«Қара алтын» тақырға отырғыза ма?

0
471

 

2.1

АСТАНА. ҚазАқпарат – «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 15 тамыз, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

Еліміздің сот жүйесінде үлкен реформалар жүріп жатыр. Жауырды жаба тоқымай айтсақ, бұрындары сот саласына халықтың көзқарасы әртүрлі болатын. Көпшілік арасында судьялар бұра тартады деген пікір де қалыптасты. «Сотқа бара бергенше, пара бер» деген уытты сөзді де сол уақыт тудырған. Енді байқасақ, сот жүйесіндегі реформалар жемісін беруде. Сот процестерін таза әрі ашық өткізуге үлкен бетбұрыс жасалғаны көрінеді. айтылған мәселелерге сай АҚШ, Тайланд, Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия, Франция, Болгария, Голландия, Сингапур сияқты мемлекеттерде болып, зор тәжірибе жинаған Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы, заң ғылымдарының кандидаты Мадияр Балкен «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында егжей-тегжейлі сөз қозғаған. Басылым тілшісіне берген сұхбатыда ол: ««Астана» халықаралық қаржы орталығының айтылғандардан тағы бір үлкен пайдасы біздің банк жүйесін жетілдіруге үлкен мүмкіндік жасайды. Мәселен, біздің банктер клиенттеріне несиені үлкен өсіммен береді. «Банк – күн ашықта қолшатыр сияқты сезіледі, ал жаңбыр жауғанда таппай қаласың» деген қанатты сөз бар. Бүгінде мыңдаған отандастарымыз пайызы жоғары несиелерін өтей алмай қайғыдан қан жұтып жүр. «Астана» қаржы орталығы шетелдік қаржы орталықтарымен тең жағдайда жұмыс жасағанда ондағы банк жүйесінің құрылымы біздің елге де жетеді. Қазір дүние­жүзі несиені жоғары дегенде 7 пайызбен алып жұмыс жасауда. Елбасымыз ұлттық өндірісті өркендетуге үлкен мән беріп отыр. Шағын және орта бизнес – еліміздің келешегі. Осындай жағдайда біздің кәсіпкерлеріміздің жағдайы жақсы болады деп үміттенемін», – дейді. Сұхбат «Халықаралық арбитражды орталық құрудың келешегі зор» деген тақырыппен берілген.

 

Осы басылымның жазуынша, Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында жеке сот орындау институтының жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізу мен мемлекеттік сот орындаушыларын кезең-кезеңмен қысқарту көзделген болатын. Осыған орай бүгінде мемлекет жеке сот орындау саласына қол­дау көрсету мақсатында сот шешімдерінің атқару үлгісін дамытуға кедергі келтіретін бірқатар кемшіліктерді жоюға күш салуда. «Кеше осы мәселе төңірегінде Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Әділет министрлігінің сот актілерін орындау департаменті директорының орынбасарлары Саида Сағдат пен Сұран Меркібай, сондай-ақ, жеке сот орындаушылары республикалық пала­тасының төрағасы Сергей Лидің қатысуымен брифинг өтті», – деп жазады басылым «Мемлекет жеке сот орындау саласына қолдау көрсетеді» деген тақырыптағы жарияланымында. Мақалада 2016 жылдан бастап жеке сот орындаушыларының қарамағына заңды тұлғалардың пайдасына шешілген сот істері өтетіндігі жазылған. Олар барлық аталған өндірістік істің шамамен 20 пайызын құрайды. Сонымен қатар, жеке сот орындаушыларына алимент, жалақы, зейнетақы және мүліктік емес өндірістерді атқаруды тапсыру қарастырылған. Дегенмен, лицензияланған сот орындаушыларының өкілеттігі мемлекет борышкер болған жағдайларда және мемлекет мүддесін көздейтін, яғни көшіру, орналастыру, бұзу, жер телімдерін алу және басқа да өндірістер жеке сот орындау санаттарына таралмайды.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимовамен арадағы сұхбат «Чемпион» болғысы келетін компаниялар көп» деген тақырыппен берілді. Сұхбат барысында ол «Бизнестің жол картасы – 2020» жүзеге асырудағы табысты тәжірибені бағалай отырып, Үкімет оның негізінде бизнесті дамыту мен қолдаудың Бірыңғай бағдарламасын іске қосуға шешім шығарғанын атап өткен. «Өткен наурыз айында Үкімет қаулысымен Бірыңғай бағдарлама бекітілді. Бағдарламаның мақсаты – аймақтардағы кәсіпкерліктің тұрақты және теңдестіріле өркендеуін қамтамасыз ету. Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған жұмыс орындарын қолдап және жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру. әрбір мақсатты сегментке Бірыңғай бағдарламада бөлек бағыттар қарастырылған: 1.Жаңа бизнес бастамаларды қолдау – моно және шағын қалалар мен ауылдық елді мекендердегі шектеусіз салаларда қызметін жүзеге асыратын әрі ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге арналған; 2. Салалық қолдаулар экономиканың басым секторларындағы, сонымен қатар 2015 – 2019 жылдарға арналған МИИДБ белгіленген өңдеу өнеркәсібі салаларындағы кәсіпкерлерге есептелген; 3. Валюталық тәуекелдіктердің төмендеуі – бұл белгілі валюталық кіріс үлесі бар экспорттаушы-кәсіпкерлерге арналған бағыт», – дейді қор басшысы.

 

«Бүгінгі «қара алтынның» бағасы талай елді тақырға отырғызары хақ. Себебі, мұнай бағасы құлдырауын қояр емес. Қазір бір баррелі 48 – 50 доллардың арасында құбылып тұр. Бұл мұнай өндіріп, мемлекет қазынасын содан түскен қаржыға қампайтып отырған көптеген елдер үшін жақсылықтың нышаны емес. Ол ол ма? Тіпті қара аспанды төндіріп, мұнайлы елдердің құтын қашырып отырған аты дардай мекемелер де бар. Соның бірі – Дүниежүзілік банк. Ол қаржы институтының ресми сайтында 2016 жылы мұнай бағасы 10 долларға түседі дейтін мәлімет жүр», – деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Қара алтын» тақырға отырғыза ма?» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, Дүниежүзілік банктің болжамына сәйкес, Иран санкциясының алып тасталуына байланысты мұнай бағасының 10 долларға төмендеуі 2016 жылға қарай жүзеге асуы мүмкін. Өйткені осы аралықта Иран қоймаларда жинақталып қалған ондаған миллион тонна мұнайды нарыққа алып шықпақ. Сондай-ақ өндіру құны 5 доллардан аспайтын арзан мұнайды өндіруді жедел көбейтпек. Сарапшылардың болжамынша, Иран экспорты 17 миллиард долларға дейін артады. Бұл өз кезегінде Иран үшін эко­номиканың өсімін екі еселейді.

***

«Алматы облысына қарасты Таутүрген ауылына тақау тұстағы Күйік тауының шатқалдарынан бұған дейін ғалымдарға беймәлім болып кеткен 130-дан астам жартасқа салынған суреттер табылды», – деп жазады «Экспресс К» газеті бүгінгі санындағы «Валун – находка для шпиона» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның нақтылай түсуінше, отандық ғалымдар бұл тың жаңалықтары үшін жергілікті мектептің оқушысы Рамазан Досболға қарыздар. Алдын ала мәліметтерге сәйкес көне жартастағы сына жазулар қола дәуіріндегі Андронов мәдениетіне тиесілі. Марал, арқар, бұлан, дөңгелек және күннің таңбалануы аталған аймақта мекендеген адамдардың тең қана аңшылықпен емес, сонымен бірге егін шаруашылығымен, қолөнермен айналысқанын дәлелдейді.

 

Автор: Марлан Жиембай

http://www.inform.kz/kaz/article/2807530

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз