Қазақстанда көліктердің әдепсіз естілетін мемлекеттік нөмірлерін таратуға тыйым салу ұсынылды.
“ВКонтакте” әлеуметтік желісіндегі “Автосообщество CarsKz” парақшасында Мәдениет министрлігінің тілдер бойынша комитеті жазған хат жария етілді. Хат ІІМ жол полицейлері комитетіне бағытталған.
“Мәдениет және ақпарат министрлігінің тілдер бойынша комитеті транспорттық құралдардың жаңа тіркеу нөмірлеріне тілдік сараптама жүргізіп, келесі ақпарды хабарлайды: Заңды тұлғаларға арналған символдар кестесінде АМ сериясының, сонымен қатар жеке тұлғаларға арналған ААМ, АММ, ВОК, СЕХ, FBР, НЕR, КАL, КОТ, LОХ, МАL, ООN, SOR, SOP, SOS, SEX, USA, XER, XYE, ZEK серияларының оқылымы сөйлеу мәдениетінің заңдарына қайшы келеді. Осыған байланысты аталмыш серияларды нөмір белгілері қатарынан алып тастауды сұраймыз”, – делінген хатта.
Әзірге екі мекеме де құжатқа қатысты түсініктеме бермеді.
Ал интернет пайдаланушылар болса, әдеттегідей өз пікірлерін жаудыруда: бірі бұл “еріккеннің ісі” деп санаса, екіншісі Мәдениет министрінің қадамын құптап отыр. Бұдан өзге, пайдаланушылар “әдепсіз” нөмірлері бар көліктердің фотосымен бөлісуге де кіріскен.
Дереккөз: NUR.KZ