“Жанды дауыс” ботқашоуы Баянның баянсыз жарнамасы ма?

1
328

“Жанды дауыс” ботқашоуы Баянның баянсыз жарнамасы ма?

 

“Хабар” арнасы Баян Есентаеваның Ресей тіліндегі жарнамалық  шоуы үшін жұмыс істей ме?

Біздің бәріміз көретін “Хабар” арнасында “Жанды дауыс”  деген жасанды шоу жүріп жатыр.   Төрде шалқайып осы шоудың авторы  Баян Максутовна Есентаева ханым отырады.  Шатырдың үстіне шығып секіріп,  пойыздан көмір түсіріп келе жатып, ескі креслоның үстінде ербеңдеп, шолақ шалбардан тізелері шодырайып отырып  ән  айтқыштар  әндерін айтып бола салысымен,  алдымен осы Баян ханымның аузына қарайды.  Оның рахымы түсе қалып, қазақша хабарда отырған Баянымыз Ресейдің тілінде шүлдірлеп кеп берсе, әншіден бұрын жалаңаш кеуделі жүргізуші Кәмшат аспанға секіріп, “О-о-о, тамаша болды! Енді басқасын тыңдамай-ақ  қойсақ та  болады” -деп мәз болады. Шынында да, басқа сарапшыларды  тыңдаудың  да қажеті жоқ. Ойдан-қырдан жинап алған орыстілді әнші қыздардың бір-екеуінен басқасының бәрі де “Как сказала Баян Максутовна”-деп , Ресей тілінде  сайрайды.  Қайта композитор Ринат Ғайсин бастаған сарапшы әнші жігіттердің  қазақ тілінде сөйлегені қуандырады.  Операторлар да ел тыңдап отырған  эншіні  ұмытып кетіп, экраннан Есентаеваның  кескінін қайта-қайта көрсетуден жалықпайды. Тек жүргізуші, қоңырдауысты  Нұрсұлтан бауырымыз сөйлегенде ғана өзіміздің Қазақстанда отырғанымыз еске түседі…
baian2   Сонда бұл шоуымыз қазақ тілінде ме, жоқ орыс тілінде ме? Сонда Ресей тілін түсінбейтін ауылдағы қаншама қазақ көрермендеріне (миллиондаған оралман бауырларымызды айтпағанда) түкіріп қойып, емге бір ауыз да қазақша сөйлемей, “Мен бәрібір  Ресей тілінде сөйлеймін” деп мәлімдеп жүрген  Баян Мақсұтқызының мақсаты  не?  Біздердің, яғни салық төлеушілердің қаржысына   өмір сүріп отырған “Хабар” арнасына    ботқашоу  жасап беру ме?
Басында “мынау бір жақсы хабар шығар”-деп үміттеніп, көре бастаған біз осы Баян Максутовна үшін ғана бұл шоуды көруді қойдық… Ауылдағылардың бәрі де осылай дейді, “Баянның орысша сұңқылдағанын суқанымыз сүймей, аллергиямыз қозады” дейді…
Әншілердің  өзге тілде ән айтуын мейлі дейік,   сарапшылар неге Қазақстанның мемлекеттік тілін – өздерінің ана тілін менсінбейді?  Бұған “Хабар” арнасы басшылығы  неге жол береді?..  Ел болып, хабарын күтіп отыратын “Хабар” арнасы Баян Есентаеваның Ресейлік шоудың сұрықсыз көшірмесі болып шыққан Ресей тіліндегі жарнамалық  шоуы үшін жұмыс істейтін жекеменшік арнасына айналып кеткен бе?
Әлде, біздің қазақтарға бәрібір дей ме бұлардың бәрі…
 Егер Баянның ана тіліне білімі  жетпейтін болса, мына “ботқа-шоу” хабарды тоқтату керек қазақтың шыдамын тексере бермей…
Сапар ӘЛІ,
qazaquni.kz


 
 

“ЖАНДЫ ДАУЫС”  БОТҚАШОУЫ БАЯННЫҢ БАЯНСЫЗ ЖАРНАМАСЫ МА?”  
мақаласы туралы пікірлер 
 

dulat 1
Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері:
 КӨРЕРМЕН ТАЛАБЫНА  ЖАУАП БЕРЕ АЛМАЙТЫН ХАБАРЛАР ЖҰМЫСЫН ТОҚТАТУЫ КЕРЕК
 Шыны керек, қазіргі таңда қазақтілді телеарналарда адам тұщынып көретін хабарлар саусақпен санарлық. Қайсысын қоссаң да, не орысша емес, не қазақша емес былапыт бірдеңеге тап боласың. Қарап отырып еріксіз қарның ашады. «Хабар» арнасынан жүріп жатқан «Жанды дауыс» шоуы –солардың бірі ғана. Ал, хабар авторы – Баян Есентаева өзінің Қазақстанда тұратынын, бұл елде қазақ тілі бар екенін, тіпті өзінің қазақ екенін есінен шығарып алған тәрізді. Бұл орайда ол: «еліміздің басты телеарналарының бірінен сөйлеп тұрмын-ау, арнаның қаншама көрермені бар-ау» деп ойланбайтын тәрізді. Сондықтан болса керек, ешқандай жауапкершілікті сезінбейді де. Аталмыш шоуды алғашында көретінмін. Қазір ашу-ызамды туғызған соң, тіпті қарамайтын болдым. Бұл тек халықты алдаусырату ғой. Меніңше осындай хабарларда жылтырап көрінетіндер өзінің сыртқы келбетін көрсетуді мақсат тұтатын тәрізді.
Ал, таза қазақ тілінде сөйлейтін хабарларымыздың өзі ғасырлар бойы қалыптасқан халқымыздың мақал-мәтелдерін, тұрақты сөз тіркестерін, бұрмалап айтатынды шығарды. Бүгін ғана бір хабарда: «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп, сақалынан айрылыпты» деп айтып жатыр. Осының барлығын қарап отырып, бұларға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ па, деген ойға қалдым. Сонда олардың басшылары қайда қарап отыр?
Бүгінде отандық телеарналарда орыс тіліндегі хабарлар көбейіп кетті. Тіпті Кеңес үкіметіндегі кезімізге зар болып қалдық. Егемен ел ретінде қазақ тілін алға жылжытудың орнына, кері кетіп бара жатқандығымыз алаңдатады.
Біздің елде ғана шығар, осындай оспадарсыздыққа жол берілетіні. Әйтпесе, басқа елде мемлекеттік тілді мазаққа айналдыратын болса, ол хабарды ертесіне-ақ жауып тастайды. Біз де осындай батыл қадамға баруымыз керек. Бұған цензура ретінде қараудың қажеті жоқ. Көркемдік тұрғыдан деңгейі тым төмен, көрермендердің талап-тілегіне талабына жауап бере алмайтын, онымен қоймай қазақ тілін қорлайтын, хабарларға үзілді-кесілді тоқтау салуымыз керек.
dos
Дос КӨШІМ, саясаткер: 
ТЕЛЕАРНАЛАР ЕЛ МӘДЕНИЕТІН КӨТЕРУДІ ОЙЛАСА,  МҰНДАЙ ОСПАДАРЛЫҚҚА ЖОЛ БЕРМЕС ЕДІ…
Қазақстандағы қазақтілді хабарларда шет елдің тілінде тек бір ғана жағдайда сөйлеуге болады. Яғни, қазақша хабарларға шетелден арнайы қонақтар қатысып, маңызды пікір білдіріп жатса. Оның өзінде көрерменге синхронды аударма арқылы мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінде жеткізілуі қажет. Ал, Қазақстан азаматтарының қазақ тіліндегі хабарда өзге елдің тілінде пікір білдіруі, атала сөздерді араластыруы – сол адамның ішкі мәдениетінің төмендігін көрсетеді. Мұның барлығы өз кезегінде хабар авторының, ұйымдастырушыларының «ең бастысы – дұрыс ой айтылса болды» деген атүсті көзқараспен қарайтындығының салдарынан орын алып отыр. Көптеген хабарларға қатысу барысында мұндайларға талай рет куә болып та жүрміз.
Негізінен бұқаралық ақпарат құралдарының негізгі міндетінің бірі – халықтың мәдениетін көтеру екені белгілі. Ал, бүгінгі біздің отандық телеарналардағы хабар ұйымдастырушылар елдің мәдениетін көтеру мәселесін ойламайтынға ұқсайды. Әйтпесе, мұндай оспадарлыққа жол бермес еді…
toqashbaev
Марат ТОҚАШБАЕВ, «Президент және халық» газетінің бас редакторы:
 ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭФИРЛЕРІ ОРЫС ТІЛІНЕ МҰҚТАЖ ЕМЕС
 Отандық телеарналардан берілетін хабарымыз да, шоуымыз да аралас тілде болмауы керек. Орыс тілін кез-келген жерге тықпалаудан біз ештеңе ұтпаймыз. Оның үстіне Қазақстанның телеарналарындағы хабарлардың 93-пайызы орыс тілінде екенін ескерсек, бұл көрсеткішті азайту үшін оған қарсы тұруымыз керек. Яғни, отандық телеарналардағы эфир уақытының басым бөлігін таза қазақ тіліндегі хабарлар құрауын талап етуіміз керек. Өйткені, бізде  орыс тіліндегі хабарларға мұқтаждық жоқ.
Қажеттілік туғызбасақ, қазақ тілі дамымайды. Керісінше тілдің жағдайы одан әрі нашарлай түспек. Қазақ тілінің дамуына лайықты қамқорлық жасау – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі. Осы тұста, айтуға тиісті басты нәрсе – Конституциямыздағы «орыс тілі – ресми тіл» деген қағиданың «орыс тілі – Қазақстандағы екінші мемлекеттік тіл» деген ұғымды бермейтіндігі. Осыны ұғынатын кез жеткен сияқты. Мұндай анықтаманы осыдан бірнеше жыл бұрын Конституциялық кеңестің өзі берген. Сондықтан да біз, бұқаралық ақпарат құралдарының қай-қайсысында болсын, қазақ тіліне басымдық берілуін  қатаң талап етуіміз керек.
 ARMAN-SKABYILULYI
Арман СҚАБЫЛ, «Ақ жол» партиясы баспасөз қызметінің жетекшісі:
 ҚАЗАҚША БАҒДАРЛАМАДА  ОТЫРЫП ОРЫСША СӨЙЛЕУ – МИЛЛИОНДАҒАН АУДИТОРИЯНЫ ҚОРЛАУ
Жалпы қазақ телевизиясында қазақша бағдарламада орысша сөйлеу деген бұрын-соңды болмаған. Тіпті тіліміз өгейлік көрген Кеңес Одағының кезінде де мұндай сорақылыққа жол берілмеген. Әр бағдарламаның өзінің төлқұжаты болады. Онда ең алдымен тілі көрсетіледі. Қазақша болса,  тек ғана қазақша, орысша болса тек ғана орысша… Тіпті, мемлекет басшысының өзінің сөзін аударып беріп жатамыз ғой. Бұл – телевизияның бұлжымайтын заңдылығы. Соңғы үш-төрт жылда Есентаевалардың «құдыретімен» теле тілді қойыртпақ жасау басталды. Қазақша бағдарламаның төрінде отырып орысша сөйлеу –  сонысымен миллиондаған көрермен аудиториясын қорлау белең алды. Ең қорқыныштысы – «Хабар» басшылығының өзі бұл мәселеге дем беріп, мемлекет қаржысын «ботқа шоуларға» бөлуі дер едім. Сонда елдің есіл ақшасының сұрауын сұрайтын бір құзырлы орынның болмағаны ма?
aigul 1
Айгүл ІСМАҚОВА, филология ғылымдарының докторы,  профессор:
БАЯН СЕКІЛДІЛЕРДІ АНА ТІЛІНІҢ КИЕСІ СОҒЫП КЕТПЕСІН!
Батыстық шоу-бизнесте Баян секілді продюсерлер болады. Олардың басты мақсаты – даусы, өнерге қабілеті бар, сырт келбеті келісті адамнан әртіс шығару. Осы батыстың агрессиялық мәдениетін қазақ ортасына сіңіріп жүрген де осы Баян Есентаева деп ойлаймын. Бұл продюсердің: «Мен кімді болса да жұлдыз ете аламын!» деген сөзі бар. Бірақ кімнің қандай «жұлдыз» болатынын бір Құдай біледі ғой.
Осы уақытқа дейінгі бағдар­ламаларына қарап отырсақ, Баян өзін насихаттауды бірінші орынға қояды. Одан соң, қазақтың жиған салығынан, елдің бюджетінен ақша алып отырған «Хабар» арнасы қазақ көрермендерін сыйлауы тиіс деп ойлаймын.
«Жанды дауыс» бағдарлама­сы­ның бас сарапшысының ана тілінде сөйлемеуі – мемлекеттік тілге деген теріс көзқарасын әйгілеп тұр.
«Хабар» арнасында орыс ті­лінің салтанат құрып отырға­нына өз басым қарсымын. Кез келген нәрсенің шегі бар, Баян секілді жүргізушілер бізді сыйла­самаса да тілді сыйлауы тиіс. Қазақ тілінің киесі соғып кетпесін!
“ҚАЗАҚ ҮНІ” газеті,
qazaquni.kz

http://alashainasy.kz/makalalar/jandyi-dauyis-botkashouyi-bayannyin-bayansyiz-jarnamasyi-ma-73565/

1 Пікір

  1. Егеменді ел болғанымызғада аз уақыт болған жоқ. Енді орысша сөйлеудіңде мақтан емес екенін білетін кез келді ғой.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз