Атамұрат ШӘМЕНОВ, экономика ғылымының докторы, профессор:
– ЕХРО бұл ғылым, жаңалық, инновация дегенді білдіреді. Ал басқа жұртты осындай көрмеге шақырып отырғанда, өзің де көштен қалмауға тырысасың. Сондықтан оған барынша дайындалуымыз қажет. Оған көп уақыт қалған жоқ. Қазақстан тек сауда ғана емес, Еуразия құрлығының энергетикалық торабында орналасқан. Егер де біз заман көшіне ілесеміз десек, қуаттың балама көздерін пайдалануға, экологиялық өмір сүруге басымдық беруге тиіспіз. Астанада 2017 жылы өткізілетін ЕХРО-ға дайындық ғылыми инженерлік ойдың дамуына және отандық энергетиканың келешегін талқылауға түрткі болатыны сөзсіз. Осы орайда бір айта кететін мәселе – осыдан үш-төрт жыл бұрын Елбасымыз ғылымға бюджеттен бөлінетін қаржыны көбейту керектігін айтқан-тұғын. Сондықтан ғылымды өркендету, инновацияны енгізу ісінде мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе деген тілек бар. Әсіресе университет ғалымдары осындай қолдау күтеді. Қарап отырсақ, Нобель сыйлығы сияқты беделді сыйлықтарды көбіне университет ғалымдары алып жатады. Өйткені университет – тек оқыту емес, нағыз ғылымның ордасы. Сондықтан, ең әуелі, ғалымдарды ынталандыру, яғни оларға мотивация жасап, ғылымды өркендету қажеттілігін тудырып, ғылым тасын өрге сүйреуге итермелеу керек сияқты.
Борис МАРИНУШКИН, Ұлттық сәулет академиясы директорының орынбасары:
– Қазақстан солтүстік жарты шарының 40-ендігінде орналасқан. Бұл ендікті «арқырауық» деп бекерге айтпайды. Себебі бұл арадан жердің негізгі әуе ағымдарының қозғалысы өтеді. Біз 20 жылдан бері жел қуатын пайдалану туралы айтып келеміз, бірақ әлі ештеңе өзгерген жоқ.
Ал көрме тақырыбы – балама қуат көздерін пайдалану. Бұл Қазақстанға ауадай қажет. Өйткені негізгі энергетикалық қор көнеріп жатыр, түптің түбінде оларды заманауи жаңа технологиялармен ауыстыру жағын ойластыруға тура келеді. Ал Астанада Халықаралық мамандандырылған ЕХРО көрмесін «Болашақтың қуаты» тақырыбымен өткізу елдегі қалыптасқан ахуалға жаңаша қарап, өзге елдердің тәжірибесін егжей-тегжейлі зерттеуге мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Мұса МАЙЛАШЕВ, медицина ғылымының докторы:
– Астанада ЕХРО-2017 көрмесін өткізу арқылы біз халықты техникалық жағынан сауаттандырып, еліміздегі техникалық білім мен ғылым деңгейін көтере аламыз. Сонымен бірге ол жастардың ғылым мен техникаға деген қызығушылығын арттыруға сеп болады. Жалпы, көрменің «Болашақтың қуаты» деп аталуы да тегін емес. Өйткені бүгінде жер бетінде қуат пен оны өндіру мәселесі алаңдатпайтын ел жоқ. ЕХРО бүкіл әлем елдерін, оның ішінде біздің еліміздің осы бағытта дамуына тың серпін беруі тиіс.
Ал балама қуат көздерін дамыту үшін ғылым мен инновацияны дамытуға маңыз берілетіні белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, ғылымда энергетикалық салада, соның ішінде қуаттың балама көздерін пайдалануды барынша дамыту және оны тасымалдау бағытында көптеген тың жаңалық ашылады деген үміт бар.
http://alashainasy.kz/tal/ehro-2017-elmzdn-gyilyimyina-kanday-serpls-bered-41892/