550 жылдықта ханның басы қайта ма?

23
306

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Кенесары ханның бас сүйегі елге қайтарылу ісін жүйелі түрде қолға алуымыз қажет. Бұл туралы «Хан Кенені қайтарамыз!» қозғалысының үйлестірушісі Нұрлан Әміреқұлов айтты.

Бұған дейін қазақтың соңғы ханы Кенесарының бас сүйегін Ресейден қайтарып алу мәселесі талай көтерілген болатын. Тіпті, «Кенесары ханды қайтарамыз!» қозғалысының белсенділері Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге ресми түрде екі рет петиция жолдаған-ды. Енді Қазақ хандығының 550 жылдығына орай үшінші мәрте петиция жолданбақ.

«Елінің тәуелсіздігін сақтау жолында Ұлт-азаттық көтеріліс жасап, қасық қаны қалғанша күрескен Кенесары ханның бас сүйегін туған жеріне әкеліп, арулап жерлеу – әрбір қазақтың қасиетті парызы. Сол парызды орындау үшін Ресей заңына сәйкес 1 миллион адамның қолын жинау қажет екен. Ресей Президенті сонда ғана бұл мәселені ресми түрде шешуге келісім береді.»- деді Нұрлан Әміреқұлов.

«Хан Кенені қайтарамыз!» қозғалысының үйлестірушісінің айтуынша, қазір Кенесарының қасиетті басын елге қайтаруды қолдап қол қойған 100 мың адам бар.

«Кенесары – қазақтың тәуелсіздігі үшін күрескен тұлға. Қазақ халқында «Өлі разы болмай тірі байымайды» деген сөз бар. Біз сол қазақ тәуелсіздігі жолында шейіт болған бабаларымызды құрметтеуге, қастерлеуге тиіспіз. Ол үшін біріншіден Хан Кененің қасиетті басын қайтарып алу ісі толықтай елдің арманы мен ұлттың мақсат-мұратына айналуы керек. Екіншіден, мұндай мәселе қоғам тарапынан қолдауға ие болып, Қазақстан мен Ресей мемлекеттерінің арасындағы саяси дипломатия шеңберінде шешілгені дұрыс. Үшіншіден, Хан Кененің Қырғызстанда жерленген мүрдесін табу аса қиын шаруа. Ол сүйек табылмауы да мүмкін. Сондықтан да заңды жолмен Ресейдегі бас сүйекті елге әкелудің жолдарын Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында халық болып жүзеге асыруымыз керек»,- деді ол.

Сондай-ақ Нұрлан Әміреқұлов іргедегі Ресей билігі Ақ Патшаның сүйегін тауып арулап жерлегенін, оған арнап еңселі ескерткіш қойғанын тілге тиек етті.

«Ресей тіпті, Колчактың өзіне құрмет көрсетіп жатыр. Біз солардан үлгі алып, Кенесарының әруағына тағзым жасап, оның мүрдесін табуға тиіспіз. Себебі Кенесары – қазақтың соңғы ханы. Оның бас сүйегінің жоғалуы – Қазақ хандығының жоғалуы. Оның бас сүйегінің елге келуі 550 жылдық тарихы бар Қазақ хандығының өміршеңдігін көрсетеді», – дейді Н.Әміреқұлов.

Мамандар Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында тек Кенесары ханның басын елге қайтарумен ғана шектеліп қалмау қажеттілігін айтады. Олар Ресей Федерациясының басшыларынан Патша өкіметі және Кеңестер Одағы тұсында Қазақ елінен алынған басқа да мәдени-тарихи жәдігерлерімізді қайтаруды талап ету қажет деген пікірде.

«Кенесары хан» қоғамдық қорының директоры Мұхтархан Абаған бір сөзінде: «Кенесарының басын іздейтін түрлі ұйымдардың, зиялылардың, ғалымдардың басы бір арнаға тоғыса қойған жоқ. Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін алдымен өзіміз бір жағадан бас шығарып алуымыз керек. Бұл бір. Менің айтқым келетін екінші мәселе «Кенесарының басын әкелуге миллион адам жинау керек» деп жұмысты біржақты ғана жүргізуге болмайды. Осы бағытта түрлі ғылыми конференциялар ұйымдастырып, қолдан келетін шаруаларды атқара берген жөн. Мысалы, Кенесарының атына қазақтың барлық қаласынан көше беру мәселесін қолға алатын кез келді. Мәселен, Алматыдағы Фурманов көшесін Кенесарының атына беруге болады. Өйткені Кенесары сондай құрметтеуге лайық тұлға», деген болатын.

Кенесары қазақ тәуелсіздігін сақтауды мақсат етті. Тарихшылар оның отаршылдарға қарсы соғысты бірден бастамағанын дәлелдеді. Ол бірнеше мәрте дипломатиялық қадамдар жасап, І Николай патшаға, Орынбор генерал-губернаторлары В.А.Перовскийге, В.А.Обручевке, Сібір генерал-губернаторы П.Д.Горчаковке хат жолдап, тиісті талаптарын қойған.

skifnews.kz

http://alashainasy.kz/kazak_tarihy/550-jyildyikta-hannyin-basyi-kayta-ma-72418/

23 ПІКІРЛЕР

  1. Қазақтың тәуелсіздігі үшін күрескен ұлт жанашырының басын қайтарып алуға бар қазақ міндетті деп ойлаймын. Сондықтан колдау көрсетейік, достар.

  2. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында Хан кененің басын қайтарып алсақ нұр үстіне нұр болатын еді.

  3. Бұл халқымыздың рухын оятатын үлкен шара. Сондықтан еліміздің патриоттары ат салысып, қолдау көрсетеді деген ойдамын.

  4. Ұйымшылдық танытып бұл шараға ат салыссақ жақсы болатын еді. Кенесарының аруағын разы қылатын едік.

  5. Қандай жолмен болса да, Кенесары ханның басын қайтарып алуымыз керек. Бұл біздің Хан Кененің аруағының алдындағы борышымыз.

  6. Қазiр ел арасында мынадай сөз жиi айтылып жүр: «Кенесары ханның басы мен денесi қосылмайынша, қазақтың басы да қосылмайды!»деп. Сондықтан осыған да мән беріп, Кенесарының басын қайтарып алуға бар күшімізді салайық.

  7. Бұл керемет болу шеді егерде біз Хан Кененің басың еліізге қайтарып жерлесек.

  8. Рухымызды жоғары ұстап осы істеп отырған ісіміз оңды болғаның тілеймім.

  9. Бұл біздің тарихымыз, әсіресе қазақ хандығы мерейтойының қарсаңында бұл парызымызды орындауға әрекет жасау керекпіз деген ойдамын

  10. Мұндай шара шынымен де қазақ халқының рухы мен сенімін арттыра түседі. Жақсы долушы еді

  11. Әрине, бұл істі қолға алып, тарихи құндылығымызды өз жерімізге қайтару керек екені анық!

  12. Осындай бастаманы қолға алып отырған мамандарға алғысымыз шексіз. Тарихи құндылықтарымыз елімізде сақталуы тиіс!

  13. Біздің міндетіміз Кеңесары ханның басын жерімзге алып келу. Сонда жанымыз тыныш рухымыз биік болу хақ.

  14. Қазақтың егемендігін ансаған,асқақ рухы сынбаған тәуелсіздік үшін күрескен бас иілмеген Хан Кене болған. өте құптарлық жұмыс екен солай жасау керек. Біз қолдаймыз!

  15. Халқаралық Ассамблея қолдау білдіруі тиіс. Қолдау білдіргені Қазақстан ушін, отаны ушін жаны ашитындығын білдіреді.

  16. Бұл дұрыс бастама, не болғанда әрбіріміз адам сияқты жерленуге лайықтымыз

  17. Қазір Кенесарының басы табылғаннан соң, біздің басты міндетіміз – оны елге қайтарып алу. Қолдаушылар көп болса екен деймін.

  18. Әрине, дұрыс шара. бірақ алдымен ол табылуы керек. бос сөзді қойып, қоғам мүшелері Ресейде жүруі керек қой осы сәтте.

  19. Мемлекетіміз бұл мәселені бұрын да көтерген. бірақ бассүйек Петерборда да, Омбыда да табылмады. сондықтан қол жинағаннан бұрын тарихшылардың тиянақты еңбегі керек бұл жерде.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз