Риэлторлардың қызметі қаншалықты заңды?

0
348

14

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда риэлторлық қызметпен айналысатын 2 000 компания болса, оның тек 15-інде ресми сертификат бар болып шықты. Ал ірі келісімдер жасайтын мамандардың жүзден бірі ғана арнайы жоғары білім алған. Бұл – Қазақстан риэлторларының біріккен қауымдастығы берген мәліметтер, деп жазады khabar.kz.

Сондықтан отандастарымыздың көбінің алдынан көлденең шығатын пәтер таңдау мәселесінде кімге жүгінген дұрыс?

Риэлторлық қызмет осыдан тура бір ғасыр бұрын АҚШ-та пайда болған. Бүгінде экономикасы дамыған елдерде ол біршама беделді кәсіп саналады. Олардың жоғарғы білімі, арнайы лицензиясы және ең бастысы, заңмен бекітілген құқықтары бар.

Ал бізде қалай? Біздің елде риэлтор – жеке кәсіпкер немесе сату-сатып алу ісінде кәсіби делдалдық қызмет атқаратын маман. Оларға жоғары білім беретін оқу орны жоқ, сондықтан дипломды керек етпейтін, едәуір табыс табатын жұмысқа еті тірі, ебі бар  кез келген жанның жармаса кетуі заңды да.

Ал құқықтарына келсек, Қазақстанның бірде-бір заңында бұл қызмет түрі аталмаған.

-Бүгінде бұл сұрақ ҚР Азаматтық кодексінің 33 бөлімінде көрсетілген. Алайда риэлторлық қызметтің сұрақтарын нақты ашпайды. Қазақстанда осы заңның қабылдануы өзекті мәселені шешуге көмектесетін еді. Және жосықсыз, қызметтерін жүзеге асыратындар санын азайтуға көмектесер еді, – дейді заңгер Әсем Мұратова.

Заң жүзінде қызмет аясы елеп-екшеліп, ара-жігі айқындала қоймаған соң, осы саланың саудасын сапырып жүрген сабаздар өзге елдерге еліктеп, өзінше ереже түзіп алған. Ғаламтордағы хабарландыру арқылы сату не жалға беру үшін  қойылған пәтерді өз құзырына алып, үй іздеген адамға ұсынады. Ал төлемді екі тараптан да талап етеді. Бұл – көбіне-көп риэлтордың көмегіне иек артатын астаналықтарға етене таныс.

http://www.inform.kz/kaz/article/2807698

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз