Ағам өз отбасын өзі ойрандайтынын неге түсінбейді?…

0
1201

Ағам өз отбасын өзі ойрандайтынын неге түсінбейді?...

 

Қымбатты оқырман, менің біраздан бері ешкімге айта алмай жүрген сырым бар. Әркім өз өміріне өзі жауап береді ғой, дегенмен мен ағамның отбасы үшін қатты алаңдап жүрмін. Ағамның жеңгемді алдап жүргені бәріне мәлім болса, олардың шаңырағы ортасына түсе ме деп қорқамын.
Менің ағамның жасы қазір 32 жаста. Сүйіп қосылған жары, үш бірдей баласы бар. Мен ағам мен жеңгемнің үйіне анда-санда барып тұрамын. өйткені өзім қалада оқимын, олар ауылдық жерде тұрады. Ауылға барған сайын кластастарыммен араласып, құрбы қыздармен кешке серуендейтініміз бар. Жақында бір топ қыз әңгімелесіп отыр едік, көкемнің машинасына өзімнің кластас қызымның мініп бара жатқанын байқап қалдым. Алғашында түкке түсінбей қалдым. Сөйтіп тұрғанымда қасымдағы құрбыларым: «Сен ештеңе білмейтін бе едің, Сенің ағаң осы қызбен жүріп жүр» дегенде не айтарымды білмей қалдым. Әрине, мен оларға сенбедім, сенгім де келмеді. Бірден ағамның үйіне бардым. Үйдің ауласында машина жоқ, үйге кіріп ағамның қайда кеткенін сұрап едім, ол еш алаңсыз: «Достарына кеткен, біраздан соң келіп қалар. Көшенің басында тұратын Дамирдың үйінде отырамын деген» деді жеңгем.
Үйден шыға сала Дамирдың үйіне бардым, олардың ауласы тым-тырыс, ешкім көрінбейді. Қайтадан кері қайтып үйге қарай келе жатсам, ағамның машинасы тұр. Ішінде ағам менің кластасыммен жабысып, аймаласып отыр. Неде болса оны үйдің алдында күтіп тұрдым да, ол үйге келгенде оның кіммен қайда болғанын көргенімді, бәрін білетінімді жайып салдым. Ол маған өзінше бірдеңе түсіндірген болып, жеңгеме айтпауымды өтінді, екеуміз біразға дейін сөзге келісе алмай, мен оған жылап тұрып бұл опасыздығын тоқтатуды өтіндім.   Ол маған ашуланып: «Мен не істесем де өзім білемін, сенің шаруаң болмасын, жайыңа жүр деп айқайлады. Оның ештеңе түсінгісі келмейтінін сонда білдім. Ертеңінде жеңгеме қарауға бет жоқ, ішімнен тынып үндемей жүрдім. Сосын  барынша батылымды жиып, ағамның жүріп жүрген қызына, өзімнің кластасыма барып оның бұл әрекеті дұрыс емес екенін, бала-шағасы бар ағамды жайына қалдыруын сұрадым. Сонда ол маған шімірікпей тұрып: «Мен болмасам да сенің ағаң басқа қызбен жүрер еді. Біреудің арасына түсіп қайтесің» деп өзіме дүрсе қоя берді.
Мен жеңгемді аяймын. Егер ол бар шындықты біліп қалса, балаларын алып кетіп қалады ғой. Ағам өзінің отбасын өзі ойрандайтынын неге түсінбейді?….

http://alashainasy.kz/otbasy/agam-oz-otbasyin-oz-oyrandaytyinyin-nege-tusnbeyd-72535/

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз