайы азаматтық бет-бейнесін барынша ашып көрсету…
Мен елден қайтар сәтте тағы да Әкім ағаммен аз-кем тілдестім. Ол кісі маған туған елді сүюдің ең үздік үлгісі – туған тарихты һәм кесек-кесек аңыздарды терең білу екендігін, оны көркем тілмен кестелеп жаза білу екендігін тағы да қадап айтты.
– Дүкенбай аға сияқты ма? – деп мен күліп едім, Әкім аға маған жалт бұрылып:
– Оның еш күлкісі жоқ! – деді. – Дүкенбай ертегі-арманмен өмір сүрген қаламгер. Оның бүкіл ғұмырын әдемі де әсерлі ертегі деуге болады. Ендігі жерде Дүкенбай – қаламгер туралы әдемі әфсана, әлде ертегі, әлде аңыз шығарма жазуға да болар… Осы ой ешқашан есіңнен шықпасын, бала!…
Тұп-тура Дүкенбай көкемнің өз аузымен айтқандарын маған қайталап тұрғандай.
Содан соң аз-кем тыныстап алып, бір өлең оқыды.
– Өгей көрмейсің өзгенің жырын,
Туысыңдай тыңдайсың өзгенің сырын!
Қуана білесің, қуанта білесің,
Осы ғой, осы, азаматтық қырың!..
Тоқтап қалып еді, мен де жұлып алғандай асыға сөйлеп:
– Кімге арналған жыр бұл? – деп сұрап үлгердім.
Ағам үндемеді.
Өлең туралы ләм деп тіс жармады…
Тек бір-ақ ауыз сөз айтты:
– Жақында үш ғасыр бұрын өмір сүрген аңыз адам – Көкен батыр жайлы көлемді тарихи дастан бастадым. Бұл да сол Дүкенбаймен болған әңгімеден өрбіген ой. Жетпіс бестің биігіне көтерілген ағаңның арыны қалай, шабысы қалай – оны осы туынды аяқталған кезде бағалай жатарсың, бауыр інім…
Ақын ағаммен қоштасып болып, поезға отырғанымда терезеден Сыр бойындағы менің туған топырағым – Жаңақорған аймағы көз алдымда дөңгеленді. Бұл – Дүкенбай туған жер. Бұл – Дүкенбай ағама алғаш ертегі әуезін тыңдатқан, аңыз әлемге барынша жетелеген кең дала! Демек, осындай аңыз – дала аман болғанда, сол даланы өле-өлгенше қара сөзбен дамылсыз жырлаған Дүкенбай Досжан неге естен шығады? Жоқ, Дүкенбай – қаламгер тірі! Ол біздің жүрегімізде…
Елден бастау алған ертегі – арман бұдан кейін де жалғаса бермек! Өйткені, ол – «Мың бір түндей» ұзақ…

 

МЕНІҢ ЖАЛҒЫЗ СЕРІГІМ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Жер сияқты менің жалғыз серігім,
Маған бастап алып келді сені кім?
Қу тірлікте жансебілдеп жүргенде,
Тағдырыңды тағдырыма телідің.

Ай сияқты суық, көркем жан едім,
Ашқызбайтын жұмбағы мол әлемін.
Қой аузынан шөп алмайтын мінезбен
Жүрегімнің өзің таптың дәл емін.

Мені көрген көздеріңнен айналдым,
Жүрек жарған сөздеріңнен айналдым.
Жер ортасы Көктөбеде кездесіп,
Жұлдызың боп тағдырыңа байландым.

Таныстырған сол кезіме мың алғыс!
Табыстырған сол сезімге мың алғыс!
Қолыңды ұстап жас баладай шаттандым,
Әйел жаны әрнәрсеге қуанғыш.

Әрбір күнді соңғы күндей өткізіп,
Құрметіңді сезіміңмен жеткізіп,
Жүретұғын дәурен өте шыққаны-ай,
Сарыарқада сары қайғы шеккізіп…
***
Өзіңді айтпай,
Ойламаған жоқ күнім,
Сағыныштан асыл жарың шекті мұң.
Бар әйелдей бақытты едім сенімен,
Жетпейтінім – бүгін сенің жоқтығың.

Сендей жанды,
Күнде еске алмау мүмкін бе,
Сенсіз ән де,
жараспайды күлкім де.
Жарқ еткізіп мендік тұман көңілді,
Шіркін, шіркін, оралсаң ғой бір күнге.

Елің сені есіне алып, аңырап,
Теледидар, газет, радио жамырап.
Сен туралы айтса ғой деп тіледім,
Жан-дүнием отырғанда қаңырап.

Жазғандарың жылда шығып баспадан,
Асыл бейнең жарқылдаса таспадан.
Мен отырсам ел-жұртыңа сыр ашып,
Тіпті саған тірлігіңде ашпаған.

Осылай бір армандаумен көзі іліп,
Сағынышпен өткенді еске ап езіліп.
Жыр жазамын, толтыра алмай орныңды,
Жер бетінде жалғыздығым сезіліп.

ІЛЕСІП КЕТТІҢ ОРАЛМАСТАРДЫҢ КӨШІНЕ

Оралды көктем,
Өзіңді салып есіме.
Боталап көзім, қараймын жолға несіне?
Алатау асып, аманат етіп қаламды
Ілесіп кеттің оралмастардың көшіне.

Аттанып кеттің,
«Қош!»,- деуге шамаң келмеді.
Шаршап, талдың ба, тіршіліктерден жердегі,
Шалқар шабытпен шалдығып еңбек етсең де,
Шалқып жүруге мүмкіндік саған бермеді.

Өкпеледің бе, мінезге басып шығыстық?
Көкте дедің бе, жаныңа жақын тыныштық?
Бір ауыз тілге келмегенің не қоштасып,
Жарың едім ғой, ғашық боп алған тым ыстық.

Айырылмастай мәңгіге сеніп жүріп ем,
Ғазиз басыңа тең көрмей жанды тіріден.
Алла айырды, амалым бар ма, қайтейін,
Дүние деген осы екен ғой, бірі кем….

Сәуле ДОСЖАНОВА

“Қазақ үні” газеті

Аңыздай жұмбақ ғұмыр

1 Пікір

  1. Жазушы деген кісілерге таң қалам, өз жан дүниесін сыртқа ұялмай, өз еркімен ашып салады.кейде ерлік деуге болады.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз