Айнұр ШӘМШЕЙІТОВА: Сағыныш пен өкініш (әңгіме)

1
147

Жастықтың қалай өтіп

жатқанын ешкім

аңғармайды, өтіп

кеткеннен кейін «Аһ» ұрады.

СЕНЕКА

Иә, сол кез Гүлсананың есінде дәл бүгінгідей сақтаулы. Сессиясын бітіріп ауылға бет алғалы екі күн өтті, пойыз іші қапырық тартып тіпті жүрегі қысып кеткен тәрізді. Ойлы қалыппен терезеге көз салып келеді.Пойызбен қош айтысқан кең дала,жердегі әппақ қар, шағын ауылдар алыстап қалып жатты.Үйлердің мұржасынан будақтай шыққан түтін, әр жерде шана сүйретіп ойнап жүрген балалар, барлығы көз ұшында қала берді. Бір топ баланың пойызға қарай жүгіре қол бұлғағаны әжесін есіне тағы да түсіргендей көңілі құлазып қалды. Ойына ауылдағы жан – жаққа өз жолдарын тауып кеткен достары, екі-үш үй әріде тұратын әжей, көрші үйдегі қашан көрсең тыстаға орындықта жалғыз ойланып отыратын атай түсті. Басын төмен түсіріп о дүниелік болған әжесін ойлап тұнжырап біраз тұрды.

Сұлу даланың шексіз, шетсіз бейнесін ойша суреттеп тұр. Гүлсанадан озып немесе ойлана басып қалып қойып жатқан жандар бар. Өмірдің өзі осылай емес пе, біреу үшін азаптың азабы, ал келесі бір жан үшін тіпті қиналып ойланатын да ештеме жоқ. Гүлсананың естелікткрінің барлығы «Ағай» деп басталатын. Бәлкім ағайына арнап жазатын болуы керек. Немесе қалада мұны түсінетін жалғыз жан топ жетекшісі яғни Серік Мұратұлы ғана деп ойлайтын шығар.

Ағайының аудиторияға кіріп келіп санаулы студенттердің ішінен бүгін кімнің келмегенін көзбен тексеріп шығып сөзін бастап кететіні көз алдынан бейне сюжеттей өте шықты. Ол кісіні тыңдамайтын жан болмайды, өйткені артық ауыз сөз қоспайтын, не десе де саған керек, өміріңе азық етуге жарарлық сөздер айтатын.Серік Мұратұлының кезекті дәрісінде айтқан сөздерін есіне алып қараса тіпті ойландыратын сөздер секілді. «Өмірде болып жатқан жайттарды тізбелей берсең, он саусақ аздық етері сөзсіз. Қуаныш пен қайғының жарқ етер сергегі болмай қымсылып жатқаны тағы бар. Осындайда сөз етер үні мөлдір, ойы ұшқыр, айтарын көңілге әдемілеп қондыра білетін жас жазушылар болса, жазбасын оқығанда санаңа сіміріп аларлықтай сіңімді, кітабын парақтап отырып жазушысымен тірідей тілдескің, жүздескің, сырласқың, тіпті жақын дос болғың келіп кететіндей жан болса ғой шіркін деп ойлайсың. Осындайдың күйін кешкісі келетін әр бір шын ықыласты талапкер арманына жетері сөзсіз шындық. Әрине сендердің де араларыңнан жаны көркем жазушылар шығады деген сенімдемін»- деп студенттеріне ойлы көзбен қарап шықан сөзі. Сондағы ұстаз жанарынан «Мен жетелеп келе жатқан білімгерлерімнің ішіндегі қайсы бірі талапты, талантты екен, көздері не дейді?» деген бір үміт, бір күдік сөздерді оқи алар еді.

Гүлсана қалың ойдың етегінде елге де жетті. Пойыз ауылға таяу жерден тоқтаушы еді, асыға-үсіге түсіп қалды. Соңғы вагондардың бірінен тағы бір жігіт түсті. Ауылға дейін жеті- сегіз шақырым жер жүрулері керек. Жол жүріп шаршап келе жатқан жолаушыға бұл қашықтық тіпті ауыр тиері сөзсіз. Гүлсананы ауылға деген сағыныш алға қарай жетелеп аяғы- аяғына тимей тездете басып келеді. Анадай жерде келе жатқан жігіт Гүлсананың қасына жетіп алып, тамағын кернеп сыпайы сөйлей бастады.

– Кешіріңіз, сіз осы біз беттеген ауылда тұрасыз ба?

– Иә, мен осында тұрамын.

Аз ғана тыныштықтан соң жігіт тағы да Гүлсанаға сұрақ қойды.

– Есіміңіз кім?

Қарда омбылап қинала басып келе жатқан Гүлсана жәймен

– Гүлсана,- деп жауап қайтарды.

– О-о керемет есім. Менің атым Абай.

– Сіздің де есіміңіз әдемі екен.

– Рахмет.

Тағы да біраз уақыт үнсіздік орнады, қардың қыршыл дауысы мен қинала шыққан демнен өзге дыбыс жоқ тын. Асыға басқан қадам тіпті жаурауды ұмыттырып жібергендей.

– Ауылды сағындыңыз ба?- Абай зерікті білем сөйлей бастады.

– Әрине, – деді Гүлсана.

– Жаураған жоқсыз ба?

– Жоқ.

Түс ауасы. Жолда таңертең жүріп өткен жүк машинасының ізі қалыпты. Жол бойы әппақ кең дала. Анадайдан қураған бірнеше тал көрінді. Алыстан бой көтеріп тұрған биік таулардың бұлыңғыр тартып елес беретін сұлу бейнесі ертегі әлеміне ұқсайды. Абай Гүлсанаға жақын келіп

– Осы жолмен талай жалғыз жүрген едім. Бүгін жолым оңынан туып жолсерік қосылып отыр. Сіз жалғыз жүруден қорықпайсыз ба?

– Қорқамын, – деп Гүлсана қысқа жауап қайырып.

Абай қолындағы жол сөмкесін екінші қолына ауыстырып

– Сөмкеңіз ауыр-ау шамасы беріңіз мен ұстайын,- деп қолын Гүлсананың сөмкесіне қарата созды. Гүлсана ауыр ештемесі жоғын айтып бермей қойды. Қарға шалынып асыға басып келе жатқан Гүлсана шаршады ма жолда тұрып қалды.

– Шаршадым.

– Ендеше біраз дем алайық,- деп Абай сөмкесіне отыра кетті. Гүлсана да отырмақшы еді есіне сөмкесіндегі шеті ағаштан, ортасы шыныдан жасалған мақтау сыйлығы түсіп кідіріп тұрып қалды.

– Отырмайсыз ба?

– Жоқ, сөмкемде сынатын зат бар еді.

– Мұнда келіңіз, бірге отырайық,- деп Абай ысырылып отырды.

– Рахмет, тұра беремін. Осылайша да жақсы.

– Өзіңіз тіпті қатты жан екенсіз.

– Әйел затының барлығы осылай қатты,келісімі аз деп ойлайсыз-ау шамасы.Әлде құдайым мына тәкәппар қызды кездестіргенін қарашы деп ренжіп келесіз бе?

– Сіз тым артық кеттім деп ойламайсыз ба осы, «Әйелдер жаныңды жаралауды қандай шеберлікпен меңгерсе сол жараны емдеп жазуға келгенде де алдына қара салмайды» деген Барбе Д Орвильдің сөзін білетін шығарсыз.

– Юзеф Булатовичтің «Тек әйел ғана уақытты тоқтата алады» деген сөзін ұмытып кеттіңіз. Сіздің ойыңызша кешірім сұрауым керек шығар.

– Қаласаңыз мен тұрайын, неге сонша қадалып қалдыңыз.

– Жоқ, жоқ керек емес, рахмет, сондай кішіпейіл жан екенсіз.

Абай үндемеді. Гүлсана енді байқапты, Абайдың көздері мұңға тұнып тұрғандай мөлдір екен.

– Абай, сіз осында тұрасыз ба? Бұрын соңды мен сізді бұл ауылдан кездестірмеппін.

– Біз жанұямызбен қалада тұрамыз. Мұнда менің атам мен апам бар, – деп әдемі жымиды.

– А-а солай ма? – Гүлсана Абайға ойлана көз тастады. Көп жігіттерге ұқсамайды, мүлдем басқаша. Сөзі де ойлы. Өзін ұстауы, тіпті басқан қадамы да нық екен.

Екеуі тағы біраз жүріп отырып ауылға да жетті.

– Жарайды Гүлсана, мен осы жерден қаламын.

Гүлсана Абайды қимағандай біраз тұрып қалды да күліп

– Сау болыңыз, – деп әдемі қоштасты. Абай күлімсірей бір қарады да ұзай берді. Гүлсана Абайды қыймай соңынан біраз уақыт қарап тұрды да алыстау жердегі кең орынды алып жатқан молаға көзі түсіп, «Мен келдім әже» деп жәй ғана сыбырлады. Үйге жақындап қалған Гүлсананың қуанышы қойнына сыймай барады. Кішкентай күнінде мына бір қырдан гүл теріп, қыста сырғанақ теуіп жүруші еді. Сұлу сағыныш алыстап кеткендей. Анадайдағы айналасы қырау басқан бұлақ «Бірінші маған келші» деп сықылықтай күліп өзіне шақыратын секілді тынымсыз ағуда.

Гүлсананы күтіп алған әке- шешесі қуанып жүр. Біраздан соң үйге інісі Айдос кіріп келді. Бұрынғы аңғал мінез іні бүгіндері өзгеріп пысығандай әпкесімен үлкен кісіше сөйлеседі. Екі жыл өткен соң оқу іздеп қалаға кететінін айтып, ата- анасын қорқытып отыр. Гүлсана шешесінің берген шәйін ішер-ішпестен тысқа беттеді.

Осы жылы Гүлсана қатты суық тиіп ауырып оқуына мерзімінен кештеу баруына тура келді. Гүлсана өзінің мұншалықты шарасыз екеніне қатты налыйтын, бірақ күркілдеген жөтелі әлі күнге дейін басылар емес. Топ жетекшісі Серік Мұратұлын енді қайтіп көрмейтінін ойлағысы да келмеді. Өмірдің мұншалықты қаталдығына, өзінің ештемеге шамасы келмейтініне күйзеліп бар сырын үйінің қасынан сылдырап ағып жататын бұлаққа жайып салатын ды. Бүгін де сол ескі досы сылқым бұлақтың қасына барды. Гүлсанадан күш кетіп қарға омбылай жатып алыпты. Бірдемені сезетіндей екі ыйығы солқылдап жылайды. Жапалақтап жауған қар қыздың жағасына тола бастапты. Гүлсана қозғалар емес.

* * *

Сол кездегі ауылдың суық ауасы, жапырағынан айрылып қураған талдар мен жапалақтай жауған қар, аспанды қызғана жасырған жұлдыздар, ауыл бұлағы, бәрі-бәрі сұлу сырлы, әдемі жүзді ару қыздарымен мәңгіге қош айтысты. Әппақ қар нәзік денені аймалай көміп жатты. Тілсіз жер Гүлсанаға ғашық екенін айтып өзіне қарай мәңгіге қонақ етіп шақыруда. Гүлсананың ең соңғы демі барша әлемге, ата-анасы мен бауырларына, әдемі бұлағына, мейірімді Абайға шексіз сәлем жолдағандай қыйыла шықты. Сылдыр бұлақ сырласар досынан айырылып еріксіз еріне ағуда. Тіпті ағысын мәңгіге тоқтататын секілді жәй жылжуда. Иә, расында әдемі бұлақ күн өте жалғызсырап ағысын тоқтатып қурап кетті. Көктегі ай аспан шымылдығын ашып Гүлсананың әдемі бейнесін таппай әлек.

Ана мен әке жүрегі әлпештеп өсірген бүлдіршіндерінің бұрынғыша жайраңдаған қуанышты кезін аңсап жүр. Ауыл шетіндегі моладан тағы да бір төмпешіктің пайда болғанына біраз күндер өтіп те кетті. Артына қарайлай жолға шыққан Абаймен қоштасып, келесі демалысында осылай күтіп алатынын айтып тұрған Гүлсананы Абай көрмеді. Әдемі ару қыздың елесін түсінде жиі көретін Абай ауылға көп келетін болды. Сол бір әсем ару шынында да жолдан ерген елес болды ма Абай ауылдың шетіндегі биік қырға шығып «Гүлсана, Гүлсана, қайдасың, Гүлсана? Неге пойыздан түспедің?» деп дауыстай айғайлайтын. Қасында әппақ көйлегі желмен ұшып желбіреп, қиыла қарап тұрған Гүлсананы көрмейтін еді.

http://alashainasy.kz/proza/aynur-shamsheytova-sagyinyish-pen-oknsh-71895/

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз