«Қазақтар неге тумайды?!»

0
440

 

Ең басты аңғарғаным көшеде болсын, дүкен маңдайшыларында болсын, кинотеарларда…барлық жерде атаулар мен хабарландыру, жарнама, көзге түскен жазудың барлығы да көбіне латын әліпбиімен тек өзбекше жазылатындығы болды. Көшеде жөн сұрасқан адамдардың бәрі де тек өзбекше сөйлейді. Сұрағаныңды өзбекшеге тіл сындырып жүріп айтасың. Мемлекеттік тілдің мәртебесі деген осындай болса керек-ті. Әсіресе шетелдік туристердің тіл бұрап әуреге түскенін жиі байқайсың.

«Назарбаев қазақтарға барлық жағдайды жасап қойды»
Өзбекстанға барған сапарымда сол жақтағы кісілермен біраз сұхбаттас болып, екі елдің жағдайы жайлы сөйлесіп, ой бөлістік. Сонда бір аға айтады (ұлты қазақ. Балаларының оқуына байланысты ата қонысқа оралуды кештетіп отыр):
– Назарбаев қазақтарға барлық жағдайды жасап қойды. Бизнеске жол ашып, жеңілдіктерді көбейтіп, бар жағдайды жасап отыр. Неге енді соны дұрыс пайдаланбайсыңдар? Бізде сәл көбірек ақша тауып, айналаңды сезіктендірсең үш әріп соңыңа түсіп, қудалап, соңында бүкіл дүние-мүлкіңді тәркілеуден тайынбайды. Көңіліңе тисе де айтайын, жалқаусыңдар!, – дейді.
Рас қой. Ала шапанды ағайындардың елінде бәрі әйтеуір бір тірлікпен айналысады. Нан жауып наубай болса да, сиыр сауып айран-сүт сатса да, үйде отырып тігіншілікпен айналысса да тіршілік жасап жатқан халық. Жер үйде тұратын әр үйдің бақшасында қыанақ, болгар бұрышы, баклажан, ащы бұрыш, көктер, баклажан жайқалып тұр. Керегін жұлып алып, жей береді. Ал көпқабатты үйде тұратын алыстау құдағиымыз жасы 60-тан асса да тастардан түрлі әшекей бұйымдарын жасап сатып, ақша тауып отыр.
Өзбекстанда тұратын ағайын өздеріндегі уақытпен таңғы 6-да тұрады. Жұмыс жасаса да, демалыста болса да, қалып бара жатқан жұмысы жоқ болса дақызықтырмайды. Таңғы 6-да тұрып, тірліктерін жасайды. Қыздары есік алдына су сеуіп сыпырады (көпқабатты үйде тұратындар подъезді, үй ауласынсыпырады), ер адамдар үйдің анау-мынау тірлігін жасайды. Қысқасы таңғы 7.30-8-де отбасы мүшелері төрт көзі түгел отырып таңғы шайды ішеді. Түске дейін анау-мынау тірліктерін бітіріп, үйде отырғандары түс мезгілінде ұйықтап демалады. Ал кешке сағат 9-10-дарда қақпаларын бекітіп, әрқайсысы өз бөлмесіне кіріп кетеді екен. Өзбекстанда бәрі осылай деп айтуға болмайды, әрине. Әйткенмен мен көрген тұрмыс салты осылай.
«Қазақтар неге тумайды?!»
Бір күні нағашым үйіне тамаққа шақырды. Сол баяғы палау. Содан тамақ үстінде әңгімелесіп отырмыз. Нағашым сұрақ қойып жатыр, мен жауап беріп отырмын. Бір кезде менен екі жас үлкен баласы
-Неге сендердің әйелдерің тумайды? Мемлекет ақша беріп тұрған кезде туып алмайды ма?,- десін. Мен:
-Менің күйеуім болса туар едім,- деп қойып қалдым. Әйтпесе жасы елуді еңсеріп қалған нағашым, жеңгем, келін отыр. Сөйтсем оларда бала туған әйелге көк тиын да берілмейді екен. Оны қайдын білейін. Тіпті, алдағы уақытта бала санын көбейтіп жібергендерге айыппұл салынуы мүмкін деп те айтылып жүргенге ұқсайды. Қазақтар, намыс қайда? Туыңдар!
Өз-ағамның еліндегі тәрбие басқа. Әсіресе, демографиялық жағдайға ерекше мән береді. Баланы асырай алмаймын, не беріп тамақтандырамын деген ой жоқ сияқты. Неге десеңіз, қай шаңыраққа кірсеңіз де топырлап жүрген баланы көресіз. Әйелдері жастары 40-қа келсе де ешкімнен қысылмай-ақ бала табуға шамасы жетсе туа береді. Тәрбие солай. Көбінесе әйел адамдар үйде отырады. Үйдің шаруасымен айналысып, бала тәрбиесіне көбірек мән береді. Кешке күйеуін «Яхши келдингизми?» деп күтіп алып, көк шайын ұсына қояды.

Үйленбей тұрып дәрігерлік тексеруден өтеді
Өзбекстаннан үйренетін, үйренуге тиіс бір нәрсе бар сияқты.. Маған олардың үйленгендері қызық. Сіздер бірден олардың туысқандарына үйленетінін естеріңізге алдыңыздар ма? Менің айтайын дегенім ол емес.
Ол жақта жігіт пен қыз үйленерден бұрын толықтай медициналық тексеруден өтеді екен. Басынан аяғына дейін тексеріліп, денсаулықтары жақсы, екеуінен бала болмай қалу қаупі жоқ екендігіне ата-аналарының көздері жеткен кезде ғана үйлендіреді. Өздерінің айтуынша, бұрындары «дені сау» деген анықтамаларды таныс-біліс арқылы, ақша арқылы оңай жасатып алып жүрген екен. Бірақ соңғы уақытта түрлі жаман аурулардың шығуына байланысты дәрігерлердің өзі қанша ақша берсе де жалған анықтама жасап беруден бас тартып жатыр екен. Әсіресе, СПИД кеселіне шалдыққандар көбейген. Ресейге барып жұмыс жасап келетіндер жұқтырып келеді дейді мамандар. Қысқасы, үйленерден бұрын қанын тапсырып, УЗИ-ге түсіп, әр дәрігердің алдына жеке жеке барып, екі жас «Денсаулығы жарамды» деген анықтаманы алып, резус-факторын анықтап, екеуінің арасында бала болатынын естігеннен кейін ғана некеге тұра алады.
Туысқанына үйленуге тиым салына бастаған
Бұрынғыдай әмәкісінің, холасінің қызын әперуді қойыпты ұлдарына. Ол жайлы арнайы заң да қабылданғанға ұқсайды. Туысқандардың туысқандарға үйленуіне тыйым салынған. Сосын, мектеп бітіре салып (ол жақта орта білім 9 сыныппен аяқталады. 11 сынып жоқ) қызын күйеуге беруден бас тартуларына тура келеді. Кәмелет жасына толмаған, сосын колледжде оқитын қыздарға тұрмысқа шығуға заңмен тыйым салыныпты. Дейді…
Университетке түсу қиямет қайым
Өзбекстанда Жоғары оқу орнына түсу деген қиямет-қайым! Егер біліміңіз тасып, қалтаңыз қалың болып, дөкейдің баласы болмасаңыз жоғары білім аламын деп армандамай-ақ та қойыңыз. Ал грантты түсіңізге де кіргізбеңіз. Ол жақта орта білім 9 сыныппен аяқталады. Одан кейін жалынсаңыз да мектепке кіріп оқи алмайсыз. Тәртіп солай. Кез келген оқушы тоғызыншы сыныпты аяқтағаннан кейін арнаулы колледждерге («касб-хунар» колледжи дейді өздері), бұрынғы тілмен айтқанда училищелерге оқуға түседі. Онда белгілі бір кәсіпті меңгеріп шығады. Мәселен, аспаздықты, дәнекерлеуші дегенді. Ал «крутой» колледждерге түсу де ақшаны талап етеді. Дейді сонда тұрып жатқан халық. Колледжді бітіріп шыққаннан кейін мамандығына сай жұмыс жасай береді. Ал университетке түсу екінің біріне бұйырмайтын бақ!
Ұзынқұлақтарға сенсек, биыл ТошМИ-ге (медакадемия біздің тілде) түсу үшін 70 мың АҚШ долларын сұрапты. Онда да ол грантқа түсу үшін емес. Жай ғана емтиханнан өтіп, ақылы бөлімге түсесіз. Оқу ақысы олардың ақшасымен миллионнан асып жығылады. Жыл сайын өсетіні тағы бар. Олар «контракт» дейді оны. Мен барған кез оқуға түскендердің тізімі шығатын уақыт екен. Университеттердің сыртына ұзыннан-ұзақ орналасқан тақтайшаларға жабыстырылған қағаздардан фамилияңызды тапсаңыз қуана беріңіз. Сіз тәләбасіз. Жоғары оқу орнының дипломын алу қандай бақыт екенін ойша елестете беріңіз! Біз сияқты ҰБТ-дан өте алмай қалғандар да жекеменшік университеттерде оқи алмайды.
(жалғасы бар)
Әсел ЕРЕЖЕПОВА.

http://alashainasy.kz/society/kazaktar-nege-tumaydyi-72749/

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз