Мәсімов 1,5 жылдық үзілістен кейін алғаш рет теңгенің құнсыздануын хабарлау үшін ортаға шықты

0
370

20 тамызда үкімет теңгені еркін айналымға жіберді. Сөйтіп, доллардың құны бірден 255-ке дейін шарықтап шыға келді.

тенге

Яғни енді Ұлттық банктің ұлттық ақшамыздың тағдырында  шаруасы болмайды деп хабарлайды КТК арнасы.

Оның құнсызданып, не бағасының еселеп артуын әлемдегі экономикалық жағдайға қарай нарық реттейді.

Мұндай өзгеріс тәуелсіздігіміздің тарихында бұрын-соңды болмаған. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов министрлер мен журналистерді шұғыл жинап, мұндай шешім қабылдауға не себеп болғанын түсіндіріп берді.

Бүгін журналистер бір жарым жылдық үзілістен кейін алғаш рет үкіметтің табалдырығын аттады. Кәрім Мәсімов әдетте жабық өткізетін жиынға министрлермен қоса аяқ астынан тілшілерді де шақырыпты.

Біздің эскпорттық тауарларға деген сұраныс пен бағаның төмендеп кетуінен жаңа ақша саясатына ауысуға  мәжбүрміз.

Бірақ Білім, Мәдениет, Ауыл шаруашылығы министрлері жайбарақат жүр. Шұғыл кеңеске Келімбетов, Сұлтанов, Сағынтаевтар ғана асығып барды. Онысы орынды да екен. Премьер теңгенің тағдырына қатысты мәлімдеме жасады.

“Ұлттық банк пен үкімет 20 тамыздан  бастап жаңа ақша-несие  саясатына көшті. Енді валюта дәлізін алып тастап, еркін айналым дәлізіне өтеміз. Бұдан кейін  айырбас бағамы көтерілуі де, төмендеуі де мүмкін. Ол әлемдік экономика мен ішкі валюта нарығындағы жағдайға байланысты. Біздің эскпорттық тауарларға деген сұраныс пен бағаның төмендеп кетуінен жаңа ақша саясатына ауысуға  мәжбүрміз”, – деді Кәрім Мәсімов.

Яғни, теңгенің ендігі тағдыры нарыққа байланысты. Ал, ұлттық валюта құлдыраған жағдайда Ұлттық банк резервтен ақша бөліп, араша түспейді. Егер теңгені қосымша қаржымен қолдауды жалғастыра берсек, ел экономикасы дефолтқа ұшырайды екен.

Ұлттық банк төрағасы бұл жолы еркін айналымның соңы девальвацияға апаруы мүмкін екенін жасырмады.

Үкіметтегі жиында осылайша  қысқа қайырған Мәсімов командасын ертіп, кейін тікелей эфирде өтетін брифингке келді. Сөйтіп, экономика қандай өзгеріске ұшыраса да әр азаматтың болашағын жарқын етемін деп уәде берді.

“Жұртқа әлеуметтік қолдау көрсетеміз. Сондай-ақ, теңгенің еркін бағамы инфляцияны 3-4 пайыздан асырмауға  мүмкіндік береді”, – деді премьер.

Үкімет «қаржылық жаңа саясатқа көштік»  деп аузын жиғанша болған жоқ  доллардың бағамы 255 теңгеге бір-ақ көтерілді. Адамдар болса, валюта айырбастау орындарына қарай АҚШ-тың  ақшасын іздеп  ағылуда. Ал Ұлттық банк төрағасы бұл жолы еркін айналымның соңы девальвацияға апаруы мүмкін екенін жасырмады.

“Бұл девальвация емес. Теңгенің бағамын нарық реттейді. Бірақ бағамды нарық белгілейтін болғандықтан, девальвация да болуы мүмкін”, – дейді Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов.

Жаңа ақша саясатынан кейін енді мемлекеттен берілетін несиенің үстемесі 9 пайызға қымбаттайтын болды. Есесіне, бюджеттен  автонесиеге қосымша 10 миллиард теңге бөлінбек.

Енді доллардың бағамы жеті күннің ішінде тұрақтайды екен. Ал сарапшылар 21 тамыздан бастап бүкіл импорттық тауарлардың құны шарықтайды деген болжам жасауда. Бірақ бүгіннің өзінде автосалондар есіктерін жауып, бағаны ауыстырып жатыр.

Қымбатшылық азық-түлікке де келмес үшін премьер-министр әкімдердің барлығына шұғыл штаб құрып, бағаны бақылауда ұстауды тапсырды.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз