Дүниені дүрліктірген “Даиш”: дақпырт пен шындық

1
118


Былтыр әлемнің тоқсан бес елінде он үш мыңға жуық лаңкестік жасалған екен. Бұл сұмдық жылдан-жылға өрттей қаулап, етек алып бара жатқаны жасырын емес.
Жалпы, террорлық мәселесі соңғы уақытқа дейін елімізде ұлттық қауіпсіздікке нақты қатер төндіретіндей дәрежеде емес. Дегенмен, ықтимал жағдай ретінде назардан тыс қалдырылмайтындай. Сондықтан болар, еліміздің ұлттық қауіпсіздік жүйесі басқа қатерлерге қарсы, айталық, этносаралық шиеленіс, есірткі тасымалының жолын кесу, заңсыз миграция сияқты келеңсіздіктерге төтеп бере алатындығы даусыз.
1999 жылғы ақпандағы Ташкенттегі терактіден кейін және 1999-2000 жылдары Қырғызстанның Оңтүстігіндегі Баткен оқиғасынан соң, біздің өз сарапшыларымыз бен шетелдік эксперт мамандары террорлық мәселесі Қазақ еліне нақты қауіп төндіре алмайды деген пікірге тоқтайтын сыңайлы.

Әлемді аяғынан тік тұрғызған лаңкестік ұйым

Соңғы уақытта әлемдегі террорлық шабуылдардың басты ұйымдастырушысы ретінде өзін «Ислам мемлекеті» деп атап жүрген лаңкестік ұйым аталады. Қазір мұның атын естіген төрткүл дүние аяғынан тік тұрады десе артық емес. Расында да, аталмыш ұйым қатты күшейе түссе, жағдайдың ушығып кетпесіне ешкім кепілдік бере алмайды.
Жалпы, батыс басылымдары «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының Азияға ықпалы қатты күшейгенін жиі талқылап жүр. Олар Азиядағы сөз бостандығы мен қауіпсіздік тұжырымдамасының арақатынасы жайлы ондаған зерттеулер де жүргізіп тастады. Ал америкалық «Wall Street Journal» газеті ИМ-нің (Ислам мемлекеті) Оңтүстік Шығыс Азияда, әсіресе, Индонезияда ықпалы күшейіп келе жатқаны жөнінде жазады. «Оңтүстік Шығыс Азиядағы мұсылман экстремистер арасында «Ислам мемлекетін» қолдаушылар саны тез өсіп барады, ал экстремистердің әсіре діншіл қағидаларды ел ішінде таратуына немесе теракт жасауна қарсы тұру үшін биліктің қолында жеткілікті заң тетіктері жоқ. Сарапшылар бәрінен бұрын Индонезияда қатер тым күшейіп тұрғанын айтады» делінген мақалада.
Басылымның жазуына қарағанда, 255 миллион тұрғыны бар бұл ел әлемде мұсылман саны ең көп мемлекет саналады. Ресми деректер мен сарапшылардың пікірі бойынша, жүздеген индонезиялықтар (оның ішінде тұтас отбасылар да бар) ИМ тобын қолдап, экстремистер бақылауда ұстап тұрған аймаққа қоныстану үшін Сирия мен Иракқа аттанған. Тіпті, Отанына қайтуға ниеті жоқтардың өзі «елде қалған өзге пікірлестеріне шабыт беріп, қауіп төндіретіндігімен» билікті алаңдатып отыр деп жазады «Wall Street Journal».
Индонезияда бұрын да бірнеше мәрте террорлық шабуылдар болған, оларды Ауғанстанда «әл-Қаида» қатарында дайындықтан өткендер жасаған еді. Бірақ, сарапшылардың пікірінше, шабуылға айлап, жылдап дайындалатын бұрынғы содырлардан айырмасы – «ИМ ықпалындағы лаңкестер шабуылды өз бетімен әрі жылдам жасайды» деп жазады америкалық басылым. Биліктің хабарлауынша, қазір ИМ-ді жақтайтындар Индонезияның отыз үш провинциясының жартысына жуығында бар. Олардың ішінде индонезиялық коммерциялық әуе желісінің екі ұшқышы бар, сондықтан билік 2001 жылы АҚШ-та болған жарылыс тәрізді шабуылдың қайталануынан қауіптенеді.

Әлеуметтік желідегі қауіп

Тағы бір америкалық газет – «Washington Post» «ИМ технологиялық компанияларды сөз бостандығы мен қауіпсіздік арасында жалтақтайтындай дәрежеге қалай жеткізді?» деген мақаласында ИМ өкілдерінің өз үгіт-насихатын жүргізіп, қатарына жаңа адамдар тарту үшін әлеуметтік желілерді қолданатындығына қатысты пікірталастардың барған сайын күшейіп келе жатқанын жазады. «Осы содырлар тобындағы әлеуметтік желіні жақсы меңгергендер АҚШ-тың көптеген компанияларына қолданушылардың өз пікірін білдіруіне кедергі жасамайтын әлемдік платформаны сақтай отырып, ИМ сияқты топтардың жолын қалай бөгеуге болады деген сауалға жауап іздетіп, бас қатыратын мәселе тауып берді. Себебі, бұл топтар сөз бостандығы қағидасын өздерінің террорлық кампанияларын жаю мақсатында қолданып жатыр» деп жазады аталған басылым.
Үнжарияның мәлімдеуінше, осы айдың басында АҚШ сенатының барлау комитеті әлеуметтік желілерді өз сайттарында жарияланған террористік мазмұндағы мақалалар туралы федералдық билікті хабардар етуге міндеттейтін заң жобасын мақұлдаған. Бұл құжаттың мақсаты – террорлық шабуылдар жоспарланып жатқаны туралы құқық қорғау мекемелеріне ақпарат беруді көздейді. Бірақ заң жобасы әлеуметтік желіні әлдебір пайдаланушыны немесе оның жазбаларын аңдуға міндеттемейді. БҰҰ-ның мамандар тобы өткен айда «ИМ және басқа да содырлар тобы олардың сайттарын өз мақсатына пайдаланып отыр» деген сөзге қалған әлеуметтік желілерді ондай айыптауларға жауап беруге шақырған еді.
Сонымен бірге «Washington Post» басылымы АҚШ-та үкіметтің сөз бостандығын реттеу әрекеті әдетте АҚШ Конституциясының сөз еркіндігін қорғайтын Бірінші түзетуіне қайшы саналатынын айтады. Соған байланысты әрқайсысының өз мәдениеті, міндеті мен пәлсапасы бар әлеуметтік желілер терроризмге қарсы жазбаларды құлыптау немесе өшіру мәселесін өздері шешеді. Мақалада терроризмге қатысты материалдарды жою жөнінен «ең қатты» әлеуметтік желі – Facebook екені айтылған. Компания террорлық сипаты бар дүниелерге «еш төзбейтін» саясат ұстанады, сондықтан, террористік ұйымдармен байланысы бар жарияланымдарды жойып отырады.
Сондай-ақ, компания өз қолданушыларына желі редакторларына әлгіндей материалдар жайлы ескерту құқығын берген, жарияланымдардың мазмұны Facebook желісінің стандартына қаншалықты сай келетінін тексеріп қарайтын арнайы сұрыптаушылар жалдайды. Ал бұған мүлде қарама-қайшы ұстанымдағы Twitter әлеуметтік желісі сөз бостандығын бәрінен жоғары қояды. Дегенмен, Twitter де жақында өз саясатына өзгеріс енгізіп, қолданушының өзгеге дөң-айбат шегіп, қоқан-лоқы жасайтын немесе терроризмді жаятын дүниелерді жариялауына шектеу салды.
«Ақпараттық компанияларға террорлық топтардың байланысын шектеу, ал жаңалық тарататын ұйымдар мен заңға бағынатын қолданушылардың өз дүниелерін жариялауына кедергі жасамау қиындық туғызып отыр» деп жазады «Washington Post». Оның үстіне, сөз бостандығын қорғаушылар көптеген суреттері мен бейнероликтері жан шошырлық болса да, ИМ хабарламалары тәрізді көптеген жарияланымдарды фактологиялық жазбалардың бір бөлігі деп санау керек дейді.
Мақалада Google компания­сының «Charlie Hebdo» сатиралық журналының редакциясына жасалған шабуылдың видеосын YouTube бетінде қалдыру қажет пе, жоқ па деген ұзаққа созылған пікірталастан соң, оны қалдыру туралы шешім қабылданғанын мысалға келтірген. Олар бейненұсқаның мазмұны жаңалық саналады және тарихи жазбаның бір бөлігі деп шешкен. Ал Францияда биліктің сұрауы бойынша бейнероликті YouTube арнасынан алып тастаған.
Мамандар не дейді?

Ерлан Қарин, саясаттанушы:

Терроризмнің жүзге жуық анықтамасы бар

– Террорлық өте күрделі құбылыс. Ол әртүрлі даму сатысынан өтті. Егер ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында бұл белгілі бір азаматтың, тұлғаның үкіметпен қарсылығының формасы болса, жаңа ғасырда бұл тұтастай қылмыстық индустрияға айналды дер едім. Атап айтарлығы, терроризм есірткі бизнесі, қару-жарақ сату, адам саудасы және т.б. түрлі қылмыстық іс-әрекеттердің барлық бағыттары өзара байланысып жатқан күрделі индустрия болып қалыптасты. Сол себептен біржақты анықтама беру қиын. Террористік іс-қимылға ықпал ететін факторлардың саны да ұлғаюда. Көптеген анықтамалыққа үңілетін болсақ, кейбір зерттеулерде терроризмнің осы уақытқа дейін жүзге жуық анықтамасы барын көреміз. Террористік ұйымдар арасында айналымда жүрген қазіргі қаржы көлемін бұрынғы террористік ұйымдардың қолында болған ресурспен салыстыруға мүлдем келмейді. Бұрын террористік іс-қимылдың мақсаты – белгілі бір тұлғаның, азғантай топтың ұстанымын, пікірін үкіметке, қоғамға жеткізудің бір жолы болды. Мысалы, лаңкес бейбіт адамды кепілдікке алатын немесе бір акция ұйымдастыру арқылы белгілі бір топ өзін көрсетуге, не үшін күресіп жүргенін жеткізуге тырысатын. Қазір мұндай мақсат жоқ. Себебі кез келген адамның өз ой-пікірін, ұстанымын қандай жолмен болса да жеткізуге мүмкіндік мол. Сол себептен терроризм құбылысы күрт өзгерді. Ең бастысы, әлемдік геосаяси ахуал өзгерді. Соңғы жылдары терроризм төңірегінде көп айтып, көп еститін болдық. Себебі, әлемдегі геосаяси текетірес шиеленісіп, алпауыт елдер жаңа айла-амалға көше бастады. Осы жағдай террористік қауіп-қатердің көлемін ұлғайтты. АҚШ-тағы Мэриленд университеті жанынан құрылған террористік қауіп-қатерді зерттейтін орталықтың (1974 жылы құрылған орталық әртүрлі елдердегі қастандықты тіркеп, дерек базасын құрған) мәліметтер базасына сүйенсек, 2000 жылдардың басы мен ортасында бүкіл әлемде жыл сайын 600-ге жуық теракті орын алса, 2010 жылдың ортасынан бері олардың саны тез өсіп, 1 жылда әлемде 10 мыңға жуық теракті тіркелген. Демек, бұл радикалды топтардың саны көбейіп, жалпы радикализмнің күрт ұлғайғанының көрінісі.

Нұртай Әбіқаев,
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы:

ДАИШ – өзін «Ислам мемлекеті» деп атап жүрген лаңкестік ұйым

Естеріңізде болса, бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев бұқаралық ақпарат құралдарында ДАИШ-ті «Ислам мемлекеті» деп атауға қарсы екенін жеткізген еді. Бұл туралы пікірін ол Астанадағы Орталық және Оңтүстік Азия елдеріндегі зорлық-зомбылық экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік конференцияда мәлім еткен болатын.
– «ДАИШ – өзін «Ислам мемлекеті» деп атап жүрген лаңкестік ұйым. Шын мәнінде олар түрлі елдердің ондаған мың өкілдерін қамти отырып, діни экстремистік интернационалға айналып отыр. Атап айтқанда, саясаткерлер мен журналистердің ДАИШ-ке қатысты «Ислам мемлекеті» ұғымын кеңінен пайдалануды дұрыс емес деп санаймыз», – деген еді ҰҚК төрағасы.
Ол осы орайда «мемлекет» деген терминді пайдалану қате екенін қадап айтты:
– Біз өзіміздегі арнайы қызметте ДАИШ аббревиатурасын пайдаланамыз. Олар өздерін қалай атағанымен, «мемлекет» деген терминнің орнына, аталған аббревиатураны қолданған дұрыс болар еді. Бүгінде ДАИШ халифатты құруды белсенді алға жылжытуда. Бұлар Солтүстік Африкадан Қытайға дейінгі кеңістікті қамтуды көздеп отырған сыңайлы. Ұйымның жақтастары Ауғанстанда пайда болуда. Бұл өз кезегінде бізді алаңдатпай қоймайды…

Жалпы, саясаттанушылардың айтуынша, терроризм қаупін дұрыс бағаламай, оны елемей және жекелей алынған елде қауіптің өзін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ терроризмді асыра бағалаудың да реті жоқ, қоғамда дүрбелең салып және үрей мен қорқыныш ұялатып, қоғамды дүрліктіру әсерін күшейту арқылы лаңкестердің қолтығына су бүрку де орынсыз. Себебі, кез-келген теракт ең алдымен, кең ақпараттық ықпалға есептелген. Осындай теңгерімді ұстап тұру қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бірақ, ең бастысы – терроризм, экстремизм сияқты қауіп-қатерге төтеп беріп, тиімді қарсы тұрудың ең басты шарты – ол қоғам мен биліктің өзара келісімі, ұлттық бірлік.

Сейілбек АСАН

“Қазақ үні” газеті

Дүниені дүрліктірген «Даиш»: дақпырт пен шындық

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз