Сәкеннің басты кемшілігі – ұлтқа қарсы жұмыс істеп жүргенін түсінбегені…

0
956

saken 2

            Ащы шындық өзегімді өртейді    

Кеңес үкіметі орнап ұры-қары, бандиттер билікке келіп, кедей кепшік, жалшы, құл-құтан,  ақ пен қараны ажырата алмайтын жандардан октябрят, пионер, комсомол, коммунист жасап, қазақ ұлтын, қазақ елін жоятын, қиратқыш армиясын құрды. Қазақ еліне зорлық-зомбылықпен кеңес үкіметін құру үшін жанын пида еткен жалынды революционер Сәкен Сейфуллин осылардың көшбасшысы әрі рухани көсеміне айналды. Сәкеннің болашақта Қазақ елінің тәуелсіздік алуы үшін де қазақ әдебиетіне де қосқан үлесі жоқ. Бірде-бір рет қазақтың би, батыр, жомарт байларын, азаттыққа шақырған ақын – жырауларын,  әділ сұлтандарын, қазақ мемлекетін құрған хандарын мақтап, мадақтап жырына қоспады. Оның орнына қандыауыз қарақшы Ленинді:

Бұл дүниенің пайғамбары – Ленин,

Төмен таптың ой – айбары – Ленин… 

-деген сияқты есі дұрыс жанның ақылына қонымсыз өлең, поэмаларын қазақ халқының төбесіне төгіп тастады. Сәкеннің барлық «шығармаларын» оқытамыз- деп қазақтың әдеби жауһарларынан айырылдық. Бұл жауһарлар қазақты азаттыққа, тәуелсіздікке, өрлікке, ерлікке, рухқа, батырлыққа, тілін, дінін, елін, халқын, жерін сүюге тәрбиелейтін еді…

Қазіргі жоғары сынып әдебиетінде Сәкеннің “Көкшетау” поэмасында Абылай хан бастаған батырлар – ақымақ, надандар делініп, ата жауымыз жоңғардың abilai қызы – ақылгөй, дана болып суреттелген. Қазақ халқының басына нәубет әкелген «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» атпен тарихта  қалған қазақты қанжоса қырған жоңғарды- қазақ халқының қалың қолы, әскері шабуылдап жаудан жерін, елін тазартып кегін қайтарғанды Сәкен поэмасында керісінше,  «қазақ қанышерлері» жоңғар әскерін жазықсыз қырып жойғандай суреттейді. Оқып отырып, таң қаласыз!  Сәкен қазақтың емес жоңғардың ақыны сияқты…

…«Ақынның қыз атынан айтатын:

Бұл бүркіт қу жем үшін ойды кезген,

Көркем шың, кербез биік таудан безген.

Тоғайдың бейбіт жатқан жәндіктерін

Әдеті — талғамастан бәрін езген.

Бүркітке ерген тағы бір топ кұзғын

Жем үшін жаннан безген қалын ызғын,

Кәніккен қан ішкіштер кімді оңдырсын,

Қан тырнақ көрмеген соң ешбір тізгін,—

деген сөздері Абылай мен оның сарбаздарының бейбіт көрші халықтарды соғыста қырып-жойған озбырлығын тағы аша түседі. Бұл — поэманың ұнамсыз геройларына халық пен оның өкілдері атынан айтылған айып. Қыз жұмбағын, оның кай құстың ерлігі артық деген сұрағын Сәкен поэмасында хан тобыры тағы да шеше алмайды. Қыз шарттары арқылы ақын Абылай маңындағы адамдардың тек даңғойлық даңққа ғана мас боп жүрген ақылсыз, топас жандар екенін толығырақ аша түседі. Олардың ішінен не мергендікпен, не тапқырлыкпен кезге түсер адам табылмайды.  Хан өзі де ондай касиеттерден жұрдай.  Шың басындағы орамалды атып түсіре алмаған соң хан қызға «ендігі шартың қолдан келмес іс болмасын» деп ескертеді. Тұтқын кыз шартына хан басымен қол сұғуы да — оның ер емес екендігінің бір айғағы. Ақын оларды «жемтікке үймелеген топас жыртқыштар дейді» – деп академик Серік Қирабаев ағамыз жазып,  «Көкшетау» поэмасына берген бағасына алып-қосарымыз жоқ. Білектің күшімен, найзаның ұшымен, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, басын құрбандыққа шалып, асты-үсті тола байлық, дархан даланы ұрпағына қалдырған Хан-сұлтан, батыр  ата-бабаларымызды құзғын-қарғаға теңеп қорлаудан – өткен сауатсыздық,  жаулық болмас, сірә.

Хан деген – жерге тамған қанға құмар,

Дірілдеп өлім күткен жанға құмар.

Жазықсыз бейпіл жатқан елді шауып,

Типыл қып жер күңіренткен даңға құмар…

… Шұбырып ханның қолы жүріп кетті,

Жылыдай қан ұрттауға бұрып кетті… дейді.

Бір жерінде  «…Би» – дегендер сөз қуған арамтамақ…   десе,  Қазақ пен қалмақты; « … Екі елде аң тәрізді надан болған…» дейді. Қазақ надан болса онда ол өзі ақылды қай халықтан туған екен?…

«Азамат, жүнжіме,  жүрме бос,

Қол ұстас, бірігіп тізе қос.

Ту ұстап дұшпанға барайық,

Теңдіктің ұранын салайық.

Тізесін батырған залымнан,

Күн туды, біз теңдік алайық»

деген «жалынды» ұрандары октябрят, пионер, комсомол қазақ жастарының санасын шатастырды. Орыс отаршылары келіп: «Қазаққа күн сәулесін төгіп, азаттық таңын» атырған болып, қазақтың оқығандарын бай, би, молдаларын қазақтың ата жауы қылып көрсетіп, «азаттықты солардан алдық»  деген түсінік қалыптастырды. Жер бетінде «бай мен кедей тең» деген түсінік жоқ. Тек ақымақ коммунистерде ғана болды. Ол құрған үкімет бір қазақты – бай мен кедей деп екіге бөлді. Мыңдаған жылдар қазақ халқын сақтап келген рулық, әулеттік, туыстық, отбасылық институтты жойды. «Әйел теңдігі» деген топас түсінікті заң қылып, еркек пен әйелдің арасына от салып, отбасын ойрандады. Сауатсыз, надан кедейлерді қаруландырып, көзі ашық, ұлт мүддесі үшін күресетін, ұлттың зиялыларын атқызып, бас көтерер ерлерінің көзін жойды. Қазақ мемлекетінің алтын діңгегі – байлар мен оқығандар; қазақ елін мыңдаған жылдар сақтап, өркендеткен ешбір соғыста жаудан жеңіліп көрмеген көреген, баһадүр нарқасқалар еді. Олардың балаларын интернаттарға, жетімдер үйіне әкеліп мәңгүрттендірді. Кеңес үкіметі Алаш арыстарын атқан соң, соларға жала жауып сатқан дүмшелерді де Шыңғыс хан Қайырханды сатқан адамды қалай өлтірді,  Сталин де солай істеді.

Сәкен қазақ халқы үшін құрбан болған жоқ. Өз ісінің құрбаны. Сәкеннің ақын, жазушы ретіндегі басты артықшылығы немесе кемшілігі қазақ халқына, қазақ еліне қарсы жұмыс істеп жүргенін түсінбегені. Сәкеннің Совнарком төрағасы (қызыл комиссар) ретінде қазаққа тиген пайдасы шамалы. Сәкен биліккте жүргенде де шығармаларымен де барлық іс-әрекетімен  қазақ халқын (ұлтты ) әлеуметтік топтар мен таптарға бөліп ажыратты. Қазақтарды бір-біріне айдап салды. Қоғамдық айырмашылықтарды таптық қайшылықтарға әкеліп шиеленістірді.Кеңес Одағының ұлтсыздандыру идеологиясы мен саяси террордан қазақ халқын сақтандырған алаш азаматтарын 1928-1929 жылдары  Голощекин бастаған, Е. Ерназаров, О. Исаев, І. Құрамысов қостаған топас, «құдайсыздар» қуғынға салып,түрмеге тыққанда да  араша түскен жоқ. Қосыла жамандап, қамалғанда қуанып, қуаттап отырды. Қазақтың  жанына «қабысатын» Алаш арыстары Ж. Аймауытовтың  «Психология», М. Жұмабаевтың «Педагогика», Ә. Бөкейхановтың «География», А. Байтұрсыновтың «Қазақ тілі», Қ. Сәтбаевтың «Алгебра», М. Дулатовтың «Есеп кітабы» т. б. оқулықтарын өртеп, оқу бағдарламасынан алып тастады. Орнына Сталин мен Ленинді, социализм мен коммунизмді жырлаған, сатқындықты дәріптеген, қазақтың хан, бай, би, батырларына лағнет айтқан «қызыл сұңқарлар» мен «Қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушылардың» «еңбектерін» қазақ әдебиеті мен қазақ тілі пәндеріне кіргізіп, қалған пәндерді түгелдей орыс тілінен аударып қазақ балаларын ғылым мен білімнен айырып жатқанда да селт еткен жоқ.  Өзі құрған өкіметінің Қазақ халқын әдейі ұйымдастырған аштықтан 3,5 миллионын қырып жатқанда да бір ауыз қарсылық білдіріп, көзіне жас алып, қабырғасы қайыспаған Сәкен, оның алдында  Ленин қайтыс болғанда, өлген орыстың өлігіне өкіріп:

… Аспаннан жай соққандай тән мен жанды,

Егіліп көздің жасы бір-бір тамды.

Жүрекке дәл қадалып суық найза,

Кек қайнап, көкіректі жалын шалды, –

деп, егіліп жоқтаған. Ел басына күн туып, қазақ халқы қасірет тартқанда, елін, жерін, халқын сүйген нағыз ер, өзін құрбандыққа шалып араша түсер еді.

1993 жылы Ақмола облысы Ерейментау ауданынан көшіп келген көрші кемпір Сәкенді қарғап отыратын. Себебін сұрағанда; «Аштық кезі, қақаған аяз халық аш-жалаңаш қырылып жатыр. Сәкен қыстың күні қырауда, сықырлаған аяз, астында қоңыраулы пәуеске, үстінде былғары тон, басында алтайдың қызыл түлкісінен тігілген тымақ, үлде мен бүлдеге оранып ауыл аралап жүреді. Әр ауылға келгенде өзі тағайындап қойған коммунист ауыл басшылары күнде қойнына байлардың бір қызын салып отырды. Сәкен байлардың ата жауы болғандықтан, олардың қыз-келіншектерін өмір сүруге құқығы бар жан ретінде санамады. Кез-келген надан коммунист кез-келген байды немесе туыстарын атып тастаса оған сот жоқ. Керісінше мақталып мәртебесі өседі. Шолақ белсенділер; «Сәкен сендерді тұқымыңмен құртып жібереді, қызыңды бермесең, өзім-ақ атып тастаймын» деп байларды қорқытып,  келіншектерін, әлі он екіде бір гүлі ашылмаған жап-жас  қыздарды «сыйға» тартты. Бір күні Сәкен ауылға келгенде мені апармақшы болып үйге қарай келе жатқан шолақ белсендіні көрген апам, сиырдың жапасын үстіме, басыма  жағып  тастады. «Сасып» отырған мені алып кете алмай, аман қалдым. Көрші әпкемді алып кетті. Күйеуге тимей зорланып, өсекке ілінгендіктен, өмір бойы жылап өтті өмірден. Сәкенді жазықсыз періште қыздардың көзі жасы ұрды» деп кіжініп отыратын марқұм.

Терроршыл, қандыбалақ кеңес үкіметі Сәкенге «қызыл сұңқар» деген атақ берді. Оның «отты» өлеңдері қазақ  ұлтының болашағын жоюдың жойқын қаруына saken 1айналды.  Қазақ балаларын толыққанды, білімді, жеке тұлға емес, жауға басыбайлы бағынған, өз ой-еркі жоқ, ұлттық асыл мұрасынан безген, салт-дәстүрін тәрк еткен, тілі мен дінін менсінбейтін, қазақты құрбандыққа шалып, Кеңес Одағының сойылын соғатын, Кеңес Одағы үшін, ата-анасын да сатып жіберетін дәрежеге дейін уланды. Кейде, «қазақ ұлтшыл емес» деген әңгімелер шығады. Қайдан ұлтшыл болсын, жүз жыл бойы осындай шығармалармен ұрпақтан – ұрпаққа құлдық сана насихатталып  келе жатса.

saken «Тар жол тайғақ кешу» романы Алашорда қайраткерлерін жазалауға себепші болды деген қаны тамып тұрған шындық. 1922 жылдан бұл кітапты кеңес үкіметі қазақ халқын тәрбиелеуші құрал ретінде жыл сайын қайта-қайта шығарып, таратып отырды. Октябрять, пионер, комсомол жасынан  кітапта «төңкеріс жауларының» аты-жөні, кеңес үкіметіне қарсы істері айқын дәлелдерімен жазылғандықтан жастар алаш арыстарын жек көріп өсіп, 1937 жылы НКВД жендеттеріне айналғанда оларды аяусыз жазалады. Сәкеннің өзі алаштың, қазақтың жанашыр ұлдарын соншалықты жек көргеніне ақылым жетпейді. Сенбесеңіз, Алаш арыстарын атып тастаған соң жазған мына өлеңін оқып көріңіз.

                                 Қара жүзділер

Лас, былғаныш, арам пасық жандылар.

Қара жүзді, арам қара қандылар,

Сұм істерің әйгіленді әлемге

Ар-ождансыз сасық ниет бандылар.

Сыртқы елдерді сұм фашист қанаған,

Қанды тырнақ елді бүріп талаған.

Соларменен құшақтасып жымдасып,

Құтырған ит қанды қолды жалаған.

Капиталға , фашистке сатылған,

Зұлымдыққа әбден сүңгіп, батылған.

Күнге шапқан құтырған ит-сендер сол,

Әзелден-ақ құтырса ит атылған.

Ең данышпан ұлы бізде тарихтың

Әлемге-күн, ең жарығы ол – жарықтың…

Құтырдыңдар, содан сендер оқ жонып,

Сүйікті ұлы көсеміне халықтың!

Сатылған сұм алмақ тиіс жазасын,

Қара ниет пасық тартпақ жазасын.

Социалшіл Отанға оқ ататын,

Құтырдыңдар, тартсын өлім жазасын.

Советтің сан социалды қаласы,

Қалың ұйым-колхоз, сопхоз даласы,

Лағнет айтып аттарыңнан жиркенед,

Жер дүниеде еңбекші әлем баласы.

Сәкен Сейфуллин

«Социалды Қазақстан» газеті, 18 ғинуар 1938 жыл.

 

Бұл кезде өзі түрмеде жатса да, атылып кеткен Алаш арыстарының жағасынан алып жатты. Сәкенді ақтағысы келетіндер қатты қателеседі. Оның әрбір жазған-сызғандарын тәуелсіз, азат қазақтың ой-санасымен ойлап қарасаңыз, шашыңыз тік тұрады. Қанымен, жанымен қазақ елінің тәуелсіздігіне қарсы болған адам. Қазақ тілі туралы мақала жазғанмен, өзі Совнарком болып тұрғанда іске асырмады. «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» деген сияқты ғана «қуаты» болды. Сәкеннің еңбектерінен кандитат, профессор, академик атағын алғандар өз «нандарын» ақтап жеу үшін, қаншама құйтырқы себептер ойлап табуда. Міне, осылар өмірден өткен соң, барлық шындық ашылады. Ұлтқа қызмет еткендер адаспайды! Ал жеке басы мен мансап үшін өмір сүретіндердің де заманы өтеді.

                                                             Тоғайбай  НҰРМҰРАТҰЛЫ

                                                  ҚР Парламент Сенатының Алғыс хат иегері.

Астана қаласы.

gu-gu.kz 

 

Ескерту: Редакция автордың пікірімен мүлде келіспейді. Сондықтан қарсы мақалаға орын дайын.              

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз