Ештеңе де сұрамаңдар ақыннан – «Жапыраққа жаназа» оқып отырған

0
1045

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ: Ештеңе де сұрамаңдар ақыннан – «Жапыраққа жаназа» оқып отырған

ЖАЗҒЫ ТҮН. ЖАЙЛАУ
Сол жайлау шіркін…

жатқан бір шөбі жайқалып,

Өрістен мама сиырлар қайтар найқалып.

Шар саулықтарың жайлаудың салқын түнінде,

Мекіреніп қойып, жататын күйіс қайтарып.

Құлағын тігіп, шөп басы сыбдыр еткенге,

Жылқылар анау тұрады мүлгіп тепсеңде.

Тек жетім құлын бауырына ығып байталдың,

Алыстан талып байғыздың үні жеткенге.

Үкінің көзін ұялтқан сүттей жарық түн,

Жылқы жусатқан тыныштығыңа зарықпын.

Қара қосымның жыртығын жамап жұлдыздар…

Жасаған Ие-ай нығыметіңе қарықпын.

Жалбыздысайдың саумал түні-ай…

жалғанда,

Өзегім аңқып, өзгеге шөлім қанған ба?!

Суп-суық бұлақ жарқырап ағып жатады,

Сап-салқын айдың сәулесі тұнған аңғарда.

Ақ шағи бұлттар…

Алтайдың асқар тауында,

Мөп-мөлдір өмір мөрленіп қапты-ау жадымда.

Кең дүнияның керіле жұтқан жұпарын,

Жайлаудың сол бір баянсыз рахат шағында.

АЛТАЙ. ҚЫС. САҒЫНЫШ
(I)

Аязына сүңгисің

Айдалада,

Жылылық бар онда бір ойламаған.

Тұмсығыңмен жұтасың,

Тұп-тұнық бір

Арқар иісі аңқиды айналаңнан.

Аяңымен ақ қырау арғымақтың,

Бедер түсіп жүзіне сан қыраттың.

Құсбегінің кешкі бір жүзіндей боп,

Батып бара жатады албырап күн.

Сезгендейін, жымыңдап түн жанары,

Балғын қыздың балтыры сыздағанын.

Жас қонаққа жаутаңдап,

Бейуақта,

Жалғыз үйдің кірпігі дір қағады.

Бір қиғылық сезімге жасап өтер,

Аяз ерні алдымен масаң етер.

Ай қылымсып ақ төсін аша беріп,

Бұлт үстіне бұраңдап жата кетер.

Не бір арман күзетте, не бір елес…

Шолпан туды, жас шопан жөніңе көш.

Ай мүйізді текеңді қасқыр жепті,

Түсіңдегі айдай қыз, тегін емес.

Ақ сүңгі етіп ажарлы қас-қабақты,

Алып қашсаң ақ түнде ақ тамақты.

Аппақ қарда жүйткіген ақ қояндай,

Пырағыңды ағызып ақ қанатты.

Жүзін өбіп таулардың таңғы ызғары,

Уысында ұлпадай балмұздағы.

Бұрымында күн нұры күміс шашып,

Бұлаңдайды бұзылмай сәнді ырғағы.

…. …. …. …. …. …. …. ….

Қиялыма сипатып қауырсынын,

Құшағымда балқиды «қар қыздары».

АЛТАЙ. ҚЫС. САҒЫНЫШ
(II)

Есімнен бір кетпей қойды неге осы,

Қарт Алтайдың мұз құрсанған елесі.

Мұздай қару,

мұздай тақым астында,

Сықырлаған мұз жылқының денесі.
Ақкөз түнде жалғыз рет жолығар,

Жортуылдың жан білмейтін мәні бар.

Шытынатып аяз қысқан аспанды,

Шұрқырайды астыңдағы жануар.
Қаһарына мінгенде Алтай қағынып,

Үрген иттің тілі аязға қарылып,

Ақ бураның қызыл жалын – шыбығы,

Cынып түскен тұрған бойда шабынып.
Ғайып болып басыңдағы тұрған бақ,

Бәрін осы кететіндей түн жалмап.

Қотаныңды тінтеді аяз

бөрінің,

Мұздай суық тұмсығындай сумаңдап.
Бел астынан бір тіршілік білсем деп,

Мен де жортып, тау қолтығын тінтем кеп.

Ай – мүйізін шайқап қашқан арқардай,

Бұлт қалқасын паналап жүр бүрсеңдеп.
Жолға бағыт бере алмайды бұл біздің,

Жүзін әбден суық сорған жұлдыздың.

Бейнесі де есімде жоқ дәл қазір,

Ұмыт болған жамалындай бір қыздың.
Жал-құйрығы сүңгі мұзға малынып,

Омыраулап тартады алға сәуірік.

Шоқылардан бөрі ұлиды аулақта,

Бөрі ұлиды тұмсығы айға шағылып.
Адастырмай әкеледі-ау түнгі өкпек,

Дәл сондағы күйге қалай тіл жетпек.

Балғын қыздың мені күткен деміндей,

Қар бетінде жүрген түтін дірдектеп.

СУРЕТ

Жалғыз үй таудың ішінде,

Алтайды ақ кебін жабатын.

Тек анам жаққан түтінге,

Жалғанып тірлік жататын.

Меңіреу еді әлгі күй,

Білмейді ешкім мендей көп.

Жапанда сол бір жалғыз үй,

Жататын жалғыз меңдей боп.

Ер жетіп қара сирағы,

Бесікпен ақпанда өңгерген.

Арманға беріп бұйданы,

Алыстап кеттім ол жерден.

Жыл бойы жілік сақталып,

Анам да мүмкін жүдеген.

Мақтана сөйлеп, хат жазып,

Суреттер салып жіберем.

Құдіреті-ай ана жүректің,

(Елеген оны анық кім)

Достармен түскен суреттің,

Шетінде тұрып қалыппын.

Қабағын ашпай түнерген,

Көңіліне алаң, секем кеп.

Мұңайыпты анам,

Біреулер

«Шеттетіп жүр ме екен»,-деп.

Көңілінен кетпей сол бейнем,

Түсіне дағы кіріпті.

Жөңкіп жұрт,

Жыртық жейдеммен,

Шетінде тағы жүріппін.

Бақыттың бізде несі кем,

Айналдым ана сенен мың.

Ортада жүрмін отымен,

Сүтіңмен сіңген өлеңнің.

Құдайға ғана жалбарын,

Құдайсыз қулар оңбаған.

Көремін өзім қалғанын,

Талассыз тірлік болмаған.

Ол жағындағы ұмытпан,

Шетінен түгел айдаһар.

Түйреуге әбден құныққан,

Қызыл да қырғын найзалар.

Ортаға алып құрметте,

Итерсең итер орға әлі.

Анама салған суретте,

Ортада тұрсам болғаны.
2006.ж

ЖЫЛҚЫЛАР

Тым іңкәрлі көзін қадап, өбердей,

Алауымен жан жырыңды жебердей,

Мың жанардың бірі сынды,

Еленбей,

Неге қалғып бара жатсың дегендей:

Ұйқастары сай-саладан шұрқырай,

Түннен ағып түседі өлең жылқыдай.

Жау қолынан шыққандай-ақ ширығып,

Арғымақтар елегізіп, дүрлігіп

Тартып берер,

Тұяғында жанады от:

«Еркіндіктің мекені осы дала»,-деп.

Сусылдаған жалындай бір құлпырып,

Мен тірілем,

Қанатым дүр сілкініп!

Үзіп кетіп шылбыры мен шідерін,

Еркін аққан ендігі жыр –

Күреңім.

Мен қайтейін, қазақ өлең сынаса,

Жылқылардың біле тұра мінезін…

Ондай ұлы еркіндікке кім шыдар,

Теңіз деген –

Түн шайқалтқан жылқылар.

Емшек сүтін дірдектетіп

Соқада,

Бір ақынға иігені шын шығар.

Емген шығар,

«Сан ғасырлық сырды айтып,

Мың тылсымын жеткізер – деп, тіл қайтып?».

Тұлпарларға

О, далалық ғашықтық.

Ғашықтық ол жүрекке де сыймайтын.

Қалаларды таптап өтіп,

Төрінен,

Бірақ шыққан сәтіңдей бір тебірен!

Ал, домбырам, аққан жұлдыз бейнелі.

Зар желісті пырағымдай еңіре.

Бір құмары қанбай кетсе пәниде ер

Тақымына түспей кеткен әрине ол

Саңлақ қой,

Сағым сынды саңлақ!

Өрт-жалынан жан-дүнием жамырап

Тигенде әттең, шаңға оранып артымда,

О, қу жалған қалар еді-ау аңырап…

ІНІМЕ ХАТ

Інім аман жүрмісің, туған тауда ең ұлы,

Қаладағы ағаңның білесің бе не күні?

Сағынудың салмағы мұншалық па, Тәңір-ау,

Мені мұндай сағыныш толқытпаған өмірі.

Қала у-шу, қапырық, қазан- кеуде қаңсыған,

Лақы-лұқы сапырып, лай тірлікке малтығам.

Қайран жүрек жайнап сап, шығара алмай жарқын ән,

Шойын дүние шой батпан, жігерімді жаншыған,

Әттең, сенде арман не самал сүйіп бетіңді,

Күннің жарқын алауы жанарыңды шарпыған.

Інім қазір сендегі салым, ерлік жоқ менде,

Күндіз–түні зар илеп сұрасам жер, көктен де.

Саған алғаш сүйінгем көкқұнанмен көмбеге,

Есіктей – ғып танауын бірінші боп жеткенде.

Мен отырмын, ду-думан құшағында шым батып,

Сен қайдасың, бір жаққа барасың ба түн қатып!

Арқыратып,

Тау жаққа барасың ба жылқы айдап,

Үйірінен ұстаған бесті айғырды тулатып.

Мынау жерді кешегі дұшпанын да таң қылған,

Сендей, сендей даланың өрт ұлдары қалдырған.

Түні ауды ғой ақпанның, түссеңші енді қосыңа,

Күзетте әлі тұрмысың сауыт киіп қар–мұздан.

Мен отырмын, бар балын жұтайын деп кештердің,

О, құдірет, қалада бүйтіп жалған бөскен кім?

Оқыс ойыма оралып таудың ерке бал қызы,

Тұңғыш сайқал сұлудың күлкісінен сескендім.

Таудың махаббатын-ай, жұтар ма едің қанғанша,

Әлем соған таң қалсын, махаббатқа таң қалса.

Құйғытып кеп құламен бәрін айтып үлгірер,

Талдырмаш қыз бастаудан бір шелек су алғанша.

Інім қазір қаланың махаббаты тым басқа,

Күнде сауға, күнде ойнақ, күнде кафе, жын басқан.

Әйелдері мойнына шығып күлсе сақылдап,

Ерде ерлік қала ма, бір «құдай» бар – бір баста.

Інім сені сағындым, қабағымды-ай түнерген,

«Сәлемдеме салам» – деп айтыпсың ғой біреуден.

Маған салсаң тек енді туған жердің шөгірі,

Одан басқа, өтінем ештеңе де жібермен.

Сұм қаланың сұрқия қара түнін жамылып,

Жүрді екенмін қаншама жын сезімге салынып.

Шайтан басқан жолдарды басты қанша жаңылып,

Табаныма қадайын қанын судай ағызып.

Беу, дүние- сағыныш,

Інім аман жүрсің бе?

Сендей асқақ, сендей ер бола алмайды кім-кімде.

О, даланың ұлдары түлпарларды ешкім де,

Сенше күзете алмайды қасқырлардан бір түнде.

Туған тауым жүрсем мен сенде туып, сенде боп,

О,ғаламат , ғаламат!

онда өмірге өң бөлек.

Кетсем енді далаға тұлпар керек маған бір,

Теңге-ғұмыр мәңгілік жете алмайтын дөңгелеп.
2004ж

ПАРАҚТАР

Аппақ,аппақ парақтарда түнеген,

Сен қабірде не ғып жатсың Ұлы Өлең.

Аштым, міне, тірі болсаң егерде,

Орыныңнан дүр сілкініп түрегел.

Бүкіл адам мүлде құлақ аспаған ,

Еш музыкант нотасына қоспаған.

Мың-миллион бұлбұл сайрай жөнелді,

Парақтардан мен ақтара бастаған.

Әр парақтан әлі айтпаған ән ұшып,

Тұлпар кетті дауылменен жарысып.

Екі қолы тұрды айбарлы батырдың,

Қас жауының жағасында қарысып.

Бір парақтан (ұға алмаған әлі мен )

Сыңар аққу қоштасты адал жарымен.

Бар әлемді тербеп тұрды мәңгіге,

Суық көлде сұңқылдаған зарымен.

Әділетсіз дүниеге қорлана,

Енді ешкімді күтіп шықпас жолғада.

Жердің жүзін жасы жуып жылады,

Жалғыз ұлын соғыс жұтқан сорлы ана.

Бір де даттап, енді бір де мадақтар,

Жер бетіндік жұмақ пенен тозақтар.

Қаламынан нұр да, жын да төгілген,

Жатты алдымда қилы-қилы парақтар.

Көкірегіме еніп бір де жыр- көктем,

Нұрмен жуды қайран өлең, дүр неткен.

Қасиетті қаламымен қай мықты,

Ару қызды ақ қағазда билеткен.

Сол парақтан жаһұт болып шашылдым,

Найзағайдың жанарынан атылдым.

Жүзін жылтып тым қатігез ғасырдың,

Теңіздерді сағынышыммен сапырдым.

Жатты алдымда жанардағы жасындар,

Бедері-әжім, белі бүкір ғасырлар…

…Ғаламда сол қалқып жүрген өлеңді,

Қаламымен матайды екен ақындар.

Еніп кетпей ессіз соқыр тұманға,

Қанаты бар қайран өлең шығанда …

Қалжыраған жанарыммен,

енді мен ,

Қарап тұрдым құлыптаулы Құранға.
2007ж.

ҚАҢҒЫЛЕС

Төлеуі жоқ мешкей күн ар құнына,

Сан құбыла береді, сан құбыла.

Бұралаңдап жол шеккен мына тағдыр,

Менікі емес, жылдардың тағдыры ма?

Бұралаңдап барады көз ұшында.

Сайғақ-тағдыр қаңбақтай жел ұшырған.

Қамкөңілді жүзіндей қараша үйдің,

Қалт-қалт етіп қаңтарға қол ұсынған.

Бұйдалана кетесің тағы мына,

Күздің сүркей сұп-суық сағымына.

Сен құнысып енесің қарашаға,

Ол бүрісіп кіреді бауырыңа.

Қылығынан сескеніп қылдай жаның,

Нені ойларың белгісіз, кімді ойларың.

Иесі жоқ нәресте шырылдайды,

Еске салып қаланың түнгі ойнағын.

Суайт досым секілді судыраған.

Жындандырып барады жыл бұралаң.

Жыртығынан сүрініп жығылып қап,

Лашығымнан шықпайды қыңғы боран.

Аптасымен достасып, айыменен,

Күндерімен айтыстым қайым өлең.

Аязды ақпан көшеге тастап кетті,

Аздап ішсе, өзі ішпей жайыменен.

Маған оңды ұстатар қай құрығын,

Қайырымы жоқ сынды қайбірінің.

Жамалын да танытпай жаз жайлауға

Қашып кеткен шұбыртып тай-құлынын.

Ол ма тәйірі, жүретін біз бе ұғынбай?

Сағат бүгін тағы да жүз құбылды-ай!

Маған тілін шығарып ыржақтайды,

Сүйісуді білмейтін жынды қыздай.

Сыйлайтындай маған да бірдеңені,

Күн артынан созылып күн келеді.

Гүлі бүрлей бергенде көктеменің,

Жапырақтар сарғайып үлгереді.

«Жолығар –деп, панасын қандай тағы»,

Мұңымды жолықпаған жанға айтамын.

Қаңғылестей бастайды қара өлеңім:

Қара судан қаңқылдап қаз қайтады…

КЕРАҒЫС

…Онда солай болатын,

Ай толықсып маңдайымнан туатын.

Күн жарқырап маңдайымнан шығатын…

Көкжиекке құлағанда

шапағы,

Белбеуімді безендіріп тұратын.

Жаным жалғыз нұрдан медет тілейтін,

Табиғатпен бірге күліп, жүдейтін.

Төр ғана бар, есігі жоқ қосымда,

Есімі жоқ пайғамбарлар түнейтін.

Жылдар өткен шудасынан шұбырып,

Менде тұғын нар бойындағы ірілік.

Айдаһарға жебе тартып құлатқам,

Домбырамның шанағынан суырып.

Жұлдыздардың санын білем,

(жан-жаққа

Аққандарын арулаймын ардақтап).

Сан шапағат шашулы еді жолымда,

Сан несібе жамырайтын таңда аппақ.

Е-е-е, ертегі еркіндігім бұл менің,

Өңім шығар, түсім шығар.

Білмедім.

Ұсынды да ол жұпар дала гүлдерін,

Есігінен енбей кетті түрменің.
2007ж.

КӨКСЕРЕК

(Құрмаштың монологы)

Мен қанбаған иісіндей жас ананың,

Шыңғыстаудан қабыршық жел еседі.

Қыңсылатып сыртында босағаның,

Көп көремін түсімде неге сені?!

Бірге бауыр көтерген жетімегім,

Маған бұлай қадалып қарасың не?

Бедірейген қалпында екі көзің,

Қалып қойған секілді қара түнге.

Маған бұлай қарама, қайт әріге,

Бұл араны жүрсің бе пана көріп?

Мұнда тағы несіне қайта келдің,

Мен де қашып кетіп ем, дала кезіп…

Сұры қашқан сұп-суық мынау маңды,

Тұманымен торлайды аспан әлі.

Жалғыз әжем.

Оның да суалған-ды,

Қос жетімді көрмейді қос жанары.

Жалғыз жортқан жолыңда жараланып,

Түсімде, иен ұлисың аңғарларда…

«Уылдырық шашады қара балық,

Қапалақтап іңірде қар жауғанда».
2007ж

ТҮНЕРУ

Тау-тас құлап кетердей, шығара алмай өктем үн,

Зіл-зала ғып жер-көкті нөсер боп та төкпедім.

Көкжал боп та кезбедім шулап таудың бөктерін,

Не бір үлкен ызадан жарылып та кетпедім.

Шайнамадым азбанды сәуіріктей арқырап,

Не жауыма салмадым өз найзасын тартып ап.

Не сол ғашық үшін де қан майданда қан ішіп,

Қара түнде қалмадым қара тауда қансырап.

Бас жарылып, көз шығып, қол үзіліп, жақ сынып

Қалсадағы,

жауымды қаһарлана лақша іліп.

Қайта ауылға шаппадым, таңдайыма қақ тұрып,

Тағдырымды тұлпардың тұяғына тапсырып.

Оралмадым батырдай оң тіземді шарт бүгіп,

Ел жауының ит басын хан алдына лақтырып.

Жаралайтын жанымды жалғыз сөзден морт сынып,

Безіп кете алмадым бейбақ достан бет бұрып.

Қараны да, ханды да жұрт алдында састырып,

Шындықты айта алмадым, таңдайыммен тасты үгіп.

Ерлігіме, шіркін-ай, туған жерді куә ғып,

Намыс дейтін найзамды ақ алмасқа суарып.

Жолыққанда алдымнан аузы қан-қан жолбарыс,

Бір сайысып қалмадым бар шерімді шығарып.

Бура өлсе де айғырмай шудасына маталып,

Не өлмедім, өтірік өз күлкіме қақалып.

Қалмасам да иенде азып-тозып, ат арып,

Тарқамады көңілден, көңілден бір қапалық.

Талай-талай жерлерде, талай-талай кетті есем,

Оған бола, досым-ау, жалғыз мені сөкпе сен.

Жанар таудай жарқ етіп, атылып бір тынармын,

Жалаңаяқ ел кезіп диуана боп кетпесем!!
2003ж

СОҢҒЫ АУЫЛ

Ешкімнің түсіне де енбеген…

Сонау бір қиырдағы ауылдан,

Мен осы қалаға келген ем,

Атама қарамай жарымжан.

Алтайда, ақ боран өтінде,

Кеудеңді қызуға толтырар.

Шынымен, бұл жердің бетінде,

Қазақы соңғы ауыл сол шығар.

Сән қосып сол маңғаз тауларға,

Табиғатты арда емген емес пе ол.

Қол бұлғап қалған сол жандарға,

Бұл қала мен болып елестер.

Әй, әттең, білмейді-ау бұл жерде,

Оймақтай орны жоқ ұлының.

Қуықтай бөлме үшін кімдерге,

Құл бола жаздаған құлынын.

Білмейді-ау, жанымның дерті бұл,

Жырымның тілімен от өрген.

Білмейді-ау, жандарды, жер түгіл,

Көр сатып көңілін көтерген.

Салт-дәстүр бұрынғы пішінде,

Өтті деп айтқанмен ол дәуір.

Шаңырақ көтеріп түсімде,

Қалада қаңғып жүр соңғы ауыл.
2006ж

ҚАЗАҚ. ТУ. СӘЛЕМДЕМЕ

Ағамның содыр ұлы бар еді,

Алтайда қалған ауылда.

«Ерлігін» естіп отырам әлі,

Тілдессем аға-бауырға.

Мектептен қайтқан «батырлар» жолда,

Тентектігіне басатын.

Қытай балалар,

қырғиқабақ боп,

Қырылысып кеп жататын.

Қырда өскен мығым, біртоға бала,

Төбелес десе түрленер.

Сол «жігіт» екен Оспан батырдың,

Рөлін сомдап жүрген ер.

Өткенде соның бір сөзін естіп,

Тоқ жүріп өтті денемде.

«Қазақстанның туы бар шәпкі

ап келсін» -депті келерде.

Төртінші сынып оқитын бала,

Мың тәтті қиял ойында…

Келген-кеткеннен естіп жүрген ғой,

Қазақтың елі жайында.

Қилы да қилы ойларға батам,

Оңаша жерде отырып.

Мектепте өткен балалық кезді,

Қайта бір бастан кешіріп…

Қаптаған қытай балаларымен,

Тең тұрып өмір сүрмекке,

Көк туды қойып маңдай тұсына,

Айбар ғып соны жүрмек пе?!.

Илеуге түскен инелік сынды,

Тағдыры көңіл жасытар.

Көк туға қарап ұлыған рухы,

Кеңсірікті удай ашытар…

Өткеніндегі өрлігін айтсам,

Іштегі шерді қозғай ма!

Ұлы бабалар Ұлықорғанды,

Уыстап тұрған кез қайда?!

Алдында оның алты басы бар,

Айдаһар сұлап жатса да,

Жұмыр жүрегі құл болмап еді-ау,

Құдайыңыздан басқаға.

Алаң да алаң күй кешем қазір,

Не болар екен ғұмырың.

Қазақстанның туы бар шәпкі

Сұратып жүрген құлыным!
2014

САҒЫНЫШ

(Туыс, досым Бақытжол Кәкешұлымен сырласу)
«Аға-ау, тұрмыс құрғалы 2 жылға жуықтады, бір келіп от жаққан жерімді көріп кететін болдыңыз ғой…»

Қарындасымның хатынан
Сапар солай болады,

көрісулер көңілді,

қоштасулар ауырлау.

Бірге туған жандарды

мүмкін бе екен сағынбау.
Маусымы ма сағыныш,

шыныменен күз де бұл.

Барлығымыз бас қосар

күн болар ма бізге бір?!
Өмір өтіп барады,

Ұйқылы-ояу, ілбіген.

Ауру да емес, сау да емес,

Бір күніне бір күні ем.
Бір зарығын баса алмас,

Талпынғанмен мың рет.

Тыншымайды сонда да,

жүрек деген жұмыр ет.
Қос жанары боталап,

Ботақанын сағынар.

Ол да мендей екен ғой,

Ей, боздауық жануар…
Ойы жұмбақ, мысы өзге,

Сағынасың әкеңді.

Үнсіз ғана ұқтырып,

Түзететін қатеңді.
Сағынасың анаңның,

Сағынышты реңін.

Аңсайсың да тұрасың,

Сені аңсаған жүрегін.
Аға, іні тел өскен,

Сендей жақын табылмас,

Жаның жүдеп жүр ме екен,

Жатқа кеткен қарындас…
Жанын үнсіз ұғасың

Туғаныңды көргенде?..

Бас көтере бастайды,

Бала жүрек кеудеңде…
Не қалайды көңілің,

Соны айтып бермес пе?

Сені жүрген сағынып,

Бір ауылдас кездессе.
Сол айтады тағы да,

Басып ойдың шоқтығын.

Бір анадан туғанмен

Бірге жүру жоқтығын.
«Самға! Талма! Қанат қақ,

Сағын! Зарық! Жасыма!

Талас. Күрес. Жеңіл. Жең.

Өмір деген осы да!»
Құлпырасың сонан соң,

Серпіп ойдың қапасын.

Сағындырған адамдар,

Сағыныштар жасасын!
Жұмақ жайда мәңгілік,

Бірге болу арманым.

Жерде жүріп зарығым

Басылмаған жандарым!
2014

БОСТАНДЫҚ КӨШІ

Исі алаштың арманы болып,

Ғасырлап күткен азат күн.

Талайын естен шығарғаны рас,

Қаймана көрген азаптың.

Алайда, бүгін мен саған арнап,

Салмағы жердей сөз айтам,

Қазақстаным – жер бетіндегі,

Жалғыз отаны қазақтың!

Буынсыз тілім бұралаңдамай,

Жүректе жатқан сөзімді айт.

Шет жақта жүріп, шет қақпай көріп,

Шерменде болған кезімді айт.

Өз елімде де өзгеден төмен,

Өмір кешетін өзімді айт.

Сырт жақта әлі жаутаңдап жүрген,

Қандасым – қара көзімді айт.

Іледей жөңкіп, Ертістей толқып

Ағарын жалғап қоса алмай,

Көкірегіндегі сағыныш толы,

Буырқанып жатқан сезімді айт.

Сан ғасырлардан әлі бітпестен,

Сарпалдаңға оны салған көш,

Қапыда жауы, қара нарының

Бұйдасын кесіп алған көш.

Белдің астында ботасы боздап,

Жете алмай әлі жүр неге?

Бостандық іздеп, көңілдің зары,

Көзінің жасы тамған көш.

Азаттық үнін естігенде алғаш,

Сәждеге кетіп көшеде,

Еңкілдеп жылап, еңіреп жеткен,

Халифа атамнан қалған көш!

Кеңсірігімді самалға тосып,

Сағынышқа удай ашыттым,

Дүрия киген дүния жалған,

Көңілімді неге жасыттың?!

Алпыс та екі тамырымның қанын,

Тықыршыттым да тұлпардай,

Туым қадалған тұғырлы мекен,

Өзіңе қарай тасыттым.

Алламның салған махаббаты бар,

Жұдырықтай мына жүректе,

Қоңыр таулардай қойыны жұмбақ,

Қоңыр қазаққа ғашықпын!

Сүйемін, сөйтіп…

Қайғысын көрем не түрлі,

Һәм көрем сенің өзгеге кеткен өшіңді.

Зобалаң жылдар

Даладай дархан көңілімен,

Бауырыңа басып өсірдің кірме, жетімді.

Қайран Отаным қазағың неге шетте жүр?

Кенесарының кесілген басы секілді!

Алай да дүлей ұйтқиды дауыл ішімде,

Бәрібір айтам, сен түсін мейлі, түсінбе.

Әй, неге рас батырларымның басы жоқ,

Оспанның бассыз денесін көрем түсімде.

Бассыз халықты басынбайтұғын жан бар ма,

Бес күндік жалған өтер-кетер арманда.

Ертеңің үшін еңіреп туар ұлдардың,

Езіледі ішің елдің сыртында қалғанға!

Тас қамалдарда талауға түскен тағдыры,

Көп елдің әлі көкейде жатыр  зар-мұңы.

Босағаң төрдей бостандық желі аңқыған,

Бейопа күннің бостандық екен бар құны!

Амандығыңды Алладан сұрар ағайын,

Қазақстаным -бүкіл қазақтың жалғызы!
2012

ЖЕР – ӨЛЕҢ

(Жәркен шайырға)

Бауырым қайтып келгенмен,

Жайырым қайтып келмейді-ау!

(Ж.Бөдешұлы)

Алматы. Ымырт түнеген,

Жымиып күлді жыр-емен.

Шырақтар жұтқан көшеге,

Шырмалып тұрды бір өлең.

Жып-жылы жырға емделер,

Кеңістік кербез тербелер.

Сабылып жатты төменде,

Шаруа басты пенделер.

Толқындап тұрған өлеңді,

Толқып қап еді жел енді.

Көзінен көктем шашылып,

Бақтарды бойлай жөнелді.

Құбылып тұрған гүлдерге,

Құнығып кетті ол бірдемде.

Бұрылып кетті бір ару,

Бұрымын ұстай бергенде.

Тата алмай тәп-тәтті уызды,

Қайыңнан қайта үзілді.

«Жасыл арша екен»-деп барып

Жасанды шыршаға ілінді.

Жұптарға бақта сергіген,

Барып еді енді, ол бірден.

Сүйісіп кетіп екеуі,

Ығысып қалды ернінен.

Сенделді өлең манадан,

Жүрегі сыздап жарадан.

Таппасын сезді-ау керегін,

Көшеден,

Бақтан,

Қаладан.

Қырсыққа кез боп не түрлі,

Өкінді ме өлең? Өкінді.

Орындықтағы бір қарттың,

Қасына келіп отырды.

Жарқ етіп кенет ақ таңда,

Шың етіп миы, аһ, тәуба!

Өзегін бір ой қақ жарып,

Атылып шықты ол аспанға.

Қылыштай болып ақ берен,

Найзағайлы ойнап отпенен;

Бұлттарды бүріп бұйыққан,

Тауларды басып иықтан;

Жер мен де заулап көкпенен,

Шыңдардан асып көктайғақ,

Перідей жалт-жұлт кетті ойнап;

Орманды барлық шулатып,

Даланы барлық жырлатып,

Аңырақай мен Алтайға

Қартайма! Деді ол, қартайма!

Үйіріп жасын жанарға,

Қол бұлғап қалды олар да.

Молаға тұрған аңырап,

Сағыныш сағым жамырап,

Жайырға барып жетті өлең,

Жанары күндей жадырап.

Ғажап-ау, ғажап бұл мекен!

Гүл екен, әттең, жыр екен!

Кіндігі қалған қыратқа,

Тобылғы көктеп тұр екен.

Көзінен шашып көктемді,

Жететін жерге жетті енді.

Сол тобылғының түбіне

Сіңді де өлең, жоқ болды.

Қорықпай ма екен, құдай-ау,

Көрсетер оған кім аяу?

Астына жердің барған соң,

Кіндігін ұстап алған соң,

Көтеріп алып Жайырын,

Көшкісі келген шығар-ау.

Алатау жатыр тосып күн,

Рахатын аңсап несіптің,

Есін жиды өлең, ақыры,

Алдына келіп есіктің.

Ұйқыда бәрі-

«жәннаты»,

Естімейді өлең жан датын.

Шашылып шашы, көйлегі,

Ашылып жатыр Алматы.

Кіргісі келмей тар үйге,

Сыйғысы келмей фәниге,

«Бірге екенмін» деп кімменен?

Жұлдызға қарап тұрды өлең.
2006ж

СҰП-СҰЛУ ӨМІР, СҰП-СУЫҚ ӨЛІМ

(Сәкен Сейфуллинге)
Қылмысты күннің қызылын жұтып шың ғана,

«Сәкенім»-деді, сәждеге басын иді ана.

Домбыра қайта тартылмай қалды «тарс» етіп,

Үзілді де шек «өкініш»-деді бір ғана.

Шаңқ етіп бұлтқа сіңді де кетті қарт қыран,

Шарт етіп көктен найзағай түсті ақтық-ән.

Жарқ етіп жұлдыз шашырап жерге жайрады,

Салқ етіп таудың еңсесін басты ақ тұман.

Қабағын ашпай қауқарсыз халде қара шың,

Сөндіріп ала жаздады қазақ жан отын.

Даласы ғана жанының таппай дауасын,

Езіліп іші бауырына басты баласын.

Сұп-сұлу өмір, сұп-суық өлім, қалтырап,

Өлсе егер Сәкен, сөнердей болып бар шырақ.

Ажалдан бөліп, айға алып шауып кетердей,

Шідерде тұрды “асау тұлпарлар”арқырап.

Састы ма, бәлкім, алыпты қайта құса алмай,

Сайқал дүние сабасына тұрды түсе алмай.

О, Сәкен үшін өңеші бітеу өлімнің,

Қылғынып неше жұта алмай қойды, жұта алмай.

Өлді деп ақын тартпасын ешкім күйігін,

Арқада жүр ол асырап “Ақсақ киігін”.

Ән болып қалқып, аралап кеткен шығар – ау,

Көкше таулар мен Оқжетпестердің биігін.

Дариға – ай, менде кеткенде қиял қаңғыртып,

Жауыма жауап қайтарғым келед қан бүркіп.

Сераға сенше тартам ба, қайтем, қалқама,

Астымда ақбоз, “тау ішін” әнмен жаңғыртып.

Елітер ме екен, сен жортқан таудың бөктері,

Ән салар болсам дауысымның болмай шет – шегі.

Аңсай ма мәңгі құлақта қалған бір үнді,

Айға ұлып шықты түнімен шұнақ көкбөрі.

Күші жоқ дауыл, күші жоқ бұлттың құрсаулар,

Қазақта “Сәкен Сейфуллин”дейтін бір тау бар.

Аспанда жүрген рухыменен тілдессін,

Жырымды менің ала кет “Қызыл сұңқарлар”.

Ән салам енді, басқада менің ісім не,

Аспандағы рух болмайды жерге түсуге.

Аспандағы рух, аяйды қарап, түсімде,

Алтыннан құйған мүсінге.
2005ж

БАС САРДАР
(Қожаберген жырауға)
Батыр десем, жауға түскен салмағы,

Түмен-түмен қол төңкерген арланы.

Ширек ғасыр Жоңғарменен соғыста

Қол бастаған қазақтың бас сардары!

Жырау десем, биік қойған мұратын,

Таңдайынан дауылды сөз туатын.

Отты жырын тыңдағанда сарбаздар,

Жалау тіктеп «жау қайдалап» шығатын.

Күйші десем, жорықтарда түн қатып,

Келген абыз сақалына мұз қатып.

«Елім-ай» боп төгіледі пернеден,

Домбыраның тұла бойын сыздатып.

Дана десем, асу бермес асқарым,

Тарихынан сыр шертеді тастағы үн.

Тәуке ханның жарғыларын жасасып,

Жазып кеткен «Жеті жарғы» дастанын.

Елші десем, хандықтардың санасын

Билей білген ерді қайдан табасың?

Парасатпен елдестірген сол қазақ

Түркімен, Парсы, Хиуа, Қоқан арасын.

Діндар десем, Алла деуден танбаған,

Араб, парсы тілдерінде сарнаған.

Шариғаттың шамын іздеп шарқ ұрып,

Самархан мен Бұқараны шарлаған.

Ұстаз десем, айналаға жөн айтқан,

Асыл құны ат көтермес сөз айтқан.

Тәтіқара, Үмбетейлер үлгі алып,

Бұхар жырау «Ұстазым» деп өзі айтқан.

Асыл текті Қожаберген ер бабаң,

Өр тұлғасын уақыт өзі сомдаған.

Ей, қазағым, сол жыраудың тілімен

«Елім-ай» боп төгіліп ед шер-налаң.

Енді, қазір сол хас батыр хақында

Айтар наз көп алабүйрек ғасырға.

Жасықтарды алмастырып шатастық

Ақ алмастай жарқылдаған асылға.

Қайран бабам…,

Езді бүгін ер қылды,

Құл-құтанның сөйлер жерін төр қылды.

Көлеңкеде қалмау үшін мәстектер,

Алыптардың атағына тор құрды.

Бодандыққа бой үйреткен бор кемік

«Елім» деген ердің сөзін қор қылды.

Төрт ғасырдан бері қарай қазақтың,

Көкірегінде аунақшыған сол жырды,

Көбесінен сөккісі кеп біреулер,

Төбесіне қарға-құзғын қондырды.

Айтпайды олар Бөгенбайға қалдырған,

Хан тағынан кем соқпайтын орныңды.

Қайран қазақ!

Самға, талма, көкті кез,

Қайда сол бір хас қыраның отты көз!?

«Елім-ай» деп өткен есіл бабамды,

«Ерім-ай» деп еске алатын жетті кез!

НАМЫСЫН СӨЙЛЕ ҚАЗАҚТЫҢ

(Жазушы, депутат Жабал Ерғалиев қазақ қыздарын жастай шетелге оқуға жіберудің дұрыс еместігі жөнінде мәселе көтерген еді, бұл өлең сондағы сүйініш сөз еді)

Жан-жақта жау көп,

Жауыздық желін үрлеуде.

Жақсылығым деп,

Жалаңаштығын үндеуде.

Еркіндігім деп,

Есіре сөйлеп мүлдемге

Есіктен кіріп, төрге де шықты бірдемде.

Бесіктен бастап, бейбастақ қылмас қыздарын,

Баяғыдағы бабамның заңын күндеуде.

Ұяты менен иманын тонап ұрпақтың,

Кіріскен әбден жуас түйедей жүндеуге.

Алдына оның көлденең енді тұрмасақ,

Айналдырмақшы адамша өмір сүрмеуге.

Көлденең тұрар азаматтарың біз сенген,

Бұл қасіретті құлағына да ілмеуде.

Құлағына ілмек түгілі

Әй дейтін ажа әніне салып солардың,

Қой дейтін қожа қосыла билеп жүргенде,

Жабал ағам-ай, жарқ етіп шықтың мінберге!

Қызының ары – қазақтың ары екенін,

Қаны сұйылған қасқалар сірә білген бе?

Ойлап та қоймас,

оларға керек лауазым,

Коньяк ішіп, қымбат машина мінгенге;

Дәл солай екен білгенге.

Әйтпесе кеше қайсысы сірә үн қатты,

Келеке «Келін» етегін тырдай түргенде.

Намысымызға тимеңдер деген кімі бар?

Еркегі күйлеп ешкіге барып мінгенде.

Бекболат ердің шырқырап шықты дауысы,

Бүкіл Еуропа қазақты қорлап күлгенде.

Жанына оның қадалушы еді алдымен,

Қара қазақтың арына шөгір кіргенде.

Ей, Жабал аға,

Жан, тәні қазақ сол ердің,

Иманды сөзі ұнамайды екен кімдерге!

Сіздің де сөзді мазаққа бұрып күні ертең,

Жақындарыңнан жау табылады тілдеуге.

Намысын, арын, иманын сөйле қазақтың,

Имене көрме іргеңнен иттер үргенге!

Рухы азат өздеріңіздей қазақ көп,

Күндердің күні қосылар сөзі бір жерге.

Ұлы да, қызы жауына сонда бастырмас,

БЕУ, АЗАТ ҚАЗАҚ – ҚҰДАЙҒА ҒАНА ҚҰЛ КЕУДЕ!

ШЕР (құлақ бұрау)
Көзім де судай қараңғы,

Құлағым, мүмкін, саңырау.

Айтыңдаршы осы, не істеп жүрсіңдер,

Не істеп жүр бұлар, тәңір-ау!

Өйтпесе бұлар дәл бүгінгідей,

Болмайтын еді біздің хал.

Сендер де бірдеңе істеп жүрсіңдер,

Момақансыған тұрғындар.

Жүрегім неге ауыра берді,

Сыртымнан біреу сатқан-ау.

Үкімін кімнің шығарып жатсың,

Үнсіз де тілсіз хаттар-ау.

Жылайсың не ғып ішіңнен сен де,

Мен айтар едім:

–Білмеймін.

Еркіммен барып ешкімнің де,

Үйіне дағы кірмеймін.

Жел талап жеді жетімді неге?

Жетімді неге, құрғыр-ай.

Беті ашылған бір қыз секілденіп,

Берекесі кеткен, ғұмыр-ай.

Бауыздағаны шыңғырмай өлер,

Өткір де, жеңіл қанжарлар.

Көрмейді ешкім,

Көзіне күннің

Шашылып кеткен қандар бар.

Бәріңнің бір күн басыңа келер,

Ғайыптан тайып бір қауіп.

Кеттіңдер бәрін жасыра берер,

Үнсіздік деген тілге ауып.

Жарылмай қайтып жүрсіңдер мүлдем,

Қурайға барып қақсадым.

Шашын алуға кеше мен кіргем,

Ескендір деген патшаның…
2005

ҚЫРАН
Қып-қызыл түлкі сытылып шығып барады,

Сарша құс барып жазыққа қонды, жаралы…

Құлқынның құлы тәуекел, оқыс ұстап ед,

Әлсіздің аты әлсіз ғой, рас, баяғы.

Құзғындар қандай жемтікті дайын аңдайды,

Өмірі сөйтіп өзегін әрең жалғайды.

Кәрі құмай мен тазқаралар да дәметіп,

Қызыл түлкіге бармайды, бірақ қалмайды.

Жалп етіп қонды жадағай жерге күшіген,

Шықпаған түлкі осы екен оның түсінен.

Қыбырсыз жатқан қызылға ғана мықты ғой,

Сілекейі аққан оның да жайын түсінем.

Қарадай желмен қағынып шығып қарғалар ,

Қарқылдап ұшып қанаты барға мәз болар.

Түлкіге ажал шақырып іштен күбірлеп,

Ақырын күтіп кезқұйрық жаймен жорғалар.

Сумаңдап түлкі өзіне тышқан керек боп,

Барады желіп басы ауған жаққа дедектеп.

Өңкей бір жасық жанарлар соған қадаулы,

Қып-қызыл түлкі, қып-қызыл ет боп елестеп.

Оны да білед, болмаса қазір түлкі індер,

Оны ойлап кетсе тамағы түгел бүлкілдер.

Түңлік қанаты күн көзін тосып, сабылып,

Жалғыз түлкіні ала алмай жүрді-ау, шіркіндер!

Сол сәтте ғажап, ғаламат бір іс басталды,

Бір қыран келед қылыштай тіліп аспанды.

Әлгілер көрге кіргендей, сірә, жоқ болды,

Паналап қалды-ау, байғұстар, жақпар тастарды.

Айбарлы ақиық дәл осы таудың түлегі,

Додасын шығарар долы қыранның бірі еді.

Жеңіліс тапса тау менен тасты шеңбектеп,

Тек жеңіс үшін басында бәйге тігеді.

Екпінінен бе, дірілдеп кетті тауларда,

Соқты ма қатты сормаңдайлардың жүрегі.

Көрді де қыран шүйілді солай шаншылып,

Жан бермек қиын, көрсетті түлкі қарсылық.

Жеткенше қуып, сабыры кеткен таусылып,

Қаншеңгел қыран түлкіні қысты қаусырып.

Оңтайлы жерден жүрегін ғана тартты да,

Бір тасқа қонды, тоятын әбден тапты ма.

Хас сабаз қыран сыланып, кербез таранып,

Самғады тағы қанатын қайта қақты да.

Әлгілер қайда, қазір-ақ бәрі үймелер,

Мұжуыр қалмай шегі талай сүйрелер.

Өмірде мына телмеңдеп өткен өлездер,

Балапаның да баяғы соны үйренер.

Бойыңа бітіп әлемде барлық сұлулық,

Отырсаң шіркін, намыстың туын тұғыр ғып.

Күшігендердей күйкі тірлігің құрысын,

Ау, ағайындар,

қыранша өмір сүруді ұқ!
2001ж

ІШІ – ШОШҚА, СЫРТЫ – ТАРҒЫЛ ЖОЛБАРЫС
Күжірейген таудың тарғыл барысы

Еркін өскен ен даланың тағысы.

Нулы орманға үрей шашып тұрады,

Ту шатқалдан күркіреген дауысы.

Мекеніне бөтен аңды бастырмай,

Айбатымен жасқап қояр қас қылмай.

Азуымен асырайды барлығын,

Қыңсылаған күшіктерін аш қылмай.

Сол жолбарыс патшасындай аңдардың,

Сол жолбарыс қожасындай орманның.

Құрбаны боп тым айлакер қолдардың,

Ар жағында тұр есінеп торлардың.

Жасаса адам жауыздықтың жоспарын,

Барыс, доңыз бола салу қас қағым.

Көз ашпаған жолбарыстың күшігін,

Бауырына салады екен шошқаның.

Алғаш рет доңыз төсін емгесін,

Алғаш рет  доңыз түрін көргесін.

Шошқаға ауып кетеді екен мінезі,

Мегежіннің бауырынан өргесін.

Істемейді жолбарысқа сай қылық,

Жалт қараған жанарлардан қаймығып.

Солайша ол жолбарыстық мінезден,

Бір жолата қалады екен айырылып.

Оларды алып тауға барып тұр мейлі,

Ол баяғы барысша өмір сүрмейді.

Өз үйірін қорғағанды қойып ол,

Қаншығын да қызғануды білмейді.

Жолбарыстай жонның жыртқыш баласы,

Гүрілдемей қорсылдауын қарашы!

Іші – шошқа, сырты тарғыл жолбарыс,

Аң мәңгүрті осы болар шамасы.

Бұл бір сұмдық санамызға жетпепті,

Ойымызды отаршылдық шектепті.

Мұсылманға хақ Ислам дінінде,

Доңыз етін бекер харам етпепті!

Жиіркенген қылығынан оспадар,

Маңына оның жоламайды басқалар.

Жүре алмайды жолбарыстар ішінде,

Қорсылдаған өңкей тарғыл шошқалар.

Доңыз болған жолбарыстай ғарыптың,

Күнін кешу адамға да анық мін.

Доңыз етін жеуі қандай қауіпі,

Ту көтеріп тұлпар мінген халықтың!
2011

ЕС ЖИЮ
Жалынды жастық осы деп, жындана жаздап желіктім,

Желігі шығар анамнан басылмай қалған жеріктің.

Көлденең жатқан қылтансыз қызықтап мұзды қырманға,

Сырғанақ теуіп көріппін.

Еріккен бақсы бал ашып, шығарса бармақ сеніппін,

Бақыттың бәрі ертеңде, ертеңім – бақыт деп ұқтым.

Елесін қуып еліктің, топ бөрілерге еріппін,

Әйтеуір, аман келіппін.

Шайтандар жүрген шаһарға жаннат екен деп еніппін,

Заһарлы, зәрлі шарапқа, шүбәт екен деп бөгіппін.

Жайқалып тұрған жағада гүлдерді көріп еліттім,

Тікен екен ғой, теріппін.

Желіктім рас, желіктім, жездемдей көріп жер үстін,

Кезігер демей қия жол, қисапсыз сапар шегіппін.

Өртене жаздап қолымды, теңізге малып сөніппін,

Отымен ойнап көріктің.

Шу-шұрқан дүлей дүниеге талғамсыз ере беріппін,

Аяғы ақсақ деместен, арқасы жауыр көліктің.

Алдында шауып айқайлап, жобасыз жойқын жорықтың,

Маңдайды тасқа соғыппын.

Қорықтым өмір, қорықтым!!
2004ж

КӨК АТ БОЛАМ
Біздің үйде ержеткен он баланы әкем осы көк атпен аң аулап, бүркіт салып асырап, бағып еді. Бұл 10-сынып оқып жүрген кезімде жазылған өлең. Көркемдік деңгейі пәлендей жоғары болмаса да шынайы шабыттың, әдемі әсердің ыстық табы сезіліп тұратындықтан осы өлең өзіме ыстық.

-Автор

Сағындым-ау,

Аңсадым-ау,

Өмір қонбас көш екен.

Е е е құдірет,

Сағыну мен аңсау деген осы екен!

Ал біреулер балалығын сағынды дейді…

Далбаса!

Жыржазғанмен жалғандыққа жармаса,

Ауылына мына мендей сағынышпен бармаса,

Көрші апаға мұз тәттісін алмаса,

Атқа мініп, шу асауға шарт-шұрт құрық салмаса.

Туған жерден алыс кетіп,

Деме оны жігіт бопты жетіліп,

Ол сағынған сағыныш та, ол аңсаған аңсау да,

Сенбе досым, барлығы да өтірік.

Тәтті бар ма, тәтті бар ма қиялдан,

Сол қиялдың талайлары үміт сыйлап тұр алдан.

Сол қиялға жете алмаса, шықпақ емесқұмардан,

Мені солай сүйреп жүрген ұлы арман.

О, әкемдей атқұмар жан көрді ме екен жаралып,

Көк аты тұр құм жіліктеп және арық,

Тұрған кезде қабырғасы саналып,

Бәйге болад деген хабар жатты елге таралып.

Деді де әкем ағама кеп «оны мін!»,

Ерлігіне бастыдағы өзінің,

Бір шапқызып көрді-дағы тебінін,

Сетерледі сенімін.

Алып барды әлгі болар бәйгеге,

Жапқан да жоқ кежімін.

Жықпайды ғой десек тағы ер туын,

Мұндай сәтте тапқан ба еді ел тыным.

«Бүркітіңе апарарсың жемтігін,

Бекер сынап жүрмесінші кемпірің» –

Деді біреу әкеме кеп, о, ғажап!

Мен танимын, туысы еді ол көршінің.

«Тарт тіліңді, қарқылдамай қарғаша,

Бұл бәйгеге несін келем жүйріктігі болмаса,

Сөзім осы саған беріп кетейін,

Сенің мына кер мықтыңнан озбаса,

Тағы үйіме қонақ болғын жол боса!» –

Деді де әкем бір мысқылмен қарады,

Ерегесте ер еді ғой ол да аса.

Той жатқанда думанымен жарасып,

Сәйгүліктің шаңы шықты кеткен таудан ары асып,

Жиылған жұрт қалды солай қарасып.

Артық түсер қызық бар ма жарыстан,

Бұлыңғырлап екі бейне көрінеді алыстан.

Кейде тіпті бір ноқаттай жанасып,

Ең алдында екі ат келед таласып…

Айдай әлем кетті әйтеуір тозаңдап,

Кім біледі енді қайссы оза алмақ?

Бірі баран секілденді көзіме,

Енді бірі біздің көк ат секілденді бозаңдап.

Әкем әне елден бөлек биік дөңде тұр аулақ,

Айқай салып, ұрандап.

Көзім алды көк мұнар боп көрінбеді бір уақ,

Әкем тағы айқай салды ақ кепесін жұлып ап.

Кім біледі елге берген серттен бе,

Анау қайқаң көктөбеге жеткенде,

Бойындағы ерен ерлік мінді ме,

Бағанағы кер мықтыны білді ме,

Шіркін, біздің тұяғыңнан айналайын көк атым,

Өр екпінмен кер мықтыңнан өте шықты зымырап.

Өте шықты зымырап.

Ағам менің ат үстінде келеді екен ысқырып,

Бұл тек қана тұлпарларға жарасатын мықтылық!!!

Біреулер жүр біреулерді шақырып,

Біреулер жүр аһ ұрып.

Көкатты ағам оңашалау жетекке ертіп жүр екен,

Әттең, бала көңілім-ай, бара алмадым батынып.

Өзімді де тұрғандығым болар бәлкім таса қып,

Кеткен екен жанарымнан жас ағып.

Балалық-ай!

Сағыныш қо кейде маған ерке мұң,

Бала күнде бар арманым – «көк ат болам» деуші едім.

Онда маған олқылық жоқ мазақ сөзге налудан,

Онда маған қорқыныш жоқ көк ат болмай қалудан.

Барлығы да сағыныштан түсіп жатыр есіме,

Барлық бала ойнаушы едік Ақ өткелдің шетіне.

Сонда менің бала көңілім мақтаныштан бір шалқып,

Көбіктете аунаушы едім, көкатқа ұқсап су тарпып.

Бір жұмысқа болсам егер бармайтын,

Елдер мені «көк ат бола алмайсың» деп алдайтын.

Сосын Ұлаш бір кісінеп,

Қайда болса самғайтын.

Қойынына кейде әкемнің жатқым келген кезімде,

Әкем маған бір мысқыл бар көзінде:

«Ал келе ғой, қойыныма жата ғой,

Атаң үйінің шұнақ аты болғал жүрсің өзің де»

Деген кезде сәл бұртиып тұрушы ем,

Сонан кейін, «көк атпын» деп,

Өз көрпеме кіруші ем.

Қайран көк ат біздің үйдің серігі ең,

Мәңгі-мәңгі қимайды екем сені мен.

Балалық-ай алақанын жайып жатқан ақ таңға,

Тағы бірде бір әпкеме құда түскен қоржынан,

Маған келген бір жейдеге алды ашық,

Қоймай қойды інім менің таласып.

Сонда анамның бауырыма жаны ашып:

«Артынан бір сыйлаймын ғой сені мен,

Ақылсыз ғой керілдеспе онымен,

Көк атпысың?» деген кезде, басымды изеп апама,

Сол жейдені жылап тұрып беріп ем…

Міне қазір есейіппін, жігіт болдым мерейлі,

Менің асау жүрегімді көк ат болу жебейді.

Балалығымды ұмыт қылып кетпек пе,

Әкем неге, анам неге «көк атпысың?» демейді.

Сын бәйгеге қосыламын мен қашан,

Бар арманым өртке кетті егер көк ат болмасам.

Жаным, әке, иесіне беріп кет,

Кер мықтыңнан озбасам.

Бала күнгі бар арманым – бір көрініп кермеден,

Тауыңды да, тасыңды да турап өтіп көлденең.

Шаршасам да кейде ойнап жарысатын желменен,

Өз бейнемді танытпастай қара сүмек терлеген.

Тасырлатып мен келем!

Әке, әке кепешіңді жұлып алып күтіп тұр,

Бір көрінем көмбеден!

Себебі мен көк атпын ғой,

Көк атыңмын мен деген!
2000

АҚЫНДАР МЕН АЛАТАУ
Ақындықтың басы –Алатау,

Секілденіп бір маған.

Күнде көрем қиялымда,

Орамалын

бұлғаған.

Гүл бөктері құлпырғанмен,

Білем алда сорымды.

Алатауға ұмтылғанмен,

Кеңсай кесер жолыңды.

Ақын болып сор дауылда,

Алатауға жеткендер.

Керек болса сол қорымға,

Басын беріп кеткендер.
2007ж

УАҚЫТ
Жетім қыздың кекіліндей күн жеген,

Ұйқасына үрке қарап күзгі өлең.

Әлде қайда барады ұзап, былдырлап,

Көнерген бір ықылымғы тілменен.

Үнсіз қалдым, мұңсыз қалдым мүлде мен,

Сырт айналып сырғып кетті жыл – керең.

Қалып барад түсініксіз қалпында,

Менің оған айтылмаған бірдеңем.

ЕКЕУІҢ ДЕ…
Екеуің де егіз қозы секілденген ерке едің,

Екеуің де қыз есімді қызғалдақтың көркі едің.

Екеуің де бұл өмірге бірге жайған желкенін ,

Екеуің де көрші едің.

Екеуің де қылаң нұрмен қызықтырар ертеңін,

Ақ гүлі едің біздің байтақ өлкенің.

Екеуің де менің жалғыз жүрегімді өртедің,

Екеуің де жалын едің, екеуің де өрт едің.

Екеуің де аққу едің аймалаған көл бетін,

Көз біткенді қызықтырар екеуіңнің келбетің.

Екеуіңе қарап тұрып махаббатқа мас болам,

Сезім мені сеңдей қағып, шала басып жер бетін.

Екеуің де бала едіңдер, мұңаюды білмейтін,

Гүл жайқалған көктеменің самалымен билейтін,

Екеуің де аңқау едің, күле қарап өтсем мен.

«Бәлкім бізге аға болғалы жүр» дейсің,

Екеуің де менің ғашық екенімді білмейсің.

Екеуің де қызыл көйлек киді екенсің не біліп,

Көз алдымда қызыл нұрға қызыл нұрлар соғылып.

Есім кетті көз алмасым сорылып,

Екі гүлдің бірін ғана таңдай алмау не қылық.

Оқияттан қалсаң бірің жолығып,

Тағы бірің көз тартасың анадайдан көрініп.

Пәк мүсіндер тек алыстан арбай бер,

Жер бетіне қалған нұрдай төгіліп.
1999ж

КҮЗ – ЭЛЕГИЯ
Тағы да күз, күз тағы да…

тамсанам,

Жаз жамалын жалмай-жалмай таусаған.

Құлазиды құр сүлдерім менің де,

Құр үмітке құлшынудан шаршаған.

Жезөкше- түн жеңіл ұстап желкемнен,

Алып-ұшып кететіндей өлкемнен.

Көлеңкеме көнем үнсіз

көлбеңдеп,

Теріс кетіп бара жатып теңселген.

Бар бәлені өзім тауып басыма,

Көктемеде күзбен болдым ашына.

Кім кінәлі, кірпіктері дірілдеп,

Жаз- келіншек алмай қойса қасына?

Аспанында тұнып қалған мұңлы ырғақ,

Менен бетер тұнжырайды тұнжыр бақ.

Шайтан жүр ме деп шошынам қасымда,

Құлағыма күлкі тисе сыңғырлап.

Тұл дүниеге айтылғандай ақырғы ән,

Бұл қандай үн жалғыздыққа шақырған.

Ештеңе де сұрамаңдар ақыннан-

«Жапыраққа жаназа» оқып отырған.
2003ж

АРУЛАР
Көктемі жетсе гүлге ынтық,

Мүмкін бе көңіл сап табу.

Күлімдеп ғана күн кірпік,

Бақшаға бара жатты ару.

Жапырақ жасын сығымдап,

Қарайды қызға таңдана.

Біріне-бірі сыбырлап,

Қалады гүлдер паңдана.

Ботаға таққан үкідей ,

Бір буым шашы бұлғақтап.

Шаттана қалған кісідей ,

Жүрегі әнтек тулап қап.

Томпақтау торғын жейдесі,

Жанарың түссе сырғақтап.

Бұлқынса да үнсіз кеудесі,

Тұратын еді құндақтап.

Қызқтап келеді бақ ішін,

Балалық ерке қылықпен.

Мақтан қып бұлақ ағысын,

Әніне ғажап біріккен.

Жымырып ернін аз тұрып,

Жымия күлді қайтадан.

Таңдаған гүлін алды үзіп,

Құмары бейне тарқаған.

Арудың сондай сәттері,

Әлемді нұрға толтырар.

Түсірсеңші ақын дәптері,

Сұлулық шегі сол шығар.

Аруды көріп алдымен,

Бұлбұлдар жырлай бастады.

Қарқ етіп қарға алды дем,

Жоқ болып айтар басқа әні.

Тобымен ұшты торғайлар,

Торыған жігіт секілді.

Мақтаншақ дейсің, қорғайды ар,

Жапалақ үнсіз отырды.

Ұйқылы-ояу далп етіп,

Жеткізбекші еді »үп» үнін.

Маңдайы күнге жарқ етіп,

Ұялтты көзін үкінің.

Қураймен бір ән басталып,

«Есен айт»-деп қалды жалғасын!

Түймесін түртіп, жасқанып,

Шайқады үнсіз тал басын.

Бүйткенше“өл’’ деп намыстан,

Жазғыру естіп бүршік тал.

Шық ете түсті сауысқан,

Шыр ете қалды шымшықтар.

Көбелек мәз боп көңілін,

Баса алмай жүрді тасыған.

Желге ұрып басып желігін,

Қарлығаш өтті қасынан.

Не деген шіркін, тамаша!

Көңілге бұлай ем дару.

Шаттана жайнап балаша,

Еркіндей түсті енді ару.

Әлде бір қандай себептен,

Жанарға жасы лық келіп.

Отыра кетті ол кенеттен,

Білегін ұстап бүктеліп.

Не қылған сұмдық, ғажап, ә!

Білегі шықты ісініп.

Ызыңдар дүлей сары ара,

Шыға берді ұшып құтырып.

Жия алмай қалды тіршілік,

Шым ете қалған жүрегін,

Ащы бір жасқа тұншығып,

Қысып тұр ару білегін.

Күлкісін тиып бар ғалам,

Күрт түсіп кетті еңсесі.

Сұлулығын сұмдық жалмаған,

Сүреңсізденіп жер төсі.

Өмірде тоят жоқ па оған,

Не дермін, ара-тажалға.

Білегін ашық тастаған,

Аруға кінә тағам ба?

Бақшаға тағы барыңдар,

Сендерсіз сәнсіз, сірәда.

Ендеше, аппақ арулар,

Кір қолым тисе кінәла.
2002ж

ІЗДЕУ
Қайдасың?

Мен іздеген…

Толқынға еріп кеттің бе?

Теңізбенен.

Мен жүрем, арлы-бері жұрт жүреді,

Бізден бұрын ескірген сол ізбенен.

Шаршадым.

«Бір кетем»-деп…

Еске аламын аман-сау жүр ме екен –деп

Анда-санда тыңдаймын тыныштықта,

Жүрегімнің соққаны шын ба екен –деп.

Арманым.

Бәрі қайда?

Енді мені ешбірі танымай ма?

Әлде неге бір бала әлі жетпей,

Көкірегімде жылайды қаны қайнап.

Отырам.

Содан бері…

Бір соқса сол шығар – деп, соғар жері.

Онда тек қарасирақ сотанақтар,

Керімсал кешкі ауылдың самал желі.

Шырақтар.

Тілсіз қала.

Қарнын сызып қайтады күн сыздана.

Сені сұрап жүремін қалың жұрттан,

Үнсіз ғана, тек үнсіз, үнсіз ғана.

ҚАЛҚАМА ХАТ НЕМЕСЕ ЖІГІТ СӨЗІ
Өмір дейтін толқынмен кеттім ағып,

Жардан жарға, жағаға соққыланып.

Тірлік те бір билеуші патша шығар,

Маған оны тақпашы еш кінә қып.

Біреу сорлап, біреулер жолды болған,

Бұл жалғаннан тілейтін ендігі арман:

Нені көрсем көрейін, жалғыз сені,

Сағынудан жазбасам болды, қарғам.

Көңілімді жұбатып шерге бейім,

Бақыт бар деп сезінсем, сенбе деймін.

Сен көрмегін сұмдығын бұл өмірдің,

Көрер болсам қырсығын мен көрейін.

Сен ештеңе түсінбе,

“Бақты екем,-” деп,

Жасыл бақты аралап жат мекендеп,

Мені ойла да талықсып ұйқыңа көш:

“Өмір деген осындай тәтті екен,-” деп.

Жанарыңнан таймасын тұнған арай,

Аппақ ұста жаныңды кіл баладай.

Жуасы мен жыланы бірдей өскен,

Мен өрмелеп барамын шыңға қарай.

Мені дауыл соққылап жыққан кезде,

Сен көрмегін, тұрарлық күш бар менде.

Тек жарығым жарқылдап қасымда отыр,

Менің күнім жарқ етіп шыққан кезде.
2004ж

ЖЕЛТОҚСАН АЛАҢЫНДАҒЫ ЖЫР
Ұжданымды ұлтан етпек табанға,

Қарғыс айтып қара жүрек заманға.

Айналып жүр қазақтың кең аспанын,

Ұлы ерліктің сыймас жыры қағазға.

Ей, намыстың найзағайдай ұлдары!

Қызыл тілін қылыш еткен қыздары!

Қанды тарих қалшиып тұр мәңгіге

Жанарында Желтоқсанның ызғары.

Есерлерге, еркіндігін бұлаған,

Езілуге енді қазақ шыдаман.

Ажал бүріккен аждаһадан тайынбай,

Қызыл қолмен қырғын салған бұл Алаң.

Не көрдің сен қара жұлдыз, қара аспан,

Қан жұттың ба сен де қайсар қазақтан.

Өрімдей қыз өлмес ерлік жыры боп,

Саған қарай рухы ұшып баратқан.

Жер бетінде жеңіс алған белестер –

Есіл бабам ерлік қылған егестер…

Желтоқсанда қайта шауып басына,

Буырқанған бабам қаны емес пе ол.

Оу, мені кім дейсің?!

Қарсы алдымда хас жауымның қаңқасы,

Қос қолымда Қобыландының балтасы.

Азығыма ақ анамның малтасы,

Азуымда найза таудың жаңқасы.

Қонысыма көз қызартқан қалмақтың,

Қанжығама басын берді қаншасы.

Тұлпарының тұяғымен сызылған,

Қазақтың бай даласының картасы.

Ей, ұлы Алаң,

лаңды Алаң!

Өзен шайып, өте алмайтын қанды Алаң.

Қара жерден шөлі қанған сенсің-ау,

Қан мен жасқа әлі шөлі қанбаған.

Сұрап алып сұрқы кеткен айдан нұр,

Азаттыққа арпалысқан майдан бұл.

Құрмет саған, Желтоқсандық боздақтар!

Өшпейтін жыр бұл – алаңға ойған жыр.

Солмайтын гүл, бұл алаңға қойған гүл,

Солмайтын гүл ойсыздарды ойландыр.

Орысшалап қала қызы қарқылдап,

Бір-біріне қар лақтырып ойнап жүр…

Кім бар енді тағдырына үңілер,

Босамаған болат жүрек, сірі қол.

Жалғыз өзі жаттап жүр ме ішінен,

Тас түрменің жазып болып жырын ол?

Қатал уақыт заулап бара жатыр-ау,

Әділетті әлі іздеп жүр тірілер.

Тәуелсіз күн түскені жоқ ғарыштан,

Атсын десең енді алдан «барыс-таң».

Желтоқсанның рухын айт алдымен,

Жер бетінде қай қазаққа жолықсаң.

Жасыл шарда қазақ деген атыммен,

Қанаттасып ұшып барам ғасырмен.

Желтоқсанда жауап бергем жаһанға,

Бодандыққа бағынбайтын басыммен.
2006ж.

НАУРЫЗ
Кел, Наурыз!

Өліп – тірілген өзімсің.

(қазақ даласының жаңғырығы)

Аспан түстес азаттықты сүйіп мен,

Қуаныштан ес қалмаған күнімде.

Алпыс екі тамырымды иіткен,

Маңдайдағы жалғыз бақыт тірімде.

Тірі түгіл, өлген қазақ арманы,

Ақымында күлімдеді-ау шалықтап.

Арқасына күн көтеріп самғады,

Рухтары зеңгір көкте қалықтап.

Бұл ұшпаққа жете алмаған аз ба адам?

Жер бетінің жетім құсы секілді.

Топ-топ болып тозып кете жаздағам,

Алла қайта оңға бұрды бетімді.

Тұлпарым-ай, тұяғыңнан айналдым,

Туған жерге тұмсық тығып оқыран.

Ай астында арқыраған айбарлым,

Саған берген сертке ғана бас ұрам.

Бұл бабамның асыл рухы дегенмен,

Бағалайтын кім бар, иә, алтынды!

Әлі соларға ұқтыра алмай келем мен,

Дала жатқа сайрап жатқан даңқымды.

Төрт құбылам теңелгенше тер ағып,

Садақ іліп қайтсам деп ем саныма.

Мөлдір үміт құмға сіңіп жоғалып,

Өзегімді тұз қуырды тағы да.

Ғапыл дүние-ай!

Ғапыл дүние-ай, қандайсың?!

Сәби сатқан саудагерден аумайтын.

Жетімдердің көз жасына қанбайтын…

Құл сатқандай ұлын сатқан азғынды,

Енді менің халім де жоқ қарғайтын.

Шетел асып кеткен сәби, қазақ боп,

Наурызды мәңгі тойлай алмайсың.

Қарғалар…

Күрсінгенде көкірегі жарылып,

Қарс айрылып қазақ қанды жүрегі.

Бұрқыраған жусан исін сағынып,

Бейбарыстай келер ме екен біреуі.

Әй…

Кел, Наурыз, берекемнің ұйтқысы,

Араға жік түспесін деп ішейік.

Бәрін ішкен басқалардың ит-құсы,

Қасиетімді ішпесін деп ішейік.

Отанымның топырағында гүлдеуге,

Менің жалғыз арманым бар жетпеген.

Бар қазақтың басын қосып бір жерге,

Наурыз күні жыр оқысам, деп келем.
2007ж

ҚАЙРАН
Бұлар шулап жазады,

Измдердің иір-иір жолдарын,

«Елесінің ұзын-ұзын қолдарын»,

Өзі ішінен өзі мыңға бөлініп,

«Өз көріне топырақ сап тұрғанын»…

Жазады-ай бір,

Жазады-ай бір емініп,

Сосын тағы… бұл ортадан жерініп…

Есениндерге есі кете елігіп,

Абай одан аласалау көрініп…

Сілтейді-ай кеп данышпаным, даңқтым,

(Мен бұлардың даңқынан да жалықтым.)

Қай заманнан…

Қайран сөзі қор болған,

Қара шалды ойлай-ойлай қамықтым.

Изім демес, біздің түске енбеген,

Қиял да емес, «тәнін айға жерлеген».

Сол қайран сөз СЫРТЫ КҮМІС, ІШІ АЛТЫН,

Қырық жамау жүрегімді емдеген.

Ақиқаттың арғы түбін ұға алмай,

Өтіріктің өрмегінен шыға алмай.

Содан бері қанша жалған сөз өлді,

Ит жүніне қонған түнгі қылаудай.

Міне тағы

Көз – ноғала, сөз – жалған,

Жалған сөзді жалған мақтар кез болған.

Әттең дәрмен жетер ме аулақ кетуге,

Атақ буы бұрқыраған сол маңнан.

Буға айналып кетсе дағы сөздері,

Сол бір маңның «марапатты» ерлері,

Буырқанып

Байтақ Қазақияны,

Сөздері емес, кезіп жүреді өздері.

Қайран, сөз-ай!..

 

 

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ. 1983 жылы Қытайдың Алтай аймағына қарасты Шіңгіл ауданында дүниеге келген. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясын кинотеледраматургия мамандығы бойынша бітірген және осы мамандық бойынша Астанадағы «Шабыт» Өнер университетінде оқып, «Өнертану» магистрі дәрежесін алған. Бірнеше республикалық жыр мүшәйраларының, «Шабыт» фестивалінің жеңімпазы. Өлеңдері мерзімді басылымдарда жарық көріп тұрады.

«Керағыс» жыр жинағы, «Болмыс» мақалалар жинағы жарық көрген.


http://alashainasy.kz/akyn/ularbek-nurgalyimulyi-eshtene-de-suramandar-akyinnan–japyirakka-janaza-okyip-68929/

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз