ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚТАРДЫҢ ДІНИ МӘДЕНИЕТІ

1
200

Қытайдағы қазақтар көшпенділікке, малшаруашылығына икемділігі сияқты мәдениетінің ерекше белгілері арқылы тіршілік еткен ортасының әлеуметтік-экономикалық, саяси өзгерістеріне қарай бейімделе өмір сүре білді. Алайда, қазіргі Қытайдың жаппай қытайластыру саясаты мен қарыштап дамыған ғылыми-техникалық ілгерілеу үдерісінің жетістіктерін кеңінен қолдану арқылы өндіріс орындарын инновациялық техника мен технологияға бейімдеу, осыған сәйкес техника, жаратылыстану саласы мамандарына деген сұранысты арттыруы үрдістері талаптарына Қытайдағы қазақтардың малшаруашылығына негізделген және негізгі ошағынан оқшауланып қалған мәдениеті толықтай жауап бере алмай қалып отыр. Әлеуметтендіруші қызметке қатысты: Қытайдағы қазақтар мәдениетінің өкілдері Ислам дініне сенетін Қытай территориясындағы басқа ұлттық субмәдениеттер өкілдеріне қарағанда Қытайдың саяси өміріне белсенді араласқанын куәландыратын статистикалық деректер көп, мәселен, Шынжаң автономиялық ауданында басқару орындарында лауазымды қызметте отырған қазақтардың саны олардың осы өлкедегі басқа аз санды ұлттар санына шаққандағы пайызынан әлдеқайда жоғары, коммуникативтік – негізгі отаны Қазақстаннан оқшау дамыса да, Қытайдағы қазақ мәдениетінің бұл қызметін атқарушы өзіндік құралдары – араб графикасына негізделген А.Байтұрсынұлының әліпбиі (төте жазу), баспасөзі, әдебиеті, БАҚ дамыды, ақпараттық – бұл мәдениет өкілдерінің жазушылары, ақындары, діни, қоғамдық қайраткерлері жасаған рухани құндылықтары жалпы қазақ мәдениетін ақпараттармен байытатын білімдер жүйесін құрады және құрмаластырушы – мүлде басқа дін ресми деп танылған, мәдениеті жағынан гетерогенді сипаттағы Қытай мемлекеті территориясында отырған қазақтар өз діні арқылы басқа да Ислам әлемі өкілдерімен бірегейленіп қана қоймай, сонымен бірге өз ұлтына да бірегейленеді. Сөйтіп, Қытайдағы қазақтар мәдениетінде аталған қызметтер түрліше көрініс бергені анық.

Қытайдағы қазақтардың мәдениеті басқа ел территориясында бірнеше тарихи кезең бойында оқшау (локалды) дамып қалған, перифериясында басқа әлеуметтік-саяси, экономикалық түрткіжайттардың ықпалына түскен, дегенмен де өз бет-бейнесін, ядросын сақтап қалған қазақ ұлттық мәдениетінің бір көрінісі. Ал ұлттық мәдениет деген белгілі бір елдегі, мемлекеттегі адамдар қауымдастығының рухани өмірін сипаттайтын символдар, наным-сенімдер мен құндылықтардың жиынтығы. Лингвистикалық және этникалық жақтан біртекті мемлекетте бір ғана ұлттық мәдениет болады. Алайда әлемнің көптеген елінде бірнеше ұлттың мәдениеті болады, әдетте, бұл елдерде басым халықтың және ұлттық азшылықтардың мәдениетін ажыратады. Бұлардың арасында диалогтік қатынас немесе мәдени қақтығыс (конфликт) жағдайы болуы мүмкін. Ұлттық мәдениет ішінде субмәдениеттер ажыратылады. Бұлар – өмір сүру, ойлау мен мінез-құлықтың жалпыұлттық мәдени нормаларынан айрықшаланып тұратын жекелеген демографиялық немесе әлеуметтік қабаттар мен топтардың мәдениеттері. Қандай да бір қоғам мәдениетінің дамуында діни субмәдниет ерекше рөл атқарады, ол әлеуметтік топ өкілдерінің белгілі бір дінге сенуі негізінде қалыптасады. Әлемдік діннің әрқайсысы субмәдениеттің өзіндік түрін қалыптастырады. Сондай-ақ олардың өз ішінде де субмәдениеттер жіктеліп шығуы мүмкін, мәселен, исламдық субмәдениет шеиіттік және сүниттік ағымның субмәдениттеріне жіктеледі.

Қытайдағы қазақтар мәдениеті лингвистикалық және этникалық жағынан әртекті мемлекетте ұлттық азшылық мәдениеті мәртебесіне ие. Сондықтан оның дамуы мен өркендеуі миноритарлық (солғын) сипатта болады. Қытай қазақтарының ұлттық мәдениетінің ішінде ислам діні негізіндегі діни субмәдениет ерекшеленеді. Бұл тұрғыда Қытайдың жалпы мәдениеті фонында қазақтар діндарлығының бар-жоқтығына қарамастан, исламдық діни мәдениеттің өкілдері ретінде қабылданатынын айта кету керек. Сонымен бірге кез келген дүнияуи идеологияның күштілігіне қарамастан, қоғамдық санада, соған сәйкес әртүрлі қатынастарда, т.б. діни элементтер берік сақталатынын ескерсек, мәселен, қазіргі Қытай қоғамында атеистік идеология басымдық танытып, коммунистік ілім ресми түрде қолдау тауып отырса да, кез келген қазақ өз өмірінің туу (азан шақырып ат қою, т.б.), үйлену (неке қию, т.б.), өлу (жаназасын шығару, т.б.) сияқты елеулі кезеңдерінің өзінде діни әдет-ғұрыпты қолданады, Қытайдағы қазақтарды толықтай мұсылмандық діни субмәдениетті құраушы топқа жатқызуға болады.

Қытай мемлекетінің басты ұлтының мәдениеті мен ұлттық азшылық субмәдениетіне жататын қазақтардың мәдениеті ұзақ тарихи кезең бойына жанама (параллель) кеңістіктерде дамығандықтан, бір-бірімен тоғыспайтын екі өмірлік әлемді құрайды. Алайда Қытайдың ұлттық саясатының қытайластыру үрдісінің ықпалымен қазақтардың мәдениетінің акультурацияға ұшырау қаупі бар. Егер ХХ ғасырдың 90-жылдарына дейін үстем мәдениет пен солғын мәдениет арасындағы қатынас құрмаластырушы (интеграция) сипатта болса, кейінгі онжылдықтарда ол басым (Қытай) мәдениеттің солғын мәдениетке (қазақ) қатысты басқыншылық позиция ұстануына қарай өзгерді. Осы тұста Қытайдағы қазақтардың діни субмәдениетіне де теріс әсер ететін факторлар көбеймесе, азайған жоқ.

Діни мәдениет дегеніміз қандай да бір діннің әсерімен қалыптасып, дамыған және белгілі бір дін өкілдерінің сакралдық қатынасын қамтамасыз ететін мәдени жүйе. Діни мәдениеттің идеалды типі құрылымдық тұрғыдан қатаң иерархиялық (пирамида іспеттес) құрылыммен, ал мазмұндық тұрғыдан әлеуметтік-танымдық мазмұнның «сезімнен тысқары» және «сезімдік» жақтар үйлесімін көрсететін қосдеңгейлік күрделі құрылысымен сипатталады. Бұл –  философиялық еңбектердегі діни мәдениетке жиі берілетін анықтамалардың бірі.  Әрине, бұл жалпы берілген типтік анықтама, алайда Қытай қазақтарының діни мәдениеті де осы анықтамаға сәйкес келеді. Дегенмен әрбір конфессиялық жағынан ерекшеленген қоғамдық бірлік: топ, халық, тип, қабат, страт үшін өзіндік белгілер тән болатыны сөзсіз. Осыған байланысты Қытай қазақтарының діни мәдениеті жалпы мұсылман мәдениетімен, оның ішінде Қазақстандағы қазақтардың дәстүрлі діни мәдениетімен ұқсас болғанымен, оның этникалық, саяси, экономикалық сыртқы және психологиялық, ділдік т.б. ішкі факторларға қатысты қалыптасуы, дамуында көптеген ерекшеліктер бар. Сондықтан да болар Қытайдағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігімен қатар, рухани болмысының түр-сипатын айқындайтын олардың шаруашылығына, Қытай экономикасына үйлестірілген шаруашылық формасына, яғни қазақтардың ауылшаруашылығына, Қытайдың қоғамдық, саяси, әлеуметтік құрылымына қатыстылығына жан-жақты тоқталып, талдау жасауды қажет етеді.

Қазіргі замандағы діни мәдениет өмір сүрудің ерекше жағдайларымен, яғни қоғам мен адамда рухани (адамгершілік құндылықтардың), интеллектуалдық (зияткерлік) қасиеттердің, материалдық түрткіжайттардан жоғары тұруымен сипатталатын қоғамдық болмыстың, өркениеттің дамуының ерекше формасы болып табылады. Бұл құбылыс мемлекет пен тұтас қоғамның дамуына аса қажетті негіз болып табылады.

Қытайдың діни мәдениеті осы заманда тоқырауға ұшырап отыр деп көрсетеді көптеген шетелдік зерттеушілер. Сондықтан да мемлекет пен тұтас қоғамның дамуына аса қажет құбылыс ретіндегі діни мәдениеттің қалыптасуы үшін бірегей діннің, монотеистік діннің қаншалықты қажет екенін қазіргі Қытай Халық Республикасының басшылығы түсініп отыр. Ал территориясында ұйып отырған аз санды ұлттардың бірқұдайшылық дінге сыйынуы, осымен байланысты берік бірегейлігі мен конфессиялық бірегейлігі Қытайды қызықтырмай қоймайды. Осыған байланысты батыс әлеуметтанушалырының соңғы жылдарғы бақылаулары бойынша Қытай билігі философиялық, идеологиялық сипаты теологиялық сипатынан басымырақ түсіп отырған Конфуции іліміне қайта оралу да, жұртты әбден жалықтырған, атеизмімен адамды «қуыс қурайға» айналдырған коммунистік идеологияны сақтап қалу да бұндай дінсіздену тығырығынан шығатын жол емес екенін түсінді деп көрсетеді. Сол себепті Қытай территориясындағы әлемдік діндердің бірі Қытай билігі үшін ескі идеологияның орнын басуға жақсы альтернатива болмақ. Сондықтан болашақта ислам немесе христиан діни мәдениетінің Қытайдың жұртшылығы арасында қолдау тауып, таңдалып алынуы ғажап емес деп қорытады зерттеушілер.

Осы тұрғыдан алғанда Қытайдағы қазақтардың діни санасы Қытайдың негізгі ұлтының (қытайлардың) діни санасынан өзгеше. Себебі қытай ұлтының дәстүрлі діні ретінде қарауға болатын конфуцилық ілімнің діннен гөрі идеологияға жақын екенін көптеген зерттеушілер айтып кеткен болатын. Ал ғылыми әдебиеттерде діни сана қоғамдық сананың бір формасы ретінде қаралады. Бір жағынан, діни сана қоғамдық болмысты (діндар адам болмысын) көрсетсе, осы болмысты өзі тудырады. Қоғамдық сана құрылымдық элементтерінің қызметі мен өзара әрекетін талдау барысында діннің барлық санаға еніп оның барлық элементтеріне әсер ететіні (ақиқат дүниеге, отбасына, қоғамға деген қатынасын қалыптастыратыны) анықталды. Қоғамға қатысты алғанда дін қоғамдық жүйеішілік жүйе, күрделі құрылым болып табылады. Сөйтіп ол қоғамда тарихи тұрғыдан орны бар өзгеріп отыратын құбылыс ретінде белгілі бір қызметтер атқарады. Сондай-ақ ғылыми әдебиеттерде діннің мынадай бірнеше қызметтері көрсетіледі:

  • дүниетанымдық: дін бұл қызметін қоғамға, табиғатқа қатысты белгілі бір көзқарастар типінің боуымен жүзеге асырады. Діни дүние таным әлем, қоғам, адам тұралы түсініктер қаралатын координаттар жүйесін береді, өмірдің мақсатымен мәнін түсіндіреді. Адам болмысының мәнін кіргізу арқылы дін оған болмыстың шектеулілігінен шексіздікке өтуіне, болашақта жақсы өмірге үміттенуіне, қайғы қасыреттен арылуына мүмкіндік береді;
  • өтемдік қызмет адамдардың жағдайаттарға тәуелділігімен олардың алдындағы әлсіздігінің орнын толтырады. Ақиқат дүниедегі қажеттіліктердің қыспағы, мүмкіндіктердің шектеулілігі діндегі рух еркінділігімен өтеледі, әлеуметтік теңсіздік күнәдағы қайғыдағы теңдікпен, қоғамдағы оқшаулық пен бытыраңқылық жамағаттағы бауырластықпен алмастырылады, адамдардың тұрмыстағы немқұрайдылығының орнын имандылық, діни қауымдағы жылы қарым-қатынас басады;
  • діннің коммуникативтік қатынасы адам мен адамның, адам мен Құдайдың арасындағы қарым-қатынаспен ақпарат алмасу үдерісінің (процесс) қамтамасыз етеді;
  • реттеуіштік қызмет белгілі бір идеялар, құндылықтар, ұстанымдар, пікірлер, ғұрыптар мен дәстүрлер арқылы индивидтер, топтар, жамағаттардың әрекетін, қарым-қатынасын, санасы мен мінез-құлқын басқаруды жүзеге асырады, бұл қызметте діни құқық пен ақылақ ережелері мен нормаларының жүйесі ерекше рөл атқарады. Діндар адам сахабалар мен діни аңыз кейіпкерлерінің өмірін үлгі тұтады;
  • құрмаластырушы (интегратив) қызмет жамағат немесе конфессия құрамындағы діндарлар аясында жүзеге асады. Егер жеке тұлғаның діни санасы мен мінез-құлқында бір-біріне үйлеспейтін, үрдістер байқалса, әлеуметтік топтар мен қоғамда бір-біріне қарсы тұратын конфессиялар болса онда дін құрмаластырушы емес керісінше ірітуші қызмет атқарады;
  • рұқсат етуші-тыйым салушы қызмет арқылы дін кейбір қоғамдық тәртіптер, инистуттар (мемлекеттік, саяси, құқықтық және т.б.), қатынастар мен үлгілерді дұрыс, оң деп немесе заңсыз, теріс деп заңдастырып бекітуді білдіреді.

Қытай қазақтары сенетін ислам діні де осы қызметтерден көрінеді, яғни ислам діні Қытайдағы қазақтар үшін дүниетанымдық, өтемдік, коммуникативтік, реттеуіштік, құрмаластырушы, рұқсат етуші-тыйым салушы қызметтер атқарады. Бұлардың әрқайсысы әртүрлі деңгейден көрінеді. Оған себеп: Қытай діни саясаты ондағы діннің қызметтерін бірде кеңейтсе бірде тарылтады. Немесе дін қызметтерінің бір түрін кең ұстаса, ал енді бір түрін шектемеге ұшыратады. Алайда аталған діннің қызметтерінің барлығы да Қытайдағы қазақтар арасындағы ислам діні тұрғысынан алғанда солғын көрінеді. Себебі ондағы ортаның: Қытай мемлекетінің саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени, оқу-ағарту т.б. бағыттағы саясаты мен қоғамды ұйымдастыру шараларының дінге, жалпы кез келген діннің дамуына, гүлденуіне оң әсер етіп отырған жоқ. Өйткені Қытай дүнияуи ғана емес, сонымен бірге коммунистік идеологияны негізге алып құрылған мемлекет. Ал коммунистік идеологияның ажырамас бөлігі, бағыты атеизм екені белгілі. Алайда Қытайдағы атеизм мен бұрынғы КСРО-ның атеизмінде айырмашылық жер мен көктей. Егер КСРО кезінде дінге үзілді-кесілді қарсы шығып қана қоймай, оны тамырымен жою әрекеті жүзеге асырылып, діни сананы жаңғыртатын, оның сақталуын қаматамасыз ететін барлық діни атрибутика мен институттар (діни тұлғалар, дін қызметкерлері, діни еңбектер, шіркеу, мешіт) жаппай қолдан жойылуға жеткізілсе (мұндай әрекеттер халықта сырттай да іштей де көрініс тапқан наразылық тудырмай қоймады), ал Қытайдағы атеизм жұмсақ сипатта болды. Азаматтарға діни ғибадаттарды орындауға, қандай да бір дінге сенуге рұқсат етілген, алайда бұл жолға мемелкеттік қызметшілердің түсуін құптау көрмейді, тіпті кейбір ғибадаттарды орыдауға оларға мүлдем тыйым салынады, сонымен бірге Коммунистік партия құрамына өткен адам атеистік идеологиялық өңдеуден өтіп, онда діни сананың қалыптасуы мүмкін болмай қалады.

Ал діни сана тұрмыстық (қарапайым) және концептуалдық екі деңгейден тұратынын ескерсек, Қытайдың негізгі ұлтының, сонымен бірге аз санды ұлттарының ішінде концептуалдықтан гөрі қарапайым діни сана басымырақ деуге әбден болады. Қарапайым немесе тұрмыстық діни сана адамдардың тұрмыстық жағдайының тікелей көрінісі ретіндегі образдар мен түсініктер, стереотиптер мен көңіл күйлер, сезімдер, әдеттер мен дәстүрлер түрінде көрінеді. Бұл деңгейде эмоциялар – сезімдер мен рақат, басым рөл ойнайды, сана нақты көзкөрім образдарға байлаулы келеді. Қарапайым діни сананың компоненттері арасында біршама тұрақтылары, консервативтілері мен тұрақсыз, қозғалыстағылары ажыратылады, біріншілеріне дәстүлер, салттар мен стереотиптерді, екіншісіне – көңіл күйлерді (намаздағы, тәубедегі) жатқызуға болады.

Әділәлі Жабықбайұлы,

Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Әлеуметтік ғылымдар  факультетінің аға оқытушысы, мәдениеттанушы  

ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚТАРДЫҢ ДІНИ МӘДЕНИЕТІ

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз