Астана вокзалы маңынан бір түнде жүзге жуық жезөкше ұсталды

0
549

Жын ойнақтың ордасына айналған Астана вокзалы маңынан бір түнде жүзге жуық жезөкше ұсталды.

жезөкше

Полицейлердің бұлайша білек сыбана кірісуіне қала әкімі Әділбек Жақсыбековтің елорданы қайыршылар мен түнгі көбелектерден тазартыңдар деген тапсырмасы себеп болыпты.

Астана әкімі Әділбек Жақсыбековтің “елорданы жезөкшелер мен қайыршылардан тазартыңдар “деген қатаң тапсырмасынан кейін полицейлерде тыным жоқ.

Бір айдан бері елорда вокзалы маңын торуылдаған тәртіп сақшылары тәнін саудалаған қыздарды да, “клиент” тауып беріп жүрген жеңгетайларды да, келіп-кеткен қонақтарға маза бермейтін қайыршыларды да ұстап жатыр.

Қоғамдық тәртіпті бұзып қолға түскендердің басым көпшілігі, тәнін табыс көзіне айналдырған қыздар мен келіншектер. Құзырлы органдар бір түнде 100-ге жуық түнгі көбелекті қамауға алды.

Ұяттан өртеніп, беттерін басып, аты-жөндерін айтқысы келмеген қыздардың көпшілігі келімсектер, өзбек, қырғыз елдерінен келген. Қонақ үйлердегі құжынаған жезөкшелердің бөлмеге сау етіп кіріп келген полицейлерге де еттері үйреніп кеткендей.

Өйткені, жезөкшелерді жазалайтын заң болмағандықтан, өздерін бөлімшеге апарып, құжаттарын тексергесін босатып жіберетінін жеңіл жүрістілер жақсы біліп алған. Сондықтан да болар көлікке де еш қарсылықсыз мініп, тек жүздерін жасырып, беттерін тұмшалаумен әуре болды.

Қызмет көрсеткен әр сағатына 4 мың теңгеден алатын қыздарды полицейлер автобусқа тиеп алып кетті. Бірақ, жеңіл жүрістілер таң сәріде бөлімшеден босап шығып, жұмыс орындарына қайта оралды.

Тәртіп сақшылары тек қоғамдық орында ішімдік ішкені үшін 40-тан астам азаматқа айыппұл салды. Дегенмен, рейдке шығуды тоқтатпаймыз деген полицейлер елорда вокзалын қайтсек те жезөкшелерден тазартамыз деп отыр.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз