Оқушылардың математикадан түк білмейтіні жаға ұстатты

0
414

Ақтөбе облысында жүргізілген сапа мониторингі оқушылардың есепке шорқақ екенін көрсетті. Барлығы 433 мектептен сынаққа 22 мыңнан астам оқушы қатысты. 4, 9, 11 сынып оқушыларын қамтыған бақылауда 6 мектептің оқушылары математикадан 0 балл жинады.

математика
Есеп шығара алмайтын оқушылардың бәрі де ауыл мектептерінде білім алады. Олардың арасында Қарғалы ауданындағы Кемпірсай орта мектебі, Темір ауданындағы Еңбекші, Бабатай, Абай және Мәртөк аудандарындағы Қаратау, Байнасай мектептері бар. Мұнда білім алатын оқушылар математика есептерін мүлде шығара алмайды.

«Осы мектептердегі түлектердің үштен бірі ҰБТ-ға қатысып, межелі балды жинай алмады. Мәселен, Әйтеке би ауданындағы Северная орта мектебін биыл 14 оқушы бітірді. Оның үшеуі ғана ҰБТ тапсырғанымен барлығы да қажетті балды жинай алмады. Мұндай мектептер Қарғалы, Қобда аудандарында бар», – деді кезекті тамыз кеңесінің жиынында облыстық білім басқармасының басшысы Жанат Самұратова.

Мониторинг қорытындысынан соң математикадан өзге қазақ тілі, орыс тілі және Қазақстан тарихы пәндерін оқыту әдісін жетілдіру ұсынылды.

Сонымен қатар, биыл облыста 49 білім орны аттестаттаудан өткізілген. Балабақша, мектеп пен колледждің арасында әлі де аттестаттаудан өтпеген білім ордасы бар.

«Олардың арасында инновациялық мектептері де бар. Мәртөк, Хромтау, Ойыл, Қобда, Әйтеке би, Шалқар аудандарындағы 8 мектепте оқу жоспары орындалмаған. «Аудандық білім бөлімі неге оқу жоспарын қадағаламайды?» деген сұрақ туады. Бұл төмен көрсеткішке әкеліп соғатын себептердің бірі», – дейді Жанат Самұратова.

Кейін тамыз кеңесінде облыстық білім бөлімінің басшысы Самұратова жиынға қатысқан ұстаздар мен мектеп директорларына қателіктермен жұмыс жасауды тапсырды. Сондай-ақ 166 үздік білім беру ұйымының басшылары мен ұстаздар адал еңбегі үшін марапатталды.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз